Accessibility links

Аноним смета кей блогерлерді ақталуға мәжбүр етті


Блогер Әлішер Елікбаев Алматыда презентация өткізіп жатыр. (Көрнекі сурет)
Блогер Әлішер Елікбаев Алматыда презентация өткізіп жатыр. (Көрнекі сурет)

Бес блогердің тапсырыспен жазатын жазбаларының ақысы деп болжанатын прайс-парақ мұндай қызмет түрінің этикалық қырына қатысты тақырыпты тағы қозғады.

Өткен бейсенбіде әлеуметтік желіде мөрі, ешкімнің қолы және өзге айырым белгілері жоқ, бірақ анонимдік сипатына қарамастан, біраз шу болған фотосурет жарияланды. Сапасы нашар парақша қазақстандық бес блогердің қызметі үшін ірі ұлттық компаниялар төлейтін ақшаның сметасы деп көрсетілген. Бұл оқиғаны елдегі БАҚ-тардың бәрі талқылады. Әлгі күмәнді құжаттың кей «кейіпкерлері» Facebook желісіндегі дербес парақшаларында мұндай смета барын терістеген мәлімдеме жариялады.

Анонимді cмета
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:19 0:00
Жүктеп алу

Әлеуметтік желіде жағымды жазбалар жазу тапсырысының сметасы деген парақ.
Әлеуметтік желіде жағымды жазбалар жазу тапсырысының сметасы деген парақ.

Блогер әрі пиар саласының маманы Әлішер Елікбаев «мұндай тізімдерді құратын жандардан ешқашан ақша алып көрмегенін әрі алуға жиіркенетінін» жазды.

«Егер сізге әлгі прайсты немесе сондай бірдеңе әкелсе, бетіне түкіріңіз. Бірақ мұны өз атымнан жазып отырмын, бұл позициямды тізімдегі қалған блогерлермен келіскен жоқпын. Мүмкін, оларға ақша керек шығар, ал мен мына жерде диверсия жасап отырмын» деп жазған ол постында.

Сметада аты-жөні аталған тағы бір блогер Ғалым Байтоқ Facebook желісінде аноним парақшаға философиялық сабырмен қараған.

- Бір қуанғаным, мен Әлішер Елікбаевпен бірдей, ал Денис Кривошеевтен артық (екі смайлик) ақша табады екенмін.

Денис Кривошеев те әзілге сүйеген. Ол Facebook желісіндегі парақшасында өзін экономикалық шолушы ретінде атаған.

«Қазақстандық фэйсбуктің ұлы ақындарының алғашқы бестігіне еніп, оның ішінде тіпті 50-150 (долларға) дейін алатын Сырым Әбдірахмановтан озып кеткеніме қуанып қалдым. Мұндай ықылас қуантады. Орнынан тұрып, мәтінді теріп, қағазға шығарып, оны таратуға қалай ерінбеген» деп жазады блогер.

Жарнама агенттігінің креатив директоры Тигран Туниянц ірі компаниялар жағымды посттары мен комментарийлері үшін блогерлерге ақы төлесе, бұл - моральға жат нәрсе емес дейді.

- Әлгі адамдардың көбінің аудиториясын әлдебір аймақтық БАҚ аудиториясына теңеуге болады. Бірақ оларға қарағанда, аудиториямен байланыс орнату сапасы әлдеқайда жоғары. Әлдебір радиостанцияда 30 секундтық роликті екі апта бойы айналдыру 10 мың доллар тұрса, оған ешқайсымыз таңданбаймыз ғой. Мұны қалыпты нәрсе санаймыз, бірақ жазбалары дәл сондай аудиторияны қамтитын адам еңбегіне лайықты ақша алса, таңғаламыз. Сондықтан жағдайды дұрыс түсіну үшін оны БАҚ-пен салыстыра бағалау керек. Меніңше, білікті мамандар еңбегі үшін көп ақша алуы тиіс, бұл – жеке пікірім. Индустрия солай дамуы мүмкін, - дейді Тигран Туниянц Азаттыққа берген комментариінде.

Баспасөз қорғаушы Тамара Калеева әлгі тізімді жариялау - әлеуметтік желілерде танымал адамдардың беделін түсіру әрекеті деп санайды.

- Әлгі құжатқа қарағанда, танымал блогерлер ақша алады екен, ал неге алмасқа?! Ең бастысы, олар адал жұмыс істеп, ақты – қара, қараны – ақ деп жазып, оңбаған жандарды судан ақ, сүттен таза періште деп өтірік жазбаса болды емес пе? - дейді Тамара Калеева Азаттыққа.

Оның пікірінше, этика тұрғысынан алғанда, танымал блогерлердің жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін пайдаланып ірі компаниялармен жұмыс істеуі сөкеттік емес. Ол мұны «еркін кәсіпкерлікпен айналысу» деп атайды. Баспасөзді қорғаушы «қазір қарапайым азаматтар көбінесе әлеуметтік желідегі жазбаларды оқиды, ал қорғаншақ әрі тәуелді болып кеткені соншалық, отандық БАҚ-тар оқырман сенімінен мүлде айырылып қалды» дейді.

Астанадағы интернет-форумда отырған блогер. (Көрнекі сурет)
Астанадағы интернет-форумда отырған блогер. (Көрнекі сурет)

- Біз интернетте тәуелсіз блогерлер құбылысын байқап отырмыз. Әлеуметтік желі қолданушылары ой-пікірлерін әзірше еркін білдіре алады. Бірақ бұл әзірше ғана. Меніңше, коммуникация министрлігі бір мақсатты - интернеттің қазақстандық сегментін бақылауға алуды көздейтін жаңа заң құрастырып жатыр, - дейді Тамара Калеева.

Бұл - блогер мәртебесін өзгертуді, интернет-ресурс ерікті түрде тіркелгеннен кейін БАҚ ретінде құқықтық субъектіге айналатын принципті заң жүзінде жан-жақты бекітуді ұсынатын «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, қазір азаматтық журналистиканың қоғамдық пікірге ықпалы дәстүрлі БАҚ-тан кем емес.

- Бізде аудиториясы кей газет, журналдардың аудиториясынан асып кететін блогерлер бар. Олардың көбі қоғамдық бақылау мен азаматтық қоғам тетіктерін дамытуға көмектеседі. Біз бұл процестердің маңыздылығын ескеріп, блогерлер мәртебесін тиісті әрі орынды өлшемдер бойынша анықтауды ұсынамыз, - деп түсіндіреді ол.

Мүдделі тараптардың талқысынан кейін түзетулер жобасы 2017 жылдың алғашқы жартысында мәжіліс депутаттары қарауына түсуі тиіс.

XS
SM
MD
LG