Accessibility links

 
АҚШ студенттері ашық дипломатия практикасынан өтуге келді

АҚШ студенттері ашық дипломатия практикасынан өтуге келді


Эмерсон университетінің профессоры Грегори Пейн (оң жақ шетте) мен оның студенттері Мексикада жүр.
Эмерсон университетінің профессоры Грегори Пейн (оң жақ шетте) мен оның студенттері Мексикада жүр.

Алматыға Эмерсон (АҚШ) университетінің профессоры мен бес студенті келді. Олар Қазақстанда халықаралық коммуникация және ашық дипломатия курсынан тәжірибе жасамақ.

Профессор Грегори Пейннің айтуынша, Қазақстанға келу мақсатттары – дағдарыс кезіндегі коммуникация тақырыбында семинар өткізу. Алматыға бір аптаға келген бұл топ бұл қалада наурыздың 5-іне дейін болады.

Грегори Пейн АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің білім беру саласындағы гранттық бағдарламасы аясында Түркіменстан, Өзбекстан және Әзербайжанда сабақ берген. Бұл - Қазақстанға алғаш келуі.

Ол Мексика, Испания және Исландияда ашық дипломатия жөніндегі жобаларға жетекшілік етеді. 2001 жылғы қыркүйектің 11-і күнгі АҚШ-тағы трагедиядан кейін Грегори Пейн мен оның бұрынғы студенті бірігіп, АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында студенттер алмасу бағдарламасын құрды.

АШЫҚ ДИПЛОМАТИЯ

Грегори Пейн Эмерсон университетінде ашық дипломатия курсынан сабақ береді. Әдетте ашық дипломатия ұғымы белгілі бір елдің халқымен байланыс, яғни коммуникация орнату дегенді білдіреді. Оның мақсаты – сол елде тұратын адамдармен қарым-қатынас орнатып, оларға ақпарат тарату және ықпал ету.

Эмерсон университетінің профессоры Грегори Пейн.
Эмерсон университетінің профессоры Грегори Пейн.
Егер дәстүрлі дипломатия үкіметаралық қатынастар болса, ашық дипломатия - мемлекеттер немесе ұйымдардың басқа елдердің азаматтарымен (халқымен) қарым-қатынасы.

Америкалық профессор Алматыға АҚШ, Греция және Үндістанда тұратын бес студентпен бірге келді. Жол шығынын (бір мың доллар) студенттердің өздері төлеген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (ҚМЭБИ) студенттерді тегін баспанамен қамтамасыз еткен.

Америкалық студенттердің бірі Марк Риццо студенттердің The Berkeley Beacon газетіне жолсапарға шығар алдында берген сұхбатында Батыс мәдениетінен мүлде өзгеше елге баруға асығып жүргенін айтқан.

- Студенттердің көбі латын қарпін пайдаланылатын, адамдары ағылшын тілінде сөйлейтін Батыс Еуропаға барады. Қазақстан - бұрын СССР құрамында болған ел, онда кириллица әліпбиі қолданылады. Ол елде түрлі этнос өкілдері мен алуан түрлі дінді ұстанатын, саяси көзқарасы әртүрлі адамдар тұрады, - дейді Марк Риццо.

Грециядан келген студент Пелла Папастоици коммуникацияны басқару және PR (қоғаммен байланыс - ред.) мамандығы бойынша магистратурада оқиды. Азаттық тілшісіне ол Грециядағы университетте тарих және антропология мамандығын оқып жүріп, «Қазақстанның тарихи және мәдени байлығымен» танысқанын айтты.

- Профессор Пейн бізге «ең жақсы мектеп – әлемнің өзі» дейді. Ол кез-келген мүмкіндікті пайдалануға кеңес береді, - дейді студент қыз.

ИНФО – САУЫҚ ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ ӨМІР

Грегори Пейн «америкалықтар Қазақстанды көп біле бермейді, ал бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) тарататын ақпарат бұл ел туралы дұрыс түсінік қалыптастырмайды» деп есептейді.
Жұрттың Қазақстан туралы түсінігі Боратпен байланысты қалыптасқан.

Профессордың айтуынша, америкалық БАҚ көбінесе жаңалықтар емес, аудитория тарту үшін «ойын-сауық инфо» сипатындағы infotainment деп аталатын жеңіл-желпі ақпараттар таратады.

- Біздің медиаға тәуелді болып қалған бүгінгі өмірімізде БАҚ-тан нақты өмірден алшақ ақпараттар аламыз. Жұрттың көбінің Қазақстан туралы түсінігі Борат пен басқа да сол сияқты күлкілі образдар негізінде қалыптасқан, - дейді Грегори Пейн.

Коммуникация мен психология мамандығы бойынша оқитын 21 жастағы студент Бекка Хокенбокенді мәдениетаралық коммуникация мәселесі қызықтырады.

- Шынымды айтсам, бұрын Қазақстан туралы ештеңе білмейтін едім. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, елді жақынырақ танып-білсем деймін. Сапарымыз қысқа болғанымен, Алматыда өткізетін бір аптада талай нәрсеге көзіміз ашылып, бұл апта біз үшін қызық оқиғаларға толы болатын сияқты. Өзім орыс тілінде сөйлеп, жаттығу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын, - дейді Бекка Хохенбокен.

Эмерсон университетінің үндістандық студенті Аишвария Рамани.
Эмерсон университетінің үндістандық студенті Аишвария Рамани.
Үндістандық Аишвария Рамани - Эморсон университетінің үшінші курс студенті. Ол саяси коммуникациялар мамандығы бойынша оқиды.

- Қазақстанға келіп, осы ел мен оның мәдениетін жақынырақ тану - өмірде бір рет берілетін мүмкіндік. Бұл - әдеттен тыс, есте қаларлықтай мүмкіндік, - дейді Аишвария Рамани.

Азаттық тілшісімен сөйлескен тағы бір студент Кейтлин Коллинздің айтуынша, ол бейтаныс елдерге баруды, олардың мәдениетін зерттеуді, саяхат жасауды жақсы көреді.

Ол Американың Атланта қаласында тұратын досы ҚМЭБИ-де бір жыл оқып, осында калифорниялық қызды кездестіріп, екеуі кейін үйленгенін айтты.

Профессор Грегори Пейн «Бұл сапар қазақстандық студенттермен, оқытушылармен арадағы ұзақ мерзімді кәсіби қарым-қатынастар орнатуға жол ашады» деген үмітін айтты.

Ол АҚШ-пен жақын танысып, америкалық тәжірибеден өту үшін қазақстандық студенттерді Эмерсон университетіне шақырғысы келеді.
XS
SM
MD
LG