Accessibility links

"Оралман" сөзін "қандас" деп өзгертпек. Шеттен келгендер мен сарапшылар пікірі


"Оралман куәлігін" ұстап тұрған адам. Алматы, қаңтар, 2019 жыл. Көрнекі сурет.
"Оралман куәлігін" ұстап тұрған адам. Алматы, қаңтар, 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден тарихи отанына оралғандарды "оралман" деп атауды алып тастап, орнына "қандас" сөзін қолдануды ұсынды. Мұны қолдайтындар да, қарсы пікір айтушылар да бар.

Желтоқсанның 11-і күні Мәжілістен өтіп Сенатқа кеткен "Көші-қон процестерін толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" заң жобасында "оралман" сөзін "қандас" деп алмастыру жайлы айтылды. Парламентке заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жоба қабылданса, барлық құжаттағы "оралман" сөзі "қандас" деп өзгертілетінін айтты.

- Бұл жұртшылықтың ұсынысы болатын. Соған қарағанда, осы жылдар ішінде бұл терминге оң көзқарас қалыптаспаған сыңайлы, - деді министр парламент отырысынан соң "оралман" термині туралы.

Азаттық Қазақстанға шеттен көшіп келген этникалық қазақтар мен сарапшылардан бұл өзгеріс жайлы сұрап көрді.

Ауыт Мұқибек, Қытайдан келген қазақ, ақын:

- "Оралман" сөзі сырттан көшіп келген этникалық қазақтар мен жергілікті тұрғындарды бөліп тұрады. Қоғамда "оралман" дегенді бір әлеуметтік топ ретінде, шеттен келген қазақтарды жалқау, сұраншақ қылып көрсетуге тырысты. Бұл белгілі дәрежеде халыққа ықпал етті.

Өскемен маңындағы Нұрлы көш ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, қараша, 2011 жыл.
Өскемен маңындағы Нұрлы көш ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, қараша, 2011 жыл.

"Оралман" десе бір масыл адамдар келген секілді ұғымдар қалыптаса бастады. Бұл – бір. Екіншіден, "оралман" деген сөздің өзі адамдарды жақындататын емес, керісінше алыстататын сияқты болып сезілді. Сондықтан мұны өзгертуге тура келді. Және бір қызығы, ақпарат құралдары өзінен өзі "оралман" атауынан жеріп, соңғы уақыттары "қандастар" деп қолдана бастады. Демек, "қандас" сөзі шеттен келген ағайынның заңды атауы болып, өзінен-өзі қалыптасып кетті.

Омарәлі Әділбекұлы, Қытайдан келген қазақ, "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігі:

- Атауда тұрған ештеңе жоқ. Ол біртіндеп қалыптасады, шартты нәрсе. Ал енді нақты атау туралы айтатын болсақ, "қандас" адамның құлағына жылы, жақын естіледі. Адамдарды да бір-біріне жақындастырады. Ал бұрынғы "оралман" сөзіндегі "ман" жұрнағы құлаққа жағымсыз. Тұтас сөздің өзі - адамдардың төменгі тобы секілді мағына беріп тұрады. Сондықтан "қандас" сөзін қолдаймын.

Сәкен Сыбанбай, журналист:

- "Оралман" – сәтті қолданған атау. "Репатриант" деген сөз бар. Мағынасы – "тарихи отанына оралушы".

Қазақстан шетелден тарихи отанына көшіп келген қазақтарға беретін "Оралман куәлігі".
Қазақстан шетелден тарихи отанына көшіп келген қазақтарға беретін "Оралман куәлігі".

Қазақтар 1997 жылғы "Көші-қон туралы заңда" осы терминді "оралман" деп қазақшалады. Қазақстанға оралған қазақ Қазақстан азаматы атанып, төлқұжатын алғанша "оралман" (репатриант) болады. Қалай Қазақстан азаматы болып, қолына көк төлқұжат тиеді, бірден "оралман" статусынан айырылып, Қазақстандағы қазақтың біріне айналып шыға келеді. Яғни, уақытша статус. Ал "қандас" деп алсақ, тарихи отанына көшіп келуші қазақ тек Қазақстан азаматтығын алғанша қандас та, алғаннан кейін қандас болмай қала ма? Шеттен көшіп келгендер де, Қазақстанда туып-өскендер де қандас қой.

Әскерхан Ақтай, Моңғолиядан келген қазақ, ақын, драматург:

- "Қандас" деген қанша дегенмен жаныңа жылу сыйлайтын сөз ғой. Қандас пен қазақ егіз ұғым. Ал "оралман" атауы сені бөлектеп, бөліп көрсетеді. Сонымен қатар, "оралман" сөзі шыққалы сырттан келген ағайындарға деген жеккөрінішті сезім де пайда болды. Сондықтан бұған дейінгі қалыптасқан негативті көзқарас ескі атаумен бірге кетіп, "қандаспен" бірге жаңа көзқарас қалыптасса екен.

Айдос Жұқанұлы, Моңғолиядан келген қазақ, журналист:

- "Қандас" сөзіне де, "оралманға" да қарсымын. "Қандас" деп мен түркітілдес халықтың бәрін де айтамын. Саха да қандасым. Қазақты "қазақ" дей салу қиын ба? Неге міндетті түрде ат қойып, айдар тағуы керек? Ал "оралман" терминіне келсем, кеткен адам оралады. Күздің қара суығында құс та жылы жаққа оралады. Адам да, аң да, мал да туған жеріне оралады. Мен Қазақстанда туған жоқпын. Кеткен адам ғана оралмай ма? Мен кеткен жоқпын, келдім. Кеткен – алты-жеті атам. Олар оралған жоқ. Бейіті Алтайдың арғы бетінде.

"Оралман" атауы Қазақстанда 1997 жылы желтоқсанның 13-і күні қабылданған "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 1-бабына сәйкес қолданысқа енген.

Заңда "Оралман – жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары" деп көрсетілген.

Әлеуметтік желіде де шеттен келген қазақтарды "оралман" деп атауға байланысты пікірталас жиі болып тұрады.

Биыл қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде шеттен келген қазақтарды "оралман" деп атаудан бас тартып, "қандас" деп атауды ұсынған. Президенттің бұл твиті де қоғамда қызу талқыланған.

Қандас па, әлде оралман ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2019 жылдың сегіз айында әр елден келген 10790 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған. Ал 2018 жылдың сегіз айында 18087 этникалық қазақтың қолына Қазақстан төлқұжаты тиген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG