Accessibility links

"Бопыр ақша". Қазақстанда рубльдің шектен тыс көбеюі несімен қауіпті?


Оралдағы ақша айырбастайтын орындардың біріне келіп тұрған адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Оралдағы ақша айырбастайтын орындардың біріне келіп тұрған адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін екі апта ішінде Қазақстанға 300 мыңға жуық ресейлік келген. Бұл – Ресей Украинаға басып кіргелі Қазақстанды паналаған ресейліктердің екінші толқыны. Алғашқы топ көктемде батыс елдері Ресейдің банк жүйесіне санкция салған кезде ағылды. Қазақстанға келген ресейліктер рубль әкеледі. Бұл ақша қазақстандық банктерде іске жарамай, бос жатыр. Неге?

Ресейде Украинадағы соғысқа байланысты жарияланған "ішінара" мобилизация басталғаннан кейін үш күн өткенде Қазақстанның шекараға жақын аудандарындағы валюта айырбастау орындарында теңге таусылып, қызметкерлер әйнектің сыртына "Теңге жоқ" деген жазу іліп қойды. Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер өз елінің ақшасы – рубльді теңгеге немесе басқа валютаға ауыстырады. Сарапшылардың сөзінше, ресейліктер кейде көп ақшамен келеді, ақша айырбастау орындарындағы теңгенің тез таусылып қалуына сол себеп болады.

Ресейліктер 21 қыркүйектен бері Қазақстанға нақты қанша ақша әкелгені белгісіз. Ұлттық банк бұл деректер қазан айының аяғына қарай белгілі болады деп мәлімдеді. Азаттық 2022 жылдың наурыз-тамыз айларындағы деректермен танысты. Осы мерзім ішінде екінші деңгейлі банктердегі рубль көлемі наурыздан бастап пропорционалды түрде өсіп отырған (төмендегі графикті қараңыз), маусымда 37,8 миллиард болған, яғни рекордты көрсеткішке жеткен.

Қазақстан банктері мен ақша айырбастау орындарындағы рубль көлемі (қолма қол ақшамен, млрд рубль)

Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкі

2022 жылдың айы

наурыз

сәуір

мамыр

маусым

шілде

тамыз

Кезең аяғында екінші деңгейдегі

банктердегі рубль қалдығы

8,26019,25330,87137,86015,26310,095

Кезең аяғында ақша айырбастау

орындарындағы рубль қалдығы

0,3910,3350,3950,3880,4410,409

Ұлттық банк дерегінше, рубль көлемі бес есе өскен. Графикке сәйкес, ары қарай рубль мөлшері азайған, мұны былай түсіндіруге болады: 25 шілдеде екінші деңгейлі банктерге рубльді Ресейге алып шығуға рұқсат берілді.

"ЦентрКредит банкі" АҚ басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов елге рубльдің көптеп келіп жатқанын айтып, рубльге қатысты саясатты қайта қарауға шақырды.

– Қазақстанда іс жүзінде рубльдің екі нарығы бар. Көбі әртүрлі "сызба" арқылы осыдан пайда көргісі келеді: бәрі оңай ақшаны жақсы көреді. Қазақстаннан рубль сатып алып, шетелге шығарып, шотына салып қояды. Кейін қайтадан Қазақстанға аударып, нарықтағы бағам бойынша ауыстырып алады. Осындай бір айналымның өзінен 10 пайыз пайда табады. Мобилизациядан кейін қолма-қол рубль көлемі бірнеше есе артады. Ресейден қашқан азаматтар шетелде банк картасы істемейтінін түсініп, бар қаржысын шоттан алады. Сол ақшамен шетелге кетіп, барған елінде басқа валютаға айырбастайды. Рубльді шетелге шығаруға шектеу қою көлеңкелі нарыққа жол ашады. Одан валюта айырбастау орындары, кеден қызметі, шекарашылар пайда табады. Бұл ақшадан салық төленбейді. Бұл талаптарды ешкім орындамайды, елге келген ресейліктердің валюта сатып алуға сұранысы төмендеп, отандық кәсіпкерлер табысынан қағылады, – деп жазды Құсайынов.

Ұлттық банктің рубльді шетелге шығаруға тыйым салуы да жағдайды ушықтырып отыр. Бұған президент Тоқаевтың 14 наурыздағы "Қазақстан Республикасындағы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы" жарлығы әсер еткен. Жарлықта он мың доллардан асатын шетелдік валютаны елден шығаруға тыйым салынған. Бұл доллардың 510 теңгеге дейін қымбаттауына жауап ретінде қабылданған шара болса да, мұндай шектеу шетелдік валютаның барлық түріне қолданыла бастады. Ұлттық банк қолма-қол рубльді елден шығаруға 31 тамызға дейін ғана рұқсат берді.

"СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ВОНЫ СИЯҚТЫ"

Рубль мәселесіне мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та назар аударды. Ол валюта айырбастау орындарында рубльді сатып алу мен сатуға, шетел азаматтарына қаржыны доллар және еуроға айналдырып алып кетуге шектеу енгізуді ұсынды.

– Рубльдің көбеюін банктердің Ресей валютасын ағымдағы шотқа немесе депозитке қабылдау үшін комиссия енгізуінен-ақ көруге болады. Комиссия мөлшері – 20%. Валюта айырбастау орындары рубльді төмен бағамда сатып жатыр. Рубльдің ресми бағамы – 8,83 теңге, валюта айырбастау орындарында – 7,6 теңге. Жиналған рубльді қайда жіберетініміз түсініксіз, – дейді депутат.

Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда Ресей рублімен бірге теңге бағамы да құлдырады. Суретте: 24 ақпан күндізгі 12:30 шамасында Қазақстан астанасындағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы.
Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда Ресей рублімен бірге теңге бағамы да құлдырады. Суретте: 24 ақпан күндізгі 12:30 шамасында Қазақстан астанасындағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы.

Саяси-экономикалық зерттеу орталығының басшысы Рақымбек Әбдірахманов та осы пікірге қосылады:

– Қазір рубль еш жерде конвертацияланбайды. Бүгінде рубль Солтүстік Кореяның воны сияқты. Қазақстанға валюта айырбастау орындары, банктер, ақша аудару арқылы кіріп жатқан рубльдің бәрі банктерде іске жарамай, бос жатыр. Бұл ақша экономикаға жұмыс істеп жатқан жоқ.

Экономист рубль айырбасын шектеуді "ұлттық қауіпсіздік мәселесі" деп атайды.

– Рубльді конвертацияланатын валюта қатарынан алып тастау керек. Әйтпесе ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келеді. Бұл туралы көп айттық. Ресей триллиондаған рубль басып шығарып, Қазақстанға кіргізіп, оларды долларға ауыстырып, экономикамызды құлатуы мүмкін. Валюта нарығын тазарту доллар бағасының өсуіне әкеледі. Ұсыныстан сұраныс артса, баға өседі. Бұл – университеттің бірінші курсында оқытылатын теория. Солтүстік Кореяның азаматтары біздің елге келіп, корей вонына пәтер сатып алып жатыр деп елестетіп көріңізші. Бұл да тап сондай жағдай, – дейді Әбдірахманов.

Рақымбек Әбдірахманов Ұлттық банктің он мың доллардан асатын рубльді шетелге шығаруға тыйым салу туралы шешімін түсінбейді.

– Валютаны шетелге шығаруға тыйым салсаңыз, мұндай шектеуді басқа мемлекеттерде еркін конвертацияланатын валютаға енгізу керек. Конвертацияланбайтын қағаз ақшаны елден шығаруға тыйым салу сіздің өз міндетіңізді дұрыс атқармай отырғаныңызды немесе басқа тараптың мүддесіне жұмыс істейтініңізді көрсетеді.

Экономист Айдархан Құсайынов рубльдің көбеюі мен оны шетелге шығаруға тыйым салудан мәселе көрмейді.

– Бұл жағдайға байланысты шара сияқты. Қолма-қол ақша келіп жатқан кезде оны шетелге шығаруға рұқсат берді. Рубльді шексіз мөлшерде әкеліп, теңгеге ауыстырып жатыр. Рубльді шетелге шығаруға шектеу бар. Солай болып қалды. Бұл макроэкономикалық мәселе емес, жағдайға байланысты туындаған теңсіздік. Жай ғана сауда ағыны өзгерді.

ҚАЗАҚСТАН НЕДЕН ЖАСҚАНЫП ОТЫР?

Украинада соғыс басталғанан кейін Мәскеуге қарсы санкция салынып, ресейліктер жаппай мобилизациядан қаша бастаған кезде көбі Ресейде рубльді басқа валютаға ауыстыра алмай жатқанын айтты. Бірақ Қазақстан әзірге рубль айырбасын шектеуге асығар емес.

– Бұл саяси деңгейдегі мәселе. Үкімет әлдебір реакция – наразылық – туып кете ме деп, экономиканы қорғап, тұрақтандыруға қажет батыл шара қолданудан, шектеу енгізуден жасқанатын сияқты. Бұл мұнай тасымалы құбырының жұмысын тоқтату, әртүрлі депутаттар мен журналистердің мәлімдемелері сияқты реакция туғызуы мүмкін. Біз мұны "отарлық салық" деп атаймыз. Қазір билік белгілі бір шамада тәуір жағдайдамыз деп отыр, әзірге мұнай бағасы жоғары, олар еліміздің қаржы нарығына ағылған рубльден келген шығынның орнын мұнайдан түскен доллармен жаба алады, – дейді Рақымбек Әбдірахманов.

АҚШ доллары мен Ресей рублі. Көрнекі сурет.
АҚШ доллары мен Ресей рублі. Көрнекі сурет.

Ресейде рубль аймағын құру, долларға соққы беру туралы бұрыннан айтылып жүр. Наурызда Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Решетников "Еуразия экономика одағы елдері бірыңғай рубль кеңістігін құруға кірісті" деп мәлімдеді. Қазақстан үкіметі "Бірыңғай валюта нарығын құру туралы сөз болған жоқ, Ресей мен Беларуське кеден төлемдерін рубльмен аудару мәселесі ғана айтылды" деп ақталды.

Сарапшылар "Ресей рубльдің ықпалын күшейтуге мүдделі екенін жасырмайды" дейді. Қыркүйекте Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде 44 құжатқа қол қойылған. Олардың бірі – "Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің өзара есеп айырысуда ұлттық валютаның қолданысын арттыру туралы жол картасы бойынша шешімі". Ресейдің пропагандалық ақпарат құралдары бұл шешімді "рубль мен юаньнің долларды жеңуі" деп атады.

"Рубльді Ресейде ғана қолдануға болады. Яғни, Ресейден келетін импортты арттыру керек. Бірақ қазір олардың өздеріне тауар жетпей жатыр" дейді депутат Жамалов.

Мұны Ресеймен тауар айналымының статистикасы да растайды. Ranking.kz дерегінше, 2022 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 11,6 млрд долларды құраған. Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Ресейдің үлесі бір жылда 18,3 пайызға азайған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG