Accessibility links

Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?


Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:38 0:00

Мақтаарал жұртын әуреге салған топан су

Өзбекстанда жарылған Сардоба су қоймасынан келген су Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, жеті мыңнан аса гектар егіндікті шайып кетті. Судан үркіп, үдере көшкен елдің саны отыз бір мыңнан асты. Олардың бір бөлігі туған-туыстарын жағалады, бір тобы жергілікті әкімдіктің эвакуациялық пунктерін паналады. Үйсіз-күйсіз қалған жұрт үкіметтен баспана мен күнкөру үшін егіндік жер сұрайды. Әкімдік мәселе жергілікті деңгейде шешілмейтінін мойындап, үкіметтен көмек сұрады. Өзбекстан президенті "ұят болғанын" айтып, Қазақстан президенті зардап шеккен тұрғындардың барлығына көмек беріледі деп уәде берді.

ТОПАН СУ БАСҚАН ТҮН

1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында 2017 жылы іске қосылған Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кетті. Сардоба қазақ-өзбек шекарасынан шамамен 30 шақырым жерде тұр. Түстен кейін тасыған су шекара маңындағы Абай каналы арқылы Мақтаарал ауданына жетіп, канал тасыды. Осы күні түнде су әуелі Жеңіс ауылын басып, көрші жатқан Жаңатұрмыс ауылына өткен. Түн ортасында екі ауыл тұрғындары құжаттарын алып, жан-жаққа бас сауғалап қашқанын айтады. Бала-шағасын қауіпсіз жерге жеткізген соң ер адамдар қорадағы малын алып шығуға жанталасқан.

- Түркістан облысының әкімдігі, хатшылары әлеуметтік желіде “су төмендеп жатыр” деп мәлімдеме жасады. Бірақ су төмендеген жоқ. Біз, Жеңіс ауылының тұрғындары, күттік, сеніп отырдық. 2 мамыр түнгі екіде жігіттер кетейік деді. Үміт жоқ деді. Сеніп отырдым. Бір кезде су ауылға кірді. Төтенше жағдай мамандары келген жоқ. Таңғы алты жарымда ит-мысық, тауығымызды алып шықтық. Ауылға су толды, - дейді топан су бірінші жеткен Жеңіс ауылының тұрғыны Азиз Манетов.

Видео: Мақтааралды қалай су басты? 2 мамыр 2020 жыл.

Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. Қазір ахуал қалай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

Таңға дейін екі ауылды су алып, ішке кіретін көшелермен көлік жүре алмай қалған. Айналасындағы егіндіктерді су шайып кеткен. Мұны көрген көрші ауылдардың және Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент ауылының тұрғындары да үдере көшті.

Жергілікті әкімдік эвакуацияланған адамдардың бір бөлігін аудандағы Атакент ауылына тасыды. Бір бөлігі қырға шығып кетті. Енді бірі туған-туыстарын паналады.

2 мамырға қараған түні Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. 3 мамыр күні түнде Өзбекстаннан Достық каналы арқылы ағып келіп, тасыған су Фирдоуси және Өргебас ауылдарын да басты. Екі күннің ішінде алты жүзден аса үйді су алып, алды құлай бастады. Егістіктерді де су шайды.

Су басқан ауылдарын алыстан күзеткен жүздеген тұрғын құлаған үйлерін көріп, үнсіз жылады. Үшінші күн дегенде судың ағысы тоқтады. Бірақ жиналған су бірнеше ауылға қауіп төндірді. Осы кезде түн ортасында Достық ауылын да су алды. Жалпы осы оқиға кезінде су басқан бес ауылдан және су басу қаупі төнген 14 ауылдан 31 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Өзбекстандағы су Қазақстанға өтіп, бес ауылды су алған төрт күннің ішінде үдере көшкен елдің ішінде үйсіз қалған жұрт наразылық білдірді. Олар "Әкімдік апаттың алдын неге алмады? Суды неге бөгемеді? Неге жоғарыдағы билік елге ие болмады? Қауіпті алдын ала елге неге ескертпеді? Президент Тоқаев қайда? Әкім, депутаттар қайда?" деген сұрақтар қойып жатты.

Видео: Су астында қалған Өргебас тұрғындары Тоқаев пен Шөкеевті іздейді

Су астында қалған Өргебас тұрғындары Тоқаев пен Шөкеевті іздейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00

Бұл кезде жергілікті билік эвакуацияланған адамдарды жер-жерде құрылған орталықтарға орналастырып, өзге ауылдарға су өткізбес үшін амал жасауды жалғастырды. Жан-жақтан құтқарушылар келіп, тұрғындардың су астында қалған заттарын тасуға көмектесті. Ауыл тұрғындарымен бөгет салуға кірісті. Полицейлер мен әскерилер су алған ауылдарды күзетіп, ішке бөтен адамның кірмеуін бақылады. Екі-үш күн қыр басында жатқан адамдар эвакуация орталықтарына жеткізілді.

Ал жергілікті жұрт пен көрші облыстардың әкімдіктері су астында қалған елге қолдау білдіріп, жатын орын мен ас-суын жеткізді. Еріктілерден құрылған арнайы штаб есеңгіреп қалған елге қажетті заттарын алдырып, таратуды ұйымдастырды. Үйінен құжаттарын алып, бір киіммен қашқан жұрттың кейбірі су астында тұрған үйлеріне кіріп, бүлінбеген заттарын алып шыға бастады. Оларға құтқарушылардан бөлек көрші ауыл-аудандардан көмекке қайығын ала келген балықшылар септесіп жатты.

5 мамыр күні судың деңгейі түсе бастады.

ТАСҚЫННАН КЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚ ПЕН ТАЛАП

5 мамыр күні дария болып жатқан егістіктер мен толық су алып кеткен ауылдардан жағымсыз иіс шыға бастады. Су бетінде қалқып тұрған өлген малдардың өлексесі шіри бастағаны байқалды.

Топан су барып тоқтаған Жантақсай ауылынан шыққан балықшылар мен ауыл тұрғындарына ілесіп қайықпен Жеңіс ауылына кірдік. Ауылды айнала су басқан. Шамамен 5 шақырым жер дарияға айналған. Бір топ адам ауыл шетіндегі дөңде үйлерінен шығарып алған жарамды заттарын қойып, ары-бері жүрген он шақты қайыққа тиеу үшін кезекте тұр. Су тартыла бастаған. Ауылдың іші қоқысқа толы. Өлген малдардан шыққан иіс қолқаны қабады. Ондаған үй мен қора-қопсық қирап қалған. Су астынан көліктер көрінеді.

Су ішінде жатқан малдың өлексесі. Мақтаарал, 3 мамыр 2020 жыл.
Су ішінде жатқан малдың өлексесі. Мақтаарал, 3 мамыр 2020 жыл.

Белден келетін суды кешіп, үйінен тұрмыстық заттарын шығарып жүрген Жеткен Нұрсұлтанұлына құтқарушылар емес туыстары көмекке келген. Үйі бүтін демесеңіз, терезесіне дейін су алған. Үй ішіндегі жарамсыз заттарын терезесінен шығарып жатыр. Үйдің бір шеті қисайып, ағаштары сына бастаған.

- Өкіметтен көмек көрмедік. Бала-шаға Шардарада жүр. Сол жақтан көлік жалдап келдім. Бәріміз ауылдан безіп кеттік қой. Суды көрген кезде қаштық. Ештеңе ала алмадық. Бір-бір жұқа киіммен шықтық. Ертеңіне келіп малымызды судан шығардық, - дейді ол су басқан үйінің ішінде тұрып.

Ал Қайрат Нұртасов пен оның інісінің үйі құлап, ішіндегі заттарды ала алмаған. Әкесінің үйіндегі көрпе-төсектерді жинасып жүрген ол "Үйдегі құрғақ заттарды ғана алып шықтық. Қалғаны қалды. Ал өз үйімнің ішінде су мойнымнан келді" дейді.

Қайрат Нұртасов сияқты жарамды заттарын көтеріп жүрген жиырма шақты адам бар. Оларды шамамен бес шақырым жерде – Жантақсай ауылының шетінде – туыстары көлікпен күтіп тұр. Жұрт қайықпен жеткізілген заттарын көлікке тиеп, тасып жатыр.

Видео. Тасқын басқан ауыл халқы баспана сұрайды. 5 мамыр 2020 жыл.

"Су келгенде қаштық". Тасқын басқан ауыл халқы баспана сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00

Жеңіс ауылына келген судан қашып шыққан үш жүзден аса адам Атакент кентіндегі №5 мектеп-гимназиясына орналасты. Мұнда қариялар, мүгедектер мен балалы әйелдер жатыр. Ер адамдардың барлығы дерлік ауылда немесе мал басында. Ауылды су алғанын, үйінің қирап, баспанасыз далада қалғанын естіген сайын әйелдер жағы жылап жатыр. Анасының жылағанын естіген балалар жан-жағына жалтақтап қарайды. Жүкті әйелдер мен кейбір қарияның қан қысымы көтеріліп, қайта-қайта дәрігерге қаралып жатыр. Жағдайы ауырлаған сегіз адам жедел-жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Басына түскен күйзелісті денсаулығы көтермеген кейбір жүкті әйел жан сақтау бөліміне түскені хабарланды.

Атакенттегі мектепте отырған Жеңіс ауылының тұрғыны, зейнеткер Күлзия Елшінаева биліктің Өзбекстандағы апатты біле тұра халыққа ескертпегеніне қапалы.

- Өзбекстанда су қоймасы бұзылғаны, су Қазақстанға өткені әкімдердің құлағына жетпеді емес, жетті. Сонда да елге шығыңдар демеді. Өмір бойы тірнектеп жиған-тергеніміз, үйлеріміз, еккен егініміз бар. Бір түнде лап етіп бәрі суға ағып кетті. Мал деген жайында қалды. Жан сауғалап әрқайсысымыз әр жерге безіп кеттік. Төрт күн болды. Жағдай сұрап бір адам келмеді, - дейді ол көзіне жас алып.

Жеңіс ауылының тұрғындары үкіметтен басқа жерден үй салып беруді талап етіп, Атакент кентіндегі №5 мектеп гимназиясына жиналып тұр. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 5 мамыр 2020 жыл.
Жеңіс ауылының тұрғындары үкіметтен басқа жерден үй салып беруді талап етіп, Атакент кентіндегі №5 мектеп гимназиясына жиналып тұр. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, 5 мамыр 2020 жыл.

Жеңіс ауылының тұрғындары биліктің суды сорып, кептіріп құлаған үйлердің орнына баспана салып береміз деген сөзімен келіспейді. Олар "апат орнына, өлексе жиналған жерге қайтып бармаймыз" дейді. Әкімдерді айтпағанда сайлау кезінде дауыс жинаған депутаттардың төбе көрсетпегеніне қапалы.

- Сол салқын судың астында, үстінде ер азаматтарымыз жүр. Ертең денсаулығы не болады? Бізге жаны ашитын дөкейлер, жоғарыда отырғандар қане? Үй керек бізге. Күнімізді көретін жер керек. Басымызға баспана керек, - дейді Жеңіс ауылының тұрғыны Малика Үмбетиярова.

Жеңіс ауылының тағы бір тұрғыны Гүлшат Әбдішүкірова "Біздің ауыл суға бірінші кетті. Бір затты алып шыға алмадық! Құжаттарымыз суға ағып кетті. Әкім бізге келген жоқ, жағдайымызды сұраған жоқ. Сайлау болған кезде ауылға келіп түгендеп кететін еді. Қазір енді адамдарға жауап бере алмаймыз дейді? Сайлау кезінде түгендейді де, енді “біз сіздерге жауап бермейміз” дейді. Атакент кентіндегі мектепте жатырмыз. Біреуге телміріп қашанғы отырамыз?! Берген тамағына шүкір. Бірақ су өтпей жатыр ғой тамағымыздан. Бізге басқа құрғақ жерден үй салып берсін" деді ашуға булығып.

Оның сөзін қоштаған жиырма шақты әйел "Бізге Жеңістен жер керек емес. Онда өлік сасып жатыр. Өліктің үстінде қалай өмір сүреміз. Басқа жерден үй керек" десті.

ЕКІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ СӨЗІ МЕН ШӨКЕЕВТІҢ УӘЖІ

Төртінші күн дегенде су астында қалған жұрттың жанайқайы үкіметте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әуелде "облыс деңгейінде шешілетін төтенше жағдай" деп мәлімдегенімен, 5 мамыр күні үкімет отырысында облыс көмекке мұқтаж екенін жеткізді. Оның сөзінше, көрші Өзбекстандағы су қоймасындағы апат салдарынан Мақтааралда 845 үй, үш мектеп, бес балабақша,төрт медицина мекемесі мен мәдениет үйін су алған. 55 шақырымға жуық көпір мен жолды су шайып кеткен. 7639 гектар егістік су астында қалған.

"Арыста жиналған тәжірибеміз бар, су қайтқан соң әрбір үйді аралап, кімнің қандай зардап шеккенін анықтаймыз. Содан соң комиссия құрып, үйлерді қалпына келтіру, шығындарды өтеу жөнін қарастырамыз" деді үкімет отырысына видеоконференция арқылы қосылған Шөкеев

Үкімет жиыны өткен күні Қазақстан экология министрлігі Сардобадағы апатқа байланысты Өзбекстанға наразылық нотасын әзірлеп, көрші елден су қоймасындағы апат жайлы толық ақпарат беруді талап етеміз деген. Бірақ көп өтпей сыртқы істер министрлігі Мақтааралдағы су апатына байланысты Нұр-Сұлтан Ташкентке наразылық нотасын жібермейтінін мәлімдеді.

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамыр күні Twitter парақшасында "үкіметке су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсырғанын" жазып, "Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайтынын" айтып, уәде берді.

Осы күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев та жиын өткізіп "бұл күтпеген техногендік апат біздің халыққа ғана емес, көрші қазақ бауырларымызға да артық уайым болып, зиян келтіргенінен қатты ұяламыз. Адамдардың көшеде қалғанына, үйлері мен егіндіктері зиян көргеніне қатты өкінеміз" деді.

Сардоба – құрылысы Мирзияев премьер-министр болып тұрғанда басталып, ол президент болып тұрғанда аяқталған су қоймасы.

Өзбекстан үкіметі Сардоба су қоймасындағы апатқа қатты жел себеп болды деп мәлімдеген. Бірақ Өзбекстандағы құрылыс және су қоймасы мамандары Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатына биліктің ресми мәлімдемесін жоққа шығарған. Аты-жөндерін атамаған мамандар Сардобадағы апатқа жемқорлық, монополия және құрылыс ақшасын жымқыру себеп болды деп санайды. Ресми Ташкент мамандардың бұл сөзіне қатысты жауап берген жоқ.

Су маманы: Өзбекстан Сардоба су қоймасын көршілерінің келісімінсіз салды

Нариман Қыпшақбаев: Өзбекстан Сардоба су қоймасын көршілерінің келісімінсіз салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG