Accessibility links

COVID-19 Қазақстан экономикасына соққы боп тиді


"Қазақстан" шахтасында жаңа қондырғыны қарап отырған кеншілер мен шетелдік маман. Қарағанды облысы, 26 қазан 2017 жыл.
"Қазақстан" шахтасында жаңа қондырғыны қарап отырған кеншілер мен шетелдік маман. Қарағанды облысы, 26 қазан 2017 жыл.

Қазақстан билігі коронавирустың таралуын тоқтатуға тырысып жатқан тұста елдің экспортқа шығаратын негізгі шикізаты – мұнай күрт арзандап, жығылған үстіне жұдырық боп тиді. Шикізат өндіру саласында жаңадан екі проблема пайда болғанға ұқсайды.

Коронавирустың өршуі мен ел экспортындағы маңызды шикізат – мұнайдың күрт арзандап кетуі Қазақстанға соққы боп тиді. Әлемдік мұнай нарығында бағаның төмендеуі Қазақстан экономикасына көп шығын әкелді. Үкімет бұдан шығатын жол іздеп жатқанда елдегі ірі мұнай кен орындары мен шахталарда COVID-19 вирусы тарап, жағдайды одан сайын ушықтырды.

ТЕҢІЗ КЕНІШІ

Мамырдың 27-сі күні Bloomberg Теңіз мұнай кен орнын игеруге мүдделі тараптардың бірі – Шеврон корпорациясы қызметкерлерінің үштен екі бөлігін үйге қайтару туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Теңіз – Қазақстанның құрлықта орналасқан ең ірі мұнай кен орны. Ондағы барланған шикізат қоры шамамен 25 миллиард баррель болса, ал өндірілетін мұнай көлемі 6-9 миллиард баррель деп бағаланған.

Chevron компаниясының белгісі.
Chevron компаниясының белгісі.

Қазақстан мұнайының үштен бірі Теңіз кен орнынан өндіріледі. Басшылық жұмыс күшін қысқарту арқылы вирустың таралуын тоқтатып, өндіріс орнын толық жабуға жол бермеуге болады деп үміттенеді.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Теңіз кен орны коронавирус ошағына айналғанға ұқсайды. Мамырдың 20-сындағы дерекке сәйкес, кен орнында коронавирус жұқтырған жұмысшы саны 950-ге жеткен. Бұл сол кезге дейін Қазақстанда ресми тіркелген коронавирус жұқтырғандардың он пайызынан көп.

Мамырдың 25-іне "Теңізшевройл" компаниясының PR менеджері Ризабек Артығалиев компания қызметкерлері мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін жұмысшыларды қосқанда, жалпы саны 18500 адам кен орнынан эвакуацияланғанын хабарлады.

"Инфекция адам көп шоғырланған жерде жылдам тарап жатыр. Сондықтан кен орнындағы адам санын азайтуға тура келді", - деді Артығалиев.

"Теңізшевройл" консорциумына кіретін Chevron, ExxonMobil, Ресейдің LUKoil, Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниялары содан бір апта бұрын "өндіріс үздіксіз жұмыс істеп тұр, біз жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырмыз" деген мәлімдеген.

МЫС ӨНДІРІСІ

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын досы Владимир Кимнің иелігіндегі "Қазақмыс" корпорациясы елдегі және әлем бойынша ең ірі мыс өндіруші компания саналады.

Компания Қарағанды облысындағы кен орындарын игеріп жатыр. Өңірде компанияға тиесілі көмір кеніштері, су мен күн энергиясы жобаларын қосқанда, бірнеше электр станциясы бар. Компанияда 46 мың адам жұмыс істейді.

"Қазақмыс" өзіне қарасты кен орнында коронавирус жұққан алғашқы науқас анықталғаны туралы мамырдың 6-сы күні мәлімдеді. Компания өндірісі қашанға дейін жалғасары белгісіз. COVID-19 вирусы әлемнің көп елінде кен орындарының жұмысына кесірін тигізген.

БИЛІКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мамырдың 20-сына Теңіз және өзге де мұнай кен орындарындағы жұмысшылардан коронавирус табылғанын хабарлады. Оның сөзінше, коронавирус жұқтырғандар көбейсе, үкімет өндірісті тоқтатуы мүмкін.

- Теңіз кен орнында - 935, Шымкенттегі "ПетроҚазақстан" компаниясында - 101, мердігер ұйымдарда - 23, науқастармен байланыста болғандардан 69 адамға коронавирус жұққан. Қарағандыдағы "Қазақмыс" компаниясының кен орнында 34 адамнан вирус табылған, - деді Есмағамбетова.

Бәрін қосқанда 1162 адам. Сол күнгі ресми мәліметте Қазақстанда жиынтығы 6969 адамға коронавирус жұққаны айтылған.

Бір аптадан кейін, мамырдың 27-сіне денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының таралуы жайлы онлайн-брифинг өткізіп, Теңізде - 1063, "ПетроҚазақстан" компаниясында - 219, Қарағанды өңіріндегі кен орындарында - 350, Нұр-Сұлтан мен Түркістан облысындағы құрылысшылардан - 80, Жамбыл мен Ақтөбенің әскери бөлімшелерінде де осы шамалас адамнан коронавирус табылғанын айтты. Сол күні денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұқтырғандар 9304 адамға жеткенін хабарлады.

"Қазақмыс" компаниясының Балқаштағы кәсіпорнына жақын маңда көлге қармақ салып тұрған адам. Көрнекі сурет.
"Қазақмыс" компаниясының Балқаштағы кәсіпорнына жақын маңда көлге қармақ салып тұрған адам. Көрнекі сурет.

Денсаулық сақтау министрлігі мен кен орындарының басшылары негізгі проблема мұнай-газ кеніштеріндегі жұмысшылар тұратын орындардағы өмір сүру жағдайымен байланысты екенін біледі. "Қазақмыс" компаниясы өкілдері коронавирустың таралуын тоқтату үшін жұмысшыларды шағын топтарға бөліп, бір-бірінен алшақ жерге орналастыруға уәде берді.

"Қазақмыс" Нұрқазған кенішінде жұмыс уақытша тоқтайтынын, техникалық және жөндеу жұмыстары ғана жалғасатынын хабарлады. Компания мұндай жұмыстарға бір ауысымда 100 адам шығатынын, олардың бәрі жиі тексеріліп отыратынын айтты.

Канадалық "ПетроҚазақстан" компаниясы да коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында қатаң шараларды қолға алатынын мәлімдеген. Бірақ компания сайтында мамырдың 21-іне жарияланған ақпаратта дезинфекциялық сұйық зат қолдану, қолды кемінде 20-30 секунд бойы мұқият жуу, жөтелгенде мұрын мен ауызды жабу, бетке, көзге қол тигізбеу, қоғамдық орынға түкірмеу сияқты қарапайым ережелер ғана айтылған.

ҚАУІП

Үкіметтің коронавирус өрши беретін болса, кен орындарында жұмысты тоқтатуға пәрмен беретіні туралы ескертуі орынды көрінгенімен, билікке мұндай қатаң шараға бару қиынға соғатын сияқты. Ондай жағдайда қарсылыққа кезігуі әбден мүмкін.

Былтыр Қазақстанда 90,4 миллион тонна мұнай өндірілсе, оның 29,79 миллион тоннасы Теңіз кен орнынан алынған.

2019 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ газ кенішінде 11,27 миллион тонна шикізат өндірілген. Кеніште коронавирус жұққан алғашқы науқас туралы ақпарат мамырдың 26-сы күні тарады.

Бірақ Батыс Қазақстан облысы мен Теңіз кеніші орналасқан Атырау облысының билігі коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шараларын маусымның 1-інен жеңілдете бастады.

Қазақстан билігінің 2020 жыл ауыр болатынын түсіне бастағанына бірнеше апта болды. Әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт құлдырағаннан кейін бір аптадан соң елде коронавирус жұққан алғашқы науқас тіркелген.

Мұнай бағасы төмен болса да, Қазақстанның шикізат өндірісін жалғастырудан басқа амалы жоқ. Әлемдік нарықта мыс та арзандап жатыр, бірақ Қазақстан оның өндірісін де тоқтата алмайды. Мұнай мен мыс кеніштерінің жұмысы тоқтатса, мемлекет қосымша табыс көзінен айырылатындықтан, биліктің ондай қатаң шараға баруы неғайбіл.

Бұған қоса Қазақстан үкіметі кен орындарының коронавирус ошағына айналуына да жол бере алмайды, әйтпесе тұрғындарға қауіп төнеді. Маусымның 3-і күнгі дерек бойынша, Қазақстанда наурыздың 13-інен бері коронавирус жұқтырғандар 11796 адамға жеткен, 44 адам инфекциядан көз жұмған. Бақылаушылардың көбі коронавирустан өлгендер саны бұдан көп болуы мүмкін деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG