Accessibility links

Латын қаріпті әліпби емлесі әлі екшеліп жатыр

1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиінде басылған кітаптар. Көрнекі сурет.
1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиінде басылған кітаптар. Көрнекі сурет.

Алматыда өткен жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін талқылау жиыны кезінде тіл реформасының шешілмеген түйткілдері көп екені аңғарылды.

Өткен аптада ұйымдастырылған лингвистер жиынында латын қаріпті жаңа қазақ әліпбиі мен емлесіне қатысты әр тараптан әрқилы ұсыныс айтылды.

Кеңес кезінде қызу талқыға түскен кейбір нормалар туралы Азаттық тілшісі Facebook әлеуметтік желісінде қолданушылар пікірін біліп көрді. Тілшінің «Ми, су» деген сөздерді латын әліпбиімен «мый, сұу» деп жазуға қалай қарайсыздар?» деген сауалына қарсы, я қолдаған қарама-қайшы комменттер жазылды.

Филолог Гүлфар Мамырбек «Жұуұу, тұуұу, ұуылұу, шыйыршықтанұу, жыйналыс, бійдәй, мыйаулау» деп жазғанды қалап тұрсыз-ау» десе, журналист Айнұр Төлеу «Ми-ды шынымен «мый» деп жазбаса болмай кетті. «Мисіз, миі жоқ» деп сөйлейтіндер көбейіп келеді» деп санайды.

Ал Qairat Saq есімді желі қолданушысы «Кəсіби мамандар сөйлесін, қалғандарымыз соларды тыңдайық» деп жазған. Азаттық тілшісі бұл сауалына кәсіби мамандардың кеңесінде де нақты жауап ала алмаған еді.

Таяуда Алматыда Ұлттық кітапханада «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубы «Латын әліпбиі: үміт пен күдік» деп аталатын жиын өтті.

Ұлттық кітапханада өткен латын әліпбиі мен емлесіне байланысты талқылау. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.
Ұлттық кітапханада өткен латын әліпбиі мен емлесіне байланысты талқылау. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.

Оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары мен өзге де лингвистер қатысты. Қазір емле ережесі жарияланғаннан кейін де зерттеушілердің дауы басылмай тұр.

«ӘЛІПБИДІ ТҮЗЕУ КЕРЕК»

Латын әліпбиінің соңғы нұсқасына арналған емле туралы пікірлескен зерттеушілер арасында «емле жасамас бұрын әліпбидің өзін жөндеу керек» деушілер жиі кездесті. Оның арасында емле жасауға қатысып жүрген зерттеушілердің өздері де бар.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұзақ жылдар дайындаған, бірақ бекімей қалған әліпби нұсқасын жасаушылардың бірі Әлімхан Жүнісбек қазақ тілінің фонетикалық жүйесін «кірме дыбыстардан» тазарту керек деп ойлайды.

- Жаңа емлеміз қазіргі кирилл әліпбиіміздің емлесін түгел көшіріп отыр. Мысалы, су деп жазсақ екі дауыссыз қатар түседі. Кирилл жазуымызда дыбыстық, лексикалық, морфологиялық, тіптен синтаксистік қайшылықтар бар. Одан әрбір төл дыбысымызға жеке таңба бергенде ғана құтыламыз. Реформа сол үшін жасалады. Емледегі дау әліпбидегі кемшіліктен, - дейді ол.

Зерттеуші Әлімхан Жүнісбек. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.
Зерттеуші Әлімхан Жүнісбек. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.

Биыл қаңтарда жарияланған емле жобасын жасаушылардың бірі Әлімхан Жүнісбектің мұндай пікіріне өзге лингвистер қарсы болған жоқ. Қайта, көпшілігі қолдағандай сыңай танытты.

«Әліпби дұрыс болса ғана сауатты емле ережесін жасауға болады» деген лингвист Фаузия Оразбаева соңғы әліпби нұсқасы бекітілген кезде зерттеушілердің пікірі толық ескерілмегенін айтып қынжылды.

Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те осыған ұқсас пікір айтты. Оның сөзінше, емле жасаудағы қиындық дауысты дыбыстардың орындары ауысқан әліпбиден туған. Ол кириллицадан еніп кеткен таңбалар да бар деп санайды.

- Қазір біз акутты пайдаланып отырмыз. Акут – екпінді көрсететін диакритикалық таңба. Ал біз бұрын ұлттық жіңішке дыбыстарымызды әріп үстіне екі нүкте қойып көрсеттік. Бізді кім тыңдады? - дейді зерттеуші Зейнеп Базарбаева.

Қазақ тілінің латын графикасында шығатын "Til - Qazyna" газетінің алғашқы саны. (Сурет Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).
Қазақ тілінің латын графикасында шығатын "Til - Qazyna" газетінің алғашқы саны. (Сурет Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен алынды).

«ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІ КІМГЕ АРНАЛҒАН?»

Пікірталас кезінде зерттеушілер қазіргі латын қаріпті әліпби емлесі кім үшін маңызды деген мәселені көбірек талқылады. «Емле жобасы қолданыстағы кирилл әліпбиінің емлесінен көшірілген» деушілер реформа тек жазуды латын әріптерімен таңбалау емес, орыс тілінің ықпалында кеткен тілді тазалап, өзінің табиғи қалпына жақындату екенін ескертіп бақты. Мұндай өзгеріс жасалмаса, кирилл әліпбиін өзгертудің мағынасы жоқ екенін айтқандар да болды.

Лингвист зерттеуші Бейбіт Ихсанов кейбір айырмашылыққа назар аудару керегін айтты.

- Емлені өзімізге (ересек буынға – ред.) жасап жатқан сияқтымыз Себебі бәріміз орыс тілінің дыбыстық жүйесіне үйренгенбіз. Ұлттық әліпби мен емлені әлі тілі бүлінбеген ұрпаққа арнап жасау керек, - деді.

Зерттеуші Анар Салқынбайдың пікірінше, емле ережесі бүгінгі қазақ социумына арналған. Ол кирилл таңбасына үйренген, орысша жақсы сөйлейтін бүгінгі қазақ социумы бұрынғы қазақ қалай сөйлеп еді деген мәселеге тосырқай қарайды деп санайды.

Зерттеуші Анар Салқынбай. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.
Зерттеуші Анар Салқынбай. Алматы, 26 ақпан 2019 жыл.

Анар Салқынбайдың айтуына қарағанда, емле ережесіндегі дау қазақ тілінің «ұ, ү, ы, і» дыбыстарынан туып отыр. Лингвист бұл дыбыстардың кирилл таңбалы жүйе кезінде «у» мен «и» дыбыстарының көлеңкесінде қалғанын, жаңа әліпби арқылы өз орнымен қайта қолданысқа қосқанда қазіргі қазақтілді қолданушының қабылдағасы келмейтінін айтады.

- Қазіргі қазақ «ырас, ырза, ылақ, құлұн, сұу, жыйна» деп сөйлемейді, «рас, лақ, құлын, су, жина» дейді. Бұл – мектеп грамматикасынан қалыптасты. Қазіргі оқулықтар 1954 жылы сталиндік жүйенің қысымымен жазылған оқулықтан басталады. Ол кезде оқулық авторы Мәулен Балақаев пен Сәрсен Аманжоловтың арасында дау болды. Содан бастап, «ұ, ү, ы, і» дыбыстары дауыссыз «у, и» дыбыстарының шаужайында кетті, - дейді ол.

«17 ЖЫЛ БЕЙІМДЕЛДІ»

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұзақ уақыт қызмет еткен, қазір латын әліпбиіне негізделген емле жасаушы топ жетекшісі Нұргелді Уәли қабылданған соңғы нұсқаны қорғауға тырысты. Зерттеушінің сөзінше, емле жасағанда тіл білімінің барлық саласының қағидасы ескерілген.

- «Тұу» деп жазсақ, ол сөзге бірнеше қосымша жалғанғанда қайтеміз? Тілдің ықшамдалу әлеуетін пайдалануымыз керек. Жазу дегеніміз – ықшамдылық, икемділік. Таңбаларды шұбыртып тере берген дұрыс емес. Латын әліпбиінің диграф нұсқасын жұрт неге қабылдамады? Себебі ол ықшамдалмайды. Сөзді әліпби, орфография және тілдің құрылымдық деңгейінде ықшамдау керек, - деді ол.

Нұргелді Уәли «и» мен «у» дыбыстарына байланысты дау бұрын да болды деп санайды. Оның сөзінше, бұл дау 1924 жылдары зерттеушілер Елдес Омаров пен жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың арасындағы айтыстан шыққан. 1924 жылдан 1957 жылға дейін көптеген ереже болса да, тиянақталмай қалған.

- Ескі газеттерде тақырыпқа «Қызыл тұу» деп жазса да, мәтінде «ту» деп жүр. 1950 жылдардағы авторлар да әртүрлі жазған. Соның бәрі 1957 жылғы ережеден кейін тоқтады. Содан зардап шектік пе? Біз осы айғай-шуды қайтадан бастағалы отырмыз, - дейді зерттеуші.

"Соғысқа дейінгі латын әліпбиі оңай оқылатын" - Оралдағы кітап көрмесі

"Латын" көрмесі Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында өтіп жатыр. Мұражай қорында көп экспонат сақталғанмен олардың арасында соғысқа дейін латын тілінде жарық көрген кітаптар жоқтың қасы. Көрмеге қойылған кітаптар Астананың Ұлттық кітапханасынан әкелінген. Басым бөлігі - балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық басылымдар мен оқулықтар. 
1/10 "Латын" көрмесі Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында өтіп жатыр. Мұражай қорында көп экспонат сақталғанмен олардың арасында соғысқа дейін латын тілінде жарық көрген кітаптар жоқтың қасы. Көрмеге қойылған кітаптар Астананың Ұлттық кітапханасынан әкелінген. Басым бөлігі - балалар әдебиеті, ғылыми-танымдық басылымдар мен оқулықтар. 
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
"Ортақ түркі әліпбиі" немесе "Жаңәліп" 1929 жылы енгізіліп, ресми түрде 1940 жылға дейін қолданылды. Бұдан кейін оны кириллица жазуы алмастырды.
2/10 "Ортақ түркі әліпбиі" немесе "Жаңәліп" 1929 жылы енгізіліп, ресми түрде 1940 жылға дейін қолданылды. Бұдан кейін оны кириллица жазуы алмастырды.
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
Көрмені ұйымдастырушылардың бірі Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Оралда ескі латын әліпбиінде жарық көрген кітап мүлде қалмаған. Жұбан Молдағалиев атындағы қалалық кітапханада ғана 17 кітап сақталып қалған. Ал архивтен соғысқа дейінгі газеттерді ғана көре аласыз. 
3/10 Көрмені ұйымдастырушылардың бірі Айболат Құрымбаевтың айтуынша, Оралда ескі латын әліпбиінде жарық көрген кітап мүлде қалмаған. Жұбан Молдағалиев атындағы қалалық кітапханада ғана 17 кітап сақталып қалған. Ал архивтен соғысқа дейінгі газеттерді ғана көре аласыз. 
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
"Көрмеге келушілер жаңа латынға қарағанда ескі латын әліпбиінде жазылғандарды оқу оңайырақ екенін айтады. Мен лингвист те, филолог та емеспін, бірақ менің ойымша, осындай әдебиетті оқу жеңілірек сияқты" дейді Айболат Құрымбаев Азаттық тілшісіне.
4/10 "Көрмеге келушілер жаңа латынға қарағанда ескі латын әліпбиінде жазылғандарды оқу оңайырақ екенін айтады. Мен лингвист те, филолог та емеспін, бірақ менің ойымша, осындай әдебиетті оқу жеңілірек сияқты" дейді Айболат Құрымбаев Азаттық тілшісіне.
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
Орта мектептің 5-6 сынып оқушыларына арналған арифметика оқулығының мұқабасы
5/10 Орта мектептің 5-6 сынып оқушыларына арналған арифметика оқулығының мұқабасы
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
Көрмеге қойылған ескі кітаптарды қолмен ұстап, парақтауға болады. "Тек мұқият болу керек" деп ескертеді мұражай қызметкерлері. Суретте көрмеге келушілердің бірі сондай ескі кітаптардың бірін қарап жатыр. 
6/10 Көрмеге қойылған ескі кітаптарды қолмен ұстап, парақтауға болады. "Тек мұқият болу керек" деп ескертеді мұражай қызметкерлері. Суретте көрмеге келушілердің бірі сондай ескі кітаптардың бірін қарап жатыр. 
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
"Әдебиет және өнер" журналының 1940 жылғы сандары 
7/10 "Әдебиет және өнер" журналының 1940 жылғы сандары 
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
"Қызықты көрме, себебі бұл тіліміздің тарихы ғой. Бірақ меніңше, алғашқы латын әліпби нұсқасы аяғына дейін дұрыстап құрастырылмаған сияқты. Өзіңіз қараңызшы, мына кітап мұқабасында неге "Mark Tben" деп жазылған? Сонда оны "Тбен" деп оқу керек пе?" дейді көрмеге келушілердің бірі Әлия. 
8/10 "Қызықты көрме, себебі бұл тіліміздің тарихы ғой. Бірақ меніңше, алғашқы латын әліпби нұсқасы аяғына дейін дұрыстап құрастырылмаған сияқты. Өзіңіз қараңызшы, мына кітап мұқабасында неге "Mark Tben" деп жазылған? Сонда оны "Тбен" деп оқу керек пе?" дейді көрмеге келушілердің бірі Әлия. 
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
"Латын" көрмесіндегі балалар әдебиеті
9/10 "Латын" көрмесіндегі балалар әдебиеті
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
1938 жылы жарық көрген мектеп оқулығы
10/10 1938 жылы жарық көрген мектеп оқулығы
Оралда 1929-1940 жылдары қазақ жазуы кириллица графикасына көшпей тұрып қолданылған латын әліпбиіне арналған көрме өтіп жатыр
Previous slide
Next slide

Латын әліпбиіне жасалған емлені зерттеуші Нәзира Әміржанова қазіргі емле ережесінің қағидаларын қолдады. Оның сөзінше, тек фонетика негізге алынса, кірме сөздер бірнеше нұсқада жазылады және кім қалай сөйлейді, солай жазады. Лингвист 1930 жылдары «Ысталин», «ырахмет» деп те жазылғанына, кейін негізгі мағынаны беретін дыбыстар ғана таңбаланғанына назар аударды. Нәзира Әміржанованың сөзінше, емле қазіргі социумға арналуы қажет және ережесі аз болуы тиіс.

- Қазіргі социум ескерілмесе, жаппай сауатсызданамыз. Емле тым күрделі болса, орыс тілін таңдаушылар көбеюі де мүмкін. Кирилл әліпбиін 1940 жылы қабылдасақ та, емле ережесі 1957 жылы бекіді. 17 жыл бейімделді. Бірден мінсіз болмайды, емле жасаудағы қазіргі қағидаларымыз дұрыс, - деді ол.

«ҰСЫНЫСТАРЫМЫЗДЫ ТАНЫМАЙ ҚАЛАМЫЗ»

Екі жарым сағатқа созылған пікірталас кезінде қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық құрылымын сақтап жазуға шақырушы және қазақ тілінің қазіргі айтылым үлгісін сол күйі қалдыруды көздеуші екі топ бары байқалды.

Зерттеушілер Бижомарт Қапалбеков, Тыныштық Ермек және Анар Салқынбай бұл мәселені асықпай талқылауды ұсынды. Олар латын әліпбиіне 2025 жылы көшу көзделсе де, зерттеушілер бір тұжырымға тоқтамаса да, әліпби мен емле ережесінің жылдам жасалып жатқанын айтып, алаң білдірді. Бұл жайтты үкіметке жеткізу керек десті.

Ерден Қажыбектің Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, ресми бекіген әліпбиге байланысты мәселені қозғауға зерттеушілердің шамасы келе бермейді.

- Ұсыныстарымыз білім және ғылым министрлігінің жұмыс топтарында, мәдениет және спорт министрлігі мен «Тіл-Қазына» орталығында, Тіл комитетінде қаралады. Одан соң ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бекиді. Сосын үкімет жанындағы жұмыс топтары мен ұлттық комиссия, одан кейін президент жанындағы комиссия қарайды. Осының бәрінен өткенде зерттеушілер ұсыныстарын танымай қалады, - дейді ол.

Тіл білімі институты директорының сөзінше, латын қаріпті қазақ әліпбиі мен емле ережесін оңтайлы жасауға ең үлкен кедергінің тілге қатысы жоқ. Оның ойынша, негізгі кедергі – қазақ тілінің қазіргі жағдайы, ең жоғарғы лауазымды қызметкерлердің қазақ тілін білмеуі және күнделікті өмірде пайдаланбауы.

Зерттеуші Әлімхан Жүнісбектің сөзінше, ресми түрде бекіген латын қаріпті жаңа қазақ әліпбиін президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен соң зерттеушілер «әліпби дұрыс емес» деуге жасқанады.

- Әліпбиді президентке кім ұсынғанын білмейміз. Тіл білімі институтының директоры да, «Тіл-Қазына» орталығының басшысы да білмейді. Бұрынғы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев төраға болып отырған жиында осы сұрақты қойдым. Бүкіл үкімет мүшелері отырды, «білмейміз» деді, - дейді ол.

Осыған дейін көпшілікке латын таңбалы қазақ әліпбиінің екі нұсқасы таныстырылып, үшінші нұсқасы бекітілген. 2017 жылғы қыркүйекте ұсынылған 26 әріптен тұратын әліпбиде қазақ тіліндегі сегіз дыбыс диграфпен (қосарланған әріптермен) таңбаланған. Бұл нұсқа парламентте таныстырылғанда сыналып, лингвист зерттеушілер «оған біздің қатысымыз жоқ» деген еді.

Көп ұзамай, қазан айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекітті. Онда қазақ тіліне тән дыбыстар апострофпен белгіленіп, тағы да сынға ұшырады.

2018 жылғы ақпанның ортасында әліпби өзгертіліп, қазақ тілінің төл дыбыстарының төбесіне диакритикалық акут белгісі қойылды. Соңғы нұсқаны кейбір зерттеуші «апострофты әліпбиге қарағанда тиімдірек» деп бағалаған.

2018 жылғы қарашаның 14-інде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиімен алғашқы жалпыхалықтық диктант өтті.

Қарай отырыңыз: Латын графикасы бойынша жалпыхалықтық диктант (14 қараша 2019 жыл).

Биыл қаңтар айының ортасында арнайы ұлттық комиссия "жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін" мақұлдап, баспасөзде жарияланған. Бұл ереже – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат саналады.

Айдар
XS
SM
MD
LG