Accessibility links

Пекин мүддесі және халық толқуының "сыры"


Ақтөбедегі "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық. 5 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтөбедегі "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық. 5 қыркүйек 2019 жыл.

Батыс басылымдары Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық болып жатқанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пекинге барғанын талқылап, көрші елмен қарым-қатынас мәселесінде “Қазақстан басшылығының тәсілдері мен халықтың көңіл-күйі арасының тым алшақтап бара жатқанын” жазады. Шетел баспасөзі жақында болған наразылықтарды экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен соң басталған толқудың жалғасы деп санайды. Басылымдар “ауқымды саяси дағдарыс басталу қаупі бар” екенін де жоққа шығармайды.

"ШЫНАЙЫ АХУАЛ ТЫМ КҮРДЕЛІ"

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымы Ресеймен тығыз байланысты сақтап отырған постсоветтік Қазақстанның “көршілес Қытаймен де саяси және экономикалық қарым-қатынасты үздіксіз күшейтіп жатқанын” жазады. "Пекин Қазақстанның мұнайы мен газына және басқа да қазба байлықтарына қызығып отыр әрі Нұр-Сұлтанмен қарым-қатынастан біршама пайда да көріп келеді" деп жазады автор.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайда қарсы алуға арналған салтанатты шара. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайда қарсы алуға арналған салтанатты шара. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

“Соңғы 15 жылда Қытай фирмалары өнеркәсіптің түрлі салаларына, соның ішінде энергетика, инфрақұрылым және мұнай химиясына миллиардтаған доллар қаржы салды. Ал Қазақстан Қытайға мұнай мен табиғи газ экспортын арттырып, алда бидай сатуды да ұлғайтуға уәде беріп отыр. Қазақстан үшін Қытай – негізгі сауда әріптесі әрі елді дамытуға өте қажетті капиталдың қайнар көзі” деп жазады мақала авторы.

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының “әдемі” ресми картинасының сыртында “аймақтағы бұдан әлдеқайда күрделі жағдай жасырын тұр, соның ішінде халық наразылығы мен Қытайға көңіл-күй де бар” деп жазады Diplomat.

Басылым 2016 жылғы үкіметтің жер реформасына қарсы бұрқ еткен нарзылықты еске салады. Ол кезде үкімет ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға не ұзақ мерзімге жалға беруге рұқсат беретін заң қабылдамақ болған. Наразылыққа шыққандар “қазақ жері қытайларға өтіп кетуі мүмкін” деп қарсылық білдіргендіктен, үкімет жер кодексіне енгізілмек болған өзгерістерге мораторий жариялаған.

Тоқаевтың Пекинге сапары қарсаңында Қытайға қарсы наразылықтың жаңа толқыны басталды. Жүздеген адам үкімет өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және логистика салаларындағы “инвестициялық жобалар” деп таныстырған Қытаймен бірлескен кәсіпорындардың салынуына қарсылық білдірді.

“Нұр-Сұлтанның Пекинмен қарым-қатынастағы ұстанымы мен халықтың [Қытайға қатысты] көңіл-күйінің арасындағы алшақтық ұлғайып барады” деп жазған автор бірлескен “инвестициялық жобаларды” егжей-тегжейлі зерттеу барысында Қытайдың Қазақстанға орнына қатысты пікірталас өрши түсуі мүмкін деп болжайды. Қазақстанның саясатында қоғамдық дискурс, пікірі өзгеше сын айтушылардың сөзін ескеру дәстүрі жоқ дейді басылым.

“Элиталар деңгейінде Пекин мен Нұр-Сұлтан арасы бұрынғыдай мығым көрінгенімен, “Қытай мәселесінің” шешімі Қазақстан басшылығы үшін барған сайын ушығып бара жатқан күрделі мәселеге айналуы ықтимал” деп қорытады Diplomat.

ҚЫТАЙҒА НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ӨРШУІНЕ СЕБЕП НЕ?

Тоқаевтың Пекинге сапарынан бұрын Жапонияның Asia Nikkei онлайн-журналында жарық көрген материалда да Қазақстандағы Қытайға қарсы көңіл-күй туралы айтылады. Басылым жақында бірнеше қалада болған наразылықтың түпкі себептерін анықтауға тырысқан.

Алматыдағы Қолданбалы саяси ғылымдар мен халықаралық зерттеулер орталығының директоры Айдар Әміребаевтың айтуынша, наразылық шараларының артында Тоқаевты ұнатпайтын белгілі бір саяси топтар тұруы мүмкін. 66 жастағы Тоқаев – елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың өз адамы. Назарбаев наурызда биліктен кеткен соң оның президенттік орнына Тоқаев келген. Бұрынғы президенттің қолында әлі де аса ауқымды билік тетіктері бар.

Әміребаевтың айтуынша, “екінші президенттің алғашқы қадамдары оның қосымша рөл ойнағысы келмейтінін, өз ойынын жүргізуге ниетті екенін” аңғартады, сондықтан кейбір ықпал ету топтары Тоқаевтың “синолог екеніне және оның Пекинмен байланысы бар екені “көзге ұрып тұр” дегенге екпін жасап, оны ығыстырғысы келеді”.

Шымкенттегі "Қытай экспансиясына қарсы" наразылық. 5 қыркүйек 2019 жыл.
Шымкенттегі "Қытай экспансиясына қарсы" наразылық. 5 қыркүйек 2019 жыл.

Алматылық саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, “синофобияны өршітуге” “Орталық Азия мен Қазақстандағы ықпалын біртіндеп жоғалтып жатқан” Ресей мүдделі болуы ықтимал.

Сарапшының айтуынша, Қытайға қарсы пікірдің күшейе түсуіне Пекиннің Шыңжаңдағы аз ұлттарға қатысты саясаты да ықпал еткен тәрізді. 2017 жылдан бері Қытайдың бұл аймағынан ұйғырларды, қазақтар мен қырғыздарды және басқа да жергілікті ұлт өкілдерін “қайта тәрибелеу лагерлеріне” қамап жатыр деген ақпарат көп тарады. Жұмалының айтуынша, “Қытаймен әріптестіктен Қазақстан қандай пайда көреді?” деген заңды сұрақ туындайды, бірақ бұл сауалға жауап іздегендер ортақ келісім-шарттардың құпия сақталатынын байқайды.

“1990 жылдардан бері соның ішінде ортақ шекараны делимитациялау, екіжақты сауда, Қытай компанияларының Қазақстанның мұнай-газ секторына келуі және екіжақты қарым-қатынастың басқа барлық аспектілерінің 99 пайызы қоғамдық бақылаудан жасырын қалды” дейді Расул Жұмалы журналға сұхбатында.

Жемқорлық та отқа май құйып отыр. Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнының астанада жеңіл рельсті транспорт жолын салу жобасына қатысты дау көп. Asia Nikkei-дің жазуына қарағанда, ақша ұрлау фактілерінің кесірінен жоба жұмысы тоқтап тұр.

НАРАЗЫЛЫҚ "АУҚЫМДЫ ДАҒДАРЫСҚА" ҰЛАСА МА?

АҚШ-та орналасқан Jamestown Foundation қорының сайтындағы “Қытайға қарсы наразылықтар Қазақстан аумағын қамтыды” деген мақалада жақында болған наразылық шараларына жан-жақты комментарий беріп, оны “2016 жылы болмай қалған жер реформасынан кейін басталып, бүкіл Қазақстанды қамтыған наразылықтардың үлкен жаңғырығы” деп атайды.

“Аймақтың басқа республикаларын қамтыған Қытайға қарсы көңіл-күй мен наразылық сияқты қазіргі наразылық толқыны да Пекинмен келісім жасаған Қазақстан басшылығына және Қытайдың өзіне қарсы бағытталған. Жалпы бұл шерулерді Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде биліктен кеткеннен соң бұрқ еткен ауқымды толқудың бір бөлігі деп қарастыруға болатын шығар” деп жазады Jamestown Foundation.

Кезектен тыс президент сайлау күні наразылыққа шыққан азаматтарды полиция ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні наразылыққа шыққан азаматтарды полиция ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Мақалада наразылыққа шыққандардың Қазақстан шенеуніктерінің “Қытай Қазақстанда 55 жаңа өндіріс орнын салып, жергілікті тұрғындарға 20 мың жұмыс орнын ашады” деген сөзіне күмән келтіретіні айтылады.

Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында наразылық білдірген шерушілер “Пекин тозығы шыққан 55 зауытын Қытайдан Қазақстанға көшіріп, жұмысқа 20 мың Қытай гастарбайтерін алуды жоспарлап отыр” деген. Митингіге қатысушылардың айтуынша, бұдан қазақстандықтар емес, екі жақтың шенеуніктері ғана ұтады.

“Бұл өнеркәсіп ошақтарын ашу туралы келісімге екі жылдан астам уақыт бұрын қол қойылған, бірақ ол әлі күнге дейін толық жүзеге асырылған жоқ. Шерушілердің дәл қазір көшеге шыққанына қарағанда бұл наразылық тек келісім-шартқа қатысты емес, бұдан да үлкен проблемаларға қатысты сияқты” деп жазады Jamestown Foundation.

Нұр-Сұлтандағы "Қытайға қарсы" акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы "Қытайға қарсы" акция. 4 қыркүйек 2019 жыл.

Автор қазақстандықтардың “үкімет елді Пекинге қаржылық тұрғыдан тәуелді қылып, оған кіріптар етететін қадамдар жасайды” деп үрейленіп отырғанын наразылыққа себеп болған факторлардың бірі ретінде айтады.

Акцияға шыққандар инвестицияға мұқтаж екі кедей ел Тәжікстан мен Қырғызстан қазірдің өзінде Қытайдың алдындағы қарызы үшін осы елге тәуелді болып отыр деп санайды. Ал Қазақстан өзін көп қаржылық ресурсы бар, бай ел ретінде көрсетеді, онда неге үкімет Қытайдың қолтығына кіріп барады?

Егер үкімет елдің ұзақ мерзімді тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайтын болса, онда Қытайға қарсы күшейіп жатқан наразылық үкіметке қарсы наразылыққа ұласып кетуі мүмкін


"Егер үкімет елдің ұзақ мерзімді тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайтын болса, онда Қытайға қарсы күшейіп жатқан наразылық үкіметке қарсы наразылыққа ұласып кетуі мүмкін” деп жазады автор.

“Бұл комбинация өзге ойыншыларды жағдайды пайдаланып қалуға, болмаса Қазақстан басшыларын “сырттан ықпал бар” деген болжамға ойыстыруда әрекет жасап көруге итермелейді. Бұған қоса, Қытайдың аймақтағы рөлінің күшеюіне Ресей көптен бері алаңдап келеді, Америка Құрама Штаттары да Қытайды жаһандық масштабта тежеуге көбірек мүдделі болып отыр. Бұл наразылықтардың артында қандай да бір держава тұр деп болжайтын болсақ, онда бұл салыстырмалы түрдегі шағын демонстрациялар Қазақстандағы бұдан да ауқымды саяси дағдарысқа ұласып, Орталық Азияның басқа елдеріне де таралуы ықтимал” деп жазады Jamestown Foundation.

ҚЫТАЙ БАСТАМАСЫ - "PR-ҚУЛЫҚ" ПА?

АҚШ-тың Foreign Policy журналы Қытайдың “Бір белдеу – бір жол” жобасының алты жыл бұрын пайда болғаннан қазірге дейінгі жағдайын талдап шыққан.

Бастаманы алғаш рет Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға сапары кезінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталған Назарбаев университетінде айтқан. Өз сөзінде Қытай басшысы ежелгі Жібек жолын қайта жаңғыртуды ұсынған. Арада бір жыл өткенде бұл бастама абстракт идеядан Қытайдың үлкен сыртқы саяси доктринасына айналды, дегенмен автордың айтуынша, бұл жоба “PR-қулыққа” көбірек ұқсайды.

Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев газ құбыры жобасының ашылуынан кейін. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) және Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев газ құбыры жобасының ашылуынан кейін. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2013 жыл.

“Бір белдеу – бір жол” жобасының ықпалын автор Қытай тауарларын тасымалдаудағы басты елдердің бірі – Пәкістанның мысалында қарастырады.

“Мұндағы басты инфрақұрылымдық бөлік – Қытайдың түкпірінде жатқан Шыңжаң аймағын солтүстік Пәкістанмен, әрі қарай Араб теңізі жағалауындағы Гвадар портымен жалғайтын, ұзындығы бір мың шақырымнан асатын тас жол. Гвадар 2013 жылы Қытайдың бақылауына көшіп, кейіннен “Бір белдеу – бір жол” бастамасының бас жоспарына енгізілген. Қытай Гвадар портын алғанда оның үш айлағы болған, оған келетін тас жол да, темір жол да болмаған. Алты жыл өткенімен Гвадарда ештеңе өзгерген жоқ. Бұл – бір ғана жағдай емес. 2016 жылы “инфрақұрылымның үлкен қажеттіліктерін өтеу үшін” деген мақсатпен салтанатты түрде ашылған Азия инвестиция банкі үш жыл жұмыс істеген кезінде бір миллиардқа жетпейтін ақша ғана бөлген" деп жазады Foreign Policy.

“Бір белдеу – бір жол” бастамасы туралы сіз білуге тиіс ақпарат – осы. Бұл жай ғана PR-қулыққа ұқсас нәрсе, оның негізгі мақсаты – көбіне кейінге қалдырылған не жоспардан бірнеше жылға қалып келе жатқан бұрынғы жобаларды “тонын өзгеріп” қайта ұсыну” дейді Foreign Policy.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG