Accessibility links

Адвокаттар қарсы болған даулы жоба заңға айналды. Заңгер неден қауіптенеді?


Адвокат қызметі туралы заңнан адвокаттар қауіптенеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

ВИДЕО: Адвокаттар өздері туралы заңға енгізілген өзгертулерден неге қауіптенеді?

Қазақстан президенті адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қызметін реттейтін заң жобасына қол қойды. Кәсіп иелері бұл заң жұмысына кедергі келтіріп, мемлекетке тәуелді етеді дейді. Бес айға жуық тартысқа ұласқан даулы заң жобасы қалай қабылданды, кереағар тұсы қандай?

10 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адвокаттар мен заң кеңесшілерінің жұмысын реттейтін даулы заң жобасына қол қойды. Мәжіліс мақұлдауынан өткен күннен бастап кәсіп иелерінің қарсылығына тап болған бұл құжат Конституцияда жазылған, бірақ сирек қолданылатын тетіктерді іске қосты.

СЫНҒА ҚАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ

Әуелі парламенттің жоғары палатасы заңға ұсыныс енгізіп, заңды мәжіліске кері қайтарғанда төменгі палата оны ішінара ғана мақұлдап, сенат пен мәжіліс депутаттарынан тұратын келісу комиссиясы құрылды. Комиссия ортақ шешімге келіп, құжат президентке жолданғанда, мемлекет басшысы бірден қол қоймай, Конституциялық кеңеске жүгінді де, құжат ата заңға сәйкестігін сұрады. Кеңес қайшылық жоқ деді, бірақ кей ережелердің нақтыланбай жазылғанын және сабақтас заң актілерімен үйлеспейтінін айтты. Президент Конституциялық кеңестің түпкі қорытындысына сүйеніп, ескертуін елеусіз қалдырды да, заңға қол қойып жіберді.

Қазақстан адвокаттары мен заңгерлер бұл заңның қызметінің тәуелсіздігі мен өміршеңдігіне нұқсан келтіретінін айтады. Республикалық алқа құрып, оған кіруді мәжбүрлеу арқылы үкімет адвокаттар мен заңгерлерді бақылауда ұстағысы келеді дейді олар.

Даулы жобаны мәжіліс былтыр 30 желтоқсанда қабылдаған. Жобаны екінші оқылым үшін ұсынған депутат Василий Олейник жаңа заң аясында адвокаттар мен заңгерлер үшін республикалық алқа құрылатынын, ол үшін оған мүше әр адам ай сайын 1 АЕК (2021 жыл үшін 2917 теңге) төлеуі керегін айтты. Депутат бұл алқа адвокат пен заңгердің мүддесі үшін жұмыс істейді деді. Сонымен қатар, адвокаттар мен заң кеңесшілері "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы әзірлеген "Е-заң көмегі" платформасына қосылып, оған ай сайын 3600 теңге төлеуі керек болды.

Бұл 6-шақырылым өткізген соңғы отырыстың соңғы талқылауы болатын. Осыдан кейін спикер Нұрлан Нығматуллин қорытынды сөзін айтып, шақырылым жұмысын тәмамдаған.

Заң жобасы мереке қарсаңында мақұлданған соң, қоғамдық қарсылық бірден басталған жоқ. Әуелі кәсіп иелері жобаны өз алаңында, баспасөз бетінде талқылап, ақпанның соңына қарай қарсылық бейбіт акцияға ұласты. 23 ақпан күні "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Алматы қаласы әділет департаменті алдында жалғыз адамдық пикет өткізді.

Үкіметтің "Адвокат қызметі және құқықтық көмек туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына наразылық жиынын өткізуге жиналған адвокаттар, заңгерлер мен нотариустар. Алматы, 13 наурыз 2021 жыл.
Үкіметтің "Адвокат қызметі және құқықтық көмек туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына наразылық жиынын өткізуге жиналған адвокаттар, заңгерлер мен нотариустар. Алматы, 13 наурыз 2021 жыл.

Осыдан кейін Айман Омарова бастаған заңгерлер даулы заң жобасына наразылық митингін өткізбек болды. 13 наурызға белгіленген жиынға әкімдік рұқсат та берген. Бірақ сол күні қаланың санитарлық органдары жиынға тыйым салып, адвокаттар митингі өтпей қалған.

Бірақ одан он күндей бұрын, 4 наурызда парламент сенаты заң жобасына ұсыныстар мен ескертулер қосып, мәжіліске қайта жолдаған.

12 наурыз күні парламент мәжілісі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Қанат Мусин мәжілістің сенат ұсыныстарымен келісе қоймайтынын, келісу комиссиясы құрылатынын айтты.

Қазақстан Конституциясына сай, егер мәжіліс сенаттың ұсыныстары мен ескертулеріне келіспесе, екі палата депутаттарынан тұратын ортақ комиссия құрылады.

17 наурыз күні мәжіліс депутаты Снежанна Имашева төменгі палатаның сенат айтқан ұсыныстардың басым бөлігімен келісетінін мәлімдеді. Сөйтіп республикалық алқаға мүше болғаны үшін төленетін жарнама көлемі (1 АЕК) 2026 жылға дейін ғана жарамды болды. Одан әрі қарай бұл мәселені алқаның өзі шешеді деді депутат. Сондай-ақ адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кей санатына, әсіресе ауылда жұмыс істейтіндеріне жарна төлеуде жеңілдік берілді. Бірақ бұлардың бәрі мәселенің толық шешілгенін білдірмеді, келісу комиссиясы бәрібір іске қосылатын болды. Комиссия қарауына заң кеңесшілерінің республикалық алқасын құру-құрмау мәселесі берілді.

7 сәуір күні келісу комиссиясы ортақ шешімге келіп, заң кеңесшілерінің республикалық алқасын ел аймақтарының кемі үштен екісін қамтитын, мүшелік еркін сипатта болатын үкіметтік емес ұйым деп анықтады. Ертеңінде заң жобасы мақұлданып, бес күннен соң президентке жолданды.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ҰЙҒАРЫМЫ

Бір айдан соң, 12 мамыр күні президент Тоқаев адвокаттар наразылығын тудырған заң жобасын Конституциялық кеңеске жолдап, жобаның ата заңға сәйкестігін тексеруді сұрады. Кеңес 4 маусымда заң жобасы конституцияға қайшы емес деп ұйғарды.

Кеңестің бұл қорытындысы кәсіп иелерін қанағаттандырмады. Адвокат Айман Омарова президент Тоқаевқа үндеу жолдап, заңды парламентке қайтарып, талқылау мен дауыс беруді қайта өткізуді сұрады. Бірақ бұл үндеу көмектеспеді, заң қабылданып кетті.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов адвокаттар жарна мәселесін өзі шешуі керек, оған мемлекетті араластырудың қажеті жоқ дейді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 10 маусым 2021 жыл.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов. Алматы, 10 маусым 2021 жыл.

– Бір АЕК көлемінде республикалық алқаға жарна төлейсіз, бұған қоса тегін көмек көрсету платформасының иесі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына да ай сайын қаржы құясыз. Одан бөлек өзіміздің [жергілікті] алқаға жарна төлейміз. Жұмыс істейтін кеңсеміздің қаржысын және қосыңыз. Адвокаттың тұрақты айлығы жоқ қой мұның барлығын төлейтін, – дейді ол.

Адвокат болуды уақытша тоқтатып, заңгер қызметін ұсынып жүрген Абзал Құспанов бұл жарналар жеме-жемге келгенде халықтың қалтасына тиеді деген пікірде.

– Мұның бәрі түптеп келгенде адвокат қызметінің құнын арттырады. Яғни мұның зардабын қарапайым халық тартады, – дейді ол.

"АДВОКАТУРАНЫҢ ҚАЛПЫ РИМ ЗАМАНЫНАН БЕРІ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"

Абзал Құспанов мәселенің жалғыз жарнада емес екенін айтады. Оның сөзінше, кейінгі жылдары мемлекет адвокат қызметін бақылауға алудың түрлі амалын жасап келеді, ал қазір қабылданып отырған заң осы бір үлкен науқанның жалғасы ғана.

– Адвокатура – бұл қоғамдық бірлестік. Сонау Рим заманынан бері адвокатураның қалпы өзгерген жоқ, ол өз алдына бөлек тәуелсіз институт. Сот та, әділет органдары да, прокуратура да, басқа да мемлекеттік органдар адвокаттардың ішкі шаруасына араласа алмайды. Өйткені олар бюджеттен қаражат алмайды. Ал енді әділет министрлігі біздің ішкі ісімізге араласып, республикалық алқалар арқылы бізді бақылағысы келеді, – дейді ол.

Заңгер республикалық алқа құрудың еш қажеті жоғын, адвокаттар да, олардың көмегіне жүгінетін азаматтар да оған мұқтаж емесін айтады.

Заңгер Абзал Құспановоа.
Заңгер Абзал Құспановоа.

– Мысалы, өзім Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесімін. Осы мүшелік негізінде бұрын Қазақстанның кез келген жерінде қызмет көрсете алатынмын. Енді республикалық алқаға мүше болуға итермелеп отыр, – дейді Құспанов.

Жаңа заң аясында сондай-ақ заң кеңесшілері палатасын құру ережесі де өзгеріп отыр. Бұдан былай палата мүшелігінде 200 маман болуы керек. Бұрын бар-жоғы 50 адам жететін. Абзал Құспанов өзі тұратын Орал қаласында мұншалық көп заң кеңесшісін табу қиын екенін, сол үшін Шымкент қаласындағы палатаға мүшелікке өткенін айтады.

– Не үшін 200? Әділет министрлігі бұған ешқандай негіз келтірген жоқ, бізбен ақылдаспады да, – дейді заңгер.

Маман иелері "Е-Заң көмегі" платформасының да артық екенін айтады. Олардың бәрі бір ауыздан бұл платформа осы күнге дейін қолданыста болған "Сот кабинеті" мен Egov.kz сайты ұсынатын қызметтерді қайталайды дейді.

Жаңа заңның қабылдануында тағы бір ерекшелік бар еді. Заң жобасын Конституцияға қайшы емесін айтқан Конституциялық кеңес "оның жекелеген ережелерінің дәлме-дәл анық тұжырымдалмағанын және сабақтас нормалармен үйлеспейтінін" мәлімдеген. Бірақ президент кеңестің осы ескертпесіне қарамастан заңға қол қойып жіберді.

Заңгер Абзал Құспанов Конституциялық кеңес заңның анықтайтын тұстары бар деп тұрғанда президент оған қол қоймауы керек еді, оны парламентке қайтарып, нақтылауды тапсыруы қажет болатын дейді.

Қоғам өкілдері Қазақстан билігін қоғамның барлық саласын қадағалап, неше түрлі заң актілерін шығаруға бейіл, әсіресе өзіне қауіпті санайтын бағыттарда белсенді қимылдайды деп сынайды. Кейінгі жылдары үкіметтің блогерлердің мәртебесін анықтауға тырысуы, кәсіподақ жұмысына араласуы, телефондарға күдікті сертификат орнатқысы келгені, сайлау кезінде әлеуметтік сауалнама жүргізуді қиындатуы қоғамда наразылық туғызған. Билік мұның бәрі ел мүддесі үшін деп жасалады деп түсіндіреді, ал сын айтушылар көп жағдайда ондай бастама себепсіз шектеулерге әкеліп, халықаралық деңгейде мойындалған құқықтар мен бостандықтарды бұзады деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG