Accessibility links

Шектеу мен бақылау: Ақпарат министрлігі жаңа өкілетке ие болды. Сарапшылар өзгертулерге алаңдайды


Қазақстан үкіметі ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін шектеу құқығын берді. Бұл өзгерістер дауға қалған «Сарым-Зәкиева түзетулерінен» кейін қабылданды. Қоғам өкілдері билік кибербуллингпен күресті сылтауратып, өзіне ұнамайтын контентті бұғаттап тастауы мүмкін деп қауіптенеді. Министрлік сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың терроризмді қаржыландыру ықтималдылығын тексеру үшін олардың жұмысын бақылау құзыретіне ие болды. Сарапшылар тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдардың болашағына қауіп төніп тұрғанын айтады.

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қолы қойылған, ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзыретін кеңейтіп, қазіргі 260 қызметіне тағы төрт міндет қосып берген қаулы 27 шілдеде үкімет сайтында жарияланды. Қаулы мәтініне сәйкес, құжатқа бес күн бұрын 22 шілдеде қол қойылған. Жаңа өзгертулер күшіне еніп үлгерген.

Үкімет қаулысы «Бала құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері жөніндегі кей заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес дайындалған. Бұл заң биыл мамырда қабылданып, қызу талқыға түскен. Сарапшылар «Сарым-Зәкиева түзетулері» (заң жобасын ұсынған депутаттар) деп аталатын заңнамалық өзгерістер министрлікке сөз бостандығы жоқ елде халықтың жанайқайын жоғарыдағыларға жеткізетін жалғыз құралға айналған әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттауға жол ашып береді деп шулаған. Цифрлық құқық мамандары жаңа заң сөз бостандығын, ақпарат іздеу, алу және тарату құқығын бұзатынын, ал үкімет билікке ұнамайтын кез келген контентті бұғаттап тастау мүмкіндігіне ие болатынын ескерткен. Билік бұл заң әлеуметтік желі қолданушылары мен балаларды кибербуллингтен қорғайды деп түсіндірген.

САРАПШЫЛАР НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі енді заң бойынша шетел онлайн-платформаның немесе Қазақстан аумағында қолданылатын жедел хабар алмасу сервисінің жұмысын шектеуге құқылы. “Шектеу” деген сөздің астарында не жатқаны түсініксіз.

Бірақ заңға қайшы контенттерге қатысты шағымдармен жұмыс істеу механизмі толық сипатталған: тәулігіне орташа есеппен алғанда 100 мыңнан астам қолданушы кіретін интернет-ресурста жарияланған контентке қарсы шағым түссе, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі сарапшылар тобы үш күн ішінде жарияланған жазбада кибербуллинг белгілері бар-жоғын тексеруі керек; кибербуллинг белгілері анықталса, ведомство онлайн-платформаның заңды өкіліне жазбаның сілтемесі тіркелген хат жібереді. Үкімет қаулысына сәйкес, шетел әлеуметтік желілері мен мессенджерлердің «заңды өкілдерінің» реестрі жасалып жатыр.

Digital Paradigm қоғамдық қорының басшысы, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышев шетел сервистерінің өкілдері контент өшіруге келгенде Қазақстанның мемлекеттік органдарынан түскен өтініштердің бәрін бірдей орындай бермеуі мүмкін деп топшылайды.

Digital Paradigm, қорының жетекшісі, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышев.
Digital Paradigm, қорының жетекшісі, цифрлық құқық бойынша сарапшылар тобының мүшесі Елжан Қабышев.

— Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қандай материалдарды заңсыз деп табатынын, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер бұл өтініштермен қалай жұмыс істейтінін көру қызық болғалы тұр. Мысалы, тыйым салынған сайттар реестрінде Facebook, Instagram желілеріндегі жеке парақшалар мен жазбалардың сілтемелері бар. Қос тараптың Лейла Храпунованың (Алматының бұрынғы әкімі, жемқорлық айыбымен Қазақстанда сырттай сотталып, қазір отбасымен Швейцарияда тұрып жатқан Виктор Храпуновтың әйелі. — Ред.) «тыйым салынған» парақшасы бойынша қандай келісімге келетіні қызық. Әзірге Meta-ның (Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне иелік ететін компания. — Ред.) Қазақстан территориясында бұл сілтемелерге кіру құқығын шектеп, бұғаттауға қатысты қоғам реакциясы белгісіз. Meta компаниясының контент заңдылығын тексеретін ішкі процедуралары бар. Сондықтан компания ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талабымен сұралған контентті өшіріп, бұғаттап, шектеуге келісе қояр ма екен? Қазір қалыптасқан тәжірибені ескерсек, онлайн-контент негізсіз бұғатталуы әбден мүмкін, — дейді Елжан Қабышев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талабы бірнеше рет қатарынан орындалмаса, шетелдік ресурс қызметі шектелуі мүмкін. Human Rights Consulting Group қоғамдық қорының директоры, цифрлық құқықтар бойынша сарапшылар тобының үйлестірушісі Әрсен Әубәкіровтың айтуынша, заңда әлеуметтік желі немесе мессенджер өкілдерінің қанша талапты орындамауы «жүйелі заңбұзушылық жасау» деп бағаланатыны жазылмаған.

— [Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің] заңды өкілінде материалды өшіріп тастаудан басқа амал жоқ. Мұның бәрі біржақты тәртіппен жүреді. Сұралған контентті өшірмесе, заң бұзған болады. Өшіруден бас тартса, белгілі бір жазба ғана емес, бүкіл платформа бұғатталуы мүмкін. Мысалы, Facebook желісіне кіре алмай қаламыз. Бұл адамның цифрлық ортадағы құқығын бұзу саналады, — дейді Әрсен Әубәкіров.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден тәулігіне қанша қолданушы кіргені жөнінде ақпарат сұрай алады; платформаның қолданушылар санын анықтайтын бағдарламасы болмаса, министрлік өз ресурстарын пайдаланып, есеп жүргізеді.

Елжан Қабышев министрліктің қолданушылар санын өз күшімен қалай анықтайтыны белгісіз екенін айтады.

Қаулыға сәйкес, ведомство сарапшылар тобын құру ережелерін дайындау және бекіту, балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша шағымдарды қарау құзыретіне ие. Құқық қорғаушылардың айтуынша, заң жобасын талқылау кезінде бұл ұсыныстар көп сынға қалған.

Human Rights Consulting Group қоғамдық қорының директоры, цифрлық құқықтар бойынша сарапшылар тобының үйлестірушісі Әрсен Әубәкіров.
Human Rights Consulting Group қоғамдық қорының директоры, цифрлық құқықтар бойынша сарапшылар тобының үйлестірушісі Әрсен Әубәкіров.

— [Сарапшылар тобын құру] қоғамдық сынды басу үшін ғана жасалған нәрсе. Одан еш айырмашылық көріп отырған жоқпыз, өйткені сарапшылар тобының құрамын министрлік анықтайды. Биліктің бұл топқа тәуелсіз сарапшыларды шақыруы екіталай. Министрлік психолог, филолог және кибербуллинг бойынша мамандарды тартуға назар аударып отыр. Бұл сот сараптамасын тағайындауға көбірек ұқсайды, — дейді Әрсен Әубәкіров.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ БАҚЫЛАУ

Министрлікке кибербуллинг туралы заңға еш қатысы жоқ құзырет те берілген. Енді ведомство үкіметтік емес ұйымдар қызметіне мониторинг жүргізіп, олардың терроризмді қаржыландыру ықтималдылығын анықтап, жиналған деректерді қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру (жымқыру) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы өкілетті органға жіберуі тиіс.

Бұл норма осы айда қабылданған «Қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру (жымқыру) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес мәселелері жөніндегі өзгерістерден кейін енгізілген.

Әрсен Әубәкіров ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде үкіметтік емес ұйымдар базасы барын, енді ведомство ондағы ақпаратты заңды түрде күш құрылымдарына бере алатынын айтады.

— Үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын осы базаға өз қызметі жөнінде есеп тапсырады. Бұл есептің басқа есептерден еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан кезінде министрлікке тағы бір есеп тапсырудың қажеті қанша деген сын-пікірлер айтылған. Үкіметтік емес ұйымдар онсыз да салық қызметіне анықтама өткізеді, бірақ ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл ақпаратты ұйым қызметі туралы дерекпен толықтырып, ведомствоға бөлек тапсыру керек деп шешті. Енді не өзгереді? Бұрын министрлік бұл деректерді жай ғана жинаумен айналысса, енді үкіметтік емес ұйымдар туралы ақпаратқа мониторинг жүргізіп, талдауға міндеттелді. Ведомство «терроризмді қаржыландыру», «ақша жымқыру» белгілерін көрсе, өкілетті органға, яғни, қаржылық мониторинг агенттігіне немесе ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабар береді, — дейді Әрсен Әубәкіров.

Сарапшының пікірінше, бұл үкіметтік емес ұйымдар қызметіне үлкен қауіп төндіреді.

— Мұны өз мақсаттарына пайдаланып, «терроризмді қаржыландыруға қарсы күресіп жатырмыз» деген сылтаумен үкіметтік емес ұйымдар жұмысына кедергі келтіретін немесе ұйым қызметін тоқтататын механизм іске қосылуы мүмкін. Яғни, билік бұл норманы саяси қудалау құралы ретінде пайдалана ма деп қауіптенеміз, — дейді Әубәкіров.

Cарапшы Қазақстанда заң жобасын дайындаушылар азаматтық қоғамға қысымды күшейтіп жатқанын айтады. Жақында елде «Сайлау туралы» заңға толықтырулар ұсынылған. Бұл өзгерістерге сәйкес, шетелден қаржыландырылатын қоғамдық бірлестіктер Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация ала алмайды. Бес беделді ұйым бұл өзгертулер сайлаудағы тәуелсіз бақылаудың түбіне жетеді деп мәлімдеген. Жаңа заң жобасына сәйкес, шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың атынан сайлауға қатысатын қазақстандықтарға тәуелсіз бақылаушы немесе сайлау комиссиясының мүшесі болуға тыйым салу ұсынылып отыр.

Әубәкіров қазіргі қарқынмен Қазақстан көп ұзамай Ресейдегі «шетелдік агенттер» туралы заңға жетіп қалуы мүмкін деп алаңдайды. Қазір Қазақстан заңдарында шетелдік агент деген түсінік жоқ. Көрші елде шетелдік агенттер туралы заң 10 жыл бұрын қабылданған. Ресейде шетелден азын-аулақ ақша алған кез келген коммерциялық емес ұйымды «шетелдік агент» деп тануы мүмкін. Бұл заң билікке тәуелсіз ақпарат құралдарын, мәдениет, денсаулық сақтау, экология және ағарту саласында жұмыс істейтін ұйымдарды қудалауға мүмкіндік береді. Заң нормалары бірнеше рет қатаңдатылып, ұйымдарға ғана емес, жеке тұлғаларға да қарсы қолданыла бастаған.

XS
SM
MD
LG