Accessibility links

Назарбаев тағы да Қазақстан халқынан ақша сұрады


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барған кезі. 10 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барған кезі. 10 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан қиын-қыстау кезеңде тұр. Коронавирус алқымнан алғанда мұнай да күрт арзандады. Елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрын қолданған әдісін қайталап, халықты қаржы жинап, мемлекетке көмектесуге шақырды.

Наурыздың 20-сында Қазақстанның экс-президенті халықты күрделі проблемаларды шешуде ел президенті мен оның үкіметіне көмек қолын созуға үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Елбасы (Назарбаевтың Қазақстандағы ресми титулы – ред.) осындай қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдарды арнайы қорға қаражат салуға шақырды" деді.

Бұл үндеу биліктің қатар тиген қос соққы елге қаншалық әсер ететінін сезіп отырғанын аңғартқан сияқты. Мұнайдың күрт арзандағаны өз алдына, коронавирус пандемиясының салдары ауыр болатын сыңайлы. Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 13 наурызда тіркелген.

Назарбаев “аса қауіпті инфекциямен күресте майдан шебінде жүрген дәрігерлерді, еріктілерді, құқық қорғау қызметкерлері мен әскерилерді қолдау өте маңызды” деген пікір айтқан. Коронавируспен күреске халықтың көмек қолын созуға әзір екені рас.

Наурыздың 26-сындағы жағдай бойынша, 18 миллион тұрғыны бар Қазақстанда коронавирус жұқтырған 109 адам тіркелген.

Соңғы ауқымды экономикалық дағдарыс басталған 2014 жылы Қазақстан қаржы тапшылығы мәселесін ұлттық қордағы қаржымен шешуді ұйғарған. Мұнайы мен газы көп Қазақстан Орталық Азиядағы ең бай ел саналады.

Елді 28 жыл басқарып, былтыр наурызда орнынан кеткен Назарбаев бұл жолғы дағдарыста Қазақстан азаматтарынан ақша сұрау үшін баспасөз хатшысын сөйлеткен сыңайлы.

Ол бұрын да халықтан ақша сұраған. Бұл жағдай осыдан 21 жыл бұрын болған еді. Сол оқиғаны еске түсірсек, Қазақстанның әлеуметтік қорына бірінші болып кім қаржы салуы керек деген сұрақ туады.

Нұрсұлтан Назарбаев. 1992 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев. 1992 жыл.

1999 жылдың маусым айында Қазақстанның жағдайы мәз емес еді.

Бұл кезде мұнай өндірісі ұлғая бастаған болатын, дегенмен 1990 жылдары мұнай баррелінің бағасы 20 доллардан аспады, ал 1998 жылы, тіпті, 12 долларға түсіп, 1999 жылы әупіріммен 16,5 долларға көтерілді.

1998 жылы Қазақстан соңғы 40 жылда алғаш рет небәрі 7,3 миллион тонна астық жинады. Бұл алдыңғы жылғыдан 44 пайызға аз. Электр қуаты жетпей, қызметкерлерге жалақы төленбей, жұмысшылар ереуілдетіп жатты.

Осындай қысылтаяң шақта, 1998 жылғы қазан айының басында президент сайлауы жарияланды. Сайлауға оппозицияның басты кандидатын жібермеді. 1999 жылғы 10 қаңтарда өткен президент сайлауы әділетсіз өтті деп көп сыналды.

1999 жылы ақпанда премьер-министр Нұрлан Балғымбаев Қазақстанның 1998 жылғы сауда дефициті 1,7 миллиард долларға жеткенін айтты. Бұл 1999 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы сауда дефицитінен (664 миллион доллар) үш есе көп.

1999 жылдың алғашқы айларында үкімет біршама бағдарламалары мен мемлекеттік қызметкерлерін қысқартты. Ұлттық банк теңгені сәуірден бастап еркін айналымға жіберді, сөйтіп мамырдың соңында долларға шаққандағы теңге бағамы 88-ден 131 теңгеге дейін құлдырады.

1999 жылғы маусым айында “Алтын қорға алтын сал” науқаны басталды. Азаматтарға алтын бұйымдары мен әшекейлерін өткізу жөнінде үндеу тасталды. Үкімет ол алтынды сатып, елді экономикалық дағдарыстан алып шығады деген риторика болды.

Ел басшылығы бұл идеяны 1997 жылы Оңтүстік Кореяда жүрген науқаннан көшірді. Онда да үкімет елдің қарызын өтеу үшін халықтан алтын жинаған еді.

Алтын өткізген Қазақстан азаматтарына он жылдың ішінде өтемақы беріледі деген уәде болған. Дегенмен халықтан қанша алтын жиналғаны, одан қанша қаражат түскені, халыққа өтемақы берілгені туралы ашық айтылған жоқ.

1999 жылғы маусым айының басында Балғымбаев Назарбаевтың туған жері – Алматы облысының Қарасай ауданында 10 мың доллардың алтыны жиналғанын айтқан. Кейбір мәліметтерге қарағанда, алтынды өз еркімен бергендер де, “мәжбүрленгендер” де болған. Жұмысшылардың жалақысынан ұстап қалу, басшылардың қызметкерлерге қысым көрсетуі сияқты жайттар туралы да айтылған.

1999 жылғы 1 шілдеде Австрияның Зальцбург қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Назарбаев осы қор туралы сөз қозғаған.

“Алтын мен әшекей жинау мәселесіне келсек.... Әрине, қарапайым азаматтар осындай қиын жағдайда көмек қолын созуға ниет танытса, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың қажетін өтейтін әлеуметтік қорға қаржы салуға құлықты болса, біз бұған қарсы шыға алмаймыз” деген.

2000 жылы Қазақстанның жағдайы жақсара түсті. Сол жылы қара алтын бағасы барреліне 27 долларға жетіп, 2005 жылы 50 доллардан асып, қымбаттай берді.

Қазақстан қаржы дағдарысынан шықты, ал алтын мен әшекей өткізу науқаны сол күйі ұмытылды. Бірақ 2002 жылғы сәуірде қызық жағдай болды.

Парламент отырысында премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов Швейцария банкінде “құпия қордың” болғанын айтып қалды. Сол кездегі премьердің сөзіне сенсек, 1996 жылы Қазақстан үкіметі Теңіз мұнай кенішіндегі 25 пайыз үлесін Mobil компаниясына 1 миллиард долларға сатып, ақшаны швейцар банкіне салып қойған.

Иманғали Тасмағамбетов.
Иманғали Тасмағамбетов.

Тасмағамбетовке сенсек, құпия қордағы қаражат 1997, 1998 жылдары зейнетақы қарыздарын төлеуге және Ресейдегі қаржы дағдарысының ықпалын азайтуға жұмсалған. Ол 1999 жылдан бастап қордағы ақшаның қайда жұмсалғаны туралы ештеңе айтпаған.

Қазақстан үкімет басшысының бұлайша ағынан жарылуына оппозицияның екі депутаты – Борис Сорокин мен Серікболсын Әбділдиннің 13 наурыздағы “Қазақгейт” туралы толық ақпарат беруді сұраған хаты түрткі болған.

“Қазақгейт” деген атқа ие болған дау-дамай кезінде америкалық бизнесмен Джеймс Гиффен Батыс компаниялары Теңіз мұнай кеніші бойынша Қазақстан үкіметімен келісімшарт жасасу үшін Назарбаев пен Балғымбаевқа пара берді деп айыпталған. Парламенттің екі депутаты Назарбаевқа, оның отбасы мүшелері мен достарына тиесілі есепшоттарда жатқан үкімет қаржысы туралы мағлұмат алғысы келген.

Енді мұнай бағасы қайта құлдырап, коронавирус алқымнан алған қазіргі жағдайға оралайық.

Әрине, мұның дағдарыс екені анық.

Көмектескісі келетін адамдар бар, Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың сөзімен айтсақ, “шамасы келетін” адамдар жәрдем қылса болады. Яғни, шамасы жетпейтіндер және көңілі қаламайтындар ақша қоспаса болады деген сөз.

Тарихтағы оқиғалар көрсеткеніндей, Қазақстанға көмек қолын созуға қаржылық жағдайы жететін адамдар – Назарбаев, оның отбасы мүшелері мен жақындары, соңғы жылдары олардың байлығы туралы көп айтылып жүр. Қазір олардың қанша “құпия” есепшоты бар екені көпшілікке қызық.

Лондондағы Назарбаев әулетіне, оның қызы Дариға мен жиені Нұрәліге қатысы бар делініп жүрген Лондондағы қымбат үйлердің өзі көп жайттан хабар береді.

Болмаса Швейцариядағы қамал немесе Испанияның Коста Брава ауданындағы Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі деген жылжымайтын мүлік ше?

Бұл – ақпарат құралдарында айтылып жүрген ақпараттың аз бөлігі ғана.

Мәрттік танытып, Қазақстанға көмек қолын созу науқанын бастауға ең лайық адамдар Назарбаев пен оның айналасындағылар болса керек.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG