Accessibility links

"Биліктен айырылып қалудан" үрейленетін Тоқаев және Мәскеуді "ығыстыруға талпынған" Пекин


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай басшысы Си Цзиньпин қол алысып жатыр. Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай басшысы Си Цзиньпин қол алысып жатыр. Қытай, 17 мамыр, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанда саяси белсенділерді қудалау неліктен жиіледі деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Қытай аймақтағы "қауіпсіздік гарантына" айналып, Ресейді ығыстырып шығаруға талпынып жатқанын жазды. Одан бөлек, Қытаймен серіктестікті күшейткен Орталық Азия елдері тұзаққа түсіп қалып, Пекинге одан бетер тәуелді болып қалмай ма дегенге үңілді.

САЯСИ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ НЕГЕ ЖИІЛЕДІ?

Eurasianet басылымы Тоқаев жариялаған "Жаңа Қазақстанда" саяси белсенділерді ескі әдіспен қудалау жалғасып жатқанын жазды. Кейінгі бірнеше аптада белсенділерді әкімшілік қамауға алып, айыппұл салған оқиғалар жиіледі.

Оппозициялық алаңда көп жылдан бері жүрген белсенді Инга Иманбай 1 сәуірде Алматыда парламент пен мәслихат сайлауының нәтижесіне наразы кандидаттар құрған "Халық парламентінің" жиынына қатысып, сөз сөйлеген. Бір айдан астам уақыттан кейін, 10 мамырда полиция Инга Иманбайдың үйіне келіп, оған 172 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған. "Полиция әдеттегідей митингіге қатысқаным үшін емес, адам құқықтары туралы жеке жиында сөз сөйлегенім үшін айыппұл салды" дейді ол.

Сәуірде тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров, азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан мен мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев билікке алдын ала хабарламай, сайлау нәтижесіне қарсы пикет өткізгені үшін 15 тәулікке қамалды.

Алматыда сайлаудағы заңсыздықтарға қарсы митинг өткізіп жатқан "Халық парламентінің" өкілдерінің шарасын бақылап тұрған полиция қызметкерлері. 9 сәуір, 2023 жыл.
Алматыда сайлаудағы заңсыздықтарға қарсы митинг өткізіп жатқан "Халық парламентінің" өкілдерінің шарасын бақылап тұрған полиция қызметкерлері. 9 сәуір, 2023 жыл.

Мамыр айының басында полиция Oyan, Qazaqstan! оппозициялық қозғалысының мүшелері Дархан Шәріпов пен Влада Ермольчеваны ұстады. Себеп – белсенділер былтыр қарашадағы президент сайлауында және биыл парламент сайлауынан кейін наразылыққа шыққан. Алматыдағы әкімшілік сот олардың әрқайсысын "бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша 15 тәулікке қамады. Неліктен алты айдан кейін айып тағылғаны белгісіз.

Сәуір айында Алматыдағы сот тіркелмеген "Қазақстан демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамайға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесті.

Саясаттанушы, Қауіп-қатерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев қудалау күшейгені Тоқаев қоғам арасында беделі жоқтығына алаңдайтынын және оның биліктен айырылып қаламын деген үрейін көрсетеді дейді.

"Тоқаевты халықтың айтарлықтай бөлігі қолдайтынына қарамастан, мұндай қауіп Қаңтар оқиғасынан кейін күшейе түсті" дейді Сәтпаев.

Еуроодақ өкілдігі алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа санкция салуды талап етіп тұрған Астана тұрғыны Махаббат Құсайынова. Астана, 16 наурыз, 2023 жыл.
Еуроодақ өкілдігі алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа санкция салуды талап етіп тұрған Астана тұрғыны Махаббат Құсайынова. Астана, 16 наурыз, 2023 жыл.

Сәтпаевтың пайымдауынша, Тоқаевтың төңірегі жаңа қайраткерлер, саясаткерлер мен белсенділер қоғамдық пікірді президент белгілеген күн тәртібіне қарсы қоюы мүмкін деп есептейді. Сол себепті, президент төңірегінің ойынша, ең дұрыс шешім – оларды шетке ысырып, ақпараттық кеңістікті билік партиясының бағытына сәйкестендіру.

Саясаттанушының ойынша, мұндай әдіс мәңгі жалғаса алмайды. Өмір сүру сапасы жақсармаса, халық инфляция, жемқорлық пен саяси еркіндікті шектеу мәселелесі неге шешілмейді деген мәселені төтесінен қойып, билікке қысым жасай бастайды.

"Бұл басымыздан өткен. Тіпті еш уақытта саясатқа қызықпағандар наразылықты алдымен асүйде, артынан көшеге шығып білдіреді" деп қайырады саясаттанушы.

ҚЫТАЙДЫҢ "ИЛАНДЫРУ НАУҚАНЫ" ЖӘНЕ ПЕКИНГЕ "ТӘУЕЛДІ БОЛА ТҮСУДІҢ ҚАУПІ"

Орталық Азия елдерінің басшылары Қытайдың серіктестік орнату талпынысын басшылыққа алып, тұзаққа түсіп қалуы мүмкін дейді зерттеуші Нива Яу АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институтының сайтындағы мақалада. Кейінгі жылдары ешқандай державаға басымдық бермей, баланс ұстаған аймақтың Қытайға барған сайын тәуелді болып қалу қаупі бар.

Atlantic Council зерттеу институты ғаламдық Қытай орталығында сырттай жұмыс істейтін Нива Яудың жазуынша, өткен аптада "Орталық Азия − Қытай" саммитінде Си Цзиньпин аймақ басшыларын поляризацияға ұшыраған әлемде Пекинге арқа сүйеуге болады дегенге иландыруға тырысты.

Қытайдың Сиань қаласында өткен "Орталық Азия – Қытай" саммитінде қол бұлғап тұрған Қытай және Орталық Азия елдерінің басшылары. 18 мамыр, 2023 жыл.
Қытайдың Сиань қаласында өткен "Орталық Азия – Қытай" саммитінде қол бұлғап тұрған Қытай және Орталық Азия елдерінің басшылары. 18 мамыр, 2023 жыл.

Қытай иландыру науқанын күшейтіп жатқанда, Орталық Азияның басқа сыртқы ойыншылармен серіктестік орнату мүмкіндігі азайды. Ресей Украинадағы соғыспен жүр. АҚШ Ауғанстаннан кеткелі аймаққа бұрынғыдай назар бұрмайды. Түркия, Үндістан, Еуроодақ пен АҚШ-тың аймақпен серіктестікті күшейтуге арналған бағдарламаларын Қытайдың бастамаларымен салыстыруға келмейді.

Зерттеушінің ойынша, Қытай аймаққа өзінің басқару тәжірибесін экспорттай алды, себебі ол авторитар тәжірибеге сай келеді. Орталық Азия елдерінің үкіметтері азаматтық қоғамды басып-жаншып, журналистерді ұстап, белсенділерді қудалайды, бұл әдістер Қытайда да қолданылады. Сондықтан бұл аймақ Қытайдың осы басқару тәжірибесін оңтайлы деп есептейтінін көрсетеді.

"Орталық Азия қандай да бір алпауыт державаның аймақтағы үстемдігіне жол бермеуге ұмтылса да, "көпвекторлы" саясатты тәжірибеде іске асыру қиынға айналды. Себебі Қытайдың аймақтағы белсенділігі мен мүддесі тез өсті" дейді Нива Яу.

Аймақ басшылары Пекинмен серіктестікті Қытаймен ортақ шекараның болуы, теңізге шығу мүмкіндігінің жоқтығы сияқты себептермен түсіндіреді. Сарапшылар аймақтың алып көршімен тығыз қарым-қатынас ұстанудан басқа таңдауы жоқ екенін айтады.

Нива Яу аймақ ерте ме, кеш пе, Пекиннің рөлі тым белсенді дипломатиядан бас тартады деп есептейді. Мұның бір себебі − Ресей Украинаға басып кіргеннен бері аймақта жылдам жүріп жатқан деколонизация мен ұлттық бірегейлікті іздеу процесі. Қытайдың Шыңжаңдағы түркітектес ұлттарды қудалағанына қарамастан, аймақ элитасы Пекинге халықаралық деңгейде қолдау көрсетуді тоқтатпады. Дегенмен зерттеуші тіл, тарихи байланыс, мәдениетке келген кезде Түркия Орталық Азияға анағұрлым жақын ойыншы деп есептейді. Түркия басқаратын Түркі мемлекеттерінің ұйымы түрік болмысын қалпына келтіріп, аймақта Ресей мен Қытай ықпалын азайтқысы келетін Орталық Азия үшін маңызды векторға айналуы мүмкін.

"ПЕКИН МӘСКЕУДІ ЫҒЫСТЫРЫП, ҚАУІПСІЗДІК ГАРАНТЫ БОЛУҒА ТАЛПЫНЫП ЖАТЫР"

"Қытай аймақтағы тәртіпті қамтамасыз етуші мен қауіпсіздік гаранты ретінде Ресейді ығыстырып шығаруға кірісті" дейді АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Стивен Бланк Jamestown қорының сайтындағы мақалада.

Украинаға соғыс ашқалы Ресейдің аймақтағы билігі мен ықпалы азайып жатыр. Мәскеу Орталық Азия елдерінің басшыларына ықпал ету тетіктерінен түбегейлі айырылып қалмаса да, ол қабілеті әлсіреп жатқаны анық білінеді. Зерттеушінің пайымдауынша, Пекин жақында Сианьда өткен "Орталық Азия – Қытай" саммитінде осы бос кеңістікті толтырып жатқанын көрсетті.

Саммит Пекинге аймақпен экономикалық серіктестігін күшейтуге мүмкіндік берді. Қытай аймақ елдерінің инфрақұрылымына 3,68 миллиард доллар инвестиция құюды ұсынды. "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында порттар, теміржолдар салуға, құбыр инфрақұрылымын дамытуға уәде етті. Бес елдің әрқайсысымен екіжақты келісімге қол қойды.

"Орталық Азия – Қытай" саммиті. 19 мамыр, 2023 жыл.
"Орталық Азия – Қытай" саммиті. 19 мамыр, 2023 жыл.

Бланк бұл қадамның ар жағында Пекиннің аймақта Мәскеуді "қауіпсіздік кепілгері" ретінде алмастыру ұмтылысы жатыр деп есептейді. Қытай басшысы Си Цзиньпин "Орталық Азия елдерінің егемендігі, тәуелсіздігі, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керек" екенін айтты. Автордың пайымдауынша, бұл − Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен солтүстігін тартып алу туралы даулы мәлімдеме жасаған Ресей саясаткерлері мен ақпарат құралдарының өкілдеріне бағытталған соққы.

Сондай-ақ Си Цзиньпин Қытай Орталық Азияға құқық қорғау органдарының қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін жақсартуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Автор бұл сөз Пекин Мәскеуді қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ретінде Орталық Азиядан ығыстырғысы келетінін анық аңғартады дейді.

Дегенмен Қытай бұл ретте діттегеніне жетеді дегенге кепілдік жоқ. "Бір белдеу – бір жол" бастамасы үмітті ақтамай, проблемаға тап болды, сондықтан ол жайлы жағымсыз пікір қалыптасты. Оған қоса, аймақ елдері Қытайдың ақшасына тәуелді болудан гөрі егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуға көбірек мүдделі.

Ресей әлсірегеннен пайда болған бос кеңістікке Батыс назар аудармаса, Қытай аймақтан қарсыластарды ығыстырып, жалғыз ойыншыға айнала алады. Пекин осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық қарсыласты шетке ысырғысы келеді. "Әлбетте, Батыс елдері Ресей империясы қираған жерде Қытай империясы пайда болғанын қаламайды" дейді автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG