Accessibility links

Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның "газ келісіміне" шамданған Түркіменстан және "Теңізшевройлға" айыппұл астары


Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов газ құбырын ашу салтанатына қатысып тұр. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы газ экспортынан түсетін кірістен құралған Түркіменстан газының негізгі сатып алушысы – Қытай.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов газ құбырын ашу салтанатына қатысып тұр. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы газ экспортынан түсетін кірістен құралған Түркіменстан газының негізгі сатып алушысы – Қытай.

Батыс басылымдары бұл аптада Мәскеу, Астана мен Ташкенттің газ саласындағы серіктестігі неліктен Ашғабат шамына тигенін талдады. Сонымен қатар постсоветтік кеңістіктегі деколонизация процесі әсіресе Қазақстанда қарқынды жүріп жатқанына тоқталды. Басылымдар бұдан бөлек Қазақстан «Теңізшевройлға» «қоршаған ортаны ластауға байланысты» айыппұл салғанын, бұл мұнай-газ өндіруші компаниялардан бюджетке көбірек түсім талап етіп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келгенін жазды.

РЕСЕЙ, ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ГАЗ БОЙЫНША КЕЛІСІМІ ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ ШАМЫНА ТИДІ

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы газ одағы туралы әңгіме Түркіменстанның шамына тигенін жазды.

12 тамыз күні «Түркіменгаз» мемлекеттік концернінің басқарма басшысының орынбасары Мырат Аршаев Түркіменстанның TDH мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресей сыртқы істер министрлігінің экономикалық серіктестік жөніндегі департамент басшысы Дмитрий Биричевскийдің «Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанның газ саласындағы серіктестігі басқа елдердің есебінен кеңеюі мүмкін, оған өзге елдер қызығушылық танытып жатыр» деген пікіріне реакция білдірді. Сұхбат Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды.

Аршаев Биричевскийдің мәлімдемесінде газ саласындағы үшжақты серіктестікті кеңейтудің қандай «мүмкіндіктері» жайлы сөз болды, оған «қандай мемлекеттер қызығушылық білдірді?» деп сұрақ қояды. Аршаевтың айтуынша, Ресей дипломаты айтқан көмескі мәлімдеме бұл сұрақтарға анық жауап бере алмайды, бірақ бұл Түркіменстанның мүддесіне әсер ететіндіктен, айқындық керек.

Артынша ол Орталық Азиядағы Қытай газ құбырының архитектурасын түсіндіруге кірісті. Оның айтуынша, Түркіменстан, Қазақстан мен Өзбекстан газды Қытайға қазіргі уақытта үш желісі бар «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры арқылы жөнелтеді. 40 миллиард текше метр газды Түркіменстан, қалғанын Өзбекстан мен Қазақстан қамтамасыз етеді. «Құбырды басқа елдердің газымен толтыру қарастырылмаған».

Түркіменстаннан Қытайға баратын ұзындығы 7 мың шақырым болатын газ құбыры Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы өтеді.
Түркіменстаннан Қытайға баратын ұзындығы 7 мың шақырым болатын газ құбыры Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы өтеді.

Түркіменстан тарабы бұл газ құбырымен бұрынғы келісімде қарастырылмаған газ көлемі тасымалданатын болса, барлық тараптың рұсаты алынуы керек деп есептейді. Бұл ретте Аршаев Түркіменстанмен ешкім кеңеспегенін атап өткен.

Путин былтыр қараша айында ұсынған Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның газ одағы туралы келісім қағаз жүзінде жасалмаса да, сарапшылар Мәскеу Астана және Ташкентпен жеке-жеке келісім жасау арқылы көздегеніне жетті деп есептейді.

Қаңтар айында Ресейдің «Газпром» мемлекеттік компаниясы Қазақстан және Өзбекстан үкіметімен газ серіктестігі жайлы жол картасына қол қойды. Сол уақытта газ «Газпром» бақылайтын, Түркіменстан, Өзбекстан мен Қазақстаннан Ресейге газ жеткізетін «Орталық Азия – Орталық» жүйесі арқылы тасымалданады делінді. Бірақ бұл үшін газды кері айдауды жолға қоятын техникалық мәселелерді шешу керек болған.

Сәуірде Ресей газды Өзбекстан мен Қазақстанға экспорттаудан гөрі Қытайға жеткізуді көздейтіні белгілі болды. ТАСС ақпарат агенттігі жариялаған Ресейдің энергетиканы дамыту орталығының талдауында «Газпром» Өзбекстан мен Қазақстанға 10 миллиард текше метр газды тасымалдайтыны, оның 4-6 миллиард текше метрі Қытайға жеткізілгені жазылды.

Мақала авторы Кэтрин Путцтың талдауынша, Түркіменстанның қауіптенетін себебі, Ресей «Орталық Азия – Орталық» газ құбырымен Қытайға газ айдаса, бұл Пекинге газ тасымалдайтын Ашғабатқа нұқсан келтіруі мүмкін.

Сондай-ақ жақында Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов Ашғабат ішкі сұранысты жауып, экспортқа шығару үшін газ өндіруді кемінде 60 миллиард текше метрге жеткізуді жоспарлап отыр деді. Бұл ретте, оның ойынша, түркімен газын ең жақын көршілер – Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттауға басымдық беріледі. Автор Өзбекстанға газ сатқысы келетін Түркіменстан өзінің алдын Ресей орап кетеді деп алаңдайды деп қайырады.

"АЗАМАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСҚА АЙНАЛҒАН ДЕКОЛОНИЗАЦИЯ"

Eurasianet басылымы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Мәскеу көршілерінің отаршылдық туралы ескі жарақатының бетін ашып, деколонизация, ұлттық бірегейлік пен ұлттық дәстүр туралы пікірталасты жандандырып жатқанын жазды.

Мақала авторы саясаттанушы Барбара фон Оу-Фрейтаг Ресейдің Украинаға шабуылы мен кей аумағын қатыгездікпен басып алуы постсоветтік мемлекеттерді дүр сілкіндіріп, аймақта көшбасшы ретіндегі Ресейге сенімді күрт төмендетті дейді. Мәскеумен бұрыннан жақын қарым-қатынас ұстанатын үкіметтер оны қайта сүзгіден өткізуден қашқақтап жатқанда, азаматтық белсенділер Ресей империализмін әшкерелеп, отаршылдық мұрасы мен ұлттық дәстүрді қорғап қалудың жаңа форматтарын талқылап жүр. Автор бұл үрдіс әсіресе Қазақстанда күшті дейді.

Әсем Жәпішева
Әсем Жәпішева

«Деколонизация азаматтық қозғалысқа айналды, − дейді азаматтық белсенді, Youtube желісінде қазақ тілінде контент әзірлейтін Til kespek joq арнасының негізін қалаушы Әсем Жәпішева. – Бұл жаңа және күшті пікірталас. Үкімет мұнымен қалай күресерін білмейді».

Швейцариядағы Базель университетінің профессоры, тарихшы Ботагөз Қасымбекова Орталық Азия деколонизация жөнінен көш басында тұрғанын келтіреді. Постсоветтік мемлекеттерді деколонизация үрдісіне біріктірген – Украина.

Аймақта деколонизация процесі әртүрлі формада жүріп жатыр. Қазақстанда қазақ тілі мен тарихы туралы платформалар, ақпарат құралдары мен қазақ тілін оқытатын клубтар көбейді.

«Соғыс ескі жараның бетін ашты, − дейді Қырғызстандағы сарапшы, тарихтағы ақтаңдақтар тақырыбын көтеретін Esimde зерттеу платформасының жетекшісі Элмира Ногойбаева. – Егер өткенді сүзгіден өткізбесек, алға жылжи алмаймыз».

Ереванда мәдени және әлеуметтік нарративтер зертханасының жетекшісі, зерттеуші, әдеби сыншы Тигран Амирян былтыр тарихи жады мәселесін талқылайтын мектебін ашты. Мектепте мәдени империализм, тарихи конфликт, тіл советизациясы мен деколонизация бойынша семинарлар өтеді. Амирянның мектебі посткеңестік кеңістіктегі көршілермен «деколонизация жайлы диалогтар» жүргізуге талпынып жатыр.

«Біздің конфликтілер – Совет кезеңіндегі отарлаудың бөлігі. Жарақатымыз бірдей болғанымен, ортақ жадымыз жоқ», −дейді ол.

Көптеген белсенділер деколонизация алдымен жеке адамның өзінен басталуы керек деп есептейді. «Әркім жеке тұлға ретінде кім, өзін қалай анықтайды, өз орны және жадымыз қандай деген сұрақтардан бастауы керек», − дейді Ногойбаева.

ҚАЗАҚСТАН "ТЕҢІЗШЕВРОЙЛҒА" АЙЫППҰЛ САЛДЫ

Энергетикалық тақырыптарға маманданған Upstream басылымы Қазақстан АҚШ-тың Chevron компаниясы басқаратын «Теңізшевройл» компаниясына 2,8 миллиард теңге көлемінде айыппұл салғанын жазды. Атырау облысының экология департаменті мұнай өндіріліп жатқан аумақта атмосфера мен жерге тасталған зиянды қалдықтар мөлшері шамадан артық болғанын мәлімдеді. Нәтижеде Атырау облысы Жылыой ауданының соты «Теңізшевройлға» 2,8 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған.

Мақала авторы Владимир Афанасьев айыппұл салу туралы шешім Қазақстан билігі мұнай-газ өндіруші компаниялардан бюджетке көбірек түсім талап етіп жатқан кезде шыққанына назар аударады.

Chevron компаниясы Upstream басылымына жолдаған жауабында «Теңізшевройл» мен мердігерлер экологиялық кодекс талаптарына сәйкес экология департаментіне қоршаған ортаға тасталатын қалдықтар туралы ақпаратты уақытылы жібергенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, бұл қалдықтар экологиялық апаттың салдары емес, Теңізшевройлдың 2021 жылдың 4-тоқсаны мен 2022 жылдардағы қоршаған ортаға тигізген зияны мемлекеттік орган бекіткен межеден аспаған.

Қазақстан бұған дейін де операторға айыппұл салған, бірақ ол айыппұл көлемі 2-3 есе аз болған.

Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Теңізде былтыр 6 шілдеде жарылыс болып, екі жұмысшы қаза болды. Сол кезде төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.
Қазақстандағы ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Теңізде былтыр 6 шілдеде жарылыс болып, екі жұмысшы қаза болды. Сол кезде төтенше жағдай департаменті таратқан сурет.

Айыппұл «Теңізшевройл» болашақ кеңейту жобасы аясында жаңа нысандарды пайдалануға беретін кезде салынды. «Теңізшевройл» 45,2 миллиард долларға кен орнының инфрақұрылымын модернизациядан өткізіп жатыр, бұл және жаңа ұңғыманы бұрғылау 2025 жылға қарай мұнай өндіруді тәулігіне 1 миллион баррельден асыруға мүмкіндік береді.

Көктемде Қазақстан билігі елдің батысындағы ірі мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан North Caspian Operating Company N.V. және Karachaganak Petroleum Operating BV операторларын халықаралық сотқа берді. Bloomberg агенттігі сәуірдің басында Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды. Наурыздың аяғында Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеруші операторды сотқа арыз беріп, компаниядан қоршаған ортаны ластағаны үшін 5,1 млрд доллар талап етті.

Президент Тоқаев былтыр жазда Ресейдің мемлекеттік «Россия 24» арнасына берген сұхбатында Назарбаев тұсында шетел компанияларымен Қазақстан қол ойған өнімді бөлу турады келісімдерге түзету енгізу қажеттігін көтерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG