Accessibility links

Еңбек мигранттары неліктен Ұлыбританияға ағыла бастады? Араб әлемімен байланысты күшейту ОА елдерін біріктіре ала ма?


Ұлыбританиядағы фермалардың бірінде құлпынай теріп жүрген жұмысшы.
Ұлыбританиядағы фермалардың бірінде құлпынай теріп жүрген жұмысшы.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азияның еңбек мигранттары Ұлыбританияға неліктен көбірек ағыла бастағанына үңілді. Сонымен қатар Jusan bank-ке қатысы бар Ұлыбританиядағы Jusan Technologies компаниясының британдық ақпарат құралдарының үстінен түсірген шағымы бойынша Лондонда алдын ала сот отырысы өткенін жазды. Бұдан бөлек араб елдерімен байланысты күшейту Орталық Азиядағы бес елді біріктіре ала ма деген сұраққа жауап іздеді.

"ҰЛЫБРИТАНИЯҒА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН АҒЫЛҒАН ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ"

Economist басылымы Орталық Азияның еңбек мигранттары Ұлыбританияға неліктен көбірек ағыла бастағанына үңілді.

Ұлыбритания тұрғындары көктем мен күз арасында жейтін жидектің көпшілігі ел ішінде өседі, бірақ оны теретін – шетелдіктер. 2021 жылы Ұлыбритания жеміс-жидек пен көкөніс теретін жұмысшыларға 30 мың виза берсе, оның үштен екісін украиналықтар алған. Біріккен корольдік жұмысшыларға алты ай жұмыс істеуге мүмкіндік беретін маусымдық жұмыс визасын береді.

Бірақ 2022 жылдың ақпанында басталған соғыстың кесірінен украиналықтардың көпшілігі Ұлыбританияға жұмысқа орала алмады. Сөйтіп, рекрутерлер жұмысшыларды Орталық Азиядан тапты. 2021 жылы Қырғызстаннан Ұлыбританияға маусымдық жұмысқа небәрі 304 жұмысшы келсе, былтыр бұл көрсеткіш 4341 жұмысшыға жетті. Бұған қоса Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан мыңдаған жұмысшы келді. Былтыр 34 500 маусымдық жұмыс визасы шықса, оның 44 пайызы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келгендерге берілді.

Маусымдық жұмысқа шыққан әйел Ұлыбританияда құлпынай теріп жүр.
Маусымдық жұмысқа шыққан әйел Ұлыбританияда құлпынай теріп жүр.

Ұлыбритания 2020 жылдың ақпанында Еуроодақтан ресми шыққан соң, Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы жұмыс күшінің еркін қозғалысы тоқтады. Содан бері жұмыс істеудің жаңа әдістерін жақсы меңгерген жұмыс агенттіктері аймақта кеңселер ашып, байланысты күшейте түсті. Агенттіктер Орталық Азиядан жұмысқа келетіндердің саны арта түседі деп болжап отыр. Басылымның жазуынша, бұған Ұлыбритания үкіметі де мүдделі. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли наурыз айында Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Ұлыбританияның Еуропа істері жөніндегі министрі Лео Доэрти маусымда Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға келіп кетті. Сыртқы істер жөніндегі комитеттің депутаттары да аймақтағы саясатты зерттеу мақсатында төрт елге сапарлаған.

Басылым Ұлыбританияның аймаққа қызығушылығы бір жағы соғыспен байланысты дейді. Лондон мен оның Еуропадағы одақтастары Орталық Азияның Ресейден тәуелділігін азайтқысы келеді. Астанада Клеверли қазақ мұнайын Оңтүстік Кавказ бен Түркияға экспорттайтын «Орта дәліз» жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар ол кобальт, графит, ванадий тәрізді минералдар мен болат сапасын жақсартуға қолданатын металға Ұлыбритания қызығушылық танытатынын меңзеді.

Лондондағы Chatham house зерттеу институтының сарапшысы Аннет Бор Ұлыбритания доспейіл, тілеулес серіктес екенін көрсеткені жөн деп есептейді. Ұлыбритания білім беру саласындағы байланысты күшейту тәрізді жұмсақ күшті де ілгерілетіп жүр. Мұндай инвестициялар мен бастамалар ұзақ мерзімде жемісін беруі мүмкін.

АРАБ ӘЛЕМІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІН БІРІКТІРЕ АЛА МА?

Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында араб елдерімен байланысты күшейтуге талпынған Орталық Азиядағы бес ел блокқа біріге ала ма деген сұраққа жауап іздейді.

Өткен аптада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан президенттері Эр-Риядқа сапарлап, «Орталық Азия+Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» саммитіне қатысты. Бес елдің басшылары Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Оман, Бахрейн, Біріккен Араб әмірліктерінің басшыларымен кездесті. Бұл − екі аймақ басшыларының тарихтағы алғашқы саммиті.

Тәуелсіздік алғалы бері Орталық Азия елдерінің араб мемлекеттерімен сауда және инвестиция көлемі өте аз болды, ол араб әлемінің шетелдегі экономикалық қызметінің бір пайызынан да жетпейді.

Гоблдың пайымдауынша, араб мемлекеттерінің аздаған инвестициясының өзі Орталық Азияның сұранысын өтеп, Түркия, Ресей, Қытай мен Батыс күштерінің ықпалына қарсы баланс ұстауға мүмкіндік берер еді.

Орталық Азиядағы әр мемлекеттің президенті араб елдерімен сауда және инвестицияны арттыру мәселесі бойынша жеке-жеке жоспар әзірлеп, саммитте ұсынды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман. 20 шілде 2023 жыл. Ақорда таратқан сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман. 20 шілде 2023 жыл. Ақорда таратқан сурет.

Араб мемлекеттерінің басшылары оларды мұқият тыңдап, аймақ арасындағы ынтымақтастық туралы ойлануға шақырды. Дегенмен кездесу нәтижесінде жақын уақытта Орталық Азиядағы араб мемлекеттерінің экономикалық белсенділігін арттыратын бірде-бір келісім жасалмады. Гоблдың жазуынша, араб елдерінің жетекшілері сөз еткен әрі Орталық Азия тұрғындарын қызықтыратын нәрсе – ислам әлемін ілгерілету және сыртқы державаларға геоэкономикалық және геосаяси тұрғыдан қарсы тұру. Бұл ұстаным осы державалардың транзит жоспары аймақтағы бір-екі ойыншыға емес, бүкіл аймаққа пайдасы тигенін көздейді.

Ресейдегі сарапшылар Эр-Риядтағы кездесу аймақтағы Ресей немесе Қытай ықпалына кері әсер етеді дегенге күмәнданады. Ресей сыртқы істер министрлігінің жанындағы халықаралық қатынастар жөніндегі Мәскеу мемлекеттік институтының ғылыми қызметкері Александр Князев араб мемлекеттерінің бастамасы Мәскеу мен Пекиннің позициясына қауіп төндірмейді дейді. Тіпті керісінше Орталық Азия мен араб әлемінің серіктестігі Мәскеу басымдық беретін солтүстік-оңтүстік дәлізін дамытуға жол ашуы мүмкін.

Князевтің талдауынша, Эр-Рияд қалай болғанда да бұл саммиттен ұтты, себебі бұл формат пен кездесу оның аймақтағы беделін арттырды. Нәтижеде Эр-Рияд аймақтағы ықпалын күшетіп, Орталық Азиядағы геосаясатты өзгертіп, Батыстың да, Шығыстың да позициясына нұқсан келтіруі ықтимал.

Пол Гобл бұл формат аймақ елдерін араб әлеміне байламай, бес елдің блокқа бірігуіне түрткі болуы мүмкін деп жазады. Егер аймақ елдері блокқа біріге алса, бұл аймақта өз мақсатына жету үшін бір елді екінші елге қарсы қойып үйренген сыртқы державалардың өмірін қиындатады, себебі бұл күштер мұндай жағдайда ондай ойын жүргізе алмай қалады. Оның үстіне бұл аймақ елдерінің арасындағы араздық пен келіспеушіліктерді жойып, су тапшылығы тәрізді ортақ мәселелерді шешуге көмектеседі.

JUSAN TECHNOLOGIES ШАҒЫМЫ БОЙЫНША ЛОНДОНДА ӨТКЕН АЛҒАШҚЫ СОТ ОТЫРЫСЫ

Лондондағы корольдік сотта Jusan Technologies компаниясының Журналистік зерттеулер бюросы (Bureau of Investigative Journalism) мен британдық Telegraph басылымының үстінен «жала жабу» бойынша түсірген шағымы бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Бұл туралы сотқа жауапкер ретінде қатысып жатқан Журналистік зерттеулер бюросы өз сайтында хабарлады.

Ұлыбританиядағы Jusan Technologies компаниясы − Jusan bank-тің негізгі акционері First Heartland Securities АҚ-ның иесі.

Jusan Technologies биыл наурыз айында Журналистік зерттеулер бюросы, Telegraph басылымының меншік иесі – Telegraph Media Group пен OpenDemocracy басылымының үстінен Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағым түсірді.

Шағымға үш сайттың былтыр қаңтар-ақпан айларында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингі арқылы шамамен 8 миллиард доллар активтерді басқаратынын» жазған материалдары түрткі болған.

Jusan Technologies компаниясы Назарбаевқа қатысы жоқтығын мәлімдеді. Ол Журналистік зерттеулер бюросының былтыр шыққан мақалада «компания Назарбаевқа тиесілі немесе оны Назарбаев басқарады» деп жазғаны шындыққа сәйкес келмейді деп бағалаған.

Шағым бойынша алғашқы сот отырысы 27 шілде күні өткен. Ал негізгі сот процесі келесі жылы өтуі мүмкін.

Журналистік зерттеулер бюросының жазуынша, жоғарғы соттың судьясы Никлин үкіметтік емес ұйым мен Telegraph басылымын «жала жабу» шағымы бойынша өзін процесте қорғауға дайын болуды міндеттеген.

Ал OpenDemocracy үстінен түскен шағым бойынша, судья алдымен «жала жабу» заңындағы бір баптың мән-мағынасын алдын ала сатыда анықтамақ.

«Судья Никлин сондай-ақ [Jusan Technologies-ке] мақалалар кесірінен компания қанша шығын шеккені жайлы нақты мәліметті жария етуді тапсырды», − деп жазады Журналистік зерттеулер бюросы.

Биыл ақпан айында Jusan bank-ке иелік етуші Ұлыбританиядағы Jusan Technologies пен АҚШ-тағы Jysan Holding Қазақстан үкіметінің үстінен АҚШ-тағы Невада штатындағы сотқа шағым түсірді. Jusan тобы Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптаған.

Ақпанда бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты "Назарбаев қорына" тиесілі Pioneer Capital Invest компаниясы мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.

13 маусымда әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп "Jusan тобын Қазақстан юрисдикциясына қайтарғанын, тиісті құжаттарға қол қойылғанын" хабарлады. Алайда министрлік келісімшарттың құпиялығына сілтеп, Jusan тобы елге қандай жолмен, қандай келісім негізінде қайтарылғанын ашып айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG