Accessibility links

Қырғыздар президент, қазақтар депутат сайлайтын күн. Екі елдегі науқанның ерекшелігі неде?


Қазақстан мен Қырғызстан тулары.
Қазақстан мен Қырғызстан тулары.

Орталық Азияның іргелес жатқан екі елі Қазақстан мен Қырғызстан сайлауын бір күнге қойып отыр. Бірі парламент депутаттарына дауыс берсе, екіншісі президент сайламақ. Тарихы, тілі, діні, ұлты бәрі-бәрі шамалас бұл екі мемлекетте саяси жүйеге келгенде елеулі айырмашылықтар бар. Ұқсастық та жоқ емес.

Алдағы жылы Орталық Азиядағы сайлауды Қазақстан мен Қырғызстан бір күнде бастап бермек. 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс және жергілікті мәслихаттардың сайлауы, Қырғызстанда президент сайлауы мен елдегі басқару формасы бойынша референдум қатар өтпек.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ НАУҚАН

Қазақстандағы сайлауалды науқан – 10 желтоқсанда, Қырғызстандағысы 15 желтоқсанда басталды. Қазақстандағы науқан 10 күннің ішінде алабөтен оқиға немесе ерекше белсенділік байқалмастан, тыныштық сипатында өтіп жатыр. Ал Қырғызстандағы науқанның басталғанына бір апта толмастан дау-дамайдың шеті көріне бастады. Қазақстандағы мәжіліс сайлауына түсуге әуелде алты партия жолдама алғанымен, оның бірі сайлауға бойкот жариялады. Қырғызстан президенті сайлауына 18 кандидат түсіп отыр.

Қазақстанда бұл жолғы мәжіліс сайлауы конституциялық мерзімінде өткелі отыр. Әуелде бұл сайлау да ерте, сәуір айында өтуі мүмкін деген емеурін байқалған. Ал Қырғызстандағы сайлау кезектен тыс өтпек.

Қырғызстандағы парламент сайлауының нәтижесіне наразы жастар. Бішкек, 5 қазан 2020 жыл.
Қырғызстандағы парламент сайлауының нәтижесіне наразы жастар. Бішкек, 5 қазан 2020 жыл.

Қырғызстанда 2020 жылдың қазанындағы парламент сайлауынан кейінгі толқу биліктің алмасуына ұласты. Бұдан соң қазіргі алтыншы шақырылымдағы Жогорку кеңештің мерзімі созылып, президент сайлауы мен референдумның белгіленді. Мерзімі созылған парламенттің әрекеті жергілікті белсенділердің және халықаралық ұйымдардың сынына ұшырады.

Қазақстанда да, Қырғызстанда да сайлауды пандемияға байланысты кейінірек өткізу туралы ұсыныстар болған. Қазақстанда петиция ұйымдастырылып, оған қол да жинала бастаған. Дегенмен төтенше жағдай кезінде болмаса, қалған уақытта сайлаудың конституцияда көзделген мерзімде өтетіні айтылады.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ӨЗГЕРТУЛЕР

Осы сайлау алдында Қазақстан мен Қырғызстан сайлау туралы заңдарына өзгерту енгізді. Қазақстанда саяси партиялар туралы заң өзгертілді. Бейбіт жиын туралы жаңа заң қабылданды. Ал парламент комитеттері мен комиссиялары туралы заңға парламенттік оппозиция жайлы өзгерту енгізілді.

Партияны тіркеу үшін оның мүшелерінің саны бұрынғы 40 мыңнан 20 мыңға азайтылды. Заң бойынша ендігі сайлауға ұсынылатын партия кандидаттарының 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы керек.

Мұның бәрі саяси белсенділер мен құқық қорғаушылардың сынына тап болды. Олар өзгертулерді болмашы деп сипаттап, тиісті заң жобаларының пандемия кезінде талқылануын айыптаған. Бұған қоса Қазақстанда сайлау бақылаушыларына қойылатын талаптар да күшейтілді. Енді бақылаушыны жіберген ұйымның жарғысында сайлауды бақылау туралы көрсетілуі тиіс және бақылаушылар сайлау учаскелерінен тікелей эфир жүргізе алмайды. Ал сайлау кезінде фотоға және видеоға түсіру тек бейнедегі адамның рұқсатымен ғана мүмкін болады.

Қырғызстанда сайлау заңнамасына қатысты өзгертулер бойынша ел ішінде №2 форма бойынша сайлау доғарылады, бұл форма тек елден сырттағы сайлаушылар үшін ғана қолданылады. Бұған қоса кандидаттың сайлану межесі жеті пайыздан үш пайызға түсірілді. Сондай-ақ сайлау кепілдігі де 5 миллион сомнан 1 миллион сомға төмендетілді. Сайлаушы тұрғылықты жерінен тыс учаскеде дауыс беруге мүмкіндік беретін №2 форма бұл сайлауда дауыс сатып алу тәрізді даудың туындауына себеп болған.

БИЛІК ПАРТИЯСЫ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАЛАР

Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткеннен кейін алғаш өткізіліп отыр. Мұның алдын, 2020 жылдың тамызында жоғары палата – сенат сайлауы өткен. Назарбаев – Ақордадан кеткенімен, қазір қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі "Нұр-Отан" партиясының жетекшісі.

Мәжіліс сайлауының уақыты туралы ресми жарияланбай жатып, Назарбаев басқаратын партия өз ішінде праймериз өткізді. Алғаш 2016 жылы жергілікті мәслихат сайлауы үшін өткізілген бұл шараны бұл жолы партия мәжіліс сайлау үшін сыннан өткізді.

Қазақстандағы 2019 жылғы президент сайлауы кезінде комиссия дауыс беру учаскесін әзірлеп жатыр. Нұр-Сұлтан, 8 маусым 2019 жыл.
Қазақстандағы 2019 жылғы президент сайлауы кезінде комиссия дауыс беру учаскесін әзірлеп жатыр. Нұр-Сұлтан, 8 маусым 2019 жыл.

Биыл жергілікті мәслихат сайлауы тұңғыш рет партиялық тізіммен өтпек. Бұл тәуелсіз кандидаттардың – сайлауға өзін-өзі ұсынатындардың жолына кедергі болды. Бұған дейін мәслихат сайлауы мажоритарлы сайлау жүйесі бойынша өткізіліп келген және оған саяси партиялар, қоғамдық ұйымдармен бірге жеке азаматтар да өздерін ұсына алатын еді.

Назарбаевтың биыл сенат басшылығынан кеткен қызы Дариға Назарбаева осы жолы мәжіліс сайлауына праймериз емес, "партиялық квота" (партия басшысы анықтайтын кандидаттар) арқылы ұсынылды.

Мәжіліс сайлауына қатысатын бес партияның бірі "Адалдың" Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқаратын кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасымен байланысы туралы айтылады. "Адал" партиясы ұсынған кандидаттардың ішінде "Атамекен" палатасы төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары бар. Ресми түрде екі партияның атауы латынша Nur Otan және ADAL деп жазылады.

Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев – Назарбаевтардың құдасы. Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі оның қызы Аидаға үйленген.

Бұл сайлауға "Нұр Отаннан" басқа "Адал", "Ақ жол", "Ауыл" және Қазақстан халықтық партиясы қатысады. Жалпыұлтық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялады. Бұл партия оппозициядағы саясаткер, Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтың өз жақтастарын Жалыпұлттық социал-демократия партияға мүше болып, соған дауыс беруге шақыруынан кейін осындай қадамға барды. Мұны ол "Нұр Отанға" берілмек дауысты азайту тұрғысында түсіндірген. Әблязов бұдан кейін осы тәсілді "Ақ жол" партиясына қолдануға шақырғанда, бұл партия құрамына жаңа мүше қабылдауды дереу тоқтататынын хабарлады.

"БАСҚАЛАРДАН ҮСТЕМ ТОП"

Қырғызстанда 4 қазан күнгі парламент сайлауына наразылықтан кейін билікке келген премьер-министр, уақытша президент қызметін атқарған Садыр Жапаров алдағы президент сайлауындағы басты кандидат ретінде аталады.

Садыр Жапаров басқаратын топ сайлау науқанын белсенді жүргізіп отыр. Бұл науқан басталған бірнеше күннің ішінде әкімшілік ресурстар қолданылғаны, кандидаттарға қоқан-лоққы жасалғаны туралы хабарлар тарап жатыр.

Қазақстанда 29 жыл президент болған Назарбаев басшылық ететін партия мен Қырғызстанда бір ай президент қызметін уақытша атқарған Жапаровтың ықпалы басым түсіп, бірінің партиясы, екіншісінің өзі сайлауда жеңетіні жайлы жорамалға күман келтіру қиын.

Қырғызстандық сарапшы Эмилбек Жороев Садыр Жапаровтың басқалардан көбірек мүмкіндікке ие екендігін айтады.

– Қазіргі жағдай легитимді биліктің жоқтығымен сипатталады. Бірақ де-факто, Садыр Жапаров басқаратын топ басқалардан үстем тұр, – дейді ол Азаттыққа.

Қырғызстан президент сайлауының бас кандидаты саналатын Садыр Жапаров жақтастарының алдында сөз сөйлеп тұр. 14 қазан 2020 жыл.
Қырғызстан президент сайлауының бас кандидаты саналатын Садыр Жапаров жақтастарының алдында сөз сөйлеп тұр. 14 қазан 2020 жыл.

"ҚАЗАҚСТАНДА БЕЛСЕНДІ НАСИХАТ БАЙҚАЛМАЙДЫ"

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының атқарушы директоры Арсен Құдабаев қазан айында Қырғызстандағы парламент сайлауын бақылап қайтқан. Ол Қырғызстанда саяси партиялар арасында плюрализм дамығанын және жааңа партиялар қалыптасқанын айтады.

– Олар сайлау науқанын әртүрлі жаңа әдіспен жүргізді. Алайда Қырғызстандағы сайлауда дауыс ұрланды. Әр аймақта халыққа белгілі бір кландардың ықпалы бар, – деген ол сол кезде билік өкілдеріне жақын партиялардың "ықпал ету сферасын бөліске" салғанын айтады.

Құдабаевтың айтуынша, осының салдарынан Қырғызстанда кезекті төңкеріс болды. Ал Қазақстанда плюрализм мүлде жоқ. Жаңа партия жасақтау іс жүзінде мүмкін емес. Шектеулер де бұрынғыға қарағанда көп.

– Ал Әблязов мырза жақтастарын ЖСДП-ға дауыс беріп, осы партияға мүше болуға шақырып еді, бұл партия сайлаудан өзі шығып қалды. Енді ол "Ақ жол" партиясына шақыра бастап еді, шектеу енгізілді. Бұдан басқа да тәуелсіз бақылаушылар үшін енгізілген қосымша шектеулер бар. Бұл тағы да сайлаудың таза, әділ өтпейтінін көрсетеді, – дейді Арсен Құдабаев Азаттыққа.

Айтуынша, Қазақстанда 10 желтоқсанда сайлау науқаны басталғанымен, өзін белсенді түрде насихаттап жатқан партия байқалмайды. Науқан өте сылбыр өтіп жатыр. Арсен Құдабаев мұның себебін халықтың сайлауға сенбейтіндігімен байланыстырады. Ал Қырғызстанда керісінше, парламент сайлауы алдындағы науқан айтарлықтай белсенді жүргізілген.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ "ЕШКІМ КҮТПЕГЕН ЖЕДЕЛ ӨЗГЕРІС"

Қырғызстандық саяси сарапшы Эмилбек Жороев қазан айындағы парламент сайлауын алдағы президент сайлауына дайындық ретінде танығанын және оның ел болашағы үшін маңызға ие болғанын айтады. "Алайда ешкім де осындай жедел өзгеріс болып, билік ауысады деп күтпесе керек" дейді ол.

Эмилбек Жороев биліктің ауысу себебін қазан айындағы сайлаудың ырғағы бұзылғандығымен байланыстырады. Оның айтуынша, Қырғызстанда өткен 10 жылдағы парламенттік басқару тиімсіз болды, енді орталықтанған президенттік басқаруға көшейік дейтіндер баршылық. Олар мұны көрші елдердегі президенттік басқару формасына меңзеп айтатын болса керек.

– Әлбетте, Садыр Жапаровты жақтаушылар тиісінше, конституцияны өзгертуді және президенттік басқаруды қалайды. Егер президент сайлауынан кейін Қырғызстан президенттік басқаруға көшетін болса, бұл көрші елдер билігіне де жағымды болуы мүмкін, – дейді Эмилбек Жороев.

Қырғызстандық сарапшы президент сайлауынан кейін өтетін парламент сайлауының уақыты әзірге белгіленбегенін айтады.

– Бұл да легититимдік жағынан үлкен сұрақ тудыратын мәселе. Қазіргі заңдылығы күмәнді парламенттің уақыты бітті. Алда конституция өзгергендей болса, парламент құрылымы және парламенттік сайлау жүйесін айқындау бірінші кезектегі үлкен мәселе болмақ. Егер Садыр Жапаровты жақтаушылардың бір тобы мажоритарлық сайлау жүйесі туралы жиі айтып жүргенін ескерсек, қазан айында сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгертулердің кейін маңызы болмай қалуы да ғажап емес, – деп топшылайды Эмилбек Жороев.

Қазақстанда парламент сайлауы науқанында теледебаттар 30 желтоқсанға белгіленген. Ал Қырғызстандағы мұндай дебаттар екі турдан тұрады. Алғашқы тур 28, 29, 30 желтоқсанда өтсе, екінші турдағы теледебаттар 6, 7, 8 қаңтарда өткізіледі. 9 қаңтар – екі елде де сайлау алдындағы "тыныштық күні".

Бес жылғы сайланатын Қазақстан мәжілісі мүшелерінің саны – 107. Оның ішінде 98 депутат партиялық тізім бойынша пропорцианалды жүйемен сайланады. Мәжіліске бару үшін партиялар сайлаушылардың кем дегенде жеті пайыздық дауысын еңсеруі керек. Тоғыз депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.

Қырғызстанда президент алты жылға бір-ақ мерзімге сайланады. Алайда бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков қазан айындағы халық толқуынан кейін биліктен ерте кетуге мәжбүр болды. Үш жылға таяу президент болған оның тағы да үш жылдан аса мерзімі қалған еді.

Қырғызстанда кезекті төңкеріс, ал Қазақстанда плюрализм жоқ. Екі елдің бір күнге белгіленген сайлауы қалай өтпек?

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG