Accessibility links

Экс-президент Алмазбек Атамбаев қалай байығанын айтты


24 наурыз 2005 жыл.
24 наурыз 2005 жыл.

Өзін Қырғызстандағы ең бай адамдардың қатарына жатқызған елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев байлыққа қалай қол жеткізгенін айтты. Оны білетін әріптестері мен сарапшылар Атамбаевтың айтқандарына қатысты түрлі пікірде.

"Апрель" телеарнасына берген сұхбатында Алмазбек Атамбаев басында кітап бизнесімен айналысып байығанын айтты. Содан соң ол ақшасына кәсіпорындар сатып алып, Ресей мен Түркиядағы өндіріске біраз ақша салған.

Қырғызстанның бұрынғы президентінің айтуынша, 1999 жылы өзі құрған "Форум" ғылыми-өнеркәсіптік фирмасы "Құмтөр" сияқты елдегі ірі алтын кенішімен бірдей көлемде салық төлеген.

Атамбаевқа тиесілі "Форум" өнеркәсібінің ғимараты
Атамбаевқа тиесілі "Форум" өнеркәсібінің ғимараты

Азаттықтың Қырғыз қызметі "Кыргызавтомаш" зауытының қалай жекешеленіп, "Форум" өнеркәсібінің қалай құрылғанына шолу жасап көрді.

БИЗНЕСМЕН АТАМБАЕВ

Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев өзін Қырғызстандағы ең бай адамдардың қатарына жатқызады. Алғашқы табысын кітап бизнесімен айналысып жүріп тапқан.

- Қалай байығаным туралы айтсам, алғашқылардың бірі болып Қырғызстанда жеке фирма аштым. 1989 жылдан бастап, 2005 жылға дейін бірде-бір мемлекеттік қызмет атқармадым. Дәл сол жылдары (1989 - 2005) алғаш рет байлыққа қол жеткіздім, кітап басып шығарып саттым. Ол кезде кітапқа сұраныс зор болды. Содан түскен қаражатты Қырғызстандағы кәсіпорындарға салдым, олардың акцияларын сатып алдым. Бұдан соң кітап бизнесінен тапқан ақшамның бір бөлігін Ресей мен Түркиядағы компанияларға салдым. Түркияда екі кәсіпорным болды, - деді Атамбаев.

Қырғызстанның әділет министрлігінің архив материалдарына сүйенсек, 1997-1999 жылдары Алмазбек Атамбаев "Кыргызавтомаш" мемлекеттік акционерлік қоғамын басқарған. Ал 1998-1999 жылдары компания акциясының басым бөлігін сатып алып, компанияны жекешелеп алған.

Сол кәсіпорын негізінде "Форум" өнеркәсіп тобын құрған. Жекешелендіру бағдарламасы бойынша, өнеркәсіп 304 мың 140 сомға бағаланған, бірақ онда компанияның ақырында қаншаға сатылғаны көрсетілмеген.

2000 жылы сайлау алды науқанда президенттіктен үміткер Алмазбек Атамбаев өзін өндіріс маманы ретінде көрсетуге тырысты. Өзінің айтуынша, сол кезде "Құмтөрмен" бірдей көлемде салық төлеген. .

- Ақаев араласқанға дейін 2000 жылдары Қырғызстандағы кәсіпорындарым өте табысты болды. Мысалы, 1999 жылы "Форум" өнеркәсіп тобы (үш зауыт пен екі бірлескен кәсіпорыннан құралған) "Құмтөр" қанша салық төлесе, сонша салық төлеп тұрды. "Құмтөр" компаниясының төлеген салығы ол кезде мемлекеттің ЖІӨ-нің 20 пайызын құрады. Менің зауыттарым да сондай көлемде салық төледі, - деді Атамбаев "Апрель" арнасына.

Алайда дәл сол жылдары үкіметте әртүрлі басшылық қызметтер атқарған бірқатар азаматтар "Атамбаевтың кәсіпорны "Құмтөр" компаниясымен бірдей көлемде салық төледі" дегенді растамады.

ІРІ КӘСІПОРЫННЫҢ ТАРАУЫ

Бұрынғы вице премьер-министр Базарбай Мәмбетов Атамбаев "Кыргызавтомаш" зауытын жекешелеп алған соң оның талан-таражға түскенін, бағалы жабдықтардың бәрі шетелге кеткенін айтады.

Базарбай Мамбетов.
Базарбай Мамбетов.

​- Бәрін асыра айтып отыр. Алмазбек Атамбаев "Кыргызавтомашты" басқара алмады, бір бөлігін шетелдік компанияларға сатып жіберді. Ол кезде "Кыргызавтомаш" Орталық Азиядағы ауылшаруашылық техникаларын жинайтын ең үлкен әрі бірегей зауыт еді. Тоқсаныншы жылдардың басында зауытта 5 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды дұрыс жекешелендіре алмай, техникалық жабдықтарын шетелдік компанияларға сатып құртты. Сирек кездесетін станоктар шетінен сатылып, қалғандары металл сынығына өткізіліп, таланып-тоналып кетті. Зауыт ең дамыған кәсіпорынның бірі еді, - дейді Базарбаев Мамбетов.

"Кыргызавтомаш" ретінде танымал машина құрастыру зауыты 1947 жылы ашылған. 1960 жылдан бастап кәсіпорын ауылшаруашылық жүк автокөліктері мен тіркемелерді құрастыруды бастаған. Кейін кәсіпорын радиаторлар шығара бастады, автокөліктің қосалқы бөлшектерін жасады.

2005 жылы "Кыргызавтомаш" корпорациясы құрамында "Автомаш-Радиатор", "Автомаш-Экол" және "Автомаш-Энерго" сияқты компаниялар пайда болды. Кейін "Автомаш-Радиатор" мен "Кыргызавтомаш" ресейлік "Композит Групп" холдингінің бақылауына өткені туралы ақпарат тарады. 2005 жылға дейін Алмазбек Атамбаев "Кыргызавтомаш" корпорациясында директорлар кеңесінің төрағасы болды.

"КІТАП БИЗНЕСІНЕН БАЙЫҒАН АДАМ КӨРМЕДІМ"

Парламент депутаты Исхак Масалиев 2000 жылдары президент сайлауында Атамбаевтың саяси серіктесі болды. Ол Атамбаевтың өндіріс маманы әрі миллионер ретіндегі қырын былай сипаттайды.

Исхак Масалиев
Исхак Масалиев

​- "Кыргызавтомашты" меншіктеп алған соң оның бір бөлігін орыстарға сатып жіберді. Оған дейін зауыт расымен де жұмыс істеп тұрған еді. Бірақ кәсіпорын соншалықты табысты болды дегенге сенбеймін. Кезінде ол жерден радиаторлар шығарылып, Өзбекстанға сатылды. Әділін айту керек. 1999 жылы сол кездегі президент Асқар Ақаев Атамбаевты "үздік кәсіпкер" деп танып, "Даңқ" орденімен марапаттады. Бірақ "сол кездің өзінде миллионер болдым" дегеніне сене алмаймын. 2000 жылы онымен бірге президенттік сайлауға түстім. Соншалықты бай екенін байқамадым. Ол расымен де кәсіпкерлікпен айналысты, бірақ кітап сатып байығаны туралы мәлімет жоқ. Осы кезге дейін кітап сатып байыған адам көрмеппін. Ондай кәсіпкерлікпен миллион табу мүмкін емес. Әлбетте, ол кезде Атамбаев кедей болған жоқ. Бірақ миллион доллары да болмағаны анық, - деді Исхак Масалиев.

2000 жылы Алмазбек Атамбаев президент сайлауына қатысып, үміткер болды. Бірақ оппозицияға қосылған соң билік оны қудалады. Баспасөздің жазуынша, біраз уақыт Түркияға кетуіне мәжбүр болған. Аксы оқиғасынан соң елге оралды.

2005 жылы Атамбаев "қызғалдақ революциясы" жетекшілерінің бірі болды. Құрманбек Бакиев басқарып тұрған кезде экономика және өнеркәсіп министрі болды, кейін премьер-министр қызметін иеленді.

АҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ?

2005 жылы Ресейге қашып кеткен Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев төрт жыл бұрын телеарналардың біріне берген сұхбатында Алмазбек Атамбаевты "Жазушылар одағына бөлінген ақшаны алып алды", "соған кәсіпорын сатып алды" деп айыптады.

Асқар Ақаев
Асқар Ақаев

- Жазушылар одағына қаржы бөлген кезде Шыңғыс Айтматов қаражатты көмекшісі Атамбаевқа берген екен. Кейін жазушы Еуропаға елші болып кетті. Еуропадан келгенде "жазушыларға ештеңе бөлінбепті, жазушылар үйіне жөндеу жасалмапты" деді. Олар стипендия алмай, қиындық көріп жатыр екен. Шыңғыс аға менен келіп көмек сұрады. Мен оған "грант түрінде қаржы бөлдім, соны қызметкерлерге пайдалануға бермедіңіз бе" десем, "сол ақшаны қайтарып берсеңіз" дейді. Сөйтсек, түскен ақшаға жазушыларға көмектесеміз деп зауыт сатып алған екен. Сол кезде жекешелендіру жүріп жатты. Осылайша зауыттар мен фабрикалар Атамбаевқа өтті. Шыңғыс аға ақын-жазушылардың ақшасын қайтарып беруді сұраған соң Атамбаевты шақырып, қаржыны талап еттік. Ол болса оппозицияға өтіп, жауымызға айналды. "Ақаев маған қысым жасады, қуғындады" деп шықты. Оны ешкім қуғындаған жоқ. Жазушылар ол жайында жақсы біледі, - деді Асқар Ақаев.

АТАМБАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

"Апрель" телеарнасына жақында берген сұхбатында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев "Жазушылар одағына бөлінген 60 миллион сом басқа жаққа кетті, Ақаев маған жала жауып отыр" деді.

Дәлел ретінде экс-президент 1992-1994 жылдардағы Жазушылар одағы басқармасы қызметіне жасалған ревизия қорытындысы туралы қаржы инспекциясының анықтамасын көрсетті. Оның айтуынша, Жазушылар одағының сол кездегі жетекшілері қаражатты жымқырған. Оларға Ақаевтың өзі қолдау көрсеткендіктен "жабулы қазан жабулы күйінде" қалған.

Алмазбек Атамбаев
Алмазбек Атамбаев

- Асан Жакшылыков пен тағы бір марқұм болған жазушының істеп жүргендері... Қайтыс болған адамның атын атамай-ақ қояйын. Бұл құжат 1995 жылы алынған. Оны біздің өтінішімізбен "Кыргызстан маданияты" газетінде жариялады. Бұл бойынша сол кездегі Жазушылар одағы мүшелері басшылыққа арыз жаздық. Онда марқұм Тологон Касымбеков, ЖО хатшылары, сол кездегі президиум мүшесі, марқұм Жалил Садыков, қазір көзі тірі Бексултан Жакиевтардың қолы бар. Мен хатшы болатынмын, қол қойдым. Бәріміз тексеру актісін, кінәлілерді жазалауды талап еттік. Бірақ Жакшылыков пен Ақаевтың қарым-қатынасы өте жақсы екен, мәселе қозғамады. Енді Ақаев мені қаралайды, - деді Атамбаев.

Алмазбек Атамбаев кәсіпорындарының бірін сатқан соң 111 миллион сом көлемде пайда тапқанын айтады. 2002 жылы "Гульжанлар" компаниясынан түскен табысы 27 миллион долларға жетіпті. "Форум" өнеркәсіп тобы мен мейрамхана, барлары да табыс әкелген, бірақ олардан қанша ақша тапқанын айтпады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG