Accessibility links

"Міндетті түрде ереуілге тұрып, бір бөлігі қырылуы керек пе?" Маңғыстаулық кәсіподақ өкілдерімен сұхбат


"2011 жылы Жаңаөзендегі ереуілшілер талабына құлақ түрмесе, енді бізді елемей отыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:49 0:00

Отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының төрағасы Құспан Қосшығұловпен және West Oil Software компаниясы кәсіподағының жетекшісі Ақылбек Реймовпен сұхбат.

Өткен аптада Астанаға Маңғыстау облысының мұнай-газ саласындағы компаниялар кәсіподақтарының 10 өкілі келіп, құзырлы орган басшыларымен, депутаттармен кездесе алмай қайтқан. Өздерінің айтуынша, бір апта бұрын электронды үкімет арқылы өтініш бергеніне қарамастан, энергетика, экономика, әлеуметтік қорғау министрліктері, парламент депутаттары оларды қабылдамаған. Белсенділер "бұл тек Маңғыстау аймағының мәселесі емес" дейді және мұны жай еңбек дауы аясында қарастыруға келіспейді. Олар 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясы да осындай келіспеушіліктерді уақытында елемегеннен болған дейді.

Азаттық Маңғыстаудан келген Отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының төрағасы Құспан Қосшығұловпен және West Oil Software компаниясы кәсіподағының жетекшісі Ақылбек Реймовпен сұхбаттасып, олардың уәжін тыңдады. Министрліктер өкілдері, депутаттар да шақырылғанымен, олар сұхбатқа келмеді.

Астанаға келген маңғыстаулық кәсіподақ лидерлерімен ешкім кездесер емес (24 қаңтар 2024 жыл)

Маңғыстаудың кәсіподақ лидерлері Астанада жүр. Олармен ешкім кездесер емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00

"ОЛИГАРХТАРҒА ЫҢҒАЙЛЫ ЗАҢДАР"

Құспан Қосшығұлов, Отын-энергетика кешені салалық кәсіподағының төрағасы:

– Мемлекет 2015 жылы Кәсіпкерлік кодексін қабылдаған. Сол кодекс Еңбек кодексіне қайшы келеді, сондықтан кез келген жұмыс берушінің заңбұзушылықтарын, яғни Еңбек кодексінің нормаларын бұзу фактілерін реттейтін еңбек инспекциясы жұмыс істей алмай отыр. Яғни олардың (кәсіпкерлік ұйымдардың – ред.) жұмысын тексеруді Кәсіпкерлік кодекспен шектеп тастаған, соның кесірінен қазір біздің Маңғыстау өңірінде еңбек даулары өршіп тұр. Жұмыс берушілер еңбек заңдарын орындамай, заңбұзушылық болып жатыр. Жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылып келеді.

Тәуелсіз кәсіподақ лидерлері (солдан оңға қарай): Құспан Қосшығұлов, Мақсат Таспаев, Жамбыл Бекешов, Мақсат Жайлаубаев тәуелсіз кәсіподақ құрудағы кедергілер туралы айтып отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 5 тамыз, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Тәуелсіз кәсіподақ лидерлері (солдан оңға қарай): Құспан Қосшығұлов, Мақсат Таспаев, Жамбыл Бекешов, Мақсат Жайлаубаев тәуелсіз кәсіподақ құрудағы кедергілер туралы айтып отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 5 тамыз, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Мемлекеттік органдардың жұмыс берушіні тексеруін заңмен шектеп тастаған. Тексерістің екі түрі бар: біріншісі – профилактикалық, екіншісі – кезектен тыс, яғни жұмыс берушінің үстінен қандай да бір заң нормалары бұзылып жатыр деген арыз түссе тексеру жүргізіледі. Жаңағы шектеулер кезектен тыс тексеруге кедергі жасамауы керек. Қазіргі норма бойынша, еңбек инспекциясы прокурордан санкция алмай, жұмыс берушіні тексеретін болса, жұмыс беруші Кәсіпкерлік кодекске сүйене отырып, тексерушінің үстінен арыз жазады да, ол қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалатындай қылады. Сол механизмді бізге шешіп беруі керек. Өйтпесе, біздің дауымыздың шегі де, шеті де жоқ, әрі қарай туындай береді. Мұның бәрі әрі қарай әлеуметтік шиеленіске, ереуілге апарады. Заң жұмыс істеп тұрған жоқ. Жұмысшылардың еңбек құқығы бұзылғаны ештеңе емес, олардың конституциялық құқы бұзылып отыр.

Ақылбек Реймов, West Oil Software компаниясы кәсіподағының жетекшісі:

– Бір жылдан бері келіссөз комиссияларында жүрдік. Сонда еңбек инспекциясы мен жұмыс беруші екеуі бірдей сөйлейді. "Бізде ондай құзырет жоқ" дегенді айтады. Сосын жұмысшылар жағынан қойылған талапты дұрыс қарамайды.

Мұның барлығы – олигархтарға жұмыс істейтін, өз ыңғайына қарай шығарып алған заңдар. Қазір бір заң бұзу болып, арызданатын болсақ, жұмыс беруші 10-15 күннің ішінде жауап берудің орнына бір айға дейін созып жүреді. Еңбек инспекциясына арыздансақ, екі жақ бірігіп бір шешім шығарып, жауабын береді.

Жергілікті өкілетті орган, прокуратура, еңбек инспекциясы – бәрі бір мүддені қорғап тұр деп ойлаймын. Бір жарым ай ереуілдегендердің (Жетібайдағы West Oil Software жұмысшыларына – ред.) алдына барып, диалог жасайық, сөйлесейік деген ешкім болған жоқ.

5/50 БАҒДАРЛАМАСЫНА "МӘЖБҮРЛЕП ҚОЛ ҚОЙҒЫЗУ"

Еңбекақы төлеу шарттарын "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясындағы шарттармен теңестіруді сұрап ереуілге шыққандардың біразы бұрын ұлттық компанияға еншілес мекемеде жұмыс істеген. "Қазмұнайгаз" 2017-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, еншілес мекемелердің жұмысшыларымен еңбек келісім-шартын бұзған және бәріне бес жылдық жалақының елу пайызына тең өтемақы төлеген. Сол себепті бұл бағдарлама "5/50" аталып кеткен. Өтемақы алғандардың біразы басқа шарттармен мердігер компанияларға жұмысқа орналасқан. Олар еңбек шартындағы алалау осыдан басталды дейді. Еңбекақы да, әлеуметтік төлемдер де азайды, бірдей жұмыс істейтін адамдар арасында алалау пайда болғанын айтады.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұл бағдарлама шарттарын даулап, бас прокуратураға хат жазуға болады. Бірақ келісімшартқа жұмысшылардың өздері қол қойып келіскен:

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова

– 2018 жылы қол қойылған келісімшарт үлгілерін алып көрдік. Иә, біз өз құзыретімізбен Бас прокуратураға хат жолдап, "5/50" бағдарламасының заңдылығын тексер дей аламыз. Бірақ ол жерде 4500-ге жуық азамат ең кемі 8-10 миллион теңге көлемінде өтемақы, яғни 5 жылдық жалақысының 50 пайызын алған. Егер Бас прокуратура осы қаражатты қайтар десе, мұны тағы да ойлауымыз қажет. Бұған қоса, бұл келісімшартта "жұмыс берушінің мүддесін бұзатын мәселелерге бармаймыз" деген 4-пункт, және "тараптар бір-бірімізге кінә артпаймыз" деген 6-пункт бар. Бұл жерде [азаматтар] өздері қол қойып тұр, – деді депутат.

Желтоқсан-қаңтарда Жетібайда ереуілге шыққан кей жұмысшының айтуынша, оларды 2017 жылы "Қазмұнайгаздың" еншілес кәсіпорнынан өздерінің келісімінсіз сырттай жеке компанияға ауыстырып жіберген. Астанаға келген кәсіподақ өкілдері басқа да уәждер айтты.

Ақылбек Реймов:

– Маңғыстау облысында осы 5/50-ге байланысты дау неге күшейіп кетті? Осының түпкі себебін прокуратура сияқты құзыретті органдар бірігіп тексеретін болса, шындық бетіне шығады. Себебі сол кезде жұмыс беруші көп нәрсені түсіндірмей, мәжбүрлі түрде [қол қойғызған], қорқытып-үркітумен жұмысшыларды шығарып жіберген. Жұмысшылар тарапынан 5/50 бағдарламасымен келіспейміз дегендер болды.

Басшылық өкілдері келіп, "бұл 5/50 бағдарламасына кірмейтін болсаңдар, онда мына мекеме банкрот болады, ертең жабылып қалады" деп жұмысшыларды қорқытып, [ойлануға] мүмкіндік берген жоқ.

Құспан Қосшығұлов:

– Прокуратура тексеріс жүргізіп, 5/50 бағдарламасын заңсыз деп табатын болса, бірінші мәселе сол заңсыз нәрсені іске асырған адамдар жауап беруі керек қой. Солай емес пе? Бұл мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу деп есептеледі. Заңсыз деп тауып, оны қайтадан ұлттық компанияға қайтару керек деп ұйғарса, қаражатты кейін қайтару механизмін неге ойластырмасқа? Жұмысшылардан қайтара ма, әлде сол заңсыз іс-әрекетті жасаған адамдардан қайтара ма, үкіметтің қолында ғой.

ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ АЛАЛАУ

Кәсіподақ өкілдері еңбекақы төлеудегі алалау жұмыс орындарындағы кикілжің мен келіспеушіліктің басты себебі екенін айтады. Бір мекемеде бірдей жұмыс істейтін, бірақ бірі бірыңғай төлем жүйесі (ЕСОТ) негізінде, бірі жекеменшік компаниядан жалақы алатын білігі бірдей жұмысшылар екі түрлі жалақы алады, еңбек шарттары әртүрлі, барлық мәселе осындай дейді олар.

Құспан Қосшығұлов:

– Бір кен орнында бірнеше мекеме адамдары жұмыс істейді. Ұлттық компанияға қарасты мекемелер жұмысшыларының айлық жалақысы бірыңғай есептеу жүйесімен төленеді. Дәл сондай жұмыс істейтін қасындағы мердігер компания жұмысшыларының айлық жалақысы ұлттық компанияда істейтін жұмысшылардың жалақысынан 40 пайызға дейін төмен. Үкімет неге осыны бақыламайды? Неге бір кен орнында бірдей жұмыс атқаратын жұмысшылардың жалақысы әртүрлі? Мердігер компания мен ұлттық компанияда жұмыс істейтін жұмысшылардың әкеліп жатқан пайдасы бірдей. Не үшін бірдей пайда әкеліп тұрып, бірдей жалақы алмауы керек? Не үшін олар ұлттық компаниялардың жұмысшыларынан төмен тұруы керек?

ЕСКІРГЕН ТЕХНИКА

Жетібайда ереуілдеген West Oil Software жұмысшылары "Қазмұнайгаз" компаниясының құрамына алу, бірыңғай төлем жүйесімен ұлттық компаниядағыдай жалақы төлеу және техниканы жаңарту деген үш нақты талап қойған. Бұл талаптарға жауап берген "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы алғашқы екі талап орынсыз деп сынады. Мағзұм Мырзағалиев үшінші талапты орындауға уәде еткен.

– Үш жылдың ішінде 200-ден астам жаңа техника сатып алынады және "Қазмұнайгаз" жекеменшік компанияның төлеміне қаржылай көмектесуге дайын. Яғни, техника үш жылдың ішінде толық жаңартылады, – деді Мырзағалиев.

West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы Жетібай кенті, 15 желтоқсан, 2023 жыл
West Oil Software жұмысшылары ереуілде тұр. Маңғыстау облысы Жетібай кенті, 15 желтоқсан, 2023 жыл

Кәсіподақ өкілдерін ашуландыратыны – ұлттық компания басшыларының "өздігімен істелетін" нәрсені жұмысшылар талап қойғанда ғана орындаймыз деп уәде беруі.

Құспан Қосшығұлов:

– Техниканы жаңарту – белгілі бір кезеңде жасалатын нәрсе. Не себепті осы уақытқа дейін гаражды, техниканы жаңартпаған. Ол үшін де жұмысшылар дау шығаруы керек пе? Еңбек инспекциясына, "Қазмұнайгазға" жазып, татуластыру комиссиясын құрып күресіп келе жатқанымызға бір жарым жылдай болып қалды. Жұмысшыларды әбден итермелеп әкеліп, ереуілге тұрғызғаннан кейін "біз енді жаңартып жатырмыз" дейді. Осы уақытқа дейін жаңартылмаса, оған неге қарамайды?

КӘСІПОДАҚТЫ ҚУДАЛАУ

Құспан Қосшығұлов:

– Күні бойы еңбек дауымен айналысамыз, жұмысқа таңертең кіргеннен түнгі 11-де шығамыз. Себебі заң бұзушылық көп, Еңбек кодексінің нормаларын бұзып отырған мекеме көп. Заң бұзды деп кәсіподақ мүшелері келеді. Соларға көмектесіп, арызын жазып, инспекцияға бергіземін. Инспекциядан "отписка" аламыз, себебі не тексерілмеген, не заңбұзушылық жөнделмеген, не шара қолданылмаған.

Қазақстанның Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын 2017 жылы жауып тастады. Біздің Отын-энергетика кешені салалық кәсіподағы сол республикалық деңгейдегі кәсіподақтың бірден-бір құрылтайшысы болатын. Ол уақытта оның төрағасы Ерлан Балтабай болды. Оның үстінен іс қозғалғаннан кейін бұл салалық кәсіподақтың жұмысы тұрып қалатын болды да, оны тоқтатпау керек деп шештік. Сосын маған құрылтайшылардан ұсыныс түсіп, біз Шымкентте тіркелген кәсіподақты Маңғыстауға көшірдік. Кәсіподақтың заңды мекенжайын өзгертуге 5 жыл уақытымыз кетті. Әділет министрлігіне жаздық, "ана жерің дұрыс емес" дейді. Ең соңында соттасып жүріп, өзіміздікін дәлелдеп, Маңғыстауға алып келдік.

Ерлан Балтабай: Түрмемен қорқытушы еді, көріп келдім (20 наурыз 2020 жыл)

Ерлан Балтабай: Түрмемен қорқытушы еді, көріп келдім.
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Қазір жұмысымыз жүріп жатыр. Бұрын ашық қысым көрсетілді, қазір ондай ашық қысым жоқ. Бірақ филиалдарымызды, біздің құрамымыздағы жергілікті кәсіподақтарды тіркеуге, бастауыш кәсіподақтар ашуға әділет министрлігінің аймақтық департаменттерінен әлі күнге кедергі көп. Мысалы, Атырау облысынан бір филиал ашуға тырысып келе жатқаныма үш жыл болды. Былтыр тіркеуге жіберген құжатымызды 8 рет қайтарып жіберді. Биылдың өзінде екінші рет қайтарды. Бұрынғыдай ашық емес, жасырын түрде аяқтан шалу, жергілікті кәсіподақтарға жұмыс істетпеу көп. Немесе кәсіподақ ашқан адамдарды жұмыстан шығарып тастайды. Қазірдің өзінде бес жігітіміз кәсіподақ құрғаны үшін, оның төрағасы болғаны үшін негізгі жұмыстан шығып қалған.

"САЯСИ МӘСЕЛЕ"

Кәсіподақ өкілдері Астанада кездеспек болғандардың бірі – мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан. Азаттық сауалына жауап берген депутат бұл мәселені "еңбек дауы" деп атап, оған араласатындай негіз жоқ екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан

"Жұмысшылар меншік құқығына байланысты дауға араласады. Айтыңызшы, [бұл іске депутат араласуына] қандай заңды негізі бар? Ол Азаматтық кодексте бар ма, Конституцияда бар ма? Бұған депутаттар араласа алады деп ойламаймын" деді Абзал Құспан мырза.

Құспан Қосшығұлов:

– Саяси мәселе болуы үшін жұмысшылар қандай қадам жасауы керек екен, соны түсіну керек. Қандай әрекет жасағанда ол саяси мәселе болады? Мысалы, әлеуметтік қарым-қатынас саяси мәселе емес пе? Халықтың жағдайы ол ішкі саясат емес пе? Халық жағдайының төмендеп кетуі әлеуметтік мәселе емес пе? Мұнай саласында жұмыс істеп жүріп, айлық жалақысы төмен болса, бала-шағасын баға алмайтын дәрежеде болса, ол саясат емес пе?

2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы болды. Содан кейін "Өзенмұнайгаздың" құрамында болған жұмысшылардың барлығына бөлек "Бұрғылау, жөндеу басқармасы" (БЖБ) дейтін мекеме ашып берді. "Қаражанбас" кен орнынан "УТТиОС" ("Управление технологического транспорта и обслуживания скважин") дейтін ашып, техниканың бәрін жаңартып, түгел жаңа жатақхана салып берді. "БЖБ-ны" да солай жасады. Сонда қалай болды? Әуелі халықты қан-жоса қылып қырды, содан кейін барып жағдай жасап берді. Сонда депутаттардың айтқысы келіп отырғаны – халық қырылған жерде саясат болады да, мынадай мекеменің жағдайы саясат емес пе?

Техникасын, базасын жаңарту үшін жұмысшылар міндетті түрде ереуілге тұрып, олардың бір бөлігі қырылуы керек, оларға оқ атылуы керек пе? Содан кейін адамдарға жағдай жасалуы керек пе? Неге мәселені соған дейін шешпеске? Соның түп-тамырына неге депутаттар мән беріп қарамасқа? Себебі олар халық сайлаған адамдар ғой. "Қазақстан экономикасының 45 пайызы 162 адамның қолында" деген президенттің сөзі бар. Оны сіздер біліп отырсаңыздар, сол экономиканы неге халыққа кейін қайтарып алмасқа? Экономиканы олигархтардан алып, мемлекетке берсе, жалғыз мұнайшылар емес, басқа салалардың да жағдайын жақсартуға болады. Соған қарай әрекет жасау керек қой. Неге бұл тек бір ұйым, бір шағын мекеменің проблемасы болып қалуы керек?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG