41 жастағы Шасалим Шагалимов Жамбыл облысында туған. 2009 жылдан бері Қазақстан астанасында тұрады. Оған дейін бес жыл Дубайда жұмыс істеген. BTS компаниясының менеджері 2014 жылы достарымен бірге сенбілік ұйымдастырған. Содан бері экологиялық қауіпсіздік идеясын насихаттаумен айналысып, қоршаған ортаны қорғау акцияларына қатысып жүр.
“ОНДАЙДЫ АДАМШЫЛЫҚТАН БЕЗГЕНГЕ ЖАТҚЫЗАМЫН”
Экобелсенді Шасалим Шагалимовпен Қазақстан астанасынан 60 километр жердегі Аршалы ауылының маңында орналасқан Вячеславский су қоймасының жағалауында сөйлесіп тұрмыз. 1969 жылы салынған су қоймасы бүкіл Нұр-Сұлтан қаласын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Стратегиялық нысан астаналықтар арасында танымал орынға айналған. Қала тұрғындары бұл жерге балық аулап, демалуға жиі келеді.
– Не істегенін қараңыз. Неге осылай істейтіндерін түсінбеймін?!
Шагалимов жағалаудағы қалың бұтаның арасын қолымен ашты. Бұтаның түбінде жақында тасталған полиэтилен пакет пен шараптың бос бөтелкесі жатыр.
Шасалим Шагалимов: Алты жыл бұрын достарымызбен бірге осы жерге келіп, бүкіл жағалаудың қоқысқа толып жатқанын көрдік. “Мұндай әдемі жер неге сонша ластанып кеткен?” деп ойладым. Достарымыздың арасында “бұл жерді кім тазалауы керек?” деген талқылау туды.
Мен сенбілік өткізуді ұсындым. Ауыл әкімдігінен жағалау аумағын тазалауға рұқсат алуға бір ай уақыт кетті. Елу шақты адамның басын қосып, екі сағатта тоғыз тонна қоқыс жинадық. Қазір бұл жер бұрынғыдан таза. Үнемі су қоймасының айналасындағы жағдайды назарда ұстап, жылына бірнеше рет сенбілік өткізіп тұрамыз.
Азаттық: Бұл жерді жергілікті коммуналды қызмет тазаламай ма?
Шасалим Шагалимов: Тазалайды. Бірақ кішкене жиыстырып қою – басқа, ал толықтай тазарту мүлде бөлек. Әсіресе мереке күндері су қоймасына демалуға келіп-кеткен халықтың артынан үлкен тазарту жұмысын өткізу керек. Шын мәнінде, демалыстан кейін қоқысты өзіңмен бірге алып кетудің еш қиындығы жоқ қой.
Біздің өтінішімізбен, 2016 жылы су қоймасындағы жағажайдың жанына қоқыс жинауға арналған бетон жәшік орнатылды. Бұрын ол жерде темір контейнерлер болатын. Оларды металл өткізуге жиі ұрлап әкететін.
Бірде досыммен бірге жағалауда келе жатқанымызда, мұрнымызға бұзылған еттің иісі келді. Ұзақ іздеп, ақыры иістің қайдан шыққанын таптық. Бұтаның арасына екі қапқа салынған мөңке балықтың етін қалдырып кетіпті. Біреу үлкен балық аулап, қалғанын тастап кеткен. Еттің қалғанын суға тастаса, шортан, көксерке жеп қояр еді. Әйтеуір бір пайдасы болар еді. Ондайды адамшылықтан безгенге жатқызамын.
Азаттық: Бұл мәселе неге сонша шамыңызға тиеді?
Шасалим Шагалимов: Маған лас жерде өмір сүріп, демалған ұнамайды.
“КЕЙІНГІГЕ ТАБИҒАТТЫ ҚАНДАЙ КҮЙДЕ ҚАЛДЫРАМЫЗ?”
Азаттық: Қызметіңіз менеджмент саласында болғанына қарамастан, экологиялық мәселелермен айналысуға не түрткі болды? Бұл мәселеге жауапты арнаулы мемлекеттік органдар бар емес пе? Шенеуніктердің жұмысын қайталап жүрген жоқсыз ба?
Шасалим Шагалимов: Ешкімнің жұмысын қайталап, орнын баса алмаймын. Мен – қарапайым адаммын. Қатардағы азаматпын. Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастап, оны контейнерге апарып салмасаңыз, бұл жергілікті билікке қосымша жұмыс болады. Олар сіз тастаған қоқысты жинау үшін жұмысшылар мен техника жалдауы керек.
Табиғатты кейінгі ұрпаққа қандай күйде қалдыратынымызды ойлаған жөн.
Қоқыс жинауға жұмсалатын қаржы бюджеттен бөлінеді. Мысалы, болашақта бюджет қаржысы жетпегеннен бір аулаға жағдай жасалмайды немесе бір жол учаскесі жөндеусіз қалады. Бірақ бастысы, бұл табиғатты қолдан жасамағанымызды түсіну керек. Бәріміз өлеміз, ал табиғат қалады. Сондықтан осы табиғатты кейінгі ұрпаққа қандай күйде қалдыратынымызды ойлаған жөн.
Мақсатым – адамдарды тым болмаса табиғатты ластамауға үйрету. Қазір қоғамда қоршаған ортаның жай-күйіне бей-жай қарамайтындар мен табиғатқа мүлде пысқырмайтындардың арасында соғыс жүріп жатыр. Бұл жақсылық пен жамандықтың күресіне ұқсайды.
“ҚОҚЫС ТАСТАУ МЕН ПАРА БЕРУ БІРДЕЙ”
Азаттық: Facebook парақшаңыздағы жазбаларға қарағанда, сіз көбіне рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен жергілікті су айдындарына қалдық төгу мәселесімен айналысасыз. Нұр-Сұлтанда тағы қандай көкейкесті экологиялық мәселелер бар? Олардың қандай ерекшелігі барын атап өтер едіңіз?
Шасалим Шагалимов: Тек ауқымы болмаса, басқа өңірлерден ерекшелігі жоқ. Астананың ішінде және қала маңында құрылыстан шыққан қоқыс өте көп. Менің есебім бойынша, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 70 пайызы – полигонға бармайтын құрылыс қалдықтары.
Мұндай қоқысты өңдеп, қайта пайдалану үшін полигонға тегін қабылдау керек деп ойлаймын. Ал қазір бұл қоқыс жиналып жатыр. Оның кері әсері жоқ, бірақ бұл қоқыс өңдеуге келмейтін басқа қоқысқа қажет орынды алып отыр.
Автокөлік жуатын орындар, қонақ үйлер мен жеке сектор жаңбыр суына арналған кәріз жүйесіне қалдық суын төгеді. Ал арнаулы бассейнде жаңбыр суына арналған кәріз жүйесінен келген суды мұнай өнімдері, құм мен балшықтан ғана тазартады. Ал қалдық судың құрамында органикалық және суда болмауы тиіс өзге де химиялық заттар бар.
Осыдан кейін бұл су Есіл немесе Ақбұлақ өзендеріне құйылады. Бұл жағажайлары бар, жұрт шомылатын өзендер. Қалдық суға арналған, қолдан жасалған ондаған мың шұңқырдың көбі санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Олардың түбі бетонмен қапталмаған, бұдан да экология зор зардап шегеді.
Қазақстандықтар жылына 5 млн тоннадан астам қоқыс шығарады
Елдегі 3,3 мың қоқыс полигонында 125 млн тоннадан астам күл-қоқыс жиналған (2020 жылдың шілде айындағы дерек).
Шілденің соңында Қазақстанның барлық өңірінен 7,5 мыңнан астам заңсыз күлтөкпе анықталған.
Өйткені астанадағы топырақ қабатындағы су екі-үш метр ғана тереңдікте жатыр, сондықтан төгілген қалдық бірден жерасты суына барып қосылады. Ал ол лас суды біз ішіп, соған жуынамыз.
Жоғарыда аталған экологиялық мәселелердің маған қатысы жоқ деп ойласаңыз, қалада қанша қоқыс тастайтын орын барын қараңыз. Олардың айналасында шашылып жатқан қоқысты байқадыңыз ба? Мұның бәрі инфекцияның таралуына тікелей әсер етеді ғой! Сондықтан бұл мәселені шешу жолын табу керек.
Азаттық: Сіз жүргізген мониторингтің практикалық пайдасы туралы айтып беріңізші. Заңсыз қоқыс үйіндісін көрсеңіз, ары қарай не істейсіз?
Шасалим Шагалимов: Бұл жүйелі түрде қайталанатын құқықбұзушылық екенін көрсем, экологиялық полицияға, осы жер учаскесі қарайтын әкімдікке хабар беріп, әлеуметтік желіге жазамын. Кеше ғана “Лесная поляна” (Нұр-Сұлтан маңындағы тұрғын-үй кешені) жақтан екі заңсыз қоқыс үйіндісін тауып, әлеуметтік желіге жарияладым. Бір күннен кейін экологиялық полиция өкілдері хабарласты.
Мәселенің жай-жапсарын білуге барып, бұл жердің Ақмола облысына қарайтынын білдік. Бірақ аумақты олай бөлуге болмайды. Бүкіл қаланың қоқысы шығарылып жатыр ғой! Ресми себепті сылтау қылып, жауапкершілікті басқаларға ысыру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені қала тұрғындарының “арқасында” бүкіл облыс аумағы ластанып жатыр.
Одан бөлек, досым екеуміз Zhasyl Qalqan мобильді қосымшасы мен сайтын жасадық. Бұл тұрғындарға экологиялық заңнаманы бұзу фактілеріне реакция білдіруге көмектеседі. Мысалы, өзара ұйымдасып, сенбілік өткізуге болады. Қоқыс үйіндісін көрсеңіз, мобильді қосымшаға жазып, сенбілік өткізуге шақырасыз. Телефон номеріңіз бен өтетін шара туралы ақпарат қалдырасыз. Ал қауымдастық мүшелері бастамаңызға қолдау көрсетеді.
Азаттық: Ал экологиялық полиция әлі де бар ма?
Шасалим Шагалимов: Ол болған, қазір де бар. Бірақ бүкіл қалада небәрі он екі адам ғана жұмыс істейді.
Азаттық: Қоршаған ортаны қорғауда қандай мәселеге жиі кезігесіз?
Шасалим Шагалимов: Біз өзіміз жасаған мобильді қосымшаны iKomek-пен (Нұр-Сұлтан әкімдігінің қала тұрғындарынан шағымдар мен ұсыныстар қабылдайтын iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы) байланыстырып, құқықбұзушылық анықталған жағдайда, ақпаратты автоматты түрде осы жүйеге жіберіп отырғымыз келген. Бірақ неге екені белгісіз, әріптестік орната алмадық. Мүмкін, сіз айтып отырған кедергілер осындай болатын шығар. Мен тек жорамал ғана жасай аламын. Өкінішке қарай, мәселенің астарын білмеймін.
Азаттық: Сіз бір жыл бұрын “Астана – адалдық алаңы” жобасы аясында қоғам өкілдерін экология саласындағы жемқорлыққа қарсы күреске қосылуға шақырдыңыз. Сізді қолдағандар көп болды ма?
Рұқсат етілмеген жерге қалдық су төгудің өзі жемқорлықтың пайда болуына жағдай жасайды.
Шасалим Шагалимов: Маған күн сайын экологияға қатысты құқықбұзушылық туралы хаттар келеді. Бұл саладағы ғана емес, жалпы жемқорлықты жою керек деп есептеймін. Пара бермесең, жемқорлық болмайды. Жемқорлықтың пайда болуына өзіміз ықпал етеміз. Рұқсат етілмеген жерге қалдық су төгудің өзі жемқорлықтың пайда болуына жағдай жасайды. Өйткені ассенизатор жүргізушісі учаскелік қызметкермен “тіл табысуы” мүмкін. Қоқыс үйінділеріне байланысты да осы жағдай кездеседі. Біреу бір қоқыс тастағаныңды көрсе, “Неге ол тастайды да, маған тастауға болмайды?” деп ойлайды, сөйтіп сенің ісіңді қайталайды. Біз қоршаған ортаны ластап, жемқорлықтың тамыр жаюына жағдай жасап отырмыз. Шынымды айтсам, мен үшін пара беру мен қоқыс тастаудың арасында ешқандай айырмашылық жоқ.
“ҚАНДАЙ АДАМ ЕКЕНІМІЗДІ ЕЛДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ҚАРАП АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ”
Азаттық: Бурабайдағы қоқыс үйіндісі, Ақмола облысындағы қызғылт түсті Көбейтұз көлінен балшық пен тұз алып кету, Алматыдағы Первомай тоғанынан лотос гүлін жинау, жүздеген киік ататын браконьерлердің жабайылығы. Қазақстандықтардың табиғатқа осылай қарауына не себеп?
Шасалим Шагалимов: Бұл бірінші жыл болып отырған жағдай емес. Қазір интернетке қол жеткендіктен мұндай жағдайлар жайлы жиі естіп, реакция білдіруге тырысамыз. Қазақстандағы экологиялық жағдайға қарап, қандай адам екенімізді көруге болады. “Мен неге осындаймын? Түзелу үшін не істеуім керек?” деген сұраққа әркім өзі жауап беруі қажет. Өзім бұл сұрақтарға жауап бердім және қолымнан келгенді істеп жүрмін.
Азаттық: Қазақстан қоғамында “ел аумағы үлкен, ал халық саны аз болуына байланысты азаматтар әлі біраз уақытқа дейін экологиялық мәселелермен бетпе-бет келмейді” деген түсінік бар сияқты. Бұл туралы не ойлайсыз?
Шасалим Шагалимов: Бұлай ойлау ақымақтық деп есептеймін. Қазақстанның аумағы екі миллион шаршы километрді құрайды. Статистикаға сай, былтыр елде тоғыз миллиардтан астам темекі өндірілген. Олардың қаншасы қоқысқа кетті деп ойлайсыз? Көп деп ойламаймын.
Бүкіл жеріміз темекі тұқылына көміліп жатыр. Жерге тасталған темекі тұқылы ел аумағын түгелдей жауып, бірнеше қабат көмкеріп шығуға да жетеді. Кез келген жерге тоқтап, аяғыңыздың астына қарасаңыз, қаншама темекі тұқылын көресіз.
Бұрын экологияда мұндай мәселелер болмайтын. Өйткені ол кезде пластик ыдыс, полиэтилен пакет деген жоқ еді. Адамдар ұзаққа жарайтын заттар қолданатын.
Ана жерге қалдық су төгіп, қоқыс тастап, мына жерге демалуға келіп, табиғатты ластап кетті.
Қазақстан үлкен болғанына қарамастан, бүкіл әлемдегі экологиялық мәселелер бір-бірімен байланысты екенін түсіне алмай келеміз. Бәріміз бір күні өлеміз. Біреу жиырма-отыз жылдан кейін, ал біреу ертең коронавирустан көз жұмуы мүмкін. Артымызда балаларымыз бен немерелеріміз қалады. Оларға не қалдырамыз? Мәселе – осында!
Азаттық: Сіз – экологиялық құқықбұзушылықтар үшін берілетін жазаны қатаңдатуды қолдаушылардың бірісіз. Нақты қандай ұсынысыңыз бар? Мысалы, адам заңсыз ағаш кесіп, табиғат аясына қоқыс тастаса немесе рұқсат етілмеген жерге қалдық төксе, бұл үшін қандай жазаға тартылуы керек?
Шасалим Шагалимов: Қазір экологияға шығын келтірген азаматтарға әкімшілік және қылмыстық кодекс бойынша айыппұл салу, құқықбұзушылық салдарынан адамның денсаулығына зиян келіп, өлімге әкеп соқса, бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. (Қазақстан қылмыстық кодексінің арнаулы бөлімінде “Экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтар” деп аталатын 13 бөлім бар.)
Бірақ бізде айыппұл салуға үйреніп алған. “Осындай бап бар, қане 80 мың теңге айыппұл салайық, болды” дейді. Бірақ бұл құқықбұзушылық жасаған адамға сабақ болмайды. Мен тым болмаса әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынамын.
Бір азамат рұқсат етілмеген жерге жүк көлігіне тиелген қоқыс төксе, оған айыппұл салумен ғана шектелмей, өзі төккен қоқысты жинап, полигонға апаруға міндеттеп, айыппұл төлетіп, қоғамдық жұмысқа салу керек. Сол кезде ғана түсінеді.
Заңсыз ағаш кескен адамды ағаш отырғызуға міндеттеуді ұсынамын. Жай ғана отырғызып қоймай, бірнеше жыл бойы бұл ағаштардың көгеріп, өсуін қадағалауы керек. Қолымда болса, елде кез келген ағашты кесуге мораторий жариялар едім. Қазақстанда онсыз да орман аз. Әсіресе, газ тартылмаған өңірлерде орман белдеуі мен тоғайдағы ағаш кесіліп жатыр.
Азаттық: Халықты экологиялық мәдениетке үйретуді кім және қалай жүргізуі керек?
Шасалим Шагалимов: Балабақша, мектеп, колледж бен университеттерде экологиялық сауат ашу сабақтарын өткізу керек. Бұл дәнді бүгін ексек, болашақта экологиялық мәдениеті жоғары, сауатты ұрпақ тәрбиелеп өсіреміз. Балалар ата-анасын қоқыс тастамауға үйрететін болады. Әзірге мұны көріп отырған жоқпын.
Бірақ әлеуметтік желілердің арқасында қазір жергілікті билік пен президенттің ушыққан экологиялық мәселелерге назар аудара бастағаны байқалады. Алға ілгерілеу бар, осыған қуанамын. Дегенмен мемлекеттік органдар барлық қызметін дұрыс атқарып отырған жоқ. Биліктің ресурсы барлық кезде бірдей жете бермейді. Бақылау жеткілікті болса, қоқыс үйіндісіне қатысты мәселе де тумас еді.
Жүйелі мәселелерді шешу үшін табиғатты пайдалану басқармасы, санитарлық қызмет, экологиялық полиция мен әкімдіктер өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Басқа қырынан алғанда, бүкіл кінәні үкімет пен билікке арта берген де дұрыс емес.
Ел азаматтары ретінде біз де жағдайдың жақсы жаққа өзгеруі үшін бірнәрсе істеуіміз керек. Мысалы, демалыстан кейін өзіңізбен бірге қоқыс алып кету арқылы ел тазалығына кішкене болсын үлес қосасыз.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР