Accessibility links

"Бюджеттің түбі тесілетін болды". Қазақстандықтардың зейнетақы жинағын инфляция жалмап жатыр


2022 жылдың жеті айында мемлекеттік зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы қаржысынан 7,8 млрд теңгені сыйақы ретінде алған.
2022 жылдың жеті айында мемлекеттік зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы қаржысынан 7,8 млрд теңгені сыйақы ретінде алған.

Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жинақ ақшасын инфляция "жұтып" жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражат тоғыз айда 5,3 пайызға өскен, ал ресми дерек бойынша, осы кезеңдегі инфляция мөлшері – 15,4 пайыз. Инфляция көрсеткішінің есептелуі де – даулы мәселе. Сарапшылар үкімет манипуляция жасап, деректерді бұрмалап көрсетуі мүмкін деп санайды.

Қазақстанда мемлекет зейнетақы қорын инфляция деңгейінде ұстап тұруға кепілдік береді. Яғни, теория жүзінде салымшылар қаржысы сатып алу қабілетінен айырылмауы керек. Бірақ бәрі біз ойлағандай оңай емес.

– БЖЗҚ міндеттемесін орындамаса, мемлекет жетпеген қаржыны бюджеттен қайтарады. Оған көп қаржы кетеді, бюджеттің бұған қалай төтеп беретіні түсініксіз. Тағы да Ұлттық қордан ақша алатын шығар. Жақында ғана мемлекет жыл бойы депозиттегі ақшасын ұлттық валютада сақтаған азаматтарға 350 миллиард теңге өтемақы аударғанын ескерсек, жағдай қиын. Бюджеттің түбі тесіліп қалмаса болар еді, – дейді экономист Елдар Шамсутдинов.

Елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Қазақстан – әлемдегі зейнетақы қорындағы ақшаның сақталуына кепілдік беретін жалғыз мемлекет" дейді. Мемлекет зейнетке шыққан әр адамға инфляция әсерінен кеміген ақшасын қоса төлеуге міндетті. Бұл есеп арнайы формула бойынша жүргізіледі.

Бірақ мәселе инфляцияның қалай есептелетінінде болып отыр. Мысалы, 2013 жылы бұл жүйе енгізілген кезде экономист Петр Своик Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істеген 14 жылда жалпы инфляция мөлшері – 218%, ал табыс көлемі – 341% болды, бұл қордағы ақшаға келген шығыннан 1,5 есе көп" деген мәлімдемесіне күмәнмен қарап, шын мәнінде аталған мерзімде жинақталған инфляция мөлшері мың пайызға жуықтайтынын айтқан.

Экономист Елдар Шамсутдинов да инфляция көрсеткіштері "қолдан жасалған" болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мысалы, 2018 жылы ресми инфляция 5,3 пайыз деп айтылған, ал шын мәнінде бұл көрсеткіш кемі 10 пайыз болған. Мемлекет инфляция көрсеткішін өзі қалаған мөлшерге өзгерте алады.

Егер алма 10 пайызға, алмұрт 4 пайызға қымбаттаса, өзара алмастыратын өнім ретінде алмұртты есептейді.

– Бұл – нені бағалағаныңызға қарай өзгеріп отыратын манипуляция құралы. Бізде 518 тауар мен қызмет түрі бар. Айталық, бірнеше ай бұрын жалға алатын пәтер бағасы шарықтап кетті. Пәтерақысы себеттегі ең маңызды бөлікті (2,5 пайыз) құрайды. Олар кей тауарды өзара алмастырып отырады. Мысалы, алма мен алмұртты алайық. Алма 10 пайызға, алмұрт 4 пайызға қымбаттаса, өзара алмастыратын өнім ретінде алмұртты есептейді. Үкіметтің осындайы бар, – дейді Елдар Шамсутдинов.

"БҰЛ – ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ЕМЕС, ЖҮЙЕНІҢ МӘСЕЛЕСІ"

Екінші мәселе – Қазақстан үкіметі зейнетақы қорындағы ақшаны бюджет тапшылығын жабуға пайдаланады. Мемлекет инфляция шығындарының орнын толтыру үшін салымшыларға да осы ақшадан төлейді. Яғни, мемлекет бюджеттен төлеп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде өз ақшаңызды өзіңізге қайтарып отыр. Тек бұл үшін шынайы инфляцияны ескермейді.

Дүниежүзілік банк 2019 жылы үкіметтің экономикалық мәселелерді шешуге зейнетақы қорынан ақша алып жатқанына назар аударған. COVID-19 пандемиясынан кейін көп мемлекет азаматтардың зейнетақы қорын пайдаланған. Дүниежүзілік банк зейнетақы қорын бюджет тапшылығын жабуға тұрақты пайдаланатын елдерге қарағанда, бұл ақшаны төтенше жағдайлар кезінде ғана алатын мемлекеттер халықтың әл-ауқатына көп залал келтірмейді деп мәлімдеген.

Сарапшылар мен кей депутаттар "тіпті салымшылардың инвестиция портфелін басқарушылар қатарына да кірмейтін" БЖЗҚ-ны бұл схемадан алып тастау керек деп есептейді.

Қазір БЖЗҚ түсініксіз құрылымға айналды, ештеңені басқармайды, бүкіл портфель Ұлттық банк бақылауында, қалған бөлігі жекеменшік компанияларға берілген.

– БЖЗҚ әлі күнге қаржының 40 пайызын мемлекеттік құнды қағаздарға құяды. Осылай зейнетақы қоры есебінен жасырын бюджет тапшылығын қаржыландырып отырмыз. Мемлекеттік құнды қағаздардың табысы жақсы, бірақ бұл операцияның қандай мәні бар? Ақшаны мемлекеттің бір қалтасынан алып, екіншісіне салып, өсім көрсетуге тырысады. Ұлттық банк инфляцияға қарсы күрес бағдарламасы аясында базалық мөлшерлемені көтереді. Бұл ақша құнына әсер етеді. Мемлекет қарызды бұрынғыдан қымбатқа алады. Соның нәтижесінде салық төлеушілер мемлекет қарызына көбірек ақша жұмсайды. Ал табысымыз құнсызданып бара жатыр. Сондықтан БЖЗҚ мәселесі – инвестицияның емес, жүйенің мәселесі. Қазір зейнетақы қоры түсініксіз бір құрылымға айналып кетті. Ол ештеңені басқармайды, бүкіл портфель Ұлттық банк бақылауында, қалған бөлігі жекеменшік компанияларға берілген. БЖЗҚ коммуникациялық қызмет ғана атқарады, – дейді Елдар Шамсутдинов.

САЛЫМШЫЛАР АҚШАДАН АЙРЫЛАДЫ, АЛ БАСҚАРУШЫЛАРДЫҢ ТҮГІ ДЕ КЕТПЕЙДІ

БЖЗҚ әкімшілік шығынды азайтып жатқанын айтып, жиі есеп беріп тұрады. 2020 жылы инвестиция портфелін басқа ұйымдар басқаратынына қарамастан (портфель Ұлттық банк пен бірнеше басқарушы компанияның қолында), қордың әкімшілік шығыны жоғары болып шыққан.

2022 жылдың жеті айында зейнетақы қоры 7,8 миллиард теңге, ал 2020 жылдың сондай кезеңінде 22,3 миллиард теңге сыйақы алған. Инвестиция портфелін басқарушылардың сыйақысы да 3,3 миллиардтан 10 миллион теңгеге дейін азайған. Осылай табыс көлемі 16,5 миллиардтан 7,1 миллиард теңгеге дейін қысқарған. БЖЗҚ 7 миллиард теңгені қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаржысынан алған.

Бірқатар сарапшылар мен депутаттар әкімшілік шығындар мен сыйақы көлемін азайту шаралары жеткіліксіз деп есептейді. Депутат Аманжан Жамалов БЖЗҚ қорын "ашықтық принциптерін сақтамайтын жабық ұйым" деп сипаттаған. Оның пікірінше, зейнетақы қорындағы "ат төбеліндей қаржыгерлер халықтың қаржысын өз қалтасындағы ақша сияқты жұмсайды".

Депутат сауалында "БЖЗҚ-да тиімді инвестиция стратегиясы жоқ деуге болады. Қор активтерінің 44% қаржы министрлігінің облигацияларына салынған. БЖЗҚ негізгі табысын бюджет есебінен тауып отыр. Қор бюджеттің мойнына отырып алған, өйткені басқа құралдардың көмегімен мүлде табыс таппайды" деп жазған.

БЖЗҚ табыстың төмен болуын "геосаяси жағдайға байланысты" деп түсіндіреді.

"…Әлемдік қаржы, тауар нарықтары құбылып тұр. Бұл инфляцияның артуына, зейнетақы активтерінің табысына әсер етті. Активтерден түсетін табыс көлемі қаржы құралдарын нарықтық және валюталық тұрғыдан асыра бағалауға байланысты өзгеріп отырады. Бұл көрсеткіштер жыл басынан бері әртүрлі кезеңде оң және теріс нәтиже көрсетті" деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

САЛЫМШЫЛАР АҚШАСЫН БАСҚАРАТЫНДАР АРАСЫНДА "НАЗАРБАЕВ" ҚОРЫ ДА БАР

БЖЗҚ басқаратын зейнетақы активтері портфелінің 44 пайызы – мемлекеттік құнды қағаздар, 12,2 пайызы – қазақстандық квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары (көбіне "Бәйтерек" холдингі мен Халық банкінің), 7,8 пайызы дамыған елдердің (көбіне АҚШ үкіметінің) мемлекеттік құнды қағаздары.

Тоғыз айда шетелдік ұйымдардың корпоративтік облигацияларының өсім көрсеткіші 62 пайыз болды. Бірақ шетелдік корпоративтік облигациялар зейнетақы портфелінің 0,05 пайызына ғана тең, сондықтан бұл табыс жалпы жағдайға әсер ете қоймайды. Қазақстан үкіметінің мемлекеттік құнды қағаздары 22 пайызға өскен. Бірақ сарапшылар мұны тиімді инвестиция саясатының көрінісі деп бағаламайды.

Шет мемлекеттердің құнды қағаздары – 83,5 пайызға, инвестициялық шоттардағы қаржы – 98,7 пайызға, Ұлттық банк депозиттері (портфельдегі үлесі – 0,22 пайыз немесе 31,2 миллиард теңге) 75,4 пайызға кеміген.

Ұлттық банктен бөлек, салымшылар қаржысын төрт компания басқарады. Олардың арасында "Halyk Global Markets" АҚ, "Jusan Invest" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "Сентрас Секьюритиз" АҚ компаниялары бар. Әр компания комиссиялық сыйақы алады. Ең жоғары пайыз –Сентрас Секьюритиз (7,5) компаниясына, ал ең төменгі пайыз Halyk Global Markets (3,5) тиесілі. Бұл компаниялар БЖЗҚ салымдарының 0,06 пайызына немесе 9,13 млрд теңгеге иелік етеді.

Halyk Global Markets – Халық банктің басқаруындағы компания. BCC Invest ЦентрКредит банкіне қарайды. "Сентрас Секьюритиз" АҚ бас акционері – Forte Bank директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Әбдіразақ пен оның туысы басқаратын "Сентрас Инвест" ЖШС. Jusan Invest "First Heartland Jusan Invest" АҚ компаниясының құрамына кіреді.

Аудиторлық есеп бойынша, First Heartland Jusan Invest бақылаушы тарабы –АҚШ-та тіркелген NU Generation Foundation Inc компаниясы. Бұл – "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев интеллектуалды мектебінің" қызметін қаржыландыру үшін құрылған үкіметтік емес ұйым.

Бұрын бұл компания Telegraph газетінің және TBIJ журналистік зерттеулер бюросының Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнес-империясы туралы материалдарында аталған.

Журналистер NU Generation Foundation президенті бұрынғы білім министрі Аслан Сәрінжіпов екеніне назар аударған. Ол 2022 маусымда қызметінен босағанға дейін First Heartland Securities директорлар кеңесінің мүшесі болған. Оның орнына Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу келген. Шигео Катсу Назарбаев университетінің ректоры болмай тұрып Дүниежүзілік банктің вице-президенті қызметін атқарған.

ҰЛТТЫҚ БАНК БОЛЖАМЫ ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ "ТАПСЫРМАСЫ"

Мәжіліс депутатының сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов бұл көрсеткіштерді қалай түсінуге болатынын айтты. Ол "қысқа мерзім ішіндегі емес, кейінгі бес жылдағы табысқа қарау керек" деді. Пірматовтың айтуынша, кейінгі бес жылда табыс көлемі 56,8 пайыз, ал инфляция – 51,4 пайыз болған.

Пірматов қор өз акциялары бойынша дивиденд төлемейтінін, қызметкерлерге, ғимарат жалдауға, пошта және салымшыларға хабар жіберу қызметіне кететін шығындар азайғанын мәлімдеді. БЖЗҚ осы шаралардың арқасында 659 млн теңге үнемдеген.

Ұлттық банк пен БЖЗҚ ақша үнемдеу үшін қандай шара жүргізсе де, инфляцияны қуып жету жылдан-жылға қиындап барады. Қыркүйектің қорытындысы туралы ресми дерек бойынша, жылдық инфляция 17,7 пайызға жеткен. Инфляцияның артуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдіріп, үкіметке әдеттегідей бұл мәселені зерттеп, шешуді тапсырған.

"Бұл мәселе жеке бақылауымда болады" деген президент.

Ұлттық банк қыркүйектегі қымбатшылықты ескеріп, 2022 жылдың аяғына қарай инфляция тамыздағы болжамнан асып түседі деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG