Accessibility links

Пол Стронски: "Астанадағы өрт елдегі әлеуметтік мәселені қозғады"


Бес баланы мерт қылған өрт шыққан үйдің орны. Астана, 4 ақпан 2019 жыл.
Бес баланы мерт қылған өрт шыққан үйдің орны. Астана, 4 ақпан 2019 жыл.

Батыс басылымдары осы аптада бес бала қаза тапқан Астанадағы өрт туралы, "сергелдеңге түскен" Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың белгісіз жағдайы жайлы жазды.

"АШУЛЫ ХАЛЫҚПЕН САЙЛАУ ӨТКІЗЕТІН УАҚЫТ ЕМЕС"

Ағылшын тілді Eurasianet.org тілшісі әрі Карнеги орталығының сарапшы Пол Стронски ақпанның 4-і күні болған Астанадағы өртке қатысты пікірін жариялады.

"Бұл отбасы Қазақстан үкіметінің ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан көп балалы әйелдерге қолдау көрсету саясатының шапағатын көрмегендей. Биліктің көп балалы отбасыларға қолдау көрсету туралы уәдесін орындамауы тұрғындардың наразылығын тудырды" деп жазады Пол Стронски.

Автор жаңа жыл кезінде Қарағандыдағы кісі өліміне әкелген төбелес, олимпиада жүлдегері Денис Теннің өлімі және Астанадағы топан су басқан оқиғаларда да халық тарапынан наразылық болғанын айтқан.

"Астанадағы өрт елдегі бірқатар әлеуметтік мәселелерді қозғады. Сондай-ақ бұл билік пен халық арасының тым алшақтап кеткенін білдіреді. Бес баласынан айырылған отбасы - Астанадағы төменгі тап өкілдері" деп жазды ол.

Астанада өртенген үй. 4 ақпан 2019 жыл.
Астанада өртенген үй. 4 ақпан 2019 жыл.

Сарапшы "Қазақстан Орталық Азияда жетістікке жеткен ел" дейді.

"Көмірсутегі қорының және халықаралық энергетикалық компанияларға ашықтықтың арқасында Қазақстан 20 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде постсоветтік экономикалық хаостан табысы ортадан жоғары елге айналды. Ол тіпті бір мезетте Қытай, Ресей және АҚШ-пен жақсы қарым-қатынасты сақтап отыр. Бұл – үлкен ерлік. Бірақ елдің мұнайдан түскен байлығы тең бөлінбейді, сондықтан билік экономиканы әртараптандыруға, саясатты либералдандыруға мүдделі емес. Қазақстанның қоры маңыздылығы күмәнді үлкен жобаларға, жарқыраған архитектураға, ЕХРО көрмесін өткізуге және Олимпиадаға кандидатура ұсынуға кетіп жатыр. Бұл жобалар арқылы билік Қазақстанның әлемдегі беделін арттырғысы келеді. Алайда қарапайым халық ел беделінің өскенінен пайда көріп отырған жоқ” деп жазады тілші.

Өрттен екі күн өткен соң президент Нұрсұлтан Назарбаев “мерзімінен бұрын президент сайлау өтеді деген әңгімеге нүкте қойды” деп жазады Стронски.

“Қазір мұндай ашулы халықпен сайлау өткізетін уақыт емес. Астанадағы өрттен кейін қазақстандықтардың ашулы дауысы қатты шыға бастады. Олар үкімет өз міндеттерін орындаса дейді, бірақ оларды естіп жатқан біреу бар ма, ол жағы белгісіз” деп жазады Пол Стронски.

"САЙРАГҮЛ ӘЛІ ДЕ ЕРКІН ЕМЕС"

Американың Foreign Policy журналында Қытайдан Қазақстанға қашқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың жағдайы сөз болады. "Сайрагүл – Шыңжаңдағы саяси үйрену лагерьлеріне алғаш назар аудартқандардың бірі” дейді басылым.

Foreign Policy журналына берген сұхбатында 42 жастағы Сайрагүл Сауытбай "өзін қайтадан Қытайға жіберуі мүмкін деп қорқатынын және тамыз айында шыққан сот шешіміне қарамастан, оның мәртебесі әлі де түсініксіз екенін" айтқан.

"Аузын жабуды көздеп ұйымдастырылған кедергілерге тап болған, құқықтық өкілі жоқ, үкімет босқын мәртебесін сұраған өтінішін бірнеше мәрте кері қайтарған Сайрагүл Қазақстан Қытайға қайтара ма деп қорқады. Ал оның күйеуі мен екі баласы – Қазақстан азаматтары" деп жазады FP.

Журналдың жазуынша, Сауытбай әрі қарай не істейтінін білмейді. Ол Қазақстандағы мәртебесін ресми бекіту жолдарын іздей бермек.

"Пекин Сауытбайды сөйлетпеуге күш салып жатыр. Қазақстандағы сот процесі кезінде Сайрагүл Шыңжаңдағы туыстарының тұтқынға алынғанын және олардың саяси тәрбиелеу орталықтарына қамауы мүмкін екенін айтқан. Кейін туысқандары босатылғаны туралы хабар алған. Сайрагүлдің айтуынша, соттан кейін оның үйіне қазақ тілінде сөйлейтін ер кісілер келген. Олар Қытай туралы үндемеуі керектігін, егер қайта пікір айта бастаса, өзі мен отбасы қиын жағдайға тап болатынын айтқан. Оның ісі Қазақстан үкіметін тығырыққа тіреді. Қазақстан әлі де Қытай инвестициясына тәуелді. Ал Сауытбай – Қазақстанмен отбасылық байланысы бар, Шыңжаңда қудалауға ұшыраған мыңдаған этникалық қазақтың бірі” деп жазаады Foreign Policy.

Сауытбай журнал тілшісіне жаздағы сот ісінен бері Қазақстан билігінің тарапынан қысым аз болғанын айтқан. Ол “ақ пейілі мен елде қалуға мүмкіндік бергені үшін” президент Нұрсұлтан Назарбаевты “жан-тәнімен мақтаған”.

Сайрагүл Сауытбай мерзімі ұзартылған "пана іздеуші тұлға" куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.
Сайрагүл Сауытбай мерзімі ұзартылған "пана іздеуші тұлға" куәлігін көрсетіп тұр. Алматы, 28 қаңтар 2019 жыл.

FP тілшілері Сауытбайдың күйеуі Уәли Исламмен де сұхбаттасқан. Оның айтуынша, "Қазақстан билігі оларды қоғам назарынан тыс болуға ынталандырып" жатыр, бірақ олар тарапынан қорқыту болмаған.

Осы күнге дейін Қазақстан билігі Сауытбайдың босқын мәртебесін беру өтінішін екі рет кері қайтарған. FP-ның жазуынша, “осыдан кейін Қазақстан босқындар мәселесі жөніндегі міндеттемелерінен гөрі Пекинмен арадағы қарым-қатынасқа басымдық беретіні анық болып қалды”.

“Сайрагүлдің болашағы туралы айтсақ, ешқандай кепілдік жоқ. Қол қусырып отыруға да болмайды” деген Уәли Ислам Foreign Policy журналына берген сұхбатында.

"БҰРЫН-СОҢДЫ ЖАСАЛМАҒАН ОПЕРАЦИЯ"

Америкадағы Bloomberg ақпарат агенттігінің сайты Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған ерекше хирургиялық операция туралы жазды. Желтоқсанда Астанадағы жүрек хирургиясы ұлттық зерттеу орталығында науқасқа сымсыз қуатталатын жүрек насосын импланттау операциясы сәтті жасалған.

"Науқас Исмаил Тұрсынов ауруханадан шықты. Ол қалыпты өмірге оралды, тіпті спортзал мен бассейнге барып жүр" деп жазады Bloomberg.

Агенттіктің жазуынша, бұрын мұндай операция жасалған науқастар кеудесінен салбырап тұратын, сым арқылы қуатталатын аппарат алып жүретін. Мұндай жағдайда науқастың жанында үнемі қосалқы батарея болуы керек, себебі оны алмастыруға тек 15 минут уақыт бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG