Accessibility links

"Зиянды серік" және "мина қойылған аймақ". ҰҚШҰ саммитінен кейінгі ой


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің басшылары саммит кезінде. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің басшылары саммит кезінде. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.

Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдерді Украинадағы соғысқа тартуы мүмкін бе? Мәскеуде өткен саммитте Орталық Азия елдерінің басшылары неге сонша көңілсіз көрінді? Қазақстан президентінің ҰҚШҰ кездесуінде ұйымның Қаңтар оқиғасы кезіндегі әскери миссиясы жайлы жақ ашпағаны қалай? Азаттық осы және өзге де сауалдарды саясаттанушы Темур Умаровқа қойды.

ҰҚШҰ елдері басшылары саммит кезінде. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.ҰҚШҰ елдері Ресей Украинаға басып кіргелі бірінші рет саммитке жиналып, 16 мамырда Мәскеуде бас қосты. Ресей президенті Владимир Путин Украина мен Батыс елдеріне қарсы саяси мәлімдемелер жасап, оларды "Ресейге қауіп төндіреді" деп айыптады. Көпвекторлы саясат ұстанатын Орталық Азия елдерінің президенттері Украина мәселесін айналып өтуге тырысты. Беларусь президенті Александр Лукашенко (Ресей әскеріне Украинаға өз жері арқылы басып кіруге мүмкіндік бергені үшін Беларусқа қарсы санкция салынған) ҰҚШҰ мүшелерін Батыс мемлекеттері сияқты "ортақ позицияда" болуға шақырды. Азаттық сарапшы Темур Умаровтан саммит нәтижесі жайлы сұрап көрді.

Азаттық: Украинаға қарсы соғысын жалғастырып жатқан Ресей үшін жақында өткен ҰҚШҰ саммитінің қандай мәні бар? Бұл кездесуді Мәскеудің жалғыз қалмағанын, әлі де одақтастары бар екенін көрсетуге талпынысы деп бағалауға бола ма?

Темур Умаров: ҰҚШҰ саммитінің қазір болып жатқан соғысқа еш қатысы жоқ. Бұл – алдын-ала жоспарланған шара. Мәскеу жоспарланған кездесуді өткізіп, "ҰҚШҰ қызметі тоқтаған жоқ, ұйым Кремльдің сыртқы саясатындағы маңызды институты болып қала береді, Ресей Еуразия кеңістігі аумағындағы қауіпсіздікке кепіл болады" дегенді жеткізуге тырысты. Ресей батыс шекарасында болып жатқан жағдайға бәрін өзгертетін аса маңызды оқиға деп қарамайтынын көрсеткісі келді. Бірақ қалған мемлекеттер Ресей жүргізіп отырған соғыс халықаралық құқық пен әлемдегі тәртіпті толықтай өзгертті деп есептейді.

Ресей ҰҚШҰ мемлекеттерінің қолдауынан дәметеді деп ойламаймын. Мәскеу барлық мемлекет өз сыртқы саясатын жүргізіп отырғанын, салдары ауыр кикілжіңге ешкімнің араласқысы келмейтінін жақсы түсінеді. Бірақ Путин соғыс туралы айтпай отыра алмайды. Сондықтан құлағымыз үйренген "денацификация", биологиялық қару, Украина аумағындағы биозертхана, Еуропадағы русофобия жайлы мәлімдемелерін тағы да қайталады.

МӘСКЕУДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СЕРІКТЕРІ

Азаттық: Путин НАТО-ның кеңеюі мен Украинадағы "неонацизм" туралы тезистерін қайталап қана қоймай, ҰҚШҰ мемлекеттері сыртқы саясатта тығыз байланыс орнатуы керегін айтты. Бұл бейтарап позицияда қалып, Батыс елдерімен ашық тіреске барудан қашқақтап отырған Орталық Азия мемлекеттеріне қарата айтылған сөз бе?

Темур Умаров: Путиннің сөзі автоматты түрде ҰҚШҰ мемлекеттерінің әрекетіне айналып кетпейді. Алдыңғы саммиттерде жасалған мәлімдемелерге қарасақ, ол кезде де "ортақ позиция қалыптастырып, бірігу керек" деген ойлар айтылған. Бұл жиі қайталанатын сөздер, бірақ қазір соғыс жайлы үздіксіз ағылған ақпараттың ортасында жүрген соң, біз мұндай мәлімдемелерді одақтас мемлекеттерді соғысқа тарту амалы деп қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде Ресей президенті жиі қайталайтын мәлімдемелер одақтас мемлекеттердің әрекетіне әсер етпейді.

Азаттық: Бірақ ҰҚШҰ елдерінің саммиттен кейінгі бірлескен мәлімдемесінде де "нацистер" мен олардың "сыбайластары" туралы айтылды. Құжаттан Мәскеудің қолтаңбасын байқадыңыз ба?

Темур Умаров: Путин мен Мәскеу осыған дейін Ресейдің мүддесін бүкіл ұйымның мүддесі етіп көрсетуге тырысып келді. Қазір Ресей бұрынғы әдетіне салып, өзіне маңызды мәселелерді көтеріп, бұған ҰҚШҰ мемлекеттері қалай қарайтынына бас қатырғысы келмей отыр. Бұл таңғаларлық жағдай емес. Өйткені ҰҚШҰ ешқашан тең құқылы мемлекеттер институты болған емес. Қызметіне алаңдамайтын адамдар ҰҚШҰ ұйымын ашық түрде Мәскеудің ықпалы жүретін ресейлік саяси ұйым деп атайды. Ұйымға мүше басқа мемлекеттерде мұндай ықпал жоқ. ҰҚШҰ негізгі идеясы кейінгі отыз жылда "қауіпсіздік қолшатыры" болған Ресейдің қолтығының астына тығылуға негізделген.

Азаттық: Қазір сіз айтқан "қолшатырдың" астында отыру қауіпті емес пе?

Темур Умаров: Қазір Мәскеудің әрекетін талдап, оның Украинадағы шешімдерінің артында не тұрғанын анықтағысы келетіндер көп. Көбі Мәскеудің әрекетін басқа елдерге тана бастады. Солтүстік Қазақстанның тағдыры туралы сөз болып жатыр. Осы жерде "Мәскеу үшін одақтас мемлекет қандай болады?" деген сұрақ туындайды. Ресейдің интеграциялық жобаларына белсенді қатысқан мемлекет автоматты түрде одақтас болып көрінеді. Қазақстан мен Украинаны салыстырсақ, Киевтің Ресей үшін геосаяси мәні жоғары барлық жобалардан бас тартып, Кремльден іргесін аулақ салуға тырысқанын білеміз. Сондықтан ҰҚШҰ құралының тиімді, табысты болуы, оның беделі маңызды емес. Сіздің ұйымға мүше болып, саммиттерге қатысқаныңыз, Путинмен кездесуде "бұл қауіпсіздікке кепілдік беретін ең үздік ұйым" деп айтқаныңыз маңызды. Сонда Ресей ішкі саясатыңызда не болып жатқанына қарамастан, сізді жау көрмейді. Ал ішкі саясатта орыстардың ықпалының артуына қарсы күрес, өз ұлттық тілінің мәртебесін көтеру сияқты көп нәрсе болуы мүмкін.

Азаттық: ҰҚШҰ саммитінен түсірілген фото-видеоларда Орталық Азия басшыларының жүзі пәс екені байқалады. Олар неге сонша алаңдаулы?

ҰҚШҰ елдері басшылары саммит кезінде. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.
ҰҚШҰ елдері басшылары саммит кезінде. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.

Темур Умаров: Украинада соғыс басталғалы Ресей Орталық Азия елдері үшін зиянды серікке айналды. Өңір мемлекеттері сыртқы саясатта көпвекторлы саясат ұстанады. Орталық Азиядағы кез келген мемлекет әлем елдерімен байланысын диверсификациялауға тырысады. Олай жасамаса, бір ғана елге тәуелді болып қалады.

Ресей экономикасына салынған санкциялар аймақтағы мемлекеттерге кері әсер етуі мүмкін. Бірақ әзірге Орталық Азияда Ресейдің ықпалы жойылды деуге ерте. Сауда қатынастары жалғасып, өңірде ресейлік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Ішкі саясатта Ресейдің ықпалы басым: саяси элита бірін- бірі жақсы түсінеді, орыс тілінде сөйлейді, бәрі Совет одағының шекпенінен шыққан, жастары да шамалас. Ресей Украинаға шабуыл жасады деп, мұндай ұқсастықтар жойылып кеткен жоқ. Орталық Азия қанша қаласа да, Ресейді сызып тастай алмайды. Аймақ елдері Мәскеумен байланысын жалғастыруға мәжбүр.

Бірақ қазір Ресеймен қарым-қатынасы бар кез келген мемлекет жіті назарға ілігеді. Путиннің әзіліне күле қалсаңыз, сізге қарсы санкция салынып, шетелдік компаниялар еліңізден кетіп қалуы мүмкін. Бұл – өте шетін мәселе, сондықтан Орталық Азия елдері түсін жылытпай, эмоциясын көрсетпей жүруге тырысты. Өйткені сырттай бақылаушылар кез келген эмоцияны Ресейді қолдау, ал Ресей өзін сынау деп түсінуі мүмкін. Олар Ресейдің әрекетін қолдап не сынамай, жай ғана саммитке қатысып қайтуы керек болды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ

Азаттық: Үш мемлекет президенті Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ-ның көмекке барғанын еске салды. Ресми ақпарат бойынша, олар "билікті эстремистердің басып алуына жол бермеу" үшін шақырылған. Саммиттен кейінгі бірлескен мәлімдемеде де Қазақстандағы "бітімгерлік операция" жайлы айтылған. Бірақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде одақтас елдерден әскери көмек сұрағанын айтпады. Президент бұл тақырыпты неге айналып өтті деп ойлайсыз?

Темур Умаров: Қазақстандағы оқиғалар саммиттің басты тақырыбына айналып, ҰҚШҰ-ның тиімді жұмыс істейтін ұйым екенін көрсетуі керек еді. Бұл ұйымның мерейтойымен тұспа-тұс келді. ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы миссиясы Мәскеудің жеңісі, ұйымның Ресейдің ұлы державаға айналу мақсатын жасырып отырған перде ғана емес, шынымен жұмыс істейтін, басқа елдер қосылуы тиіс құрылым екенін көрсететін маңызды қадам болып көрінді. Ресей авторитар мемлекеттерге "Батыстан қайыр жоқ, ішкі мәселе туындай қалса, саяси режимді сақтап қалуға көмектесемін" деген белгі берді.

Бірақ қазір ақпарат кеңістігі Украинадағы соғыс тақырыбына жұмыс істеп жатқандықтан, Қазақстан демократияға бет бұрып, реформалар жүргізіп, бұл тақырыпқа шынайы референдум өткізуді жоспарлап отырған бейбіт ел болып көрінеді.

Мәскеу Қаңтар оқиғасынан қалағанын алды: өз мүддесін қорғап, өзімен ең ұзақ әрі жақсы қорғалмаған шекарасы бар мемлекеттегі жағдайды тұрақтандырып, достық режимін сақтап қалды.

ҰҚШҰ елдері басшыларының саммиттен кейін түскен суреті. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.
ҰҚШҰ елдері басшыларының саммиттен кейін түскен суреті. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.

Азаттық: Кремльге қарайтын ақпарат құралдары мен ресейлік медиа сарапшылар ҰҚШҰ әскерін Қазақстанға жіберу мәселесі талқыланғанда "енді Ресейге қарыздармыз" деді. Кремль Қазақстанды өзіне борышкер санай ма?

Темур Умаров: Қаңтарда Тоқаев Мәскеуге қарыз, енді оны қалай да қайтаруы керек деген болжамдар айтылған. [Ресейлік режиссер Тигран] Кеосаян бұл туралы ашық айтып, "қазақтар Жеңіс шеруін өткізуден бас тартып отыр, олар тіпті Украинаға әскер жіберсе де жарасады" деді. Мемлекеттік ақпарат алаңына қатысушы әр азамат өзіне назар аударып, билік аузына салып берген сөзін айтуға талпынып жатыр. Сондықтан Кремль Қазақстанды өзіне борышкер санайды деп кесіп айта алмаймын. Ал Қазақстан солай ойласа, бұл Кремльге пайдалы болмақ.

Шынайы саясат туралы айтар болсақ, Кремль басқалар өзіне "қарызын" қайтарады деп үміттенбейді. Бұл ақымақтық болар еді. Оның үстіне, Мәскеу одақтастары дегеніне жүрмей, өз бетінше әрекет ететініне үйреніп қалған.

Азаттық: Тоқаев саммитте ҰҚШҰ мүшелеріне қаңтардағы көмегі үшін алғыс айтқан жоқ…

Темур Умаров: Тоқаев алғыс айтуды дұрыс көрмеді. Ресейге алғыс білдірсе, бәрі мұны Қазақстан агрессорға рақмет айтып жатыр деп түсінеді. Орталық Азия елдері басшыларының сөзін тыңдаған кезде олардың қатты қысым көріп отырғанын түсіну керек. Олар қазіргі жағдайда бейтарап ойыншы болып көріну үшін әр сөзіне мұқият болуға тырысады.

ІРІ ОЙЫНШЫЛАР МҮДДЕСІ

Азаттық: Тоқаев өз мәлімдемесінде оңтүстіктен, Ауғанстаннан төнген қауіпке назар аударуға тырысты. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері бұл мәселеге мән бермегендей көрінді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Темур Умаров: Украина мәселесіне келгенде аяқ-қолыңыз байлаулы отыр. Сіз үшін бұл мина қойылған аймақ іспетті. Украинаны не қолдап, не сынай алмайсыз. Сондықтан бұл тақырыпты мүлде айналып өткен дұрыс. Қолыңыздан бар келетіні – өзектілігін жоймайтын Ауғанстан жайлы айту. Бұл шынымен Украинадағы соғыстың көлеңкесінде қалып бара жатқан тақырып. Тоқаев үнсіз қалмай, мемлекет мүддесіне сай маңызды нәрсе айту үшін жағдайдан жақсы жол тауып кетті.

Азаттық: Тоқаев Түркияға сапарынан кейін бір аптадан соң Мәскеуге барды. 10 мамырда [Түркия президенті Режеп] Ердоған "Түркия қазақ бауырларының тұрақтылығы, бейбітшілігі мен қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын" деп мәлімдеді. Кей сарапшылар кейінгі жылдары Түркия Орталық Азиядағы белсенділігін арттыруға тырысып жатқанын айтады. Түркия Орталық Азия елдері арқа сүйейтін ықпалды ойыншы бола ала ма?

Темур Умаров: Түркия – Орталық Азия елдері үшін маңызды серіктес. Өңірге байланыстар диверсификациясы мен көпвекторлы саясат керек дегенді әлгінде айттым. Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғаннан бері екі держава – Ресей мен Қытайдың ортасында келе жатыр. Сондықтан оларға Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндіқытай елдері сияқты өңірлік державалардан тұратын үшінші тірек қажет. Аталған мемлекеттердің жекелей үлкен мәні жоқ, бірақ Қытай мен Ресейге тәуелділікті осылай азайтуға болады. Түркия – маңызды ойыншы. Ол да ықпалын кеңейткісі келеді. Бұл Түркі елдері ұйымының атауын өзгертіп, Орталық Азия мемлекеттеріне қару-жарақ сата бастағанда анық байқалды. Түркияның өңірдегі экономикалық, саяси рөлі артып келеді. Жақында Ердоған Тоқаевпен, оның алдында [Өзбекстан президенті Шавкат] Мирзияевпен кездесті. Бұл қос тараптың да байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.

Азаттык: Қазақстан мен Түркия әскери салада әріптестік орнату туралы келісімге қол қойды. Бірлесіп түріктің ұшқышсыз басқарылатын аппаратын өндіре бастауды жоспарлап отыр. Мұндай әріптестік Ресейдің шамына тимей ме?

Темур Умаров: Түркия НАТО-ға мүше, бірақ Ресеймен қарым-қатынасы қызық. Олардың бірқатар мәселеге қатысты көзқарасы ортақ, кей тақырыптарға келгенде қарама-қайшы пікірде. Олар Сирияда бәсекелес, бірақ Ресей Түркияға С-400 әуе шабуылынан қорғаныс жүйесін сатты. Бұл прецедент болды, өйткені Ресей бірінші рет НАТО-ға мүше мемлекетке қару-жарақ берді.

Түркияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы Ресейдің қарсылығын туғызбайды. Түркия НАТО-ға мүше болғанымен, Ресей оны келісімге келуге болатын серіктес санайды. Орталық Азияның өз мүддесі барын, Ресей оған қарсы тұра алмайтынын да жақсы түсінеді. Осылайша, өз ресурсы жеткіліксіз болса да Ресей Орталық Азия үшін сыртқы саясаттағы аса маңызды бағыттың орнын шартты түрде толтырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG