Accessibility links

Жас Путин. Қырым аннексиясы. Алматыда оқушыларға Ресейдің пропагандалық фильмін көрсетті


Алматыдағы кинотеатрда көрсетілген Ресейдің пропагандалық фильмі . 7 желтоқсан 2022 жыл.
Алматыдағы кинотеатрда көрсетілген Ресейдің пропагандалық фильмі . 7 желтоқсан 2022 жыл.

Алматыдағы кинотеатрда Ресей президенті Владимир Путинді мақтап, Қырым аннексиясын қолдайтын деректі фильм көрсетілді. "Россотрудничество" агенттігінің қолдауымен өткен көрсетілімге жергілікті мектеп оқушылары шақырылған. Астана Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін, Қырымды Ресейдің бөлігі деп мойындамайтынын мәлімдеген. Соған қарамастан ұйымдастырушы қазақстандық көрерменге осындай фильм әкелуін әбестік көрмейді.

Алматыдағы "Цезарь" кинотеатрының жартылай қараңғы залы бос тұрған. Бір кезде есіктен бір топ оқушы сау етіп кіріп, алдыңғы қатарға жайғасты.

Ресей туралы фильм көрсеткен кинотеатр залы. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.
Ресей туралы фильм көрсеткен кинотеатр залы. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.

Сынып жетекшісінен мұнда қайдан жүргендерін сұрағанымда, "Фестиваль көріңіздер деп жіберді, келгендер – 8-орыс сыныбының оқушылары. Шақыртуды гимназия директоры берді" деді.

Экранда "Россия-1" телеарнасының логотипі мен Ресей туы, "Союз" ғарыш кемесінің ұшқан сәті және Совет одағының құлағанына өкініш білдіретін сөз пайда болды. "Россия. Нам 30 лет" ("Ресей. Бізге 30 жыл") фильмі былтыр түсірілген. Кейіпкерлері – отызға толған ресейліктер.

Ресей туралы фильмге келген жасөспірімдер. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.
Ресей туралы фильмге келген жасөспірімдер. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.

"БІЗГЕ ЖОЛБАРЫСТАРДЫ КӨРСЕТЕДІ ДЕП АЙТТЫ ҒОЙ!"

Жас жұмысшы Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің биліктен кеткенін және КГБ-да жұмыс істеген аса танымал емес Владимир Путиннің саяси сахнаға шыққан сәтін еске алады.

"Ересектердің бәрі көптен күткен жас адам билікке келді. Ура, "жас президент" деп қуанып жатты" дейді фильмдегі жұмысшы.

Фильмде 1999 жылы Мәскеуде болған жарылыс көрсетіледі. Ресей билігі бұл жарылысқа шешен содырларын айыптаған. Осы терактіден кейін Путин "террористердің көзіне көк шыбын үймелетуге" уәде беріп, рейтингін көтеріп алған. Бұл оған сайлауда жеңіске жетіп, бүкіл билікті қолына шоғырландыруға көмектесті.

1999 жылы көпке аса танымал емес Владимир Путинді президент Борис Ельцин Ресей премьер-министрі етіп тағайындады.
1999 жылы көпке аса танымал емес Владимир Путинді президент Борис Ельцин Ресей премьер-министрі етіп тағайындады.

Оқушылардың кейбірі фильмнен жалыға бастады. Іші пысып, телефондарына үңілген жастарды спортшының хикаясы да қызықтырған жоқ.

Грузияның сепаратистік өңірі – Оңтүстік Осетиядан шыққан еркін күрестен Олимпиада чемпионы Цхинвалидегі өмірін баяндайды. Ол Ресей құрамасымен бірге жарыстарға қатысады. 2008 жылы тамызда Пекинде Олимпиада ойындары өтіп жатқанда Ресей әскері Абхазия мен Оңтүстік Осетияға басып кірді. Ресей бұл өңірлерді жеке мемлекет деп жариялады. Бірақ әлемнің көп бөлігі аталған территорияны Грузияның жері деп таниды.

— Бізге жолбарыстарды көрсетеді деп айтты ғой! — деді залда отырған балалардың бірі.

Экранда кейіпкерлер бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Бәрі Ресейді мақтан тұтатынын айтады. Жүк көлігінің рөлінде келе жатқан әйел, Керчь бұғазындағы көпір көрсетілді. Бұл көпірді 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Украинадан тартып алған түбекті құрлықпен байланыстыру үшін Путиннің досы, миллиардер Аркадий Ротенберг салған.

"Елімді, Қырым түбегін Ресей Федерациясымен байланыстырғанымызды мақтан тұтамын! Не деген күш!" — дейді жүргізуші.

Қырым көпірі.
Қырым көпірі.

Фильм былтыр Ресей Украинаға басып кірмей тұрып түсірілген. 2022 жылы күзде Мәскеу Украинаның жартылай оккупацияланған тағы төрт өңірін аннексиялап алды. Ресей әскері қазаннан бері Украинаның азаматтық инфрақұрылымдарын жаппай бомбалап жатыр. Ресейдің одақтасы әрі көршісі Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін айтып, Ресей тартып алған облыстардың тәуелсіздігін мойындамаған.

"Ресей. Бізге отыз жыл" фильмі "Қандай болса да, елімді сүйемін!" деген жүргізуші сөзімен аяқталады.

Ресей туралы фильм көрсетілім ұйымдастырушы сөйлеп тұр. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.
Ресей туралы фильм көрсетілім ұйымдастырушы сөйлеп тұр. Алматы, 7 желтоқсан 2022 жыл.

Фильмнің титрлері жүріп жатыр. Артынша екінші картина басталды. Ұйымдастырушылар Ресейде жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жұмыстары туралы "Үлкен мысықтар мекені" фильмін көрсетуге уәде берген. Балаларға отыз жастағы ресейліктердің хикаясына қарағанда, жануарлар туралы туынды әлдеқайда қызық көрінді. Оқушылар риза болып, күлімсірей бастады. Фильм аяқталған соң, балалар сыртқа асықты.

"РЕСЕЙ БАР, БОЛҒАН ЖӘНЕ БОЛА БЕРЕДІ ДЕГЕН ОЙДЫ ЖЕТКІЗУ"

Бұл фильм ТМД елдерінің "Еуразия.DOC" деректі кино фестивалінен кейінгі шаралар аясында көрсетілген. Фестиваль қазанда Минск пен Смоленск қалаларында өткен, кейін туындыларды Ресеймен дос-әріптес елдерде көрсету туралы шешім қабылданған. "Еуразия.Doc" директоры Валерий Шеховцов көрсетілімнің ұйымдастыру жұмыстарына Қазақстанның мемлекеттік органдары қатыспағанын айтты.

— Әкімшілік көмексіз өзіміз ұйымдастырдық. Фильмді көрсететін орын берілгеніне қуаныштымыз, — деді Шеховцов көрсетілімнен кейін.

Азаттық тілшісі кинофестиваль директорымен фойеде сөйлесіп, сұхбат алды.

— Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде Украинада соғыс болып жатқанда мұндай фильм көрсетуге қарсы наразылық білдіргендер болды. Бұдан хабарыңыз бар ма?

— Жоқ. Әркімнің өз пікірі бар. Менің пікірім — Ресей болған, бар және бола береді. Әртүрлі уақытта елдің өз қаһармандары болады, — деді Шеховцов.

—Сайтта Россотрудничествоның міндеті шетелде Ресей туралы объективті пікір қалыптастыру деп көрсетілген. Ресейдегі танымал тұлғалардың, депутаттардың Қазақстан туралы провокациялық мәлімдемелер жасауы сіздің мемлекетіңіз туралы объективті пікір қалыптастыруға кедергі болады деп ойламайсыз ба?

— Қате де, түсініспеушілік те көп. Бұл Украинаға, басқа елдерге әсер етеді, аңдамай сөйлеудің салдарынан қаншама жағымсыз дүниелер болады. Бұл хайп қуып жүрген адамдардың эмоционалды мәлімдемесі. Болашағымызды бұл тақырып төңірегінде емес, көрші екеніміз, бір-бірімізден қашып кете алмайтынымыз туралы ойлар негізінде құруымыз керек. Бізді ешкім бөлек пәтерлерге көшіріп жібермейді ғой.

— Неге Қырым аннексиясы туралы фильм таңдалды?

— Бұл фильм "Ресей бар, болған және бола береді" деген ойды көрсетеді. Біз аяққа тұрамыз, күшейеміз. Кейінгі жиырма жылда елді қайта құрып шықтық, — деді Шеховцов.

— Ал мұны қазақстандық көрерменге, балаларға көрсетудің не қажеті бар?

— Жас көрермендерге мысықтардан басқа дүниелер да қараған пайдалы болады деп ойлаймын.

— Балаларға жарылыс кадрлары, Қырымның Ресейге қосылғанына қуаныштымыз дейтін кейіпкерлер, Оңтүстік Осетиядан шыққан спортшы туралы хикая көрсетілгеніне не дейсіз? Қазақстан Оңтүстік Осетияны тәуелсіз мемлекет деп мойындамайды…

Тірі адамдардың өз өмірі бар, деді Шеховцов тілшінің сөзін бөліп. Даусынан шамданып тұрғаны сезілді. Әрине, көзқарас қайшылығы, талас-тартыс кездеседі. Ондай болып тұрады. Өте қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қай сұрағыңызға жауап берейін?

Шеховцов сәл кідіріп, сөзін жалғады:

Не айтайын? Қырым туралы ма? Ол жақта "референдум" өтті. Қырым халқы өз жолын таңдады.

— Балаларға Қырым туралы эпизодтары бар фильм не үшін көрсетілді?

Өйткені Қырым Ресей Федерациясының бір бөлігі. Бұл Конституциямызда жазылған. Енді кешіріңіз, кетуім керек.

— Бірақ БҰҰ мойындамады ғой. Қазақстан да мойындаған жоқ…

Сыпайылық танытып, сұрақтарыңызға жауап бердім. Сіз де мені сыйлаңыз. Біз қонақпыз ғой, дұрыс па? [Диктофонды] өшіріңіз, — деді көрсетілім ұйымдастырушысы.

ДИРЕКТОРҒА СӨГІС ЖӘНЕ ПІКІР БЕРУДЕН ТАЙСАҚТАУ

Алматыдағы білім басқармасы Азаттыққа "№ 132 гимназия басшылығы оқушыларды бұл фильмге апару үшін бізден рұқсат алған жоқ" деді. Шенеуніктер директорға сөгіс жарияланатынын айтты.

Басқарма Азаттықтың "Оқушыларға басқа мемлекеттің идеологиялық фильмін көрсету қаншалық дұрыс?" деген сұрағын жауапсыз қалдырды.

Фильмде сондай кадрлар (Қырым, Оңтүстік Осетия және жарылыс туралы) болды десеңіз, мен қосымша ақпарат сұратайын, кейінірек жауап беремін, деді басқарма өкілі Қуандық Ешімет.

Әуезов аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Саттарова директорға гимназияның бұрынғы қызметкері хабарласып, оқушыларды киноға шақырған деп түсіндірді. Шақырту Алматыдағы Ресейдің бас консулдығы мен Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігінен түскен.

Директор бізге ескертіп айтқан жоқ. [Консулдық қызметкерлері] тікелей мектепке хабарласқан. Олардан ресми хат келмеді, деді Саттарова. Ол "Балаларға мұндай фильмдер көрсетуге бола ма?" деген сұраққа қысқа ғана "Болмайды" деп жауап берді.

Азаттық "Цезарь" кинотеатрына хабарласты. Тұтқаны алған кісі өзін кинотеатр директорымын деп таныстырды. Ол ресейлік фильмнің көрсетілімі туралы сұрақты ести сала, "демалыстамын" деп, аты-жөнін айтудан бас тартты.

Бәрі мен жоқ кезде болған. Бүгін әкімдік келді, бәрін түсіндірдім. Журналистерге пікір бермеймін. Сіздер әсірелеп жазасыздар. Кеше "Алтын адам" және жолбарыстар туралы екі фильм көрсетілді. Маған хабарласпауды сұраймын, деді директор.

— Яғни, сіз Ресей туралы фильм көрсетілгенін жоққа шығарасыз ба?

Әрине, көрсетілген жоқ. Сіз ол жақта болған жоқсыз ғой, бір жерден оқып алғансыз.

— Болдым.

— Болсаңыз, сіз айтыңыз. Жақсы, кешіріңіз, уақытым жоқ (тұтқаны тастай салды).

Көрсетілім ұйымдастырушылары фильмге дейін Алматыдағы "Тұран" университетінің студенттерімен кездескен. Бұл да "Еуразия.DOC" фестивалінен кейінгі шара деп көрсетілген. Жоғары оқу орнының әкімшілігі Азаттыққа университетте "Үлкен Еуразиялық әріптестік. Күш біріктіру" тақырыбында дөңгелек үстел өткенін хабарлады. Оған студенттерді "Режиссура" және "Операторлық өнер" бағдарламалары бойынша дайындайтын "Turan Film Academy" қатысқан. Бұл талқылауды да көрсетілімді ұйымдастырған Россотрудничество (шетелде, әсіресе, постсоветтік кеңістікте орыс тілі мен мәдениетін насихаттаумен айналысатын мемлекеттік агенттік) өткізген. Ведомство Ресей президентіне бағынады және толықтай Кремль саясатын қолдайды.

Былтыр Мәскеу Қазақстанда орыстілді халық дискриминацияға ұшырап жатыр деген мәселе көтергенде Россотрудничество басшысы Евгений Примаков "этникалық, ұлттық, русофобтық негізде" шабуылдайтын "қазақ ұлтшылдары" туралы айтқан. Қазақстан билігі Ресей саясаткерлерінің территориялық талаптары мен Украинадан кейін Қазақстанды денацификациялау туралы мәлімдемелерін көбіне жауапсыз қалдырады. Астана мұны жекелеген тұлғалардың пікірі Мәскеудің ресми позициясын білдірмейді деп түсіндіреді.

Алматыдағы көрсетілімнен бірнеше күн бұрын Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Кремль қаржыландыратын Sputnik агенттігіне берген сұхбатында "Қазақстандағы ұлттық тенденциялар анық байқала бастады, Мәскеу ұлтшыл сипаттағы мәлімдемелерді тоқтатуға көмектесуге дайын" деген. Елшінің сөзіне мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ғана реакция білдірді. Ол "сұхбаттың кей тұстары елшінің мәртебесіне сай келмейді, дипломат пропагандистер мен саясаткерлерге қосылмауы керек" деді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі үнсіз қалды.

XS
SM
MD
LG