Accessibility links

"Алаңда көзім ағып кетті". Қаңтарда азапталған өскемендіктер


Қаңтар оқиғасы күндері Өскеменде азапталған азаматтар. Солдан оңға қарай: Мұрат Райысов, Азамат Ермекбаев және Ренат Жұбақов.
Қаңтар оқиғасы күндері Өскеменде азапталған азаматтар. Солдан оңға қарай: Мұрат Райысов, Азамат Ермекбаев және Ренат Жұбақов.

Өскемен тұрғыны Азамат Ермекбаев Қаңтар оқиғасында бір көзінен айырылған. Ол "мені полицей атқанын анық көрдім" дейді. "Қамауда азапталдым" деген Мұрат Райысов күш құрылым қызметкерлері жаттығатын "Динамо" спорт кешенінде "жүздеген адам таяқ жегенін" айтады. "Спорт кешенінің іші сол күндері адамның қанына боялды" деп еске алады ол. Ал Ренат Жұбақов "үнемі мәселе көтеріп жүретін белсенді азаматтар жазықсыз жәбір көрді" дейді. Қаңтар оқиғасынан соң қамалып, кейін "кінәсі дәлелденбей", босап шыққан Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары Азаттыққа бастан кешкендерін баяндап берді.

Ескерту: Мақалада кейіпкерлер азаптау әрі қатыгез әрекеттерді ашық баяндайды.

"НАРКОЗДАН БАСЫМНАН СОҒЫП ОЯТТЫ"

Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Азамат Ермекбаев.
Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Азамат Ермекбаев.

Азамат Ермекбаев, Өскемен тұрғыны:

Бір-бірімізге қарап, ұзақ тұрып қалдық. Ол – полиция, мен – қарапайым адам. Арамыз тым алыс та, тым жақын да емес. Бір кезде, қалай тигені белгісіз, қатты соққыдан ұшып түстім. Мені атып жіберді. Шалқамнан жатырмын, бірақ аспан көрінбейді. Өлген шығармын деп ойладым. Оң жақ көзім ауырады, ашылмайды. Сол жақ көзім қарауытып, әрең дегенде ашылды. Оң көзімнен қан сорғалап жатыр екен.

Шошығанымнан атып тұрып, "Көмектес, көмектес!" деп басым ауған жаққа қарай жүгірдім. Біреулер ұстап алып, ауруханаға жеткізетін бір көлікке салып жіберді.

Ауруханада дәрігер көзім ағып кеткенін айтты. Көз алмасының жартысы іште қалған, жартысы жоқ деді. Оқ тиген кезде бастан контузия да алғанмын. Кейінгі тексеру оқтың резеңке екенін көрсетіп берді.

Қазір оң жақ көзіме пластмасса протез салып жүремін. Қарашығының түсі өзімдікіне ұқсайды. Бір жаманы, оны қозғалтып алсам, айнаға қарамай сала алмаймын. Теріс қарап қалады.

Ауруханаға келіп түскен күннің ертеңінде маған операция жасаған еді. Операциядан кейін түк сезбей ұйықтап қалдым. Наркоз салған ғой. Бір кезде басымнан біреу таңқ еткізіп ұрды. Шошып ояндым. Оянсам, кеш батып кетіпті. Телефонмен ұрған ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері екен. Жай киіммен жүр. Құжаттарым мен смартфонымды алып қойды. Сосын арнайы жасақ кіріп, қолымды қайырып, сыртқа сүйрелей жөнелді. Дәрігердің "операциядан соң бірден алып кетуге болмайды" дегеніне қараған жоқ. "Бұйрық! Бұйрық!" деді.

Жалаңаяқпын. Үстімде футболка ғана бар. Күн суық. Қыс. Дәрігер берген қорытынды қағазда "басынан ауыр соққы алған" деген жазуы бар мен ештеңе түсінбей, өз денемді басқара да алмай, қарулы қолдардың еркінде кете бардым. Автоматтың дүмімен түйгіштеп, автобусқа салып алды.

"Г әрпі" деп айғайлап, еңкеюге әмір етіп, Өскемен қалалық полиция басқармасына кіргізді. Ол жерде тіземізді жартылай бүгіп тұрып түсініктеме бердік. Ештеңе істеген жоқпын десем, соғады. Ақыры ұсынған қағаздарының бәріне қол қойып шықтым. Басқа амалым қалмады.

Одан кейін уақытша ұстау изоляторында болдық. Себебі мен секілді операциядан шыққандарды "Динамо" спорт кешеніне алып барған жоқ. Өйткені ол жаққа шыдай алмайтынымызды білді. Соққыдан зәрем ұшып қалған мен уақытша ұстау изоляторының ішіне қолыммен оң көзімді басып, қорғанып кірдім. Жалма-жан "бетімнен соқпаңдар, операциядан шықтым" деп айғайлай бастадым. "Керек болса, өлтіріп тастаймыз" деді біреуі гүжірейіп. Әдейілеп тұрып оң көзімнен жұдырықпен қойып қалды ол. Изолятор қызметкерлері бізді, кінәмізді дәлелдемей жатып-ақ, "ей, террористер", "ей, әблязовшылар" деп атайтын болды.

Мені түзеу мекемесінде қатты жәбірледі. Уақытша ұстау изоляторынан кейін сот санкциясы бойынша сонда апарған болатын. Әжетхана жуғызды. Аямай ұрғандары сонша, өкпеде сұйықтық жиналды. Сол жерде мен түскен флюорография қорытындысында бұл жазылып тұр.

Қатты таяқ жегеннен кейін түрмеде бір жұма ұйықтай алмадым. Зақым алған басым да қосылып ауырады. Көзім мүлде медициналық тазалау көрмеді, операциядан шыққан қалпымда жүрмін ғой. Қалай болар екен деп уайымға салынып кеттім, шарасыз күйге түстім.

40 күннен кейін қаладан шықпау туралы қолхатпен босатты. Арасында прокурорлар шақырып, келісімге келуді ұсынып тұрды. Яғни, кінәңді мойындайсың, шартты жаза береміз, түрмеге қамалмайсың дейді. Қылмыс істемесем, қалай келісемін? "Жоқ" дедім.

Сосын президент рақымшылық жариялады деп тағы шақырды. "Рақымшылыққа ілінесіңдер, қол қойыңдар" деді. "Кінәм жоқ, маған ешқандай рақымшылық керек емес" дедім.

Содан кейін 2022 жылдың желтоқсанында шақырды да, бірнеше адаммен бірге кінәларың дәлелденбеді дегенді айтты. Түк болмағандай "боссыңдар" деді. Ақтығымыз дәлелденетін күн болады екен-ау деп бір жағы қуандық, бір жағы мұңайдық... Сонша қинаудың не керегі бар еді?

Мені полиция атты, оны анық білемін. Ол кезде интернет өшірулі болатын. Бауырымның үйінен шығып, үйге қайтпақшы болғанмын, такси шақыра алмадым. Амал жоқ, орталық алаңға жақын жердегі таксилер көп тұратын сауда үйі жаққа қарай жаяу бет алдым. Сол жерден отырмақшы едім. Сауда үйіне дейін біраз жер болатын. Үлбі өзені көпірінен асқанымда бейбіт шерулетіп бара жатқан халықты көргенмін. Қатарға қосылдым. Өйткені барлығы жайбарақат еді. Ешқандай бүлік, ұрлық-қарлық болмады. Әнұран айттық. Арбаттың тұсында полиция қарсы алды. Арғы жағында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тиіп тұр. Полиция халыққа граната лақтырды. Халық шошып, жан-жаққа бытырады. Біз әкімдіктің екінші жағынан өтейік деп, қатар жатқан басқа көшеге түстік. Ол жақта да полиция граната лақтырып, мылтық атты. Адамдар оларға тас лақтыра бастады. Сол сәтте жылдамдатып үйге жетіп алуды ойладым. Бейбіт шеру осы жерде біткенін ұқтым.

Әкімдік жанында қаладағы оқу орындардың бірі бар. Соның артымен айналып өткенімде жанып жатқан полиция автокөлігін көрдім. Алаң жаққа қарап едім, қарсы алдымда әлгі жалғыз полиция қызметкері тұр екен. Маған қарап тұр. Мен де оған қарап тұрып қалдым. Мені атып тастауына себеп болатындай қолымда түк те жоқ еді. Бірақ атып жіберді. Оң көзіме тиді.

Өлген шығармын деп ойлап едім, жоқ, өлмедім. Бірақ мүгедек болып қалдым. Интернет болса, такси шақырып, үйге аман-сау жетіп алар ма едім...

Атқан адамды да тауып бермеді. Қозғалған істі тоқтатып тастады. Менің ойымша, оны табу оңай. Өйткені ол полиция қызметкері әрі жүзі де ашық тұрды ғой. Бірақ табылмайды дейді. Қалайша? Түсінсем бұйырмасын. Маған билік өтемақы төлеуі керек. Енді билікті сотқа беремін.

"ДИНАМО" ҚАНҒА БОЯЛДЫ"

Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Мұрат Райысов.
Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Мұрат Райысов.

Мұрат Райысов, Өскемен тұрғыны:

Алаңдағы митингіден соң үш күн өткенде базар жақта кетіп бара жатыр едім, жаныма бөтен мәшине тоқтай қалды. Жай киім киген екі адам полицияның жедел уәкілі екенін айтып, құжаттарын көрсетті. Бірнеше күн бұрын үкіметке жолдаған видеоүндеуімізден көрді ме, әлде кездейсоқ па, мені қалай дәл тауып танығанын айта алмаймын.

Бірден "Динамо" спорт кешеніне алып барды. Қолыма кісен салып, еденге етпеттеп жатқызды. Адам көп. Жиырма-жиырма бес адамнан бес-алты қатар адам жатты. Сонда барлығы жүзден астам болды-ау деймін. Ары-бері өткен қызметкердің бәрі теуіп кетіп жүрді. Бәрі маскамен тұмшаланып алған. Барынша танылмауға тырысып бақты.

Біраз уақыттан кейін подполковник шеніндегі біреу орнымнан тұрғызып алып, жеке бөлмеге алып барды. Аты-жөнін білмеймін, түрін жақсы танимын. Резеңке таяғымен сабады. Қатты сабады. Жанындағы көмекшілері де қол жұмсады. Бірақ подполковниктің өзі аяусыз ұрды. Маған неге өшіккенін білмеймін. Бойы аласа адам. Менің бойым биік. Қазір тізерлетемін деп, қолындағы таяғымен аяғымнан төмпештеді. Тізерлете алмады. Бірақ бір сабағанында жығылдым. Мойынымнан ұрып жіберді. Барынша шапшаң қайтадан тұрып алдым. Содан кейін спортзал еденіне тағы жатқызды. Бірнеше адам жабылып, быт-шытымызды шығарды.

Етпеттеп жаттық. Бас көтеріп ары-бері қарауға болмайды. Сонда құлағымызды түріп, тың тыңдаймыз. Біреулерді 15 тәулікке қамап, біреулерді әкімшілік айыппұл салып босатып жатқанын естиміз. Әрі-сәрі күйге түскен халық күбір-күбір етеді. Бірнәрсе түсініп жүрген біреуі жоқ.

Қазір Қаңтар оқиғасы туралы айтылғанда "Динамо" спорт кешені туралы көп айтылмайды. Ол жерде бізді кәдімгі спортпен шұғылданып жүрген, арнайы даярланған адамдар сабады. Қандай жасақ болғаны белгісіз. Бұл спорт кешені нағыз "еттартқыштың" рөлін атқарды. Ұсталған адамды бірден сол жерде аяусыз соғып, "қылмыскермін" деп айтқызып шығаратын орын болды. Оның едені қан, тіпті аяғың таяды. Ғимараттың қабырғаларына да қан шашыраған. Неге бұл спорт кешені туралы кеңірек талқыланбайтынын түсінбеймін.

Ол жерде итше тепкілеген соң, мені полиция басқармасына алып жүрді. Онда да бетін жапқан адамдар... Қабырғаға қарап тұрған бізді ту сыртымыздан келіп ұрып кетеді.

Тергеуші маған екі баппен айып тақты. Біріншісі, алаңдағы бейберекетті ұйымдастырушысың деді. Екіншісі, соған қатыстың деді. Мемлекеттік қорғаушы әйтеуір жанымда отырғаны болмаса, тіс жарып, араша түскен жоқ. Адвокаты бар дегізіп, оны шартты түрде қасыма әкеліп отырғызып қойған ғой. Басқа адвокат жалдауыма, қоңырау шалуыма рұқсат бермеді. Тергеушіге ләм-мим деп сөз қайтаруға болмайды екен. Келіспейтініңді білдіре бастасаң, қара киінген қызметкерлер төпелейді. Екі адам екі қабырғаңнан электршокер басады. Өте жаман әсер етеді екен. Талып қала жаздап отырдым. Олардың ойы бізге көтеріліс жасауға бардық дегенді айтқызу болды. Бірақ айтқыза алмады. Іс қағазымда да бар. Мен жеке пікірімді ғана айтуға барғанмын. Бір сөзден танбадым. Мені екі айға қамайтын болды.

Жолай ауруханаға алып барып, қараудан өткізді. Ақ халатты дәрігерлер болмады. Жай киінген адамдар, дәрігер ме, білмеймін, денеміздің көгергенін көре тұра, мынау ненің ізі деп сұрамайды. Тек арыз-шағымдарың бар ма дейді. Бар деп айтуға дәрмен жоқ. Тағы да ұрып-соғатыны белгілі. Қысым қатты болды ол кезде. Өзіміз басымыз мең-зең болып, ештеңе түсінбей жүргенбіз.

Алдымен уақытша ұстау изоляторында екі күн түнетті. Ондағылар жасымды сыйлады ма – 55 жастамын – әлде беттері ашық болғаннан соң кейінгісін ойлады ма екен, басқалардай қатты таяқ жеген жоқпын. Бірақ камерада бірге жатқан адамдар тепкіге ұшырап келіп жатты. Ол жерде сұрайтындары: "алаңға кімдерді шақырдың, кімдерді көрдің, көрсетіп бер".

Камерадан бір-бірден шақырып алады. Жанымда Қытай мен Моңғолиядан келген жас балалар болатын. Соларды камердан "қытай", "моңғол" деп айғайлап шақырып тұрды. Егер шықпаса, онда жағдай қиын...

Менен екі жас үлкен тағы бір адам болды. Оның көзі көрмейтін, бірінші топтағы мүгедек еді. Оған камераға кірерде басыңды жерге салып, жүгір дейді. Ол нашар көретіндіктен темір есікті басымен келіп соғады. Ішінен есік ашып жіберіп, тосып алуға жағдай істеген боламыз. Дұрыстап тосып алуға дәрмен жоқ.

Кейін түзеу мекемесіне ауыстырды. Қамал деп айтамыз. Кинода көретініміздей, тізіліп "встречать" етті. Яғни, екіге жарылып тұрған түрме қызметкерлері адамды орталарынан тепкілеп өткізеді.

Бұрын мұндай жерді көрмеген бізге ішіндегі жағдай қиын тиді. Он күн бойы карантин екенін айтып, сырттан хабар алғызбады. Туған-туыстардың жағдайы нешік, сыртқы әлемде не болып жатыр, ешкімнен хат-хабар жоқ, тым-тырыс. Тәуліктің екі сағатын ғана білеміз. Таңертең ояту белгісін соққанда "е-е, сағат алты болды" дейміз. Одан кейін кешкі қоңырау соғады – сағат 10 дегені.

18 адам бір камераға түстік. Ұзындығы – алты, ені төрт метрлік шағын бөлме. Үш қабатты төсектерде жаттық. Әжетханасы – адамның белі шамасында кірпішпен оқшаулап қойған орын. "Параша" дейді. Темекі тартатындары да сонда тартады. 18 адам бірінен кейін бірі кезекте тұрады. Бөлменің ауасы өте лас болды. Оның үстіне қыста температура -25 градустан төмендеп кетсе, суық деп, серуенге де шығармайды екен. Үш күн мүлде шықпай қалдық. Одан кейін де жарытып шығарғаны шамалы. Аулада небары 10 минут жүріп келеміз.

Он күн өткеннен кейін ғана қоғамдық қорғаушыларымыз бен түрлі ұйым өкілдерімен кездестіре бастады. Жараланғандарға, соққыдан денесі көрергендерге ем-дом жасалды. Бір көзінен айырылып, операциядан шыққандарға бір түйір ауырсынуды басатын дәрі беруге жарамады. Олар түн баласы ұйықтай алмай, тар бөлмеде ары екі аттап, бері екі аттап, әбден қиналды.

Алғашқы он күн ішінде өзіне қол жұмсамақшы болған адамдар болды. Оларға өмірдің қымбат екенін айтып, сөйлесіп, бір-бірімізді жұбаттық. Арыз-шағымдарымызды ішінде отырып жаза бердік. Содан кейін ғана қайтадан тергеуге шақыратын болды. Басқа бөлмелерге ауыстыра бастады.

"Бұл азапты көргенше қара жерге кіргенім жақсы еді". Қаңтарда азапталған Саматтың халі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

45 күн қамауда болып, кейін қолхатпен шықтым. "Антикордың" тергеуіне барғанымда жеті-сегіз қарапайым полиция қызметкерлерінің фотосын көрсетті. Оның алдында азаптау бойынша шағым түсірген болатынмын. Маған подполковниктердің суретін көрсетіңіз, мыналарды танымаймын дедім. "Полиция департаменті қызметкерлерінің суретін толық бермей отыр" деп айтты. Өтірік шығар деп ойлаймын, себебі ішкі істер министрлігінің базасында барлық қызметкердің дерегі бар шығар. Көрсеткілері келмеді.

Бізге прокурорлар тарапынан мынадай ұсыныс болды. "Заңда прокурорлық келісім деген бар, анық сотталғыларыңыз келмесе, қылмысыңызды мойындаңыз, түрмеге қамалмайсыз, шартты түрде жаза болады" деді. Бірақ ол қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Біраз адам соған келісті. Себебі қиналып кетті. Анық қайта қамалмасақ болды десті. Бірақ келіспегендер де көп болдық. Қанша рет шақырса да, келіспедік. "Видеоларың сараптамада жүр, алаңда істегендерің табылмай қоймайды, сол кезде мынадай келісімге шақыру болмайды" деп төндіре түсетін еді. Бірақ шынымен де тас лақтырған адамдарды шартты жазаға келісуге шақырмай-ақ соттап жатты. Өз басым тас лақтырып, бірдеңе бүлдірмегеніме сенімді болдым. Аяғына дейін тексеріңіз, қандай жаза болатынын көреміз дедім.

Арада бірнеше ай өткеннен кейін, 28 желтоқсанда 25 адамды шақырып, сендердің қылмыстарың дәлелденбеді деп, қоя берді. Қазір кей адамдардан кешірім сұрап жатыр екен. Менен әлі сұраған жоқ.

Қаңтардан кейінгі азаптаудың денсаулығыма зияны қатты тиді. Қан қысымы көтерілетін болды. Қимыл-қозғалыссыз-ақ жайдан-жай демігіп қаламын. Дәрігер тексеруінен өттім. Жүрегіңіз стресс алғаннан кейін қалыпты істемейтін болған деп айтты. Бұрын мұның бірі де жоқ болатын.

Жалпы Қаңтар оқиғасы кезінде өзге қалалардағы халықтың экономикалық мәселелерді қозғап, үкіметке талап қойғанын іштей қолдап жүргенмін. 4 қаңтарда Өскеменде мешіт алдына шаруалармен барып едім, сол жерде видеоүндеу арқылы талабымызды айтуымыз керек деген адамдарды көрдім. Мен де өз сөзімді айтуым керек деп ойладым да, газ бен бензин неге қымбаттайтынын сұрап, үкіметті жағдайды реттеуге шақырдым. Видеомыз әлеуметтік желілерге таралып кеткен болатын. Ертеңінде халық алаңға жиналды. Өз еркіммен, өз ойыммен барып қосылдым. Күндіз бірер сағаттай тұрып, шаруаларыммен кетіп қалдым. Сағат бес шамасында қайта бардым. Әкімдік маңайында тарс-тұрс граната жарылып жатты. Дауыс шығаратын, көзден жас ағызатын гранаталар. Бұдан адам дем ала алмай қалады екен. Бәрін де бастан кешірдік.

"ЭЛЕКТРОШОКЕРДІ БЕТІМЕ БАСТЫ"

Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Ренат Жұбақов.
Қаңтар оқиғасы күндері азапталған өскемендік Ренат Жұбақов.

Ренат Жұбақов, Өскемен тұрғыны:

Орталық алаңда Өскемен әкімі Жақсылық Омар жеті-сегіз арнайы жасақ жауынгерлерінің қорғауымен жүрді. Оған жиналған халық наразылығын айтып жатты. Мен де жүзбе-жүз тұрып, әкім биікке шығып жауап беруі керек екенін айттым. Сосын алаңнан тікелей эфир таратқан блогерге әкім халық алдына, биік жерге шығып жауап беруден қорқып тұр деп пікір бердім. Кейін оны әлеуметтік желіден бәрі көрді.

Түстен кейін алаңда полиция граната лақтыра бастады. Жай киімде жүрген біртүрлі адамдар болды. Арандатушы дейміз ғой. Полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік саласы қызметкерлерінің де жай киіммен халық арасында жүргендері болды. Біртүрлі көрінген адамдар фонтанға жүгіріп шығып, сөйлеп тұрғандардың қолынан дауыс ұлғайтқышты тартып алып, арандатып жүрді. Менің түсінуімше, күш құрылымдары мен халықтың қақтығысуы биліктің өзіне ме, әлде өзгелер ме, әйтеуір біреуге керек болған тәрізді.

Ертеңінде көлігіммен қалада жүріп, үйдің алдына келіп тоқтағаным сол болатын, бөтен нөмірден қоңырау келді. "Үйге келген сен бе?" деді. "Иә" деп едім, ауланың сыртына шақырды. Екі адам екен. Полицияның жедел уәкілдері. Алаңда тұрған суретімді көрсетті.

– Сенсің бе?

– Иә.

– Бізбен жүр.

– Қайда?

– Барғанда білесің.

– Жо-жоқ, жігіттер, бұлай болмайды.

– Жақсылықпен айтып тұрғанда барасың ба, әлде...

– Мені алып кетуге қаулы немесе қандай да бір арнайы қағаздарың бар ма?

Осындай диалог болды. Ешқандай қағаз көрсетпеді. Біреуге қоңырау шалды. Бес минут өтер-өтпесте арнайы жасақ сау етіп жетіп келді. Ұстап алды. Қалтамдағы кілтімді алып, көлігімді тінтті. Қарындасым олардың мені ұстаған сәтімен. көлігімді ақтарғанын видеоға түсіріп алды. Видео бар. Қарындасыма "мұқият қара, көлікке бірнәрсе салып қоймасын" деп ескерттім. Тінту туралы рұқсат қағаздарын көрсетпеді. Бұлары шектен шыққандық қой. Сол күйі мені қалалық полиция басқармасына алып келді. Шектен шығудың көкесін сол жерде көрдім.

Жалпы ұрып-соғудан көз ашпадық қой. Бірақ екі жағдай есімде мықтап сақталып қалды. Подполковник шеніндегі адам, төрт көмекшісі бар, басыма үш рет пакет кигізді. Екі пакетін жыртып тастадым. Бірақ ақырғысында әлім құрып, талықсып кеттім. Қандай мықты болсаң да, бес адамға төтеп бере алмасың анық.

Сосын электршокерді бетіме, мойыныма басқандары әлі күнге жадымда. Бір электршокермен қуаты таусылғанда, екіншісін алып келіп, қайтадан қинады. Үсті-басым қып-қызыл қан болды. Бетімді жуып келуге рұқсат сұрадым. Жуынатын бөлмеге төртеуі бірге кірді де, сол жерде жығып алып, тағы сабады.

Бірде тергеушінің жанды жерімнен жұдырықтағаны бар. "Қыздар да бұлай істемейді" дегенімнен кейін үстеліне отырып, ойланып қалды. Бір аяғымда протез бар. Сондықтан мені "Динамо" спорт кешеніне алып бармады. Ол жақтан өткен адамдардың хәлі күрт нашарлап шығып жатты. Өзім танитын бір азаматтың шашынан ұстап тұрып, төрт тісін электрщокердің сабымен соғып, қағып алған. Электршокердің сабы алюминий ғо, оңдырмайды.

Осы жоғарыдағы подполковник, тергеуші, жедел уәкілдер және көмекші болып жүрген жасақтағылардың бәрінің аты-жөнін білемін. Құзырлы органдарға азаптау туралы арыз беріп, бәрінің атын атап, түсін түстеп көрсеттім. Тергеу эксперименті жүргізілді. Бірақ бес рет істі тоқтатып қойды.

Мен де өзгелер секілді соттың санкциясымен екі ай түзеу мекемесіне қамалдым. Бізді ол жерде аяусыз "қарсы алды". Ішке соғып кіргізуді "қарсы алу" деп айтады. Түрмеде бұрыннан отырғандар бізді ұрып-соққандарын көргенде өздері шошығанын айтты. "Негізі бірінші рет қамалғандарды "қарсы алмайды" деді. Олар бұған дейін салыстырмалы түрде еркін жатқан екен. Қаңтар оқиғасынан соң ұсталғандар келгенде іштегі тәртіп қатайып кеткенін айтты.

"Басымнан мыжып, тепкіледі". 50 жастағы азаматтың полицияда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Полицейлерді, ҰҚК және түрме қызметкерлерін жауапкершілікке тарту керек. Шын мәнінде біз емес, өздері бандит секілді әрекет етті. Тоқаев айтқан 20 мың террористі (Қаңтар оқиғасы күндері президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бір ғана Алматының өзіне 20 мың бандит шабуыл жасады" деген еді – ред.) табулары керек болған ғой.

Бұған дейін бір-бірімізді мүлде танымайтын Қаңтар оқиғасына қатысушылар, қамаудан кейін жақындасып кеттік. Бір-бірімізді демеп, жұбататын болдық. Себебі психологиялық қысым қатты болды. Түрме қызметкерлері "мәселе сендердің мойындау-мойындамауларыңда тұрған жоқ, қалайда сотталасыңдар" дейді. Осының бәрі жүйкеге әсер етеді.

Қаңтар оқиғасын сылтауратып бұрыннан белсенді болып келген азаматтарды қамағандары жасырын емес. Бізбен бірге билікті үнемі сынайтын блогерлер, Семейден келген белсенділер қамауда жатты. Мен де өз ауданымның мәселесін жиі көтеремін. Қала әкімдігіндегілер мені жақсы біледі. Мен тұратын "Сол жағалау" ықшамауданында қыста қар күрелмейді, көшелерінде жарық жоқ, балалар ойын алаңдары жөнделмеген. Соларды қозғайтынмын. Астанаға шағым жазатынмын. Міндетті жұмыстарын әрең істетеміз ғой. Бір жағы осы да менің азапталуыма ықпал еткен секілді көрінеді.

"ОРГАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ӘРЕКЕТІ РАСТАЛМАДЫ". ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық кейіпкерлер айтқан деректер бойынша Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Алмат Байшолақовқа сауалхат жолдады. Хатта "Қаңтар оқиғасынан кейін "Динамо" спорт кешенінде қандай жасақтар жұмыс істеді?", "Операция жасатқан адамды үш күн ішінде ауруханадан қамау орындарына алып кету заңды ма?", "Күштік құрылым қызметкерлеріне азаматтық белсенділерді ұстау туралы тапсырма болған ба?", "Полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерінен арандатушылық әрекеттер байқалды ма?", "Өскеменнің орталық алаңында арандатушылар болды ма? Олар қандай іс-әрекеттерге барған?" және "Қаңтар оқиғасы бойынша неше адам сотталды?" деп сұрағанбыз, бірақ облыстық прокуратура бұл сұрақтарға жауап бермеген.

Прокуратура жауабында Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес кейбір мәліметтер жариялауға жатпайтынын айтады.

"Барлық жәбірленушінің, соның ішінде Р. Жұбақов, А. Ермекбаев және М. Раисовтың, арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, олардың барлық уәждері тексеріліп, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері расталмады" деп жазылған Алмат Байшолақовтың жауабында.

Облыс прокуроры "азаптау туралы шағым түсірген М. Раисовқа полиция департаментінің подполковник шеніндегі қызметкерлерінің суреті көрсетілмегені рас па?" деген сауалға "жәбірленушілерге полиция қызметкерлерінің суреттері тану үшін көрсетілген" деп жауап қайырды.

Ал "азаптау" дерегі бойынша ШҚО-да полиция қызметкерлерінің үстінен 28 шағым түсіп, қылмыстық істер қозғалған, бірақ ешқайсы сотқа жетпеген. 27 арыз бойынша "азаптау фактісі дәлелденбеді" деп шешім қабылданған, бір қылмыстық іс әлі қаралып жатыр.

Ресми ақпарат бойынша, Шығыс Қазақстанда 25 адамның кінәсі дәлелденбей, оларға қатысты қозғалған қылмыстық істер тоқтатылған. Бұл адамдар Қаңтар оқиғасынан соң сот санкциясымен бір айдан екі жарым айға дейін қамауда болған. Кейін жыл соңына дейін "қаладан шықпау туралы" қолхатпен жүрген. Артынан олардың кінәсіз екені анықталған.

Азаттық ШҚО прокурорынан "Кінәсі дәлелденбеген адамдардан толықтай кешірім сұралды ма? Уәкілетті орган олардан кешірім сұрауға міндетті ме?" деп те сұрады. Бұл сауалға органнан "барлығына қабылданған шешім және зиянды өтеу тәртібі жөнінде хабарламалар жолданған" деген қысқа жауап келді.

Бостандыққа шыққан 25 адамның бірі – Ренат Жұбақов көктемде құзырлы органдарға "кінәсіздігін көрсететін" құжат сұрап, хат жолдаған. 30 мамырда одан ШҚО прокуратурасы "залал келтірілгені" үшін кешірім сұраған . Әзірге уәкілетті органның одан басқа адамнан кешірім сұрағаны туралы дерек жоқ.

Астананың Есіл аудандық соты 26 мамырда Ренат Жұбақовтың биліктен моральдық өтемақы алуға берген талабын ішінара қанағаттандырған еді .

Ал Қаңтар кезінде бір көзінен айырылғанын айтқан өскемендік Ерқанат Жеңісұлына бірінші инстанцияда берілген 10 млн теңге өтемақыны Астана соты 3 млн теңгеге азайтқан.

Ресми мәлімет бойынша, дүрбелең кезінде Өскеменде үш адам қаза болған. Полиция үш адамды атқандар табылмады деп мәлімдеді. Өскеменде қаза тапқан марқұмдардың есімі "Қазақстан халқына" қорының "кездейсоқ құрбандар" тізіміне енгізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG