Accessibility links

Израиль Иранға шабуылды доғарды, бірақ Ливандағы әскери іс-қимылды жалғастырып жатыр

Израиль әскери әуе күштерінің F-15 ұшағы (көрнекі сурет)
Израиль әскери әуе күштерінің F-15 ұшағы (көрнекі сурет)

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран билігі бейбіт келіссөз өткізу үшін атысты 14 күнге тоқтататынын жариялағаннан кейін Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранға әуе шабуылын тоқтатынын мәлімдеді.

ЦАХАЛ мәлімдеуінше, Иранға қарсы шабуылдар саяси басшылықтың нұсқауымен тоқтатылған, бірақ армия ұрысқа сақадай сай әзір болады. Вашингтон мен Тегеран атысты уақытша тоқтатуға келіскені жарияланғаннан кейін, 8 сәуірге қараған түні Израиль мен Иран бір-бірін атқылауды жалғастырды: Израильдің солтүстігіне ирандық баллистикалық зымыран түсіп, үш адам жараланды, ал Израиль әуе күштері қарымта ретінде Иранның зымыран ұшыру алаңдарын нысанаға алды. Израиль жағы атысты шамамен түнгі сағат 3:00-де тоқтатқан, ал Иран соңғы зымыранды 3:30 шамасында ұшырған.

Израиль Ливандағы "Хезболла" тобы (АҚШ пен Израиль оны террорлық ұйым деп таныған) нысандарын шабуылдауды және Ливанның оңтүстігінде жалғастыратынын айтып отыр. АҚШ пен Иран келіссөздеріне араағайын болған Пәкістан бұған дейін атысты тоқтату келісімі Ливанға да қатысты деген. Ал Иран бейбіт бітімге келудің бір шарты ретінде Израиль "Хезболлаға" қарсы операцияны тоқтатсын деп талап еткен.

"Хезболла" тобы болса, Израиль әскері мен ол елдің солтүстігін атқылауды тоқтата тұратынын мәлімдеді, деп хабарлады Reuters. Ресми түрде ол жөнінде әлі жарияланған жоқ, "Хезболла" тобының шешімі туралы дереккөздер айтқан. Егер Израиль шабуылды жалғастыратын болса, "Хезболла" не әрекет қылатыны да әзірге айқын емес.

8 сәуірге қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран билігі атыс-шабысты 14 күнге тоқтата тұратынын жариялағаннан кейін әлемнің көптеген елдерінің басшылары оны құптап, тараптарды ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы келісімге келуге шақырды. Украина президенті Владимир Зеленский атысты тоқтату туралы келісімді қолдайтынын айтып, Киев Мәскеуге жанжалды дипломатиялық жолмен шешуге жағдай туғызу үшін осындай қадам жасауды ұсынады деп мәлімдеді.

10 сәуірде Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран арасында келіссөздер өтпек. Екі тарап та ақпанның аяғынан бері жалғасып келген соғыста жеңіске жеткенін мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG