Accessibility links

Иранда "Венесуэла сценарийі" қайталануы мүмкін бе? Сарапшымен сұхбат


Иранның Илам провинциясындағы Абданан қаласындағы наразылық кезінде қолымен жеңіс белгісін көрсетіп тұрған адам. 6 қаңтар.
Иранның Илам провинциясындағы Абданан қаласындағы наразылық кезінде қолымен жеңіс белгісін көрсетіп тұрған адам. 6 қаңтар.

Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы "Американың кәсіпкерлік институтының" зерттеушісі, бұрын Пентагонда жұмыс істеген Майкл Рубиннен сұхбат алып, Ирандағы наразылықты талқылады.

Иранда екі апта бойы үкіметке қарсы наразылық өтіп жатыр. Сарапшылар мұның кейінгі жылдардағы ең ірі толқу екенін айтып жатыр.

Наразылық 28 желтоқсан күні Тегеран базарларынан басталып, 92 миллионға жуық халқы бар Иранның көп аумағына тарады. Иранда базарлар сауда және саясат үшін маңызды рөл атқарады.

Азаттықтың Фарда радиосы 6 қаңтар күні Пентагонда лауазымды қызмет атқарған, қазір Вашингтонда орналасқан "Американың кәсіпкерлік институтында" зерттеуі болып жұмыс істейтін Майкл Рубиннен сұхбат алып, наразылықтың маңызын, оған АҚШ-тың әскери жолмен араласу ықтималдығын талқылады.

Азаттық: Жуықта жарық көрген мақалаңызда "Иранда жақын арада демократия орнай қоймайды" дедіңіз. Пікіріңізді тарқатасыз ба?

Майкл Рубин: Иранда жақын арада демократия орнай қоймайтынының себебі – ел ішінде оған кедергі келтіргісі келетін күштердің тым көп болуы. Ал демократияға қарсы тұрған бұл күштер қазіргі кезде әлдеқайда жақсы қаржыландырылған әрі әлдеқайда жақсы қаруланғанға ұқсайды.

Мұнда тарихи фактор да маңызды. Егер Иран тарихындағы ұқсас кезеңдерге қарасақ, ең алдымен [ХХ ғасырдың басындағы] Конституциялық революция еске түседі. Ол кезде демократиялық күштердің үстемдікке жетуі үшін жылдар қажет болды. Ал оған дейін олар ұйымдасқан контрреволюциялық күштермен күресті.

Азаттық: Қазір біз Иранда революцияның куәсі болып отырмыз ба?

Рубин: Мұндай ықтималдық бар. Тегеран базары жабылған сәттен бастап бұл жай ғана кезекті наразылық емес, әлдеқайда маңызды құбылысқа айналады. Тегеран базарының ерекшелігі – оның өте консервативті әрі діни орта болуы. 1979 жылғы Ислам революциясы кезінде де осы базарлар негізгі ошақтардың бірі болған. Қазір көріп отырғанымыз – наразылықты Жоғары көсем сүйеніп келген осы ортаның өзі бастап отыр.

Азаттық: АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі демонстранттарға қарсы күш қолдануды жалғастырса, әскери араласу мүмкін екенін айтты. Вашингтонда бұған қалай қарайды?

Рубин: Меніңше, бұл ойланып айтылған сөзден гөрі эмоциялық реакция басым. Ең қауіптісі де осы. Дональд Трамп өзге президенттерге қарағанда өз сөзіне берік болуды қажет деп таппайды. Трамп ирандықтардың басын қатерге тігуге шақырып, кейін америкалықтар көмектеспейміз дей сала ма деп алаңдаймын.

Мұның 1991 жылғы жағдайға ұқсастығы бар. Сол кезде АҚШ президенті үлкен Джордж Буш Ирак халқын Саддам Хусейнге қарсы көтерілуге шақырды. Халық көтерілді, бірақ америкалықтар көмектеспеді. Содан кейін Саддам Хусейн тікұшақтармен бейбіт халықты қырып-жойды.

Иранда да осындай жағдай қайталануы ықтимал. Айырмашылығы – егер Ислам революциясы сақшылары өз туыстарына оқ атудан бас тартса, оның орнына Иран қолдайтын шетелдік қарулы топтар, мысалы, "Хашд аш-Шааби" немесе "Фатемиюн" бригадасы қолданылуы мүмкін.

Азаттық: Жақында АҚШ күштері Венесуэла басшысы Николас Мадуроны биліктен кетірді, бірақ оны режимін құлатпады. Иранда осыған ұқсас сценарий болуы мүмкін бе?

Рубин: Иә, мұндай ықтималдық бар. Айта кетейін, мен Иранда демократия орнағанын, режимнің құлағанын қалаймын. Мұнда бір нәрсені анық айтқым келеді, мен ирандықтардың демократияға жеткенін қалаймын, режимнің құлағанын қалаймын. Бірақ мен бұл жерде жақтаушы ретінде емес, талдаушы ретінде сөйлеп отырмын. Менің ойымша, Иранның бұрынғы тақ мұрагері және оппозициядағы танымал тұлға Реза Пехлеви өзін тиімді көрсете алмады. Наразылық басталғанда ол демалыста болды, кеше Вашингтонға барған сияқты. Бірақ оның болуы керек жер – ол емес еді.

Азаттық: Сіздің ойыңызша Пехлеви қазір қайда болуы керек? Сірә, белгілі себептермен Иранға бара алмас.

Рубин: Әрине Иранға бара алмайды. Бірақ ойыма Парсы шығанағындағы кей елдер келіп отыр. Олар оны құшақ жая қарсы алмауы да мүмкін. Бірақ ол мәселен Дубайда жүрсе, сол жерде оны танымайтын ирандық жастармен және бейтарап элитамен байланыс орнатуға қолайлы болар еді.

Пехлеви беделін елеусіз қалдыруға болмас. Бірақ ол қажет деңгейде ұйымдаса алмады немесе өз қозғалысын тиімді механизмге айналдыра алмады. Меніңше, Иран халқының 35 пайызы оны қолдайды. Сол себепті ол елді біріктіруші ретінде үлкен мүмкіндікке ие. Бірақ оны бір сәтке ысыра тұрайық.

Мені алаңдататыны – Венесуэлаға ұқсас жағдай: Трамп билікті тапсыруға, оны [Иранның бұрынғы президенті, ұстамды басшы саналған Хасан] Роухани сияқты адамға беруге тырысуы мүмкін. Менің түсінуімше, Роухани жел қай жақтан соқса, солай бұрылып отырған адам, ал Трамп оны өтпелі кезеңді басқара алатын тұлға деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол Ислам республикасының жойылғанын қаламауы да ықтимал.

АҚШ-та реформашылар расымен де реформаны қалай ма деген бұрыннан келе жатқан пікірталас бар. Меніңше, реформашыл деген бұл тұлға "жаман полицейдің" [Ислам революциясы сақшылары корпусы] жанында "жақсы полицей" болып көрінуші ғана.

Оларды шынайы реформашы деп санамаймын әрі ирандықтардың да соны қалайтынына сенбеймін. Бірақ Дональд Трамп мұны түсіне ме, әлде оған бәрібір ме – белгісіз.

*Сұхбат ұғынықтылық үшін қысқартылып, өңделді.

XS
SM
MD
LG