Accessibility links

 
Бұл Батысқа айбат шегу ме? Путин, Роухани мен Си Цзиньпин неге бірлескен әскери жаттығу өткізіп жатыр? 

Бұл Батысқа айбат шегу ме? Путин, Роухани мен Си Цзиньпин неге бірлескен әскери жаттығу өткізіп жатыр? 


Ресейдің оңтүстігіндегі "Ашулук" әскери базасынан ұшырылған зымыран. 22 қыркүйек, 2020 жыл.
Ресейдің оңтүстігіндегі "Ашулук" әскери базасынан ұшырылған зымыран. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Биыл қыркүйекте Ресей, Қытай және Иран құрлықта және теңізде бірнеше ауқымды әскери жаттығу өткізді.  Көп жағдайда бұл шаралар бірлескен формада, аталған үш мемлекеттің және әлемдік қауымдастық, бірінші кезекте Батыс күдікпен қарайтын Беларусь, Мьянма сияқты елдердің қатысуымен өтті. 

Кей сарапшы батыс елдері жау көретін, тарихи контекст бойынша қазірдің өзінде "зұлымдық ошағы " елдері аталып жүрген жаңа әскери-саяси блок пайда болуы мүмкін деп қауіптене бастады. Бұл шынымен солай ма? Мәскеу, Пекин, Тегеран мен Минск қыруар қаржы жұмсаған әскери қимылдар кімді қорқыту үшін жасалған?

Александр Лукашенко "Батыс елдерінен қауіп төнгені " жөнінде мәлімдеме жасаған тұста, 21 қыркүйек күні, Беларусьтің әскери полигондарында Ресей–Беларусь әскерінің қатысуымен "Славянское братство – 2020 " әскери жаттығуы басталды. Оған 7 мың сарбаз бен 600-ден астам әскери техника қатысты. Бұл шараға Сербия да қатысады деген мәлімет болған. Бірақ Беларусьте тамыз айында өткен президент сайлауынан кейін басталған жаппай наразылыққа байланысты Еуроодақ Белградтан әскери жаттығуға қатысудан бас тартуды талап еткен. Сондай-ақ жақында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесуде Лукашенконың Путиннен жаңа қару-жарақ сұрағаны белгілі болды.

21 қыркүйекте осы шарамен бір мезетте Ресейдің оңтүстік-батысында және өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаған, оны әлемдік қауымдастық мойындамаған де-юре Грузия құрамындағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия аумағында "Кавказ-2020 " стратегиялық әскери жаттығуы басталды. Оған 80 мыңнан астам сарбаз бен офицер, оның ішінде басқа мемлекеттерден келген мыңға жуық әскери қызметкер қатысқан. Ресей қорғаныс министрлігінің сайтындағы дерекке сәйкес, "Кавказ-2020 " әскери жаттығуы 21-26 қыркүйек аралығында Оңтүстік әскери округінің аумағында (яғни, аннекцияланған Қырым жерінде), Қара теңіз бен Каспий акваториясында өтеді. Бұл жерде Қара теңіз флоты мен Ресейдің Каспий флотилиясының қимылдары пысықталып, оларға Иранның әскери кемелері қосылады.

Ресейдің Астрахань облысындағы "Кавказ-2020" әскери жаттығулары кезіне ұшақтардан бомба тастап жатыр. 22 қыркүйек, 2020 жыл.
Ресейдің Астрахань облысындағы "Кавказ-2020" әскери жаттығулары кезіне ұшақтардан бомба тастап жатыр. 22 қыркүйек, 2020 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігінің дерегінше, "бірлескен іс-қимыл дайындығына " Армения, Беларусь, Иран, Қытай мен Мьянманың әскерилері, сондай-ақ Әзербайжан, Индонезия, Қазақстан, Тәжікстан мен Шри-Ланкадан келген бақылаушылар қатысады.

Мысалы, Ресейдің Астрахань облысындағы "Капустин Яр" полигонында өткен әскери қимылдар аясында Ресей, Беларусь, Қытай және Арменияның әскери қызметкерлерінен тұратын оқу тобы құрылған. "Тактикалық міндеттерді пысықтауға " бағытталған жаттығулар Волгоград облысы, Дағыстан, Қара теңіз бен Каспийдің Ресей жағалауында, Армениядағы "Баграмян " полигонында, Абхазиядағы "Цабал " және "Нагвалоу ", Оңтүстік Осетиядағы "Дзарцеми " әскери нысандарында өтеді.

Бірнеше әскери сарапшының пікірінше, "Кавказ-2020 " әскери жаттуғын тек қорғаныс мақсатындағы оқыту деп атауға болмайды. Өйткені жаттығу барысында әскерге қойылған "жедел қамту " немесе "қарсыластың соғыс тәртібіне қарудың және радиоэлектрониканың көмегімен әсер ету " сияқты міндеттер шабуылдау операциясына көбірек ұқсайды.

20 қыркүйекте америкалық Defense News басылымы АҚШ-тың барлау қауымдастығы мен Пентагон Ресей мен Қытайдың биыл жаз бен күзде Арктикада бірлескен әскери жаттығу өткізгені туралы жағымсыз деректі анықтағанын жазды. Сонымен қатар қыркүйекте Тайваньға АҚШ-тың жоғары шенді шенеуніктері барғанда Пекин арал жағалауына жақын жерде (Қытай бұл аумақты өзінің бір бөлігі деп санайды) жауынгерлік атыс құралдарын қолданып, ірі теңіз жаттығуын өткізді.

Ал Иран қыркүйекте Оман шығанағы мен стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазында Zolfaqar-99 әскери-теңіз және әскери-әуе жаттығуларын ұйымдастырды. Бұл жаттығуға ресейлік және қытайлық бақылаушылар шақырылды. Тегеран әртүрлі санатқа жататын қанатты зымырандары мен соғысқа арналған ұшқышсыз басқарылатын аппараттарын сынақтан өткізді.

Ормуз бұғазында Иран әуе-теңіз күштерінің әскери кемесінен зымыран ұшыру сәті. 11 қыркүйек 2020 жыл
Ормуз бұғазында Иран әуе-теңіз күштерінің әскери кемесінен зымыран ұшыру сәті. 11 қыркүйек 2020 жыл

Сонымен Мәскеу, Тегеран мен Пекиннің әскери одақ құрып жатқаны рас па? Олардың қарым-қатынасы қаншалықты берік? Батыс елдерінің қауіптенуіне негіз бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға "Росбалт " агенттігінің әскери-саяси сарапшысы, шығыстанушы Михаил Магид жауап береді:

– Сөзсіз, шараға қатысқан мемлекеттер мен

Владимир Путин, Хасан Роухани және Си Цзиньпин сияқты басшылар осындай жаттығулар арқылы әлемге өз арасындағы бірлікті көрсеткісі келеді.

Бірақ бұл жаттығуларға үлкен мән беріп, қандай да бір "блок " құрылады деп ойламас едім. Былтыр Ресейдің Иранға су жаңа С-400 зенитті-ракеталық кешенін сатудан бас тартқанын, бірақ дәл осындай жүйені НАТО мүшесі – Түркияға бергенін еске салғым келеді. Кремль мұны тағы да АҚШ санкциясының астында қалмас үшін жасаған сияқты. Әрине, аталған мемлекеттер арасында әскери әріптестік дамып келеді және алдағы уақытта бұл ынтымақтастық тереңдеп, кеңейе түседі деп ойлаймын. Бірақ берік әскери блок туралы айтуға әлі ерте.

– Ал Ресейдің Еуразияның оңтүстігі мен Таяу Шығыстағы қазіргі саясатының жалпы бағыты қандай? Ресейді аталған аймақтарда Иранмен де, Қытаймен де жақындастыратын нәрсе не?

– Ресей сыртқы саясатының жалпы бағыты өзгермейді: ол Ресей билігінің АҚШ-пен текетіреске көзқарасына тікелей байланысты. Кремль "Вашингтон бұрынғыша әлемнің көп бөлігін бақылауда ұстап отыр, бірақ Американың ықпалы әлсіреп келеді " деп сенеді. Сондықтан Путин АҚШ-ты одан әрі әлсірету үшін бұл жағдайға қолынан келгенше әсер еткісі келеді. Бұл концепцияға сәйкес, Ресей АҚШ үшін мәселе туғызып отырған аймақтарға кіріп, жергілікті жердегі америкалық саясат пен позицияға кері әсер етуі керек. Мысалы, мұндай аймақтарға Венесуэла, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Иран мен Сирия жатады. Мәскеу қазірдің өзінде Ресейді экономикалық тұрғыдан басып озатын Қытайдың ары қарай күшеюі өзі үшін де үлкен мәселе болатынын жақсы түсінсе де, осыған барып отыр.

Кремль осыған қарамастан, АҚШ-тың күшін әлсірету әлдеқайда маңызды деп есептейді. Путиннің Иранға қолданып отырған әдісі де осындай. Ресей АҚШ үшін Иран мәселесі өте нәзік тақырып екенін әлдеқашан байқаған, Вашингтон Тегеранның күшеюі туралы кез келген ақпаратты өте ауыр қабылдайды. Сондықтан Мәскеу Таяу Шығыста, оның ішінде Сирияда Иранмен әріптестік орнатып отыр.

– Иран мен Ресейдің Сириядағы әріптестігі қаншалық берік саналады? Олардың арасында "Сирияға қатысты " үлкен көзқарас қайшылығы бар деген пікір қаншалық дұрыс?

Бұл – сыртқа бағытталған әскери күштің саяси көрінісі.

– Ресей мен Иран белгілі бір деңгейде Сирияда әріптес болуға мәжбүр. Шын мәнінде АҚШ-тың ғаламдық қарсы тұру жобаларына өте көп қаржы керек. Бірақ Ресей билігі бұл соған тұрарлық іс және аталған жобаға мемлекет қазынасынан ақша жұмсауға болады деп есептейді. Сирияда Иран болмаса, Башар Асад режимін қолдаудың бар ауыртпалығы Мәскеудің иығына түсер еді. Оның бұл міндетті жалғыз атқаруға қауқары жетеді дегенге сенбеймін. Өйткені Асадқа әртүрлі жауынгерлік топтар, олардың бірқатарын қолдау мақсатында Сирияның солтүстік аудандарына кірген түрік әскері сияқты өте үлкен күштер әлі де қарсы шығып отыр.

Башар Асад, Владимир Путин және Иранды жақтайтын "Хезболла" тобының басшысы Хасан Насралланың портреттері. Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласы. 17 наурыз, 2018 жыл.
Башар Асад, Владимир Путин және Иранды жақтайтын "Хезболла" тобының басшысы Хасан Насралланың портреттері. Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласы. 17 наурыз, 2018 жыл.

Сондықтан Ресей мен Иран бір-біріне тәуелді. Олар Сирияның әртүрлі бөлігін бақылауда ұстап отырғанымен, Асадқа әскери, қаржылай және өзге де қолдау көрсету ауыртпалығын бірлесіп көтереді.

Дегенмен олардың арасында көзқарас қайшылығы да бар. Өйткені қос мемлекеттің мүддесі мен бақылау аймақтары әртүрлі. Дамаскіде режимнің ішінде жүріп, Ресейді жақтайтын топтар да, Иранды қолдайтын фракциялар да кездеседі. Қазір онда Иран көбірек ықпалға ие деп ойлаймын. Кейде Ресей мен Иранды қолдайтын фракциялардың өз арасында және Асадты жақтаушы топтарға қарсы қақтығыстар болып тұрады. Бұл топтар қаржы мен белгілі бір аудандарды бақылауда ұстау мүмкіндігін бөліске салады. Бірақ бұл кикілжіңдерге көп мән бермес едім, өйткені Ресей мен Иранның сыртқы саясатының бағыты өзгермейінше, жоғарыда аталған себептер бойынша олар Сирияда әріптес болып қалуға мәжбүр.

Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

– Біз талқылап отырған көпқырлы саясатта Мәскеу бас дирижердің рөлін ойнайтынға ұқсайды, қалған тараптар да өз алдына жеке байланыстарын дамытып жатыр. Иран мен Қытайдың ынтымақтастығын терең деп атауға бола ма? Иран мен Қытай арасындағы жаңа экономикалық келісім туралы әңгіменің астарында не жатыр?

– 2018 жылы АҚШ "ядролық келісімді " бұзып, Тегеранға қарсы ел экономикасын тұралатқан өте ауыр санкциялар енгізгенде Еуропа елдері мен Қытай АҚШ-тың санкциясына ілінгісі келмей, Иранмен әріптестігін бәсеңдете бастады. Бірақ 2020 жылы жазда Иран мен Қытай ғаламдық экономикалық келісімге қол қоюға дайындалып жатыр деген хабар тарады. Осы хабарға сәйкес, Қытай Иран экономикасына 400 миллиард доллар инвестиция құйып, оның орнына 25 жыл бойы арзан мұнай алуды көздеп отыр. Кейін белгілі болған деректерге сенсек, Пекин Ирандағы маңызды инфрақұрылым нысандарын бақылауға алып, ел аумағына бірнеше мың әскерін кіргізуі мүмкін.

Дегенмен бұл келісімнің тағдыры қалай болары әзірге түсініксіз. Өйткені, біріншіден, Қытай Иранмен әріптестігі үшін Американың әлдеқайда қуатты жаңа санкцияларына ілігуге қаншалық дайын екенін ешкім кесіп айта алмайды. Екінші жағынан, Тегеранның өзінде бұл келісімге қарсылық білдіріп жатқандар бар. Олар Иран Қытайдың протекторатына айналуы мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ Ирандағылардың көбі бұл келісімді қолдайды: олар ел экономикасын сақтау үшін Тегеранның Пекинмен әріптес болудан басқа амалы жоғын айтады. Бірақ әзірге бұл жобаның қаншалық жүзеге асатыны белгісіз.

– Кең ауқымда алсақ, Қытай Халық Республикасы Үлкен Таяу Шығыстағы істерге шынымен көп араласады деп ойлайсыз ба? Пекин аталған аумаққа қаншалық тереңдей енуі мүмкін?

Бұл көп факторға, бірінші кезекте АҚШ–Қытай текетіресінің ауқымына байланысты. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қытай Халық Республикасы тым алысқа баруы мүмкін. Өйткені ол "Бір белдеу – бір жол " ғаламдық бастамасын жүзеге асырып жатыр. Бұл – мұнай-газ құбырлары, теміржол, теңіз порттары, әуежайлар арқылы бүкіл Еуразияны бірыңғай нарыққа айналдыруды көздейтін коммуникациялар жүйесі. Бірақ барлық маңызды инфрақұрылым нысандары мен байланыс желілері Пекиннің бақылауында болуы керек.

Қытай осы жоба аясында соңғы уақытта Үлкен Таяу Шығысқа көз салып отыр. АҚШ-тың көп ұзамай Ауғанстаннан біржола шығатыны белгілі. Сондықтан

Болашақта Қытай–Иран әріптестігі Ауғанстанды да қосып алуы мүмкін.

Бұл жерде Қытайдың Ливанмен үлкен әріптестік жобасы бар, қазір қос мемлекет арасында Иран келісіміне ұқсас шартқа қол қою мәселесі талқыланып жатыр. Тек Қытай–Ливан келісімінде әлдеқайда аз инвестиция – небәрі 12 миллиард доллар көрсетілген.

Екінші жағынан, Қытай Израильмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Пекин Израильден жоғары технология өнімдерін сатып алады. Осы тұста екі сұрақ туады. Біріншіден, Қытайға бір мезетте Иранмен және екінші жағынан Израильмен не Сауд Арабиясымен тығыз экономикалық әріптестік орнату қиынға соғады. Өйткені бұл – өзара жау мемлекеттер. Пекиннің бұл әріптестікті қалай жүзеге асыратыны түсініксіз. Тағы бір мәселе бар: Қытай мен АҚШ арасында кикілжің туып отырған кезде Пекин Таяу Шығыстың ісіне араласып, басын тәуекелге тігуге қаншалық дайын? Қазір сарапшылар арасында осы мәселелер талқыланып жатыр. Вашингтон Таяу Шығыстағы ықпалын азайтып, Шығыс Азиядағы Пекинмен текетіресіне көңіл бөлуі де мүмкін. Сондықтан Қытай АҚШ-тың назарын өзінен басқа арнаға бұрып, оны Таяу Шығыста шығынға батыру үшін аталған өңірге капиталы мен әскерін алып баруы ықтимал. Бірақ әзірге бұл жағдайдың қалай аяқталары белгісіз. Бұл Вашингтонның ары қарайғы саясаты мен әзірге нәтижесі белгісіз АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты.

Мақала орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG