Accessibility links

Назарбаевтың "екінші әйелі" Гүлнара Рақышева деген кім?


Назарбаевтың "екінші әйелі" Гүлнара Рақышеваның бизнесі┃Зерттеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:29 0:00

Назарбаевтың "екінші әйелі" Гүлнара Рақышеваның бизнесі┃Зерттеу

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми өмірбаянында зайыбы Сара Назарбаевамен бірге үш қыз тәрбиелеп өсіргені жазылған. Бірақ бейресми деректерде оның екінші және үшінші әйелі болғаны я бар екені айтылады. Олар – Гүлнара Рақышева мен Әсел Құрманбаева (Исабаева). Назарбаевтың екінші және үшінші әйел алғаны ресми расталмаған және жоққа да шығарылмаған. Ал осыған дейін тараған жанама деректер жетерлік. Әсіресе, Әсел Құрманбаева туралы кейінгі жылдары бірнеше журналистік зерттеу жарияланды. Ал Гүлнара Рақышева деген кім? Азаттық тұңғыш президенттің бейресми "екінші әйелі" туралы бар ақпаратты жинап шықты. Қызмет жолын қарапайым стюардесса болып бастаған Рақышеваның қалай табысты кәсіпкерге айналғанын оқыңыз.

РЕСЕЙДЕ ТУЫП, ВЕНГРИЯДА ОҚЫҒАН

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі Сара Назарбаева мен үшінші әйелі делінетін Әсел Құрманбаеваның атын Google-ға теріп қалсаңыз, біраз ақпарат шығады. Ал "екінші әйелі" Гүлнара Рақышева туралы толымды мәлімет жоқ.

Алғаш рет Гүлнара Рақышева туралы Назарбаевтың күйеу баласы болған, марқұм Рахат Әлиев билікпен кетіскен кезде жариялаған "Өкіл қайын ата" деген кітабында жазған. Рақышева туралы пікір айтқандар сол дерекке сүйенеді. Әлиев "Стюардесса мен мемлекет басшысының қарым-қатынасы жақындаса түскен 1996 жылы Гүлнара 26 жасқа толған" деп бастайды бұл туралы әңгімені.

– Әлбетте, Гүлнараға енді стюардесса қызметін атқарудың қажеті жоқ еді. Ол Air Astana әуе компаниясының вице-президенті болды. Ал әкесінің қызметі аяқ асты өсті: ол Семей әскери гарнизонында шаруашылыққа жауап беріп, тыныш қана жұмыс істеп жүрген. Күтпеген жерден егде тартқан полковник қорғаныс министрінің тылды қамтасыз ету бойынша орынбасары лауазымына бір-ақ көтерілді, – деп жазылған "Өкіл қайын ата" кітабында.

Кітаптағы бұл деталь осы материалды жазу барысында кейбір деректерді жанама түрде растауға мүмкіндік берді.

Рахат Әлиевтің кітабында Гүлнара Рақышеваның өмірге екі қыз әкелгені, 2004 жылдан бері Испанияда тұратыны да жазылған. Бірақ әлеуметтік желідегі оныкі деген парақшалардағы ақпаратқа сай, Рақышева бірде Алматыда, бірде Астанада тұрады.

Әлеуметтік желідегі Гүлнара Рақышеванікі деген парақшадағы деректер мен әкесі Ораз Рақышевтың өмірбаяны сәйкестікке толы. Азаттық видеоматериалынан жасалған скриншот
Әлеуметтік желідегі Гүлнара Рақышеванікі деген парақшадағы деректер мен әкесі Ораз Рақышевтың өмірбаяны сәйкестікке толы. Азаттық видеоматериалынан жасалған скриншот

Гүлнара Рақышева есімді қолданушы бірдей жеке деректерімен 2013 жылдан бастап ресейлік "Одноклассники" деген әлеуметтік желіге төрт рет тіркелген. Алғашқы екеуінде туған күнін, тұратын жерін, оқыған мектебін жазып, әлдебір әскери бөлімде жауынгерлік борышын өтегенін көрсеткен.

Экс-президенттің "екінші әйелі" деп айтылатын адамның атымен ашылған жеке парақшадағы деректі 2000 жылдары қорғаныс министрінің орынбасары болған Ораз Рақышевтың, яғни әкесінің ресми өмірбаянымен салыстырдық.

Мәселен, "Одноклассники" желісіндегі аккаунтта Гүлнара Рақышева 1970 жылғы 2 наурызда Мәскеуге жақын жердегі Тула қаласында туғаны көрсетілген. Ашық дереккөз арқылы дәл осы датамен ЖСН-і сәйкесетін Гүлнара Оразқызы Рақышева деген адамның бары расталды. Ал өткен ғасырдың 70-жылдары әкесі Ораз Рақышев Ресейдің бірнеше қаласында әскери қызметте болған.

Тағы бір сәйкескен тұс: Гүлнара Рақышева жеке парағындағы дерекке сай, 1981-86 жылдары Венгрияның Мор қаласында Оңтүстік Қарулы күштер тобындағы N70 мектепте оқыған. Ораз Рақышевтың әскери салада ұзақ уақыт қызмет істеген елдер қатарында Венгрия да бар.

Венгрияда 1982 жылы түсірілген сурет. Әкесімен бірге тұрған 12 жастағы Гүлнара. Сурет те, оның ақпараты да Рақышеванікі деген парақшадан алынды.
Венгрияда 1982 жылы түсірілген сурет. Әкесімен бірге тұрған 12 жастағы Гүлнара. Сурет те, оның ақпараты да Рақышеванікі деген парақшадан алынды.

"Одноклассники" желісіндегі "Гульнара Ракышева" деген аккаунтқа тіркелген телефон нөмірлерін басқа адамдар телефонына "Гульнара Ракышева", "Гульнара Оразовна" деп сақтаған.

СТЮАРДЕССАДАН ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕРГЕ ДЕЙІН

Гүлнара Оразқызы Рақышева – Алматыда Төле би көшесі, 40 мекенжайында тіркелген "ФИРМА ШАРМ" деген компанияның иесі. Директоры да өзі. 1998 жылы құрылған компания жылжымайтын мүлікті жалға беру, шаштараз қызметін көрсету деген бағыттар бойынша жұмыс істейді. Statsnet дерек базасының ақпаратына сай, "ФИРМА ШАРМ-ның" жыл сайынғы ақша айналымы 100 млн теңгенің айналасында.

Гүлнара Рақышеваның "Фирма Шарм" компаниясы тіркелген мекенжай. Алматы, 2023 жыл
Гүлнара Рақышеваның "Фирма Шарм" компаниясы тіркелген мекенжай. Алматы, 2023 жыл

Гүлнара Рақышева тағы бір табысты компанияның құрылтайшылар қатарында. Ол серіктестік Sergio group деп аталады. Жыл сайынғы ақша түсімі 4-6 млрд теңге аралығында. Statsnet дерегінше, биылғы жылдық қаржы айналымы 12 млрд теңгеден асқан. Компанияның астаналық филиалының кірісі де аз емес.

Sergio group – Алматы мен Астанада шетелдік бренд жиһаз бен ыдыс-аяқ сататын дүкен. Компанияны бұрын президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген Сергей Рыжаков деген адам құрған. 2010 жылы Гүлнара Рақышева екінші құрылтайшы болып қосылған.

Алматыда бренд жиһаз бен ыдыс-аяқ сататын Sergio interiors дүкенінің сырты. Гүлнара Рақышева бұл компанияны Сергей Рыжаков деген адаммен бірге иелік етеді
Алматыда бренд жиһаз бен ыдыс-аяқ сататын Sergio interiors дүкенінің сырты. Гүлнара Рақышева бұл компанияны Сергей Рыжаков деген адаммен бірге иелік етеді

Экс-президенттің "екінші әйелі" "Мой сервис" деген тағы бір компанияда құрылтайшы. Бірақ бұл серіктестік кейінгі жылдары мүлде салық төлемеген.

Бұдан бөлек Рақышева "Барыс" деген қайырымдылық қорға иелік етеді. Қор жұмыс бабы туралы ашық ақпарат таратпайды. Алғаш құрылған уақытта Руслан Радмирұлы Рақышев деген адам қордың құрылтайшысы болған. Аты-жөніне қарағанда Руслан Гүлнараның ағасы Радмир Рақышевтың ұлы.

Қаржылық есеп депозитариі базасындағы дерекке сәйкес, Гүлнара Рақышева 2010 жылы "Бұқтырма цемент компаниясы" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі болған.

ҚҰПИЯ ЖӘНЕ ҮНСІЗДІК. РАҚЫШЕВАМЕН ТІЛДЕСУГЕ ТАЛПЫНЫС

Азаттықтың қолына Гүлнара Рақышеваның мекенжайы деп көрсетілген дерек түсті. Үй Алматының "Қазақстан" қонақ үйіне жақын, Қалдаяқов көшесінде орналасқан. Біз сол пәтердің қоңырауын бастық. Ешкім ашпады. Бірақ көрші пәтерде тұратын, өзін "Дінмұхаммед Қонаевтың тұсында құрылыс бөлімін басқардым" деп таныстырған қариямен тілдестік. Ол үйді өзге адамдар жалдап тұрып жатқанын айтты. Қариямен арадағы диалог былай өрбіді:

– Үйдің негізгі иесі білемін. Ол – құпия.

– Гүлнара Рақышеваға тиесілі ғой, аға?

– Әне, әне.

– Рас па?

– Иә.

– Ол кісінің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі деген рас па екен? Сіз естігенсіз бе мұндай ақпаратты?

– Соған ұқсайды. Білмеймін.

Гүлнара Рақышеваның пәтері деп көрсетілген мекенжайға көрші тұратын Алматы тұрғыны Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұр
Гүлнара Рақышеваның пәтері деп көрсетілген мекенжайға көрші тұратын Алматы тұрғыны Азаттық тілшісімен сөйлесіп тұр

Гүлнара Рақышева есімді адамның қазақстандық екі және ресейлік бір телефон нөмірін таптық. Бірнеше рет қоңырау шалғанымызбен, тілдесу мүмкін болмады. Әлеуметтік желідегі парақшасына достық ұсынып, хат жаздық. Желі қолданушы сол хатты, ондағы сұрақтарды оқыды, бірақ материал жарияланғанша жауап келмеді.

Гүлнара Рақышеваның ағасы Радмир Рақышев та қорғаныс саласының маманы. Кейініректегі жұмыс орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің әскери кафедрасын басқарған. Оған телефон шалғынымызда "дұрыс жерді қазып жатқан жоқсың" деп риясыз бір күліп алды. Кейін әпкесі мен экс-президенттің байланысы туралы әңгімені Рахат Әлиев пен Виктор Храпуновтың шығарған өтірігі деп атады.

– Ақпаратты қайдан алдыңыз? Бос сөз, – деп бір тоқтады. Артынша бұл туралы Әлиев пен экс-әкім Храпуновтың өзінен сұрап алыңдар деді.

Радмир Рақышевтың Әлиевпен бірге Храпуновты қатар атағының себебі бар. Қазақстанда сырттай сотталған, қазір Еуропада тұратын Виктор Храпунов та "1612" арнасына берген бір сұхбатында Рақышева туралы айтқан. Ол "БАҚ-та тоқал [Гүлнара Рақышева] мен одан туған балалар туралы жазылды... Бұл Сара Алпысқызына ауыр тиген" деп айтқан еді.

Материалдың басында "Өкіл қайын ата" кітабынан Рақышеваның Air Astana компаниясында вице-президент болғаны туралы үзінді келтірген едік. Әуе компаниясы Азаттықтың ресми сауалхатына жауап беріп, Рақышеваның 2005 жылға дейін вице-президент лауазымында болғанын растады.

Алматы әуежайында тұрған Air Astana әуекомпаниясының ұшағы. Сурет jetphotos.com сайтынан алынды
Алматы әуежайында тұрған Air Astana әуекомпаниясының ұшағы. Сурет jetphotos.com сайтынан алынды

Қазақстанның бірінші президентінің "екінші әйелі" саналатын, үкіметтің "Бүркіт" әуе компаниясында стюардесса болып жүріп, аз уақытта жаңадан құрылған елдегі ең ірі әуе компаниясы Air Astana-ның басшылығына жайғасқан, кейін табысты кәсіпкерге айналған адам туралы деректердің бір парасы осындай.

Құжаттарда бірде Назарбаева, бірде Қонақай деген фамилиямен жүретін Сара Алпысқызы біраздан бері жұрт алдына шықпайды. "Бөбек" қорының құрушысы әрі президенті ретінде де белгілі Сара Назарбаеваның есімі орталықтың ресми сайтындағы басшылық құрам қатарынан көрінбейді.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және күйеу баласы Рахат Әлиевпен. Архив суреті.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және күйеу баласы Рахат Әлиевпен. Архив суреті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми "үшінші әйелі" Әсел Құрманбаева туралы былтыр бірнеше зерттеу жарияланған. Оның бірінде OCCRP халықаралық зерттеуші журналистер тобы Құрманбаева Назарбаевтың сенімді көмекшісі болған Владимир Нидің отбасына тиесілі компаниядан 30 млн доллар қаражат алғанын әшкереледі. Бірінші президенттің екі ұлының анасы делінетін Әсел Құрманбаева қазір "Астана балет" театрының арт-менеджері.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған соң ағынан жарылып, мемлекеттік арна журналисіне бірнеше сериялы сұхбат берген. Бірақ ол жерде бұрынғы президент жұрт аузындағы екінші, үшінші әйелдері, олардан туған балалары туралы тіс жармаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG