Украинаның мемлекеттік «Хочу жить» жобасы Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып, шайқаста қаза болды деген қырғыз азаматтарының тізімін жариялады. Жобаның Telegram арнасында 31 қазанда жарияланған тізімде 143 адамның аты-жөні, әскери шені, туған күні, әскери бөлімшелері, төсбелгі нөмірлері және қайтыс болған күндері көрсетілген.
Жоба авторлары бұл сан түпкілікті емес, шын мәнінде олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескертеді. Олардың сөзінше, Ресей қарулы күштеріндегі дереккөздер бұл санды растаған.
Тізімде 93 адам биыл қаза тапқан деп көрсетілген. Қалған 56 адамның көбі былтыр қаза болған. Бірнешеуі 2023 жылы мерт болды деп көрсетілген.
«Хочу жить» тізімдегі адамдардың ресми түрде қаза тапты деп жарияланғанын және кейбірі ұзақ уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткенін атап өтеді.
Жоба бұған дейін Украинадағы соғысқа тартылған 687 қырғыз азаматының тізімін жариялаған.
Жоба авторлары Ресей билігінің Қырғызстанды қоса алғанда, Орталық Азия азаматтарын соғысқа көбірек тартып жатқанын атап өтеді.
«Хочу жить» жобасы Ресей әдетте, шетел жалдамалыларын екі апта ғана дайындап, оларды қанды шайқаста алдыңғы шепке бірден жіберетінін, сондықтан олардың көбі шайқас алаңында қаза табатынын айтады.
Бұған дейін «Хочу жить» жобасы Украинада қаза тапты делінген 270 қазақстандық, 446 тәжік және 481 өзбек азаматтарының тізімін жариялаған.