Accessibility links

Еуропа чемпионаты тарихындағы хет-триктер


Испания шабуылшысы Давид Вилья гол соққан сәт. Футболдан әлем чемпионаты, Йоханнесбург, 3 маусым 2010 жыл.
Испания шабуылшысы Давид Вилья гол соққан сәт. Футболдан әлем чемпионаты, Йоханнесбург, 3 маусым 2010 жыл.

Еуро-турнирлер тарихында барлығы сегіз хет-трик соғылыпты. Құрлық чемпионатында алғаш рет бір ойында үш гол салған ойыншы - Дитер Мюллер (1976 жылы). Ал 2008 жылғы турнирде Давид Вилья Ресей қақпашысын бір матчта үш рет қапы қалдырды.


Хет-трик деп бір ойында бір футболшының үш рет гол соғуын айтады. Мұндай оқиғалар футбол чемпионаттарында сирек болады. 13 рет өткен Еуропа біріншілігінде 8 мәрте хет-трик соғылыпты.

Дитер Мюллер: Euro-1976, жартылай финал. Югославия – ГФР (2:4).

Бұл матч - футбол тарихындағы ең жарқын дебюттердің бірі. Мюллер алаңға шыққанға дейін оның командасы 2:1 есебімен жеңіліп жатқан. Ойынның аяқталуына 11 минут қалғанда алаңға тыңнан қосылған Дитер есепті теңестіріп кетті. Осы голдан кейін матч қосымша уақытқа ұласты. Экстра-таймда Мюллер тағы да екі голдың авторы атанып, өз командасын финалға шығарды.

Клаус Аллофс: Euro-1980, топтық кезең. ГФР – Голландия (3:2).

Ойын барысында Аллофстың есімі таблоға үш мәрте шықты. Алайда оның бұл табысына Бернд Шустердің де сіңірген еңбегі зор. Ол Клаусқа екі рет ұтымды пас шығарды. Бұл жеңіс немістерге тың серпіліс беріп, Аллофс пен оның командасы Еуропа чемпионы атанды.

Мишель Платини: Euro-1984, топтық кезең. Франция – Бельгия (5:0).
UEFA президенті Мишель Платини келесі Euro-2016 чемпионатының Францияда өтетінін көрсетіп тұр.
UEFA президенті Мишель Платини келесі Euro-2016 чемпионатының Францияда өтетінін көрсетіп тұр.

Франция құрамасы құрлық біріншілігінің басында Данияны әрең ұтқан -1:0. Ал екінші кездесуде жарыс қожайындары (1984 жылғы Еуро-турнир Францияда өткен еді) Бельгияны ірі есеппен жеңді. Қақпаға енген 5 голдың үшеуін Мишель Платини соқты. Команда көшбасшысы 4 минутта есеп ашса, кейін пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал матчтың аяғында үшінші голын баспен соқты.

Мишель Платини: Euro-1984, топтық кезең. Франция – Югославия (3:2).

Бельгияны 5:0 есебімен ұтқаннан кейін келесі ойында да Платини үш голдың авторы атанды. Бір чемпионатта екі мәрте хет-триктің авторы атанған Платинидің бұл ерлігін қайталаған футболшы жоқ. Команда капитаны үш голын да екінші таймның басындағы 18 минуттың ішінде соқты (59, 62 және 77-минутта).

Марко ван Бастен: Euro-1988, топтық кезең. Англия – Голландия (1:3).
Марко ван Бастен Euro-2012 чемпионатында Ресейдің қай топқа түсетінін анықтады. Киев, 2 желтоқсан 2011 жыл.
Марко ван Бастен Euro-2012 чемпионатында Ресейдің қай топқа түсетінін анықтады. Киев, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Голландия алғашқы ойында Совет Одағы құрамасынан ұтылып қалған еді – 0:1. Марко ван Бастен бұл ойында тіпті алаңға шықпады. Ал ағылшындармен өткен кездесуде бірінші минуттан ойынға араласты. Команда бапкері Ринус Михелдің үмітін ақтап, үш голдың авторы атанды. Сол кезде «Миланның» сапында ойнаған Марко ван Бастен әр матч сайын ерекше ойынымен көзге түсті. Тіпті финалда Совет Одағы командасының қақпасына жеңіс голын соғып, командасымен бірге Еуропа чемпионы болды.

Сержиу Консейсау: Euro-2000, топтық кезең: Португалия – Германия (3:0).

Немістерге жарысты жалғастыру үшін бұл ойында қалайда ірі есеппен жеңіске жетуі керек еді. Алайда Консейсау бастаған Португалия құрамасы оларды жарыстан ысырып тастады. Сержиу соққан үш гол португалиялықтарға топтық кезеңдегі үшінші жеңісті сыйлады.

Патрик Клюйверт: Euro-2000, ширек финал. Голландия – Югославия (6:1).

Консейсаудың ерлігінен кейін бір апта өткенде Голландия ойыншысы Патрик Клюйверт бір ойында үш гол соғып, Еуропа футбол чемпионатының тарихына жазылды. Бірінші таймда екі, ал екінші бөлікте бір гол соққан футболшы 50 минутта алаңдағы орнын Рой Макайға босатып, тынығуға кетті.

Испания шабуылшысы Давид Вилья (сол жақта) гол соқты. Оңтүстік Африка, 25 маусым 2010 жыл.
Испания шабуылшысы Давид Вилья (сол жақта) гол соқты. Оңтүстік Африка, 25 маусым 2010 жыл.
Давид Вилья: Euro-2008, топтық кезең. Испания – Ресей (4:1).

Жылдамдық пен алаңдағы шеберліктің арқасында Вилья бұл ойында ерекше ептілік көрсетті. Гус Хиддинк командасының қақпасына үш гол соққан Вильяның ерлігін бұл турнирде ешкім қайталай алған жоқ. Испан футболшысы Еуро-2008 додасының мергені атанды – ол осы маусымда 4 гол соққан.
XS
SM
MD
LG