Тбилисидегі Руставели даңғылында парламент сайлауының ресми қорытындысына наразы азаматтар қарсылық акциясын өткізіп жатыр. Сайлауды қайта өткізуді талап еткен наразылар 24 қарашада Грузия парламенті ғимаратына шерулетіп бару үшін алдымен Республика алаңына жиналды. Шеру кезінде оппозиционерлер мен полиция тәжікелесіп қалды.
Полиция алаңдағы көлік қозғалысын, соның ішінде акцияға шыққандар жүрісін шектеді, оларға бұл жерден бастап жаяу жүру керек деп хабарлады, жұрт бұған наразы болды.
"Жолды не себепті жапты? Көлік парламентке басып кіре ме? Көлік қозғалысқа керек. Түнде [парламент ғимараты маңында] қонамыз деп айтылды, ал кейбір көлікте су, біреуінде байланыс құралы, басқасында шатыр бар. Көліктің ішінде не бар екенін қараңыздар. Олар [адамдарға] түнеу үшін қажет", – деді оппозициялық "Өзгеріс үшін коалициясы" жетекшілерінің бірі Ника Мелия.
Айтыс-тартыстан кейін митингіге шыққандар жоғары заң шығарушы орган ғимаратына шерулетіп барды, олар сол жерде түнемек болды. Наразылар жиналған жерге полиция да жұмылдырылды.
Митинг 25 қарашаға жоспарланған 11-шақырылымдағы парламенттің бірінші жалпы отырысына наразылық ретінде өтіп жатыр. 24 қарашада полиция мәлімдеме жасап, акцияға шыққандар заң шығарушы орган жұмысына кедергі келтірсе, қылмыстық жауапқа тартылады деп ескерткен.
Грузия үкіметі аппаратының баспасөз қызметі 25 қараша күні 10.00-де елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе брифинг өткізеді деп хабарлады.
Грузияда 26 қазанда парламент сайлауы өткен. Ресми қорытындыға сәйкес, билікте отырған "Грузин арманы" партиясы 11-шақырылымдағы парламенттегі 150 орынның 89-ына ие болған. Қалған орындар оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" (19 мандат), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" (16 мандат), "Қуатты Грузия" (14 мандат), "Гахария Грузия үшін" (12 мандат) арасында бөлінді. Төрт оппозициялық партия сайлау қорытындысын мойындамады. Олар өз мандатынан бас тартатынын айтты. Оппозиция жетекшілері 4 қарашадан бері сайлауды қайта өткізуді талап етіп, наразылық акцияларын өткізіп жүр.
ПІКІРЛЕР