Германияда “Ресейге тыңшылық жасады” деп ұсталған қазақстандықтың ісіне байланысты Қазақстан СІМ Берлинге ресми сұрау жолдады.
“ҚР сыртқы істер министрлігі БАҚ-та Германияда Қазақстан азаматының заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа байланысты Германияның құзыретті органдарына ресми сұрау жолданғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта жауап күтілуде. Мәселе министрліктің бақылауында” деп жазылған ведомствоның хабарламасында.
Бір күн бұрын Германияда “Ресейге тыңшылық жасады” деген күдікпен қазақстандықтың ұсталғаны хабарланған еді.
Германия прокуратурасының хабарлауынша, Сергей К. есімді адам Германияның Украинаға берген әскери көмегі және елдің әскери өнеркәсібі, оның ішінде дрон өндірісі жайлы мәліметтерді Ресей агенттеріне тапсырған.
Ол бұған қоса, Берлиндегі үкімет ғимараттары мен автомагистральдағы әскери техника, саясаткерлердің қызметтік көліктерінің суреттерін берді деген күдікке ілініп отыр. Тергеу болжамынша, қазақстандық суреттерді смартфонына түсіріп, оларды Ресей арнайы қызметіндегі адамға беріп отырған.
Прокурорлар күдікті Германиядағы ықтимал диверсия нысандары туралы ақпарат таратты және жаңа адамдарды тартты деп те санайды.