Accessibility links

Германия шешімі әлемдегі спорт жарыстарының тағдырын шешпек


Мюнхеннің "Бавария" клубының ойыншылары, 2007 жыл. Көрнекі сурет.
Мюнхеннің "Бавария" клубының ойыншылары, 2007 жыл. Көрнекі сурет.

Германия канцлері Ангела Меркель футболдан бундеслиганың ойындарды қайта бастау мүмкіндігін талқыға салмақ. Олар қабылдайтын шешім Еуропа мен әлемнің басқа бөліктеріндегі спортшыларға карантиннен кейінгі өмірдің қалай боларынан хабар бермек.

Осы апта дүниежүзінің спортсүйер қауымы Германияға көз тігеді. Канцлер Ангела Меркель аймақтық спорт ұйымдары басшыларымен кездесіп, бундеслига ойындарын жалғастыру мәселесі бойынша шешім шығармақ. Құрамына "Бавария-Мюнхен", "Борруссия-Дортмунд" сияқты әйгілі футбол командалары кіретін лига коронавирус пандемиясы басталған наурыз айында ойындарын тоқтатқан еді.

Үкімет бундеслиганың мамырдың 9-ына ойындарды қайта бастау туралы жоспарын қолдаса, онда бұл ағылшын премьер-лигасы, Испаниядағы La Liga және Италиядағы Serie A лигаларына да "ойындарды қайта бастауға болады" деген белгі ретінде қабылданбақ.

Мамырдың басында матчтар қайта жалғасады деген – тым оптимистік жоспар, соған қарамастан көп болжамға сенсек, карантин мен әлеуметтік арақашықтық шаралары әлемдегі бүкіл спорт жарыстарын қаңтарып тастағалы бері Батыс әлемінде тіршілігін қайта бастайтын алғашқы лига немістің элиталық футбол лигасы болмақ.

Дегенмен, Германияға қарағанда COVID-19 індетінен Италия, Испания және Ұлыбританияның көбірек жапа шеккенін ескерсек, турнир кестесінде көш бастап тұрған мюнхендік "Бавария" чемпиондық жолындағы күресін жалғастырғанымен, бұл "Барселонадағы" Леонель Месси, "Ювентустағы" Криштиану Роналду немесе "Ливерпульдағы" Мұхаммед Салах та алдағы апталарда қақпаға гол сала бастайды деген сөз емес.

Италия мен Испания құрама командалары футболдан Еуро-2016 жарысы кезінде. Париж маңындағы Сен-Дени, Франция, 27 маусым 2016 жыл.
Италия мен Испания құрама командалары футболдан Еуро-2016 жарысы кезінде. Париж маңындағы Сен-Дени, Франция, 27 маусым 2016 жыл.

– Басқалардың Германияға қаншалық көз тігіп отырғанын білмеймін. Әрине, [немістер] ойынды бастауға өзгелерден жақын тұр, сондықтан олар бұрынғы өмірге қайта оралудың жолын көрсетпек. Бірақ, Германияның [коронавирусты] басқа көп елге қарағанда жақсы жеңгенін ескеру керек, – дейді Дублинде орналасқан Off The Ball сайтының редакторы Ричи Маккормак.

Германияның ойындарға қайта оралу жайлы аса сақтықпен қабылданған шешімі Еуропа мен бүкіл әлемдегі барлық спорт түрлеріне байланысты шешімдерге ықпал етері анық.

Жазда көп адам жинап, қыруар ақша түсіретін ірі спорт жарыстары көп. Бұл санатта футбол ғана емес, теннис, баскетбол, гольф, жеңіл атлетика, регби және автожарыс та бар.

Барлығы наурызда ойындарын тоқтатқан, соның кесірінен миллиондаған жанкүйер қызық көре алмай, үйінде қамалып қалды, ұйымдастырушылар мен сатушылар билет сатудан, жарнамадан және басқа да заттардан түсетін миллиардтаған табыстан қағылды.

"БОС СТАДИОНДАҒЫ" МАТЧ

Ғалымдар мен үкіметтер COVID-19 коронавирусын тексеретін, емдейтін және оның алдын алатын дәрі іздеп таппайынша спорт әлемі жартылай қаңтарылған күйінде тұратын шығар.

Көп елдің ресми басшылары элиталық жарыстарды қайта бастау жалпы халықтың және спортшылардың денсаулығына кесірін тигізбеуі керек дегенді ескертумен келеді.

Бундеслиганың жоғарғы екі тобына кіретін 36 команданың өкілдері сәуірдің 23-іне видеоконференция өткізіп, мамырдың 9-ы я 16-сы басталып, маусымның 30-ына аяқталады деген ойындардын жайын пысықтады.

Бундеслиганың бірінші және екінші тобындағы футбол матчтарына әлемнің басқа бөліктеріндегі лига жарыстарына қарағанда анағұрлым көп жанкүйер жиналады.

Бірақ олардың бір жоспары бойынша, ойындар "Geisterspiele" ("әруақтар ойыны") түрінде де өтуі ғажап емес. Яғни, стадионға жанкүйер кіргізілмейді, ғимараттың іші-сыртында ойыншылардың өзімен қоса маска киген 300-ге тарта көмекші адам болады.

Бразилиядағы футбол матчына келген маска таққан жанкүйер. Көрнекі сурет.
Бразилиядағы футбол матчына келген маска таққан жанкүйер. Көрнекі сурет.

Олардың арасында тазалағыш машиналар мен гигиена қызметкерлері болады, ойын басталарда және соңында COVID-19 вирусына сынама алынады, спортшылардың қол алысуына, топтасып суретке түсуіне тыйым салынады.

Меркель мен аймақ министрлеріне таныстырылатын бұл жоспар "медициналық тұрғыда лайықты тәуекел" деп бағаланып отыр.

Германиядағы беделді футбол сайттарының бірі Kicker бремендік сенатор Ания Стахманның пікірін келтірген. Сенатордың айтуынша, лига "ең қатаң гигиеналық және медициналық ереже жасап, оны орындауы тиіс" және "жанкүйер топтарының" жиналмауы үшін бар амалды жасауы керек.

Германия үкіметіне кеңес беріп отыратын Роберт Кох институтының (RKI) биомедицина орталығы бұл жоспарға қырын қарайды.

Азаттыққа электронды поштамен жауап берген институт өкілі "[Футбол жарыстарын] бастау туралы шешім қабылдау RKI-дың жұмысы емес" деді.

Бірақ, құрғақ сөзге қарағанда статистика салмақтырақ.

Римде көшеде кетіп бара жатқан маска таққан адам. Италия, 12 наурыз 2020 жыл.
Римде көшеде кетіп бара жатқан маска таққан адам. Италия, 12 наурыз 2020 жыл.

Сәуірдің 28-іне RKI Германияда карантин ережелері жұмсартылған соң коронавирус жұқтырғандар саны арта бастады деп дабыл қақты.

Институт ғалымдарының айтуынша, вирустың таралуы бәсеңдеудің орнына қайта күшейген, себебі вирустың таралу жиілігі, яғни ауырған бір кісінің басқа адамдарға жұқтыру көрсеткіші, бұрынғы 1.0 деңгейінен жоғары болған.

Дүниежүзілік футбол федерациясы – ФИФА-ның бас дәрігері Мишель Д’Хуг та сәуірдің 28-іне лиганың ойынды қайта бастау ниетіне "қатты күмәнданатынын" айтып, мұның орнына келесі маусымға дайындала бергендері дұрыс болар еді деді.

Сәуірдің 29-ындағы мәлімет бойынша, 160 мыңдай азаматы коронавирус жұқтырған Германия әлемде алтыншы орында тұр. Ал індеттен қайтыс болғандар саны бойынша немістер жетінші орында (6300-дей кісі көз жұмған).

Еуропа футбол федерациясы – УЕФА командаларды биылғы маусымға қатысу не ойынды келесі жылға қалдыру мәселесі бойынша мамырдың 25-іне дейін біржақты шешім қабылдауға шақырды.

Испания, Бельгия мен Нидерланды лигалары әлі ойланып отыр, ал әлемдегі ең көп табыс келтіретін әрі шебер ойыншылар жиналған деп саналатын Англия премьер-лигасы ойындарды маусымның басында бастау жайын ойластырып жатқанын айтты. Италияның футбол ұйымдары да осындай пікірде.

ФУТБОЛДАН БАСҚА СПОРТТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Кәсіби спортшылар мен ұйымдастырушылар вирус жұғу қаупі, қатаң гигиена тәртібі, жүріп-тұрудың шектелуі сияқты түрлі кедергіге тап болып отыр.

Бірақ кей жанкүйер сүйікті спорт түрлері қайта жанданады деп үміттенеді. Әсіресе спортшылар кең алаңда бір-бірінен алшақ жүретін гольф, спортшылары мәшинесінде отыратын автожарыс немесе қарсыластар бір-бірінен 24 метр қашық тұратын теннис сияқты спорт түрлері бастала ма деген үміт бар.

Бірақ бұл спорт түрлері бойынша соңғы жаңалықтар да көңіл көншітпейді.

Жазға екі бірдей "Үлкен шлем" жарысы жоспарланған кәсіби теннистің жайын алып қарайық.

Теннисшілер Рафаэль Надаль (сол жақта) мен Новак Джокович Италиядағы турнир кезінде. 2019 жылдың мамыры.
Теннисшілер Рафаэль Надаль (сол жақта) мен Новак Джокович Италиядағы турнир кезінде. 2019 жылдың мамыры.

Әлемдегі ең үздік теннисші саналатын сербиялық Новак Джокович ойынды бастау үшін COVID-19 вирусына қарсы екпе салу керек болса, бұған жақсы қарамайтынын айтты.

Әріптесі Родже Федерердің "Бұл спорт түрінің табиғатын ескерсек, теннисті неге ойнай бермеске?" деген Іnstagram желісіндегі сұрағына әлемдегі нөмірі екінші теннисші Рафаэль Надаль қарсы уәж айтты.

– Бұл сала бұрынғы қалпына келеді дегенге күмәнмен қараймын. Теннисте апта сайын жол жүріп, қонақүйлерге жатуың керек, түрлі елге баруың қажет. Көрерменсіз ойнаған күннің өзінде, кез келген шараны ұйымдастыру үшін бұған көп адам атсалысуы тиіс, оларға көз жұма қарай алмайсың ғой, – деді 33 жастағы испан спортшысы.

Осы аптада Formula 1 автожарысын ұйымдастырушылар "бұл маусымдағы жоспарымызды жүзеге асыруға деген сеніміміз артып келеді" деп хабарлады. Олар жарысты шілденің басында Австрияда бастап, қыркүйекте Еуразия құрлығына ойыспақ.

Formula 1 автожарысына қатысушы.
Formula 1 автожарысына қатысушы.

"Алғашқы жарыстарымыз көрерменсіз өтеді деп жоспарлап отырмыз, бірақ кесте бойынша кейінгі ойындарымызды жанкүйерлер тамашалайды деп үміттенеміз" деді Formula 1 жарысының атқарушы директоры Чейз Кэри сәуірдің 21-і күнгі мәлімдемесінде.

Дегенмен ол "біз командаларымыз бен әріптестеріміздің әр елге кіру және онда жұмыс істеу процедураларын әлі де пысықтай түсуіміз керек" деді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ірі жиындар бойынша сарапшылар тобының мүшесі Брайан Макклоски ауқымды спорт шараларын қайта ұйымдастыруға қатысты қаупін айтты.

– Жарыс неғұрлым ауқымды болған сайын [коронавирусқа] тосқауыл қою шаралары соғұрлым күрделі болуы керек, сондықтан оларда қауіпсіздікті сақтау қиын. Сол себепті ел ішінде не ел арасында көп адамның әрлі-берлі ағылуына алып келетін шаралар... олардың қалай ұйымдастырылатынын бақылау қиын. Жергілікті шара, ел ішіндегі футбол жарсы сияқты шараларды бақылау оңайырақ, – деді ол ВВС-ге берген сұхбатында.

ӘЛЕМГЕ АТЫ ШЫҚҚАН ТӘЖІК ФУТБОЛЫ

Әлемде кәсіби спорт шараларын ұйымдастыруға шек қоймаған бірнеше ел бар, олар – COVID-19 індеті тым аз тіркелген автократиялық мемлекеттер.

Қаупті індет жұқтырғандар көбейіп бара жатқанына қарамастан, Беларусь президенті Александр Лукашенко пандемияға байланысты әрекеттерді "коронапсихоз" деп атап, елдегі хоккей және футбол жарыстарын кесте бойынша өткізіп келеді.

"Витебск" және "Динамо" (Брест) командалары арасындағы ойын. Беларусь, 18 сәуір 2020 жыл.
"Витебск" және "Динамо" (Брест) командалары арасындағы ойын. Беларусь, 18 сәуір 2020 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және басқа да сарапшылардың әлеуметтік арақашықтықты сақтау және ірі жиындарға тыйым салу туралы ұсыныстарына қарамастан, беларустар стадиондар мен мұз айдынына көп жиналып жүр.

Пандемия кезінде жарыстарын тоқтатпаған және бір лига – постсоветтік Орталық Азиядағы Тәжікстанның футбол лигасы.

Елде "пневмониямен" ауырғандар саны артқанына қарамастан, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үкіметі "коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ" деп отыр.

Наурыздың ортасынан бері телетрансляция нарығында бәсеке болмай қалған соң бұл екі ел өз матчтарын тарату құқығын сыртқа сата бастаған.

Беларусь футбол федерациясы өз матчтарын тікелей эфирде трансляциялау құқығын он елге, соның ішінде Ресей, Үндістан және Израильге сатқан. Жақында олар интернеттегі трансляция құқығы бойынша келісімшарт жасасты, ол бойынша матчтарды әлемнің 47 елі тамашалай алады, арасында Германия да бар.

Сербия, Испания және Украинадағы телеарналар Тәжікстандағы ойындарды трансляциялай бастады.

Тәжікстандағы "Хатлон" футбол клубының бас бапкері Аслиддин Хабибуллоев Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында "Футбол мамандары біздің ойындарды тамашалап, соның арқасында ойыншыларымызды шетелде ойнауға шақыруы мүмкін. Бұл тәжік футболын және командаларымызды дамытуға септігін тигізеді" деді.

Тәжікстанның "Истиклол" және "Хатлон" футбол командалары арасындағы матч. Душанбе, 20 сәуір 2020 жыл.
Тәжікстанның "Истиклол" және "Хатлон" футбол командалары арасындағы матч. Душанбе, 20 сәуір 2020 жыл.

Әлемдегі футболсүйер қауымның екі айдай назарында болған Тәжікстан футболшылары да сәуірдің 26-сына ойындарын тоқтатуға мәжбүр болды. ДДСҰ өкілі елде коронавирустың тіркелмеуіне дианостика мүмкіндіктерінің мардымсыздығы әсер етті деп, Тәжікстанды "аса ауыр сценарийге" дайындалуға шақырған еді.

Ал бүгін Меркель мен басқа да ресми тұлғалар спорт әлемі бұрынғы өміріне қайта ма, жоқ па, бүкіл әлемдегі миллиондаған жанкүйер сүйікті командаларымен қайта қауыша ма, жоқ па деген мәселені талқыламақ.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG