Accessibility links

Францияда әсіре оңшыл саясаткер Жан-Мари Ле Пен қайтыс болды


Жан-Мари Ле Пен
Жан-Мари Ле Пен

Францияда әсіреоңшыл саясаткер, "Ұлттық майдан" партиясының негізін қалаушы Жан-Мари Ле Пен қайтыс болды. Ол 96 жаста болған. Бұл жөнінде Le Figaro басылымы жазды.

Француз баспасөзінің жазуынша, Ле Пен 7 қаңтарда көз жұмған. Саясаткер кейінгі кезде ауыр сырқаттанған. Оның жүрегі де ауырған. Жұрт алдында ол соңғы рет 90 жасқа толған шағында 2018 жылы сөйлеген.

Ле Пен 1928 жылы дүниеге келген. Франция әскері қатарында әскери борышын өтеп жүріп, Үндістан-Қытай және Алжирдегі соғыстарға қатысқан. Жастайынан ұлттық көзқарастарды жақтап, 1956 жылы парламенттің ең жас депутаты атанған. Франциядағы ең ірі әсіре оңшыл күшке айналған "Ұлттық майдан" партиясын 1972 жылы құрған. Еуропарламентте депутат болған. Президент сайлауларына бес рет қатысып, 2002 жылы сол кездегі президент Жак Ширакпен қатар сайлаудың екінші кезеңіне өткен. Екінші кезеңде Францияның тұтас саяси спектрі оған қарсы шығып, оны ксенофобия мен авторитарлы тенденцияларға айыптады. Нәтижесінде қарсыласы 80 пайыздан астам дауыс жинады.

Қарсыластары Ле Пенді сонымен бірге антисемиттік көзқарасы үшін де айыптады. Сол үшін де саясаткер партиядағы жақтастарымен қайшылыққа келіп отырған.

2011 жылы "Ұлттық майдан" партиясының жетекшісі қызметіне оның қызы Марин Ле Пен келді. 2010 жылдың ортасында туындаған жанжалдан кейін Жан-Мари Ле Пен партиядан шығарылып, ізінше құрметті төраға қызметінен де айырылды. Саясаткердің өзі қызынан "көңілі қалғанын" айтқан. Жаңа партия құруға тырысқанмен талпынысы сәтсіз аяқталған.

Жан Мари Ле Пеннің қызы да әсіре оңшыл көзқарастан айнымай, партияның атын "Ұлттық бірлестік" деп өзгерте отырып, әлеуметтік популизмге қарай бет бұрған. Марин Ле Пен және оның мұрагері Жордан Барделла басшылық етіп тұрған тұста партия парламент сайлауында ірі табыстарға жетті, Жан-Мари Ле Пен президент сайлауы кезінде екі рет екінші кезеңге өтіп, алайда екі ретте де Эммануэль Макроннан жеңіліп қалды.

XS
SM
MD
LG