Еуропарламент визасыз режимді тоқтатуға қатысты реформаны бекітті.
Жаңа ереже Еуропа комиссиясына қауіпсіздік мәселесіне байланысты нақты бір елмен визасыз режимді тоқтатуға мүмкіндік береді. Әуелі шектеулер уақытша енгізілуі мүмкін: қандай да тергеу немесе диалог жүргізіліп жатқан аралықта күшінде болуы ықтимал. Егер жағдай өзгермесе, тұрақты түрде шектеу қойылады.
Визасыз режимді тоқтатуға қандай да бір ел азаматтары арасында қылмыстың артуы, елге кіруге рұқсат ала алмаған және босқын мәртебесін ала алмаған өтініштердің көбеюі, Шенген аумағында құжатта көрсетілген уақыттан көп болуы сияқты жайттар түрткі болуы мүмкін.
Реформаны 518 депутат қолады, 96-сы қарсы болды, 24 адам қалыс қалды.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орыс қызметінің Еуропадағы редакторы Рикард Йозвяктің пікірінше, жаңа ережелердің ерекше маңызы бар, әсіресе Грузия үшін.
"Былтыр Тбилиси ЛГБТ-ға қарсы, "шетел агенті" туралы заңдарды қабылдады. Мұндай шараларды Кремль елдегі сөз бостандығы мен азаматтық қоғамды басу үшін қолданады" деді ол.
Йозвяктың айтқандарын өзге де еуропалық дипломаттар растады.
Жаңа ережелер желтоқсанда күшіне енеді деп айтылады. Мұндай шаралар ЕО-мен визасыз режим орнатқан 61 елге қатысты. Арасында ЕО-ға қосылудан үмітті Балқан елдері, Молдова, Украина да бар.