Еуроодақ пен АҚШ Қытай қабылдаған “этностық бірлік” туралы жаңа заңға алаңдаушылық білдірді. Олар 1 шілдеде күшіне енген құжат Пекинге Қытайдан тыс аумақта жүрген адамдарды да қудалауға жол ашып, трансұлттық қылмысты заңдастырады деп қауіптенеді.
Заң билік “'этностық бірлікке” нұқсан келтірді деп таныған азаматтар мен ұйымдарды Қытайдан тыс аумақта болса да жауапкершілікке тартуды қарастырады.
Наурыз айында Қытай ресми түрде аз ұлт деп танылған, арасында тибеттіктер мен ұйғырлар да бар, кейбірі Қытай билігінің саясатымен келіспей, ара-тұра наразылық ұйымдастыратын, 55 ұлттың "бірлігін нығайтуға бағытталған" заң қабылдаған.
Еуроодақ өкілдері жаңа заң Қытайдағы аз ұлт өкілдерінің мәдени, тілдік және діни құқығын онан сайын шектей түсуі ықтимал деп қауіптенеді. Бұған қоса, Брюссель оның Қытайдан тыс аумақтағы әсерінен де қауіптеніп отыр.
“Бұл заңның Қытайдан тыс аумақта қолданылуына алаңдаймыз. ЕО үшінші елдің халықаралық құқықты бұза отырып, өз заңын шекарадан тыс аумаққа таңуына қарсымыз” деді Еуроодақ ресми өкілі.
ЕО сонымен бірге Пекинді адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін сақтауға шақырып, трансұлттық қудалау тәжірибесінен бас тартуға үндеді.
АҚШ та осыған ұқсас үндеу жасады. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі жаңа заңды “проблемалық” құжат деп атап, ол Қытайдан тыс аумақта жүрген адамдарды Қытай коммунистік партиясының саясатын қолдауға итермелейді, ал қолдамағандарды қудалайды деді.
"АҚШ егемендігімізді қорғайды және жеке тұлғаларды шетел үкіметтері мен режимдерінің оларды біздің жерде тұншықтыру, қорқытуға, мазалауға, зиян келтіруге немесе мәжбүрлеу талпыныстарынан қорғайды" деді ресми өкіл.
Пекин айыптауларды жоққа шығарады. Өткен аптада Қытайдың жоғары лауазымды шенеунігі мемлекеттің заңды бұзғандарды шетелде "жауапкершілікке тартуға құқығы бар" деп айтып, бұл "халықаралық нормаға қайшы емес" деген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, Қытай билігі 2017 жылдан бастап Шыңжаң аймағында бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман дінін ұстанатын ұлт өкілдерін жаппай қамау лагерлеріне тоғытты. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан. Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл әрекеттерді "елдегі түркі тілдес мұсылман ұлттарға қарсы жүйелі қылмыс" деп бағалаған. Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
Қытайда ресми мойындалған 55 ұлт бар. Аз ұлттардың саны жүз мыңнан бастап миллиондаған адамға дейін жетеді. Қазақтар саны 1,5 млннан асатыны айтылады. Ұйғырлар 11 млннан кем емес.