Бұрынғы парламент депутаты Бақытжан Базарбек мінген жеңіл көлік Жамбыл облысында жол апатына тап болып, салдарынан қатты зардап шеккен жаяу адам ауруханаға түскен. Оқиға 15 тамыз кешке Тұрар Рысқұлов ауданындағы "Батыс Еуропа — Батыс Қытай" халықаралық автожолда болған деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары.
Ақпаратқа қарағанда, бір топ ер азамат тасжолдан автокөлік соғып кеткен сиырды шетке сүйреп шығарып тастауға тырысып жатқан кезде сол жердегі адамдардың бірін қағып кеткен жеңіл автокөлікте Бақытжан Базарбек болған деп жазды басылымдар.
Зардап шеккен 36 жастағы ер адам Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оның басына қатты зақым келіп, аяқ-қолы сынғанын, денсаулық жағдайы өте ауыр екенін хабарлаған.
Жамбыл облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасын растады деп жазды Kursiv.Media.
"Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, "Toyota" автокөлігінің жүргізушісі Б. есімді азамат жол үстінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен", – деп хабарлаған полиция.
Бақытжан Базарбектің өзі әзірге бұл жайтқа байланысты түсініктеме берген жоқ. Экс-депутаттың телефоны қоңырауға жауап бермеді.