Accessibility links

Мүбәрәктің жүрегі ұстап қалды, ұлдары қамауға алынды


Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк президент сарайында. Каир, 19 қазан 2010 жыл
Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк президент сарайында. Каир, 19 қазан 2010 жыл

Египеттің бас прокуроры бұрынғы Египет президенті Хосни Мүбәрәкті сыбайлас жемқорлық істеріне қатысты тергеу үшін 15 күнге қамауға алуды бұйырды. Мүбәрәктің ұлдары Алаа мен Гамаль да Каир маңындағы түрмеде тергелмек.


Елде бұрынғы билік иелеріне ірі көлемдегі қаржы жымқырды деген айыптар тағылып, тергеу жүріп жатқандықтан Мүбәрәк отбасына Египеттен шығуға тыйым салынып, олардың елдегі есеп-шоттары тәркіленген.

КАИР РЕЗИДЕНЦИЯСЫНАН – ТОРА ТҮРМЕСІНЕ

Египеттің биліктен тайдырылған президенті Хосни Мүбәрәк 15 тәулікке қамауға алынды деп хабарланды. Ол сәуірдің 12-і жүрегі ұстап қалып Шарм әл-Шарх қаласындағы ауруханаға түскен еді. Египеттің қазіргі билігі Мүбәрәк режимі кезіндегі заңбұзушылықтар мен таяуда болған толқуларда халыққа қарсы оқ атылғанын тергеу үшін бұрынғы режим өкілдерін шетінен қамап жатыр.

Сәуірдің 13-і Мүбәрәктің балалары Алаа мен Гамалдың да бас прокурордың нұсқауы бойынша ұсталғаны айтылды. Олар 15 күндік тергеу біткенше қамауда болады.
Демократия талап етуші қоғам белсенділері Тахрир алаңында ұрандап тұр. Каир, 1 сәуір 2011 жыл

Ағалы-інілі Мүбәрәктар Каир сыртындағы Тора түрмесіне жөнелтілген. Бұл жерде Мүбәрәктың бұрынғы үзеңгілестері де отыр.

Мүбәрәк пен оның ұлдарының ұсталып, тергеуге алынуын қаңтар-ақпан айларында Тахрир алаңына жиналған шерушілер талап еткен. Наразылық танытушылар режим өкілдері Мүбәрәктің 30 жылдық билігі кезіндегі заңбұзушылықтар үшін жауап беруі керек деген.

«ТЕРГЕУДЕН ҚАШУ АМАЛЫ»

Қаңтар-ақпан айында болған толқуда полиция күштері халыққа қарсы оқ атып, шерушілерді күшпен басқан кезде, жүздеген адам қаза тапты деп болжанып отыр. Ресми көрсеткіштер бойынша, шеруде қаза болғандар саны 365 делінген. Бірақ адам құқын қорғаушылар адам шығыны бұл көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтады.

Қазіргі билік осыған қатысты Мүбәрәк режимінің халықпен қақтығыстағы рөлін тергеуге алып жатыр.

Ақпанның 11-і күні биліктен қуылған соң Шарм әл-Шейхке кетіп қалған Мүбәрәк сейсенбі күнгі тергеулер кезінде жүрегі ұстап, ауруханаға түскен.
Хосни Мүбәрәк жатқан аурухананы күзетіп тұрған полиция жасағы. Шарм әл-Шарх, 13 сәуір 2011 жыл

Аурухана өкілдері 82 жастағы Мүбәрәктің хал-ахуалы туралы немесе оның ауруханада жатқаны жайлы мәлімет беруден бас тартқан. Аурухана директоры Мохаммед Фаталла «Франс пресс» ақпарат агенттігінің Мүбәрәктің денсаулығы дұрысталды ма деген сұрағына, «аздап» деп жауап берген. Мемлекеттік басылым Шарм әл-Шейхтегі бұлақ көздеріне сілтеме жасап, Мүбәрәктің ауруханаға жатуы – оның тергеуден қашу үшін тапқан амалы деп жазды.

Германияның dpa ақпарат агенттігіне сұқбат берген қауіпсіздік қызметкерлері Мүбәрәк сәрсенбі күні кешірек Каирдегі ауруханаға ауыстырылады деген. Бірақ басқа ақпарат құралдары бұрынғы президент 15 күнін Шарм әл-Шейх қаласындағы ауруханада өткізбекші болды дейді.

Бұл тұста Мүбәрәкті қолдаушылар оны күшпен босатып әкете ме деген қауіппен ол жатқан аурухананың іші-сыртына қауіпсіздік күштері тартылды.

Сәрсенбі күні түскен таман сол маңда Мүбәрәкке қарсы аздаған топ оның 30 жылдық билігіне қарсы наразылық шарасын өткізген.

МҮБӘРӘККЕ ҚАРСЫ ШЕРУЛЕР ЖАЛҒАСА ТҮСТІ

Өткен жұмада Каирдің Тахрир алаңында наразылық акциясын өткізгендер егер Мүбәрәктің отбасына қарсы коррупциялық айыптар бойынша тергеулер тезірек алға баспаса, наразылық шараларын Шарм әл-Шейхта жалғастыратындарын ескерткен.

Демократиялық өзгерістерді талап еткен шерулер 30 жылдық режимнің өкілдері заңбұзушылықтар үшін жауап беруі тиіс деген.
Бұрынғы Египет президенті Хосни Мүбәрәктің ұлдары Алаа (сол жақта) және Гамаль (оң жақта), 6 қазан 2010 жыл

Мүбәрәк пен оның ұлдарының қамалуына қатысты Вашингтон ештеңе дей қойған жоқ. АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Вашингтонда өткен «АҚШ пен Ислам байланыстары» деген конференцияда араб елдерінде әділеттікке шақырған үндеулер күшейе түскенін айтқан.
- Бүгінде араб елдерінде соңы жоқтай көрінген қыстың ызғары кете бастады. Соңғы ондаған жылдарда бірінші рет өзгерістер болды. Адамдар өз дауыстарын жеткізіп, талаптарын айтуға шынайы мүмкіндік алды, - деген Хиллари Клинтон.

Египет мемлекеттік телеарнасы хабарлағандай, сәрсенбі күні Мүбәрәктің екі ұлы Шарм әл-Шейхтағы тергелген соң қамауға алынды. Олар наразылық шерулеріндегі халықты күшпен басу әрекетіне қатысты да тергелмекші.

Полиция ағалы-інілі Мүбәрәктерді көлігіне отырғызып әкеткенде, ашулы халық көлікке су толған бөтелке, тас және аяқ киімдерін лақтырған.

Кезінде Хосни Мүбәрәктің мұрагері болады деп болжау айтылған Гамаль мен оның үлкен ағасы Тора түрмесіне түсіп, ұялы телефондарынан айрылып, қолдарына түрменің киімі, төсек-орны берілгенде түрлері бұзылып кетті деп хабарлады МЕНА ақпарат агенттігі.
XS
SM
MD
LG