Accessibility links

Душанбе билігі 2030 жылға дейін самокат пен скутерге тыйым салды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Душанбе билігі трасса мен тротуарда, жаяу жүргінші жолында жүретін тіркелмеген электр самокат, электр скутер және өзге де қозғалыс құралдарына бес жылға тыйым салды. Мұндай қаулыны халық депутаттары мәжілісі қабылдады.

Душанбе милициясының хабарлауынша, бұл тыйым елдің бүкіл аумағын қамтиды, бірақ кейбір аймақта оның күші жүрмейді. Полицияның айтуынша, шараның мақсаты "электр самокат пен скутерді бейберекет пайдалануға жол бермеу, олардың кесірінен болатын жол апатын азайту, көлік пен жаяу жүргіншіге кедергіні азайту, жол қозғалысына қатысушылардың мүдделері мен құқықтарын қорғау".

Милицияның айтуынша, мұндай құралдарды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін тиісті инфрақұрылым қалыптасқанға дейін шектеу күшінде болады.

Милицияның дерегінше, жыл басынан бері Душанбеде электр самокат пен скутердің кесірінен 26 жол апаты болған. Соның салдарынан 3 адам қаза болып, 24 адам түрлі жарақат алған.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының мұндай қозғалыс құралдарын пайдалануына тыйым салуға шақырды. Соңғы кездері әлеуметтік желіде мұндай құралдарға азаматтардың шағымы жиілеген. Қолданушылардың айтуынша, электр самокатпен жүретін жасөспірімдер саябақта, демалыс орындарында жаяу азаматтарға қауіп төндіреді.

Аты-жөнін айтпаған душанбелік заңгер Азаттықтың Тәжік қызметіне тыйым туралы қаулы әлі жарияланбағанын, қазіргі жол ережесінде "жеке көлік құралы" ұғымы мүлде жоқ екенін айтты. "Заңмен реттеп, қозғалысты бақылаудың орнына билік тыйым салу жолын таңдады" деген ол жаңа ережені сынға алды.

XS
SM
MD
LG