Accessibility links

Орта Азия елдеріне мектеп, оқулықтар мен мұғалім жетіспейді, Түркіменстанда оқушы аз


Жаңа оқу жылы басталған күні жиында тұрған мектеп шәкірттері. Бішкек, Қырғызстан, 1 қыркүйек, 2023 жыл.
Жаңа оқу жылы басталған күні жиында тұрған мектеп шәкірттері. Бішкек, Қырғызстан, 1 қыркүйек, 2023 жыл.

Жаңа оқу жылы басталысымен Орталық Азия елдері бірінші және 12-сынып аралығындағы 15 миллионнан астам оқушыға білім беруде қиындыққа тап болды. Көпшілігінде оқушы саны күрт өсіп, мектеп, оқулық пен мұғалім жетіспей жатса, Түркіменстандағы проблема басқасына ұқсамайды. Бұл елде, керісінше, оқушылар азайып кеткен.

ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстанның Мары және Балқан уәлаяты сияқты аймақтарында кей мұғалімдер үй-үйді аралап, мектепке баратын бала іздеп жүр. Ондағы мақсат – жартылай бос сыныптарды толтыру.

Осы бір кедей аймақтың білім саласындағы ресми өкілдер қазіргі уақытта 2017 жылы туған балалар аз деп, сыныптарды біріктіруге көшкен. Оқушылардың күрт азайып кетуінен ресурстарды оңтайландыруға бағытталған бұл қадам елдегі экономикалық ахуал жылдар бойы тұралап, халық санының азайып кетуінен туған. Себебі көпшілік жұрт жұмыс іздеп, шетел асып кетіп жатыр.

Батыс Балқан аймағындағы Азатлық (Азаттық радиосының Түркімен қызметі) тілшісі кейбір мектептерде бірінші сыныпқа баратын бала саны былтырғымен салыстырғанда 40-50 пайыз азайып кеткенін хабарлады.

"№1 және №3 орта мектептер 1300 оқушыға арналған. Алайда кейінгі бес жылда осы оқу орындарында оқушы саны бар-жоғы 950 баладан аспай отыр. Бұл мектептерде бірінші сынып саны төртеу. Былтыр әрбір сыныпта 27-29 оқушы болған. Ал биыл 12 балаға әрең жетті", – деп жеткізді Балқан аймағы мектептерінің ахуалын Азатлық радиосы.

2021 жылы Түркіменстандағы БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры жүргізген зерттеулер Түркіменстанның шалғай аудандарында білім біркелкі емесін көрсеткен. Ел астанасы Ашғабаттағы екінші және үшінші сынып оқушыларының 70 пайызы оқу-жазуды білсе, Балқан аймағында оқу мен жазуға қабілетті балалар бар болғаны 34 пайыз.

Түркіменстан. Әйел мен оқушы қыз Ашғабат көшесінде кетіп барады.
Түркіменстан. Әйел мен оқушы қыз Ашғабат көшесінде кетіп барады.

Түркіменстанда мұғалімдер оқушы жеткізе алмай жатса, Орта Азияның басқа елдерінде мұғалімдер, мектептер мен оқулықтар тапшы.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанда ресми дерек бойынша, жаңа оқу жылында 382 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған.

Бірақ мектептерде 270 мың балаға орын жетіспейді. Соның салдарынан тіпті Астананың өзінде ондаған мың оқушы таңертеңгі және түнгі ауысымға бөлініп оқуға мәжбүр.

Астананың жаңа ықшам аудандарында тұратын ата-аналар үйінің маңынан мектеп таба алмай әлек. Қалалық білім басқармасының ресми өкілдері Астанада оқушы саны 26 000 баладан асса, мектептерде орын жетіспейтінін айтты. Сол себепті жұрт баласын үйінен бірнеше шақырым қашықта орналасқан мектептерге тасып оқытып жүр.

Қаладағы сегіз мектептің оқушылары үш ауысыммен оқыса, 20 мектепте оқушы саны орта көрсеткіштен асып кеткен. Себебі сыныптар балаға толы.

Астанадағы жаңадан салынған ықшам аудандардың көпшілігіне мемлекеттік мектеп мен балабақша қажет. Мектеп тапшылығы салдарынан тұрғындар баласының лайықты білім алуына жағдай жасау үшін үйін сатып, қаланың басқа бөлігіне көшуді ойлап отыр.

Білім саласының маманы Ержан Ахметжанұлы Азаттық радиосына проблеманы толық шешуге жай ғана мектеп тұрғызу аздық етеді дейді. Оның орнына мектеп жетіспеуінің басты себебі – ішкі көші-қон мәселелерін реттеп, аймақтардағы білім сапасын арттыру керек деп есептейді.

"Астанада 20 000 бала дүниеге келсе, басқа аймақтардан 20 000 бала келіп қосылады. Астанада [жыл сайын] 40 000 балаға орын ешқашан табылмайды. Сол себепті бұл мәселені тек аймақтарды дамыту арқылы ғана шешуге болады", – дейді ол.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Жаңа оқу жылы басталысымен – 7 қыркүйекте президент Садыр Жапаровтың бұйрығымен Қырғызстан білім министрі Қаныбек Иманалиев қызметінен кетті. Мұндай шешімге мектеп оқулықтары жетіспеуінен туған проблемалар мен қоғам нарызылығы түрткі болған.

Қырғызстанда оқулықтар тапшылығы мен Иманалиевтің жұмыстан шығып қалуы мемлекеттік білім сапасы туралы даудың көрігін қыздырды. Ресми өкілдер әрбір оқушыны мемлекет тарапынан оқулықпен қамтамасыз ету үшін Қырғызстанға жыл сайын 5 млрд сом (56,7 миллион доллар) қажет дейді. Алайда мемлекеттік бюджеттен бұл ақшаның аздаған бөлігі ғана, яғни жыл сайын 324 миллион сом (3,6 миллион доллар) бөлінеді. Сондай-ақ осы қаражаттың жартысы оқулықтарды пайдаланғаны үшін ата-аналардан алынады.

Қырғызстанда әр оқушы әрбір оқулықты бір жыл пайдаланғаны үшін 25 сом (0,28 доллар) төлеуге тиіс.

Елде 2350-ден аса орта мектеп бар. Барлығы таңертеңгі және кешкі ауысымда жұмыс істейді. Мектепте орын жетіспеуі – ел астанасы Бішкектегі басты проблемалардың бірі. Қала маңында білім ошақтарында бір сыныпта 40-45 бала оқитын ауылдар да кездеседі.

6 қыркүйекте парламент отырысында депутат Сарапатқан Мәжитова биыл ел бойынша бірінші сыныпқа 150 000 бала барғанын айта келіп, кейбір мектептер орын тапшы болғандықтан бір сыныпқа 60 баладан қабылдап, бір партада үш баладан отыратын жағдайға жеткенін мәлімдеді.

"Мұндай жағдайда қайдағы сапа [білім сапасы] туралы айтуға болады? Оқулықтар мен мектептер жетіспей жатыр. Ата-ана өз ақшасына оқулық сатып алуға мәжбүр. Оқулыққа деп мемлекеттік бюджеттен 152 миллион сом (1,2 миллион доллар) бөлдік. Алайда бәрібір оқулықтың жетпеуі басты проблема болып қалып отыр", – деді Мәжитова.

Мектеп тапшылығы проблемасын шешу үшін Қырғызстан шетелдерден көмек алады. Былтыр Әзірбайжан Бішкекте мектеп тұрғызды, ал Ресей 9 мектептің құрылысын бастап кетті.

Сарапшылар бұл көмектер елдің білім беру жүйесі тап болған проблемаларды түгел шешпейді деп отыр.

Олар аз болғандай, қазір Қырғызстанда 250 мектеп апатты жағдайда тұр.

ӨЗБЕКСТАН

Жуырда Ташкент Әзірбайжанның Таулы Қарабақ аймағына мемлекет атынан жаңа мектеп тұрғызды. Алайда халқы күн санап артып келе жатқан Өзбекстанның өз ішінде білім беру ресурстарының жетіспеуі үлкен проблема: кейінгі бірнеше жылда елде халық саны күрт өсіп, 1 миллионнан аса оқушы бірінші сыныпқа барған. Бұл туралы Озодлик (Азаттықтың Өзбек қызметі) радиосы хабарлады.

Биылғы оқу жылының басында Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы әрі президент Шавкат Мирзияевтің қызы Саида Мирзияева елдегі мектеп құрылымы баланың туу көрсеткішімен сәйкес келмейтінін айтты.

"Бір жылда 1 миллионнан астам бала дүниеге келсе, жаңа оқу жылында шамамен 1,2 миллион бала мектеп табалдырығын аттайды. Ал Өзбекстанда 1,2 миллион балаға арналған орын жоқ", – деп мәлімдеді Мирзияева.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Өзбекстанда 10 522 мемлекеттік мектеп бар және олар жаңа оқу жылында 6,5 миллион оқушыны бірінші сыныпқа қабылдайды. Бала саны қалыпты көрсеткіштен жоғары болғандықтан мұғалімдер бір сыныпта 40-50 оқушыны оқытуға мәжбүр. Ел астанасы Ташкенттің өзінде оқушыларға орын жетіспейді. Бұл елде де оқушылар Қырғызстан мен Қазақстандағыдай бірнеше ауысымда кезектесіп оқиды.

Білім беру ісі жөніндегі ташкенттік сарапшы Комил Жалиловтің айтуынша, Өзбекстанның мемлекеттік мектептер жүйесінде балаға толып қалатын сыныптардан өзге су мен әжетхана мәселесі сияқты күрделі және көкейкесті проблемалар бар.

"Жалақының төмендігінен білікті мұғалімдер жетіспейді. Көптеген мұғалім ақша табу үшін жалданып репетитор болып, жекеменшік оқу орталықтарында жұмыс істегенді жөн көреді. Мектепте қалғандар артығырақ жалақы алу үшін сағат санын көбейткісі келеді, алайда бұл олардың жұмыс сапасына әсер етеді. Сонымен қатар, мектептер дұрыс қаржыландырылмайды, [бүкіл елде] қаржыландыру біркелкі емес", – деді Жалилов Озодлик (Азаттықтың Өзбек қызметі) радиосына.

Өзбекстанның мектептер жүйесін модернизациялау әрекеттеріне пікір білдірген Жалилов билік бір жүйеден екінші жүйеге тез көшіп, пікірін жиі өзгертетінін айтты.

"Меніңше, проблема үкіметтің орта білім туралы нақты түсінігінің болмауы мен тым жиі экспериментке баруында, – дейді ол. – Мәселен, бұған дейін фин стандарттарын енгізуге қатысты көп дау болды, ал енді Финляндия туралы шу басылып, үкімет түлектер кем дегенде екі шет тілін біліп, бір мамандық алып шығуы керек деп отыр. Бұл олардың нақты әрі ұзақмерзімді стратегиясы жоғын көрсетеді. Үкіметтің орта білімге қатысты көзқарасы жиі өзгереді. Мұндай әрекеттер қауіпті. Экспериментке жиі барамыз, алайда оның астарын зерттеп жатқан ешкім жоқ".

ТӘЖІКСТАНДА ДА ОСЫНДАЙ ПРОБЛЕМАЛАР БАР

Кейінгі бірнеше жылда Тәжікстан халқы 10 миллион адамға күрт артып, 1 қыркүйекте 2,2 миллионнан астам оқушы мектепке барды. Ресми өкілдер жаңа оқу жылына дайындық аясында мемлекет 312 жаңа мектеп пен балабақша тұрғызды деп хабарлады. Алайда мәлім болғандай, білім беру жүйесіне шамамен 4000 мұғалім жетіспейді.

Тәжікстанның білім беру саласындағы маман Мұхамедсадық Әбдіразақовтың жаңа мектептерге көңілі толмайды.

"Керемет мектептер ашылып жатыр, бірақ оларда білім беретін мұғалімдер жоқ", – дейді ол. Әбдіразақов сонымен қатар мектепте сабақ беруге жас мамандарды қаптатып алып жатқанына да наразы.

"Университет түлегі мектепке тағылымдамадан өтуге келгенде оқу бағдарламасы туралы ештеңе білмейді. Ондай адам қалай мұғалім болып, бала оқытады?" – деп алаңдаушылық білдірді ол.

Кейбір сарапшылар Тәжікстанда мұғалімдердің жетіспеуіне ішкі көші-қон мәселесі айтарлықтай ықпал етіп жатқанын айтады. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, елдегі экономикалық ахуалдың тұралауы салдарынан Ресейге кеткен тәжік еңбек мигранттарының саны 3 миллион адамға жуықтаған.

Мақаланы Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының материалдары бойынша Бақтыгүл Чыныбаева жазды.

Мектепке мұқтаж Астана. Қалада 26 мың оқушыға орын жетпейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:17 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG