Accessibility links

Өзбек әншілері тойға қатысатын өнерпаз санын шектеуге наразы


Өзбек әншісі Райхон Ганиева Ош қаласындағы мерекелік шарада ән салып тұр. Қырғызстан, 5 қазан 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Өзбек әншісі Райхон Ганиева Ош қаласындағы мерекелік шарада ән салып тұр. Қырғызстан, 5 қазан 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Өзбекстанда үйлену тойына өнерпаз жалдауды шектейтін жаңа ережеге әншілер қарсылық білдіріп жатыр. Олар тойдан түскен ақша бірнеше отбасыға бөлінетінін айтады. Билік отбасыны шығынға батыратын аста-төк той өткізу – ысырап дейді.

Қыркүйекте Өзбекстан парламенті қабылдаған жаңа ережеге сәйкес, үйлену тойында өнер көрсететін музыкалық топ екеуден аспауы тиіс. Сонымен қатар, той қонақтары мен жас жұбайлар той алдында қала аралауға шығатын көлік санына да біршама шектеу қойылды.

Орталық Азияның басқа елдері сияқты Өзбекстанда да той иесі үйлену тойына жүздеген адам мен көптеген өнерпаз шақырып шығындалады.

Өзбекстан билігі "жаңа заң той шығындарын азайтып, той иесіне түсетін салмақты азайтуға бағытталған" деп санайды. Бірақ Өзбекстанның бірнеше танымал әншісі мұндай заңға қарсы екенін әлеуметтік желіде білдірді. Олар тойдан тапқан табыстары өздерінен өзге ондаған адамға бөлінетінін айтады.

Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған видеосында өзбек әншісі Муниса Ризаева тойдан тапқан ақшаға бірнеше әулетті асырап отырмын деп түсіндірді.

Өзбек әншісі Муниса Ризаева.
Өзбек әншісі Муниса Ризаева.

Ризаеваның сөзінше, бір банкетте төрт ән айтқанына 800 доллар ақша алады. Оның 450 долларын музыкалық тобының мүшелеріне төлейді екен. Музыкалық топқа алты музыкант, екі ұйымдастырушы, екі жүргізуші және екі оққағар кіреді. Әншінің айтуынша, олардың отбасын қосқанда тойдан түскен табыс 36 адамға бөлінеді.

Әншінің сөзінше, ол үйлену тойында айтқан бір әніне 350 доллар ақша алады. Бұл ақшаны ән жазған, видео түсірген, теледидар мен радиоға шығарған тағы 41 адаммен бөлісуі тиіс.

"Ай сайын 150-дей адам менің табысымның шапағатын көреді" деді Ризаева 3,1 миллион фоллоуеріне арнаған видеосында.

Instagram-да бір миллионнан аса оқырманы бар әнші Озода Нурсаидова өзбектің атақты әншілері тапқан табысын ондаған отбасымен қалай бөлісетінін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Өзбекстандық әнші Озода Нурсаидова.
Өзбекстандық әнші Озода Нурсаидова.

Әнші тобында жеті музыкант, екі жүргізуші және администраторы барын, олардың отбасы мүшелерінің барлығын қоса есептегенде 30 адам болатынын айтады.

Нурсаидованың сөзінше, тойда бес ән айтқаны үшін алатын бір мың АҚШ долларынан 400 долларды көмекшілеріне беріп, өзіне 600 доллар қалдырады. Есесіне, кейін бұл ақшаны ән жазған және клип түсірген 18 адаммен тағы бөліседі.

Жаңа заңға қарсылық білдірген әншілердің арасында Райхон Ганиева, Улугбек Рахматуллаев, Мавлуда Асалхожаева, Рашид Холиқов, Шахзода, Жаһонгир Отажонов, Фаррух Закиров және Юлдуз Усманова бар.

Тойға өнерпаз шақыруды шектеуге наразы өзбек әншілерінің табысы жайлы пікірлерінің топтамасы.
Тойға өнерпаз шақыруды шектеуге наразы өзбек әншілерінің табысы жайлы пікірлерінің топтамасы.

Жаңа ереже бойынша үйлену және басқа да отбасылық мереке дастарқанына 250-ден көп қонақ шақыруға болмайды, ал серуенге шығатын көлік үштен аспауы керек.

Тойға кемінде 400 кісі шақырып, жас жұбайлар мен олардың достарының серуенге шығуына қымбат көліктер керуенін жалдау дәстүрге айналған елге бұл – үлкен шектеу. Жұрт мұндай аста-төк мерекені өткізу үшін көбіне бар жиған-тергенін шашады немесе туыстарынан қарыз алады. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұл дәстүрді "ессіз ысырап" деп, қатты сынаған.

"[Тойға шығынданғанша], кедей кісінің үйін сырлап, не оның отбасына теледидар алып берген дұрыс шығар" деген ол 2018 жылы.

Өзбекстанда жұмыс табу қиын болғандықтан миллиондаған адам ақша табу үшін Ресей мен басқа да елдерге барып, маусымдық жұмыстарға жалдануға мәжбүр. Үйлену, ас беру, туған күн сияқты отбасылық шаралар Өзбекстан отбасыларына үлкен салмақ түсіріп отыр. Өзбекстанда орташа айлық жалақы 2,1 миллион сумның (шамамен 250 АҚШ доллары) айналасында.

Көршілес Тәжікстан да аста-төк үлкен той өткізуге тыйым салатын заң қабылдаған. Бұл заңды бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Шухрат Бобожонның материалы негізінде әзірленді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG