Accessibility links

Париж-2024: Орталық Азия спортшыларының сарапшыларға тосын сый болған жеңістері


Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов (ақ кимоно киген) Олимпиада финалында франциялық Лука Мхеидзені жеңіп, чемпион атанды. Париж, 27 шілде, 2024 жыл.
Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов (ақ кимоно киген) Олимпиада финалында франциялық Лука Мхеидзені жеңіп, чемпион атанды. Париж, 27 шілде, 2024 жыл.

Кейбір спорт сарапшылары биылғы Париж олимпиадасында Орталық Азия елдері Токио мен Рио додасындағы нәтижесінен артық жетістікке жетеді деп ойлаған да жоқ. Бірақ Өзбекстан мен Қазақстан Парижде алғашқы алтын медалін алып, өңір спортшылары өз мықтылығын көрсетті.

Париждегі жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында америкалық Sports Illustrated (SI) журналы спорттың әр түрінен сарапқа салынатын 329 медальді қай елдер алатынына жорамал жасап көрген еді.

Орталық Азия елдері жайлы болжамында спорт шолушылары Қазақстан ең аз медаль алады, ал Өзбекстан 8 жыл бұрын Рио-де-Жанейрода бокстан көрсеткендей жетістігін қайталай алмайды деген. SI сарапшылары Қырғызстан ел тарихындағы алғашқы екі алтын медаль алады деп сенген.

Бірақ Олимпиаданың алғашқы бес күнінде Орталық Азия елдерінен барған спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, жанкүйерді дәмелендіріп қойды.

ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЧЕМПИОН ӘЙЕЛ

Өзбекстан ерлер арасындағы бокстан көп жүлде аламыз деп үміт артса да, өзбек халқы мен 28 шілдеде Champs de Mars алаңына жиналған жұрттың есінде жас қыз қалады.

SI болжамына сәйкес, 52 келі салмақта татамиге шыққан дзюдошы Диёра Келдиёрова жарыстың екінші күні қола медаль алуы керек еді. Бірақ ол кейінгі бес жыл бойы жауырыны жерге тимеген әлем чемпионы, жапон Ута Абэні бірінші раундта-ақ қапы қалдырды.

Дзюдодан әйелдер арасында 52 келі салмақта Олимпиада чемпионы атанған өзбекстандық Диёра Келдиёрова жеңімпаз тұғырында алтын медальді сүйіп тұр. Париж, 28 шілде, 2024 жыл.
Дзюдодан әйелдер арасында 52 келі салмақта Олимпиада чемпионы атанған өзбекстандық Диёра Келдиёрова жеңімпаз тұғырында алтын медальді сүйіп тұр. Париж, 28 шілде, 2024 жыл.

Келдиёрова қуаныштан көзіне жас алып, консервативті Өзбекстандағы әйелдердің өмірін өзгерткісі келетінін айтты. 26 жастағы спортшы өзіне президент Шавкат Мирзияев құтты болсын айтып хабарласқан кезде қатты қобалжып, толқып тұрды. Келдиёрова – Өзбекстанның дзюдодан бірінші чемпионы және Париждегі жазғы Олимпиада ойындарындағы бірінші чемпион әйел атанды.

Өзбекстан 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында 13 медаль (төртеуі – алтын) алған-ды. Токиодағы Олимпиадада өзбек спортшылары бес медаль (үшеуі – алтын) иеленген.

Өзбекстан тарихындағы 10 алтын медальдің бесеуін бокстан ерлер арасында бәсекеге түскен спортшылар жеңіп алған. Өзбек боксшыларының Риодағы өнерін тіпті "бокс державасы" саналатын Кубамен салыстырғандар да болған.

Ерлер арасындағы бокстан 92 келіден жоғары салмақта алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Баходир Жалолов (көк түсті формада) норвегиялық Омар Шиханы 5:0 есебімен жеңді. Париж, 29 шілде, 2024 жыл.
Ерлер арасындағы бокстан 92 келіден жоғары салмақта алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Баходир Жалолов (көк түсті формада) норвегиялық Омар Шиханы 5:0 есебімен жеңді. Париж, 29 шілде, 2024 жыл.

Sports Illustrated бұл жолы Өзбекстан бокстан үш алтын медаль алады деп топшылаған. 71 келі салмақта сынға түскен Асадходжа Мойдинходжаев күміс алады деген болжам жасаған еді. Қазір аталған боксшы букмекерлердің фавориті болып тұр. Олимпиада көрермендері Баходир Жалолов 92 келіден жоғары салмақта алтын алады деп үміттенеді.

Осының бәрі Өзбекстанның Олимпиададағы болашағы жарқын, ал жүлде қоры Риодан да асып түсуі мүмкін екенін көрсетеді. Биыл Өзбекстан үшін жақсы мүмкіндік туып отыр. Өйткені 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасынан боксты алып тастауы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ ЧЕМПИОНЫ

Париж – Келдиёрованың бірінші олимпиадасы болса, 31 жастағы қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовтің үшінші үлкен додасы. Ол Риода күміс, Токиода қола медаль алған. Биыл алтын медаль иегері, Қазақстанның дзюдодан алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.

27 шілдеде жеңіске жетер жолда Елдос әлемдік рейтингті бастап тұрған Тайвань спортшысы Юн Вей Янды, ал кейін финалда франциялық Лука Мхеидзені жеңді.

Дзюдодан ерлер арасында 60 келі салмақта Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған қазақстандық Елдос Сметов марапаттау рәсімінде тұр. Париж, 27 шілде, 2024 жыл.
Дзюдодан ерлер арасында 60 келі салмақта Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған қазақстандық Елдос Сметов марапаттау рәсімінде тұр. Париж, 27 шілде, 2024 жыл.

Сметов халықаралық дзюдо федерациясы сайтына берген сұхбатында жеңісін ата-анасы, әйелі мен бес баласына, Қарағандыдағы "Жеңіс" клубына арнайтынын айтты. Аталған клубтың жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Сметовті бала кезінен жаттықтырып келеді. Елдос өзбек әріптесін де жеңісімен құттықтап, Орталық Азияда кейінгі жылдары беки түскен бауырластықты көрсетті.

"Олимпиаданың алғашқы күндері Қазақстан алтын алды, Өзбекстаннан Диёра да алтын алып жатыр. Бұл Орталық Азия үшін керемет ойын болғалы тұр", – деді Сметов.

Биылғы жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан жаңа жетістікке жетуден бұрын, бұрынғы абырой-беделін қалпына келтіруге тырысады. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан Олимпиада ойындарынан жалпы саны 74 медаль (15 алтын) алған. Бірақ 10 медалін (алтауы – алтын) қазақ спортшылары (көбі ауыр атлетикада) допинг қолданған деген даудан кейін Халықаралық олимпиада комитеті қайтарып алды.

Қазақстан спортшылары Токиода 7 қола медаль алған. Бұл – спортқа қыруар қаржы құятын мемлекет үшін үлкен сәтсіздік деп бағаланды. Париж – Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті басшылығы ауысқаннан кейінгі бірінші Олимпиада. Жыл басында ҰОК жетекшісі болып қазақстандық әйгілі боксшы Геннадий Головкин сайланған.

Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы басшысы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, миллиардер Тимур Құлыбаев қазіргі билік ат-тонын ала қашатын "ескі Қазақстанның" символы іспетті еді.

МЕДАЛЬДІҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ. ТЕК ҚЫРҒЫЗСТАН ҮШІН ЕМЕС!

Өзбекстан мен Қазақстан халық саны мен спортқа бөлінетін қаржы көлеміне байланысты Олимпиада ойындарында өңірдегі басқа мемлекеттермен салыстырғанда жақсырақ нәтиже көрсетіп келеді.

Тәжік жанкүйерлерінің жүрегі орнына түсті: Сомон Махмадбеков 30 шілдеде 81 кг салмақта қола жүлдегері атанды.

Қай спорт түрі дейсіз бе? Әрине, дзюдо!

Дзюдодан ерлер арасында 81 келі салмақта тәжікстандық Сомон Махмадбеков (ақ кимонодағы) Италия спортшысы Антонио Эспозитоға әдіс жасап жатыр. Тәжік балуаны Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Париж, 30 шілде, 2024 жыл.
Дзюдодан ерлер арасында 81 келі салмақта тәжікстандық Сомон Махмадбеков (ақ кимонодағы) Италия спортшысы Антонио Эспозитоға әдіс жасап жатыр. Тәжік балуаны Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Париж, 30 шілде, 2024 жыл.

Дзюдо – Орталық Азия елдерінде жақсы дамыған спорт түрі. Түркіменстаннан басқа елдің бәрі осы спорт түрінен жүлде алып үлгерді.

Sports Illustrated 25 жастағы Махмадбеков жүлде алады деп мүлде күтпеген. Бірақ тағы бір тәжік спортшысы, 27 жастағы Темур Рахимов ауыр салмақта күміс алады деп болжаған-ды. Бұл спорт түрінен алтын алу сенсация болар еді. Өйткені Рахимов әлемнің үш дүркін чемпионы француз Тедди Ринермен жекпе-жекке шығады. Көбі Теддиді "бар дәуірдің ең үздік дзюдошысы" деп атайды.

Тәжікстанда дзюдо федерациясын президент Эмомали Рахмонның немересі Исмаил Махмадзоир басқарады.

SI Токиода алғашқы медалін алған Түркіменстаннан бұл жолы ештеңе күтпеген. Өткен Олимпиада ойындарында Полина Гурьева әйелдер арасындағы ауыр атлетикадан күміс медаль иеленген еді.

Авторитар мемлекеттің спорттағы сәтсіздіктері ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің позициясына сай келмейді. Мемлекеттік ақпарат құралдары бұрынғы президентті ат бәйгесінен боулингке дейінгі барлық спорт түрінен алдына жан салмайтын жеңімпаз деп сипаттайды.

Қырғызстан – Орталық Азияда Олимпиада қызығын көре алмаған елдің бірі. Бірақ осы елдің өкілі Айсұлу Тыныбекованың жұлдызды сәті әлдеқашан келген сияқты. 31 жастағы Тыныбекова – күрестен әлемнің үш дүркін чемпионы. Ол Токиодағы өзі қатысқан үшінші Олимпиада ойындарында күміс медаль алған. Айсұлу – 62 кг салмақта әйелдер арасындағы күрестен алтын медальге үміткерлердің бірі. Күрес бәсекесі келесі апта басталады. Тыныбекова діттеген мақсатына жете алмаса, бұл оның жұлдызды карьерасына үлкен соққы болмақ. Оның үстіне 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дейін тағы 4 жыл күту керек.

Үш дүркін әлем чемпионы, 31 жастағы қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова – 62 кг салмақта әйелдер күресінен алтын медальға үміткерлердің бірі саналады. Бішкек, 14 сәуір, 2024 жыл.
Үш дүркін әлем чемпионы, 31 жастағы қырғызстандық Айсұлу Тыныбекова – 62 кг салмақта әйелдер күресінен алтын медальға үміткерлердің бірі саналады. Бішкек, 14 сәуір, 2024 жыл.

Қырғызстанда әйелдер күресі жақсы дамып келеді. Тыныбекова – жаттықтырушы Нұрбек Изабеков бастаған командадағы ең үлкен спортшы. Құрамада Токиода қола жүлде алған 24 жастағы Мээрим Жұманазарова мен 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 25 жастағы Айпери Медетқызы бар.

SI Тыныбекова – алтын, Медетқызы – күміс, грек-рим күресінен қатысатын Жоламан Шаршенбеков – алтын, тағы үш қырғыз спортшысы қола медаль алады деп жазған.

Егер дәл солай болса, бұл – Қырғызстан үшін ең үздік Олимпиада нәтижесі болып, спорт саласында білім алған президент Садыр Жапаровтың популистік режиміне серпін берер еді.

Қырғыз спортшылары биылғы жазғы Олимпиада ойындарына жаңа тумен қатысып жатыр. Былтыр Жапаров 30 жылдан бері қолданылып келе жатқан тудағы кескін күнбағысқа ұқсайды деп, мемлекеттік нышан дизайнын өзгертуді ұсынған.

Тыныбекова бірнеше спортшымен бірге президенттің идеясына қарсы шықты. Шаршенбеков былтыр желтоқсанда Олимпиадаға ескі тумен ғана қатысатынын айтқан.

Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы, Садыр Жапаровтың сенімді серігі Қамшыбек Ташиев Шаршенбековты сабасына тез түсірді. "Бірде-бір спортшы ресми жарысқа мемлекеттік тусыз қатыса алмайды. Осыдан қатысып көріңдер!" – деген Ташиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG