Accessibility links

Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан мен Түркіменстанға соққы болды


Қызылорда облысындағы мұнай кенішіндегі жұмысшы.
Қызылорда облысындағы мұнай кенішіндегі жұмысшы.

Наурызда мұнай арзандағанда-ақ Қазақстан мен Түркіменстан біраз шатқаяқтап қалған еді, енді жағдай тіпті нашарлап кетті.

Наурыздың 8-інде өткен OPEC+ жиынында Сауд Арабиясы мен Ресей келісімге келе алмаған соң мұнай бағасы бірден құлдыраған.

Мұнай экспортынан түсетін табысқа қарап отырған елдер жағдайды үреймен бақылағаннан басқа ештеңе істей алмады, қара алтын бағасы арзандай берді.

Наурыздың соңында баға әупіріммен тұрақтады, бірақ ол бәрібір бұрынғыдан әлдеқайда төмен еді.


Дегенмен коронавирус тарап, әлемнің әр түкпіріндегі елдер карантинге жабылған соң, экономикалық белсенділік күрт төмендеп, мұнайға деген сұраныс азайып кетті. Соның салдарынан жеткізушілердің қоймаларында артық шикізат көп жиналып қалды.

Мұнай көп, алушы өте аз болған соң артық өнімді жинайтын қоймалар тез толып қалды, соның әсерінен баға тағы да шөгіп, сәуірдің 20-сында West Texas Intermediate (WTI) құны барреліне 0 долларға түсіп кетті.

Құлдыраған WTI мұнайы Brent және Urals сияқты басқа мұнай маркаларын да төмен тартты, көмірсутегі саласындағы кейбір сарапшының айтуынша, қоймалар әлі ұзақ уақыт аузы-мұрны шығып толып тұрады, сондықтан бұрын-соңды болмаған арзан баға әлі бірер ай көтерілмейді.

Каспий теңізінің шығысында орналасқан Қазақстан мен Түркіменстан үкіметтері шарасыз абдырап қалды. Бұл Нұр-Сұлтанға қарағанда, Ашғабатта анығырақ байқалады.

Қазіргі ахуалды 1998 жылмен салыстыратындар көбейді. Ол жылы қара алтынның баррелі 20 доллардан түсіп кеткен.

Мұнайдың 1998 жылғы бағаға түсуі Қазақстан мен Түркіменстан үшін нені білдіреді?

Түркіменстаннан бастасақ, бұл – соңғы бес жылда Ашғабат басынан кешіп жатқан экономикалық қиындықтардың бірі.

Түркіменстанның басты экспорты – табиғи газ. Ел үкіметі экономикаға қатысты мәлімет жариялауға құлықсыз болғандықтан, бюджет табысының 70-80 пайызы газ сатудан түседі деп топшылаймыз.

Өкінішке қарай, мұнаймен бірге газдың да құны арзандап барады.

1998 жылы Түркіменстан Ресеймен газ бағасына келісе алмай, тығырыққа тірелген. Ол кезде түркіменнің бар газы Совет одағының ескі инфрақұрылымы – Ресеймен өтетін құбыр арқылы сыртқа (Украина, Грузия және Армения) сатылатын.

1997 жылдың соңында Иранға жаңа құбыр ашылды, бірақ алғашқы кезде жөнелтілетін газ көлемі тым аз болғандықтан, түркімен газын экспорттаудың жалғыз жолы – Ресей құбыры болды.

Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов 1 мың кубометр газды 40 долларға саудаласа, Ресей 32 доллардан алуды ұсынған.

Сапармұрат Ниязов газ-мұнай кенішінің ашылуында. 2005 жылдың қыркүйек айы.
Сапармұрат Ниязов газ-мұнай кенішінің ашылуында. 2005 жылдың қыркүйек айы.

Газ бағасына қатысты дау 20 жылға созылып, ақыр соңында, 2016 жылы Ресей түркімен газын алуды мүлде тоқтатқан.

“Газпром” 2019 жылы Түркіменстанмен ақыры келісімге келіп, бар-жоғы 5,5 миллиард кубометр газды бір мақалада жазылғандай, “тым арзан бағаға” – 1 мың кубометрін 110 долларға сатып алатын болды.

Ресейге қарағанда түркімен газын Қытай көбірек алып жатыр. 2019 жылы олар бұл елден 35 миллиард кубометр газ алды.

2016 жылғы мәлімет бойынша, Қытай Түркіменстанға мың кубометрге 185 доллардан төлеген. Дегенмен, 2017 жылы Қытай бағаны арзандатуға ниетті деген ақпарат тарады. Ол кезде Қытай түркімен газын алып отырған жалғыз ел болғанын ескерсек, Пекин өз дегеніне жеткен де болуы мүмкін.

Газ бағасына қатысты келіссөздерде Ресей мен Қытайға ықпал етерліктей Түркіменстанның қолында ешқандай тетік жоқ, сондықтан олар жақын күндері газ бағасын қайта қарауды өтініп, Ашғабатқа қолқа салуы ықтимал.

Түркіменстаннан газ алатын – осы екі ел ғана.

Негізінде, Ресей түркімен газын қажет қылып отырған да жоқ, ал Қытай наурыздың басында құбыр арқылы газ алуды азайтып, оның орнына сұйылтылған табиғи газ импортына көше бастайтынын хабарлады.

Мың кубометр газ 110 доллар тұрғанда “тым арзан” саналса, 32-40 доллар деген тиын-тебен болып қалары анық. Бірақ биыл түркімен газының құны осы деңгейде саудалануы әбден мүмкін.

Бұрын да айтқанымыздай, Қытайға жөнелтілетін газдың бір бөлігі Түркіменстанның Қытай алдындағы қарызын өтеуге кетіп жатыр. Пекин газ кеніштерін игеріп, өз еліне қарай құбыр тарту үшін Ашғабатқа көп қарыз берген.

2016 жылы мың кубометр газ бағасы 185 доллар болған. Төрт жыл бұрынғы табысының ширегін ғана алатын Түркіменстанға енді Қытай алдындағы берешегін өтеу үшін бұрынғыдан төрт есе көп уақыт жұмсауға тура келеді.

Eurasianet сайтында жақында шыққан мақала мұнай экспорттаушы ел – Ресей туралы “Мұнай бағасы түсіп, рубльдің долларға шаққандағы бағамы да төмендеді, бұл рубльмен сатылатын экспорт түсімінің аз да болса орнын толтырды әрі Ресей мұнай өндірушілерінің басқа шетелдік бәсекелестермен салыстырғандағы операциялық шығындарын азайтып жіберді” деп жазған.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 10 мың теңгелік ақша.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген 10 мың теңгелік ақша.

Мақала авторының айтуынша, “валюта бағамын осылайша реттеу Қазақстанда да болған”, ал көршілес Әзербайжанның басшылығы “валюта бағамын реттеуден бас тартып отыр”.

Ақпарат құралына сенсек, Әзербайжан “валютаны қорғау үшін миллиардтар жұмсап жатыр”.

Түркіменстанның да жағдайы соған ұқсас. Үкімет ұлттық валюта – манаттың АҚШ долларына шаққандағы бағамын 2015 жылдың басынан бері түсірмей келеді.

Түркіменстанның ұлттық валютаны қорғауға жұмсайтын миллиардтары жоқ, ал үкімет манатты девальвациялау керек деген кеңеске жылдар бойы құлақ аспай келеді.

Түркіменстан басшылығы манаттың бағамын түсіруі мүмкін деген әңгіме айтылып жатыр. Олай жасаса, онда авторитар үкіметтің түсініксіз саясатының кесірінен бірнеше жылдан бері экономикалық қиындықта өмір сүріп жатқан түркімендерге тағы қосымша салмақ түседі.

Жоғарыда айтқанымыздай, наурыздың басында мұнай бағасы түсе бастағанда Қазақстан ұлттық валюта – теңгенің бағамын 15 пайызға түсірген.

Түркіменстан “елде коронавирус жоқ” деп сендіріп отыр. Аймақтар арасында жүріп-тұру тыйылғанымен, қалалардағы қозғалысқа еш шектеу қойылмады, халық бұрынғысынша емін-еркін жүр.

Сәуірдің 24-індегі мәлімет бойынша, Қазақстан COVID-19 жұқтырғандар саны 2376 адамға жетті, індеттен 24 науқас көз жұмды. 602 адам жазылып шықты.

Қазақстанның ірі қалаларының көпшілігі карантинге жабылған, ондағы тұрғындар сыртқа шыға алмайды.

Бұл шаралар Қазақстан экономикасына ауыр соққы болып тиді. Үкімет қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде 42500 теңгеден (95 доллардай) үлестіріп жатыр.

8 сәуірде Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қорда 57,5 миллиард доллар бар деген. Яғни, қиын күнге деп сақталған қаражат біраз уақыт Қазақстан экономикасына және азаматтарға түскен салмақты жеңілдетеді, дегенмен теңгенің әрі қарай құнсыздануы әлеуметтік жағдайды одан сайын шиеленістіріп жіберетін тәрізді.

Тіпті карантин бітіп, ірі өнеркәсіп орындары қайтадан жұмыс істей бастағаннан кейін де мұнай баррелінің бағасы 20-30 доллар арасында қалса, Қазақстан бәрібір экономикалық қиындықтан құтылмайтын сияқты.

7 наурызда Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев “Біз бюджетте мұнай бағасын [барреліне] 50-55 доллар етіп межеледік. Үкімет баға 40 долларға не одан төмен түскен жағдайда шығындарды азайтуды жоспарлап отыр. Мұнымен қазір-ақ айналысып жатырмыз” деген.

Биыл баға межелеген 40 доллардың жартысына ғана жететін сияқты.

Қазақстан басқа да өнімдерді экспорттайды, мұнай бағасының арзандауы азайған табыстың орнын толтыру үшін дәнді дақыл өндірісіне көбірек көңіл бөлуге итермелеуі мүмкін.

Солай болған күннің өзінде 2020 жыл Қазақстан үшін де, Түрікменстан үшін де ауыр жыл болғалы тұр.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін. Ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG