Accessibility links

Германия – Орталық Азия саммитінен не күтуге болады?


Германия канцлері Олаф Шольц
Германия канцлері Олаф Шольц

Германия канцлері Олаф Шольц 16 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен келеді. Мұнда жоғары деңгейдегі кездесулер жоспарланған, ал сейсенбіде Астанада Орталық Азия – Германия басшыларының саммиті өтпекші. Саммитте не талқыланады, Германияның аймаққа қатысты ұстанымы қандай және Орталық Азия бұдан не ұтады? Азаттық Германияның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің Шығыс Еуропа, Ресей мен Орталық Азиядағы тәртіп пен басқару орталығының жетекшісі Штефан Майстермен осы жайлы сөйлесті.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ГЕРМАНИЯДАН ИНВЕСТИЦИЯ КҮТТІ, БІРАҚ КӨП ӨЗГЕРІС БОЛМАДЫ"

− Германия канцлері Олаф Шольц былтыр Берлинде алғаш рет Орталық Азия басшыларымен саммит өткізді. Енді Астанада екінші Орталық Азия – Германия саммиті өтпек. Бұл жолғы саммит несімен ерекше?

Сарапшы Штефан Майстер
Сарапшы Штефан Майстер

− Ресей [Украинаға қарсы] үлкен соғыс ашқалы бері Германия мен Еуроодақтың Орталық Азияға қызығушылығы артып жатыр. Басты мүдде – мұнай, газ бен басқа ресурстар үшін балама серіктестерді тауып, қарым-қатынасты дамыту. Бірақ Германия сондай-ақ аймаққа инвестиция құюға дайын. Шынын айтқанда, бұл саммит несімен айрықша екенін білмеймін. Былтыр Берлинде саммит өтті, артынша Орталық Азия елдерінің сәл көңілі қалғаны байқалды. Өйткені жоғары деңгейде кездесу өткізген жақсы, бірақ Германия тарапынан онша көп инвестиция құйылмады.

Меніңше, бұл жолғы саммиттің ерекшелігі, Шольц пен ресми тұлғалар аймақта екіжақты және көпжақты кездесулер өткізуге дайын. Германияның сыртқы саясаты және бірінші кезекте экономикалық саясаты үшін Орталық Азияның маңызы артты. Басты тақырып экономика мен миграция болады деп ойлаймын. Шольцпен бірге немістің үлкен бизнес делегациясы барады, бірақ Шольц үшін бизнес өкілдерімен саяхаттау үйреншікті нәрсе. Демек, саммиттің адам құқықтары немесе басқа мәселеге қатысы жоқ. Бұл Орталық Азия елдерімен іскерлік қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған.

− Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірген соң Германия сыртқы саясаты өзгеретінін хабарлады. Бұл аймақпен қарым-қатынасты жақсартуға қаншалық әсер етті?

− Сыртқы саясаттағы өзгеріс Германия мен Еуропа Ресейді қауіпсіздікке қатер төндіруші ретінде қарастыра бастағанын және Германия Ресей ресурстары мен газынан бас тартқанын көрсетеді. Неміс экономикасы газ бен басқа шикізатқа қатты тәуелді, Ресей енді Германия үшін шикізатты жеткізетін негізгі көз емес, сондықтан мұны әртараптандыру, басқа көздерді табу маңызды. Осы жерде ойынға Орталық Азия елдері кірді, себебі олардың кейбірінде мұнай, газ бен басқа шикізат бар.

Өзбекстан немесе Қазақстан шенеуніктерімен сөйлессеңіз, олар былтыр Шольцпен кездесуден кейін Германиядан анағұрлым көп инвестиция келеді, бұл Шольцтың күн тәртібінде қалады деп көп нәрсе күткеніне көз жеткізесіз. Олардың көңілі қалды дегенде меңзегенім осы. Меморандум, келісімдер жасалды. Алайда неміс жағынан олар күткендей әрекет болмады. Бизнес делегациялар келді, әртүрлі алмасулар болды. Орталық Азиядан көптеген саясаткер Еуропа мен Германияға сапарлап жүр. Бірақ Германияның Орталық Азияға инвестиция құюы мен Орталық Азиямен қарым-қатынасты тереңдетуіне келсек, көп өзгеріс бола қойған жоқ.

"Ресурсқа бай авторитар елдермен ымыра". Германияның Орталық Азиядағы мүддесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:06 0:00

− Былтыр самиттен кейін Орта дәлізді дамытуға ақша құйылады делінген. Сонда Германия не себепті инвестиция құймай отыр?

− Меніңше, транзит және Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ бен Каспий теңізі арқылы Азия мен Қытайға апаратын балама жолдарды дамыту тағы бір мәселеге айналды. Бұл ұзақ мерзімді инвестиция екенін түсінеміз. Бұл жерде инфрақұрылымға ақша құятын жалғыз Германия ғана емес, Еуроодақ, халықаралық банктер мен техникалық-экономикалық негіздеме туралы сөз болып отыр. Инфрақұрылымға ақша құю – ұзақ мерзімді процесс, оған уақыт керек.

Мұның тағы бірнеше себебі бар. Орталық Азияның инвестициялық ахуалы жақсарған жоқ, заң үстемдігі әлі де жетіспейді. Көптеген елде саяси ахуалға байланысты инвестициялық жағдай жақсы емес. Бизнес өзі дұрыс қорғалмаған ортаға инвестиция құюға сақтықпен қарайды. Бұрын сәтсіз құйылған Еуропа және Германия инвестициясы тағы бар. Мемлекеттік институттар және жемқорлық проблемасы бар. Меніңше, Ресей Украинаға басып кіргелі көп нәрсе өзгерген жоқ.

Сонымен қатар Германияның саяси белсенділігі жетіспейді. Шольц батыл көшбасшы емес. Ол осы соғыста Еуропаны басқарып, жетектеп жатқан басшы емес. Орталық Азияға келгенде оның неге басымдық беретінін білмеймін, бос сөз көп. Бірақ бұл жоғарыдан төмен әрекетке бейімделген елдер. Іскерлік қарым-қатынас жүргізу үшін жоғары басшылықпен келісу керек. Оны көріп тұрғаным жоқ. Бәлкім, Шольц мұны түсінбейді, оған мүмкіндігі жоқ, я болмаса оны істеуге құлқы жоқ. Ол Украина және ішкі мәселелермен жүр. Мүмкін, Германия мәлімдемесі мен көпшіліктің одан көп нәрсе күткеніне қарамастан, оған басымдық берілмеді.

"АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН КӨТЕРМЕУ ЖӘНЕ АВТОРИТАР ЕЛДЕРМЕН ЫМЫРА"

− Батыс елдерінің Орталық Азиямен қарым-қатынасында адам құқықтары мәселесі қозғалмайтынын айттыңыз. Дегенмен саммиттің күн тәртібіне адам құқықтары мәселесі шығуы мүмкін бе?

− Шольц адам құқықтары мәселесін бұрын да басты орынға қоймаған, ол бұрынғы қаржы министрі ретінде бизнеске көп мән береді. Экс-канцлер Ангела Меркель Шольцке қарағанда адам құқықтары мәселесін көп көтерді.

Миграция жайлы келісім жасалады. Бірақ адам құқықтары бұл саммиттің басты мәселесі болмайды. Сондықтан Шольц оны көтереді дегенге күмәнім бар. Германияның ресми мәлімдемелерінде адам құқықтары көтерілгенін көрмедім. Сондықтан ол көтерілген күннің өзінде жабық есік жағдайында айтылуы мүмкін.

Орталық Азия елдері президенттері мен Германия канцлері. Берлин, 29 қыркүйек, 2023 жыл.
Орталық Азия елдері президенттері мен Германия канцлері. Берлин, 29 қыркүйек, 2023 жыл.

Былтыр Франция президенті Эммануэль Макрон уран келісіміне қол жеткізу үшін келіп кетті. Германия мұнай мен газды Орталық Азиядан алғысы келеді. Бірақ аймаққа келетін Батыс елдері адам құқықтары мәселесін көтермесе, авторитар елмен қарым-қатынаста демократия екінші орынға ысырылғаны ма?

− Бәлкім, солай шығар. Еуропа экономикалық дағдарысқа ұшырады. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы экономикаға соққы болды. Өмір сүру деңгейі төмендеп жатқандықтан, ішкі наразылық бар. Авторитар елдермен түрлі ресурс бойынша келісім жасауға қызығушылық артып келеді, сондықтан кей кезде ымыраға келуге тура келетінін түсінеміз. Бірақ Германия сыртқы саясатта мұны (адам құқықтарын) көтермейді дегім келмейді. Даму министрлігі, сыртқы істер министрлігі адам құқықтары мәселесін көтеріп жүр. Дегенмен бұл екінші орынға ысырылып жатыр, себебі Еуропа мен Германияға бұл елдер қажет, ресурстар үшін бәсекеде олар компромиске баруға дайын. Ресурстарға тек Германия мен Франция ғана қызығып жатқан жоқ. Орталық Азиямен өзге елдер қарым-қатынасын жолға қойып жатыр. Орталық Азияның келіссөзде позициясы жақсарды.

− Батыс елдерінің басшылары аймаққа келіп, адам құқықтары мен демократия мәселесін көтермесе, Ресейдің Украинадағы соғысы авторитар режимдерді күшейтіп жатыр деуге бола ма?

− Бұған онша сенімді емеспін. Мұны оңай, қарапайым жолмен түсіндіру қиын. Ең алдымен Ресей үстемдігінің құлдырауын көріп тұрмыз. Ресей енді аймақтағы ең басты және мықты ойыншы емес. Бұл Орталық Азия елдеріне амал-шарғы жасауға мүмкіндік береді. Олар үнемі Қытаймен және Ресеймен қарым-қатынас ұстанады, себебі олар – көршілер және ешқайда кетпейді. Бұл екеуі де – авторитар нормаларды орнататын авторитар елдер. Авторитар басшыларға билікте қалу үшін өзгелермен саудаласу, келіссөз жүргізу ыңғайлы.

Сөйте тұра Еуропа бұрын адам құқықтары, демократия мен азаматтық қоғамды қолдауда табысты болды дей алмаймын. Сондай-ақ Орталық Азияда соғысқа дейін адам құқықтары мен демократия мәселесінде кері кетушілік болды. Бірақ Еуропа бұл мәселеге аз араласты. Көп ретте әрекеті бос сөз болып көрінді. Бірде адам құқықтарын көтересіз, енді бірде іскерлік қарым-қатынасқа барасыз. Бұл соғыс шын мәнінде авторитаризмді күшейтіп жатыр ма дегенді кесіп айту қиын. Бәлкім, бұл АҚШ-тың әлемде күші азайғанымен, демократиялық елдердің ішкі дағдарыстан әлсіреуімен байланысты шығар. Яғни бұл соғыстан гөрі ауқымдырақ мәселе болуы ықтимал.

Германия канцлері Олаф Шольц, Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок және Орталық Азия елдері президенттері Берлиндегі жиында отыр. Германия, 29 қыркүйек, 2023 жыл.
Германия канцлері Олаф Шольц, Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок және Орталық Азия елдері президенттері Берлиндегі жиында отыр. Германия, 29 қыркүйек, 2023 жыл.

"БЕРЛИННІҢ АЙМАҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАН-ЖАҚТЫ СТРАТЕГИЯСЫ ЖОҚ"

− Сарапшылар Орталық Азияда дәстүрлі түрде Ресей мен Қытайдың ықпалы басым дейді. Ал Германияның аймақта әрекеті қандай болмақ және болашақта аймақтағы ойыншылармен бәсекеге түсуі мүмкін бе?

− Германия мен Еуроодақтың Орталық Азиядағы әрекетін асыра бағаламас едім. Меніңше, оның Қытай және Ресеймен бәсекеге түсуге еш амбициясы жоқ. Оның үстіне аймақпен байланысы мен белсенділігі Ресей мен Қытайдікіндей емес. Аймақта Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы немесе Еуразия Экономика Одағы тәрізді көпжақты институттар бар, Ресей және Қытаймен интеграция терең. Германияның аймақта дәл сондай белсенділігін көреміз деп ойламаймын. Орталық Азия үшін Еуропа тым алыс. Азиядағы басқа мемлекеттермен, араб елдерімен байланыс орнатылған. Орталық Азия қарым-қатынасын әртараптандырып жатыр.

Бірақ Еуропа және Германиямен қарым-қатынас сапасы басқа, өйткені бұл − заң үстемдік ететін демократиялы елдер. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінде болмаса да, іскерлік қарым-қатынас орнатсаңыз да, бәрібір белгілі бір стандарттарға сай болуыңыз керек.

− Жақында берген сұхбатыңызда Германияның әртүрлі аймақта белгілі бір анық, терең ұстанымы жоқ екенін айттыңыз. Германияның Орталық Азиядағы ұстанымы туралы да солай деуге бола ма?

− Меніңше, солай. Германия үкіметі проблемаларды шешуге мәжбүр, ол дағдарысқа тап болған үкімет. Ол Еуропаның бірлігіне, Германияның экономикасы мен ішкі саясатына әсер етіп жатқан Ресейдің Украинаға қарсы соғысы тудырған дағдарысты шешуі керек. Санкциялар режимі экономикаға соққы, Украинаға қару-жарақ жеткізу қымбатқа соғып жатыр. Сондықтан қазір басқа аймақтарға қатысты стратегияны әзірлеуге мүмкіндік жоқ.

Орталық Азия туралы көп сөз қозғалса да, ондағы стратегия түсініксіз. Меморандум, миграция сияқты салаларда келісімдер жасай аласыз, бірақ бұл стратегиялық әдіс емес. Орталық Азия транзит аймағы, Орталық Азия елдерін Еуропамен байланыстыру екі тарапқа да маңызды. Еуроодақтың аймаққа қатысты саясаты осы байланыс пен сауданы, салалық қарым-қатынасты қамтиды. Ал Германия негізгі институттарының Орталық Азиядағы проблемаларды шешуге белсенді қатысып жатқаны байқалмайды, сондай-ақ жаңа қауіпсіздік, геосаяси ахуалға байланысты аймаққа қатысты жан-жақты стратегия әзірлеп жатқаны білінбейді.

Германия канцлері Олаф Шольц (оң жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуден кейін брифингте тұр. Берлин, 28 қыркүйек, 2023 жыл.
Германия канцлері Олаф Шольц (оң жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуден кейін брифингте тұр. Берлин, 28 қыркүйек, 2023 жыл.

− Батыс басылымдары Орталық Азия елдері Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесетінін көп жазды. Аймаққа келетін Еуроодақ пен Германияның лауазымды тұлғалары неліктен бұл мәселені көтермейді, неліктен бұл мәселеге көз жұма қарайды?

− Бұл шын мәнінде олай емес. Еуроодақтың санкциялар жөніндегі өкілі үнемі Орталық Азия елдеріне барып жүрді. Шольц та санкция мәселесін көтереді деп сенемін, Еуропа жақтан аймақ елдері санкция режимін сақтасын деген қысым күшейіп келеді. Бірақ екінші жағынан келіссөздегі позиция онша жақсы болмауы мүмкін. Өйткені бізге Орталық Азиядан қандай да бір нәрселер қажет, ал олар бұған прагматизммен қарайды. Олар барлық тараптан пайда көргісі келеді. Аймақ сырттағылар олармен қарым-қатынасқа мүдделі екенін біледі. Сондықтан "біз белгілі бір талаптарды орындап жатырмыз, бірақ белгілі бір шектеу бар. Іргемізде алып көрші – Ресей тұр, бізге де оңай емес" дегендей ойын жүргізуі мүмкін. Бәлкім, бір себеп осы, келіссөзде олардың позициясы жақсарған болуы ықтимал.

Тағы бір себеп, Еуропа әлем нарығына Ресейден келетін мұнай мен газға мүдделі, себебі ол болмаған жағдайда шикізат бағасы өседі, бұл экономикаға одан бетер соққы болып тиеді.

Үшінші себеп, басқа елдерге технологиялардың тасымал жолын бақылау қиын. Сол себепті осы елдермен серіктестік орнату керек.

"НЕМІС БИЛІГІ МЕН БИЗНЕСІ ИНВЕСТИЦИЯҒА ӨТЕ САҚ"

− Германия мұнай мен газға келгенде Орталық Азияға прагматизммен қарайды дедіңіз. Еуроодақ пен Германия бұдан бөлек сирек жер металдарына қызығушылық білдірді. Бірақ әзірге бұған қатысты ешқандай нақты қадам көрмедік. Дегенмен Қытай тәрізді сирек жер металдарына аңсары ауып отырған басқа ойыншылар бар. Германия не себепті асықпайды және басқа ойыншылар бұған ертерек қол жеткізуі мүмкін бе?

− Неміс бизнес қауымдастығымен сөйлессеңіз, олар Германия саясатын сол үшін сынап, Азиядағы басқа елдермен бәсекеде жеңіліп жатқанымызды айтады. Бұл тек қана Қытай емес, Оңтүстік Корея мен Жапония. Бізде [сирек жер металдарына] қызығушылық бар. Бірақ Германия билігі мен бизнес баяу. Олар инвестиция салуға келгенде өте сақ. Бір инвестиция салса, өте сенімді және ұзақ мерзімге келеді. Бірақ бұл бәсекеде тежеп отырған жайт, Германия мен Еуропаның бюрократиясы және бизнеске арналған жағдай. Олар келіссөздер мен келісімдерге келгенде де бюрократ. Меніңше, бұл біздің тым бюрократ жүйеміздегі міндеттемелерге байланысты көп уақыт алып жатыр, сол себепті бәсекеде жеңіліп қалуымыз мүмкін. Бұл – бизнес қауымдастықтан естіп жүрген уәж. Олар біз көп нәрсе істеуге мүдделіміз, бірақ жоғарыдан қолдау жоқ дейді.

Шольц жылына бір рет [Орталық Азия басшыларымен кездеседі], бірақ бізге жоғарыдан қолдау керек, ол жоғары жақпен келісілуі керек. Бизнес өкілдері канцлермен не жоғары лауазымды тұлғалармен бірге саяхаттап жүреді. Алайда бұл жиі бола бермейді. Сондай-ақ инвестицияны қайда құямыз, ондағы шарттар қандай деген сияқты міндеттеме бар, бәлкім, осы жайт Еуропа мен Германияны бәсекеге соншалықты қабілетті етпейді.

− Германия – Орталық Азия саммитінен қандай нәтиже күтуге болады және ол Германиямен қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?

− Оған көп үміт артпас едім. Бұл жоғары деңгейдегі кезекті саммит. Бес + бір форматында бірнеше саммит өтті, соңында жақсылап фотоға түседі, бірақ келісім, инвестиция мен практикалық нәрсе аз. Бұл жолы Шольцпен үлкен бизнес делегация саяхаттайды, көптеген келісім жасалуы керек. Екінші жағынан ол қалай іске асады деген сұрақ туындайды. Орталық Азиядағы кей елмен миграция бойынша келісім жасалады. Бірақ мұның бәрі тым баяу және өте аз. Жылына бір рет өтетін кездесу ғана емес, бұл үлкен стратегиялық өзгерісті, канцлер мен сыртқы істер министрінің үлкен жауапкершілігін талап етеді. Болашақта көбірек саммит өтеді, бірақ неміс саясаты мен бизнесінің Орталық Азиямен қарым-қатынасы баяу жүреді. Сондықтан оң нәтиже салыстырмалы түрде өте шектеулі болады деген ойдамын.

XS
SM
MD
LG