Орталық Азияда ғаламдық ауа райы өзгеруінің ықтимал салдарын зерттеген қауіпсіздік жөніндегі мамандар бұл проблема аймақтағы бес елдің араздығы мен тұрақсыздыққа себеп болуы мүмкін деп санайды. Стокгольмнің бейбітшілік институты жүргізген зерттеу авторлары осындай болжам жасаған.
Зерттеу авторларының бірі Камилия Борн Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) берген сұхбатында климаттың өзгеруі Орталық Азия елдері кезігіп отырған бірқатар проблемаларды ушықтырып, оларды шешуге кедергі болатынын айтады.
"КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ШАЙҚАЛТАДЫ"
"Орталық Азия әлі тұрақты аймақ, бірақ үлкен қауіп бар. Бес елдің үкіметтері өзара тығыз қарым-қатынаста емес. Су-энергетика мәселелері ондаған жылдар бой шешілмей келеді. Климаттың өзгеруіне байланысты бітуге таяған өзге ресурстарды бөлісу - Орталық Азияның тағы бір проблемасына айналған" дейді Камилия Борн.
Зерттеуде егер климаттың өзгеруі әсерінен мұздықтар еріп, аймақта су қоры сарқылатын болса судың бас жағындағы Тәжікстан мен Қырғызстан және төменде орналасқан Өзбекстан, Қазақстан мен Түркіменстан арасында суға бола жанжал шығуы ықтимал екені айтылған.
Зерттеу авторларының болжамынша, Тәжікстан мен Қырғызстан су ресурстары азайған жағдайда өздеріндегі су электр станцияларына су қорын жинақтауға кірісіп, төмендегі елдер суармалы жерге қажет судан тапшылық көреді.
Орталық Азияда су ресурстарының 60 пайызға жуығын Тәжікстандағы мұздықтар қамтамасыз етеді. Бірақ ғаламдық ауа райының жылынуы кесірінен соңғы 30 жылда бір мыңнан астам мұздық жойылып кеткен.
"ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕУГЕ ӘЛІ МҮМКІНДІК БАР"
Камилия Борнның айтуынша, қазіргі шақта Орталық Азия елдерінің өзара әрекет жасауына және ықтимал жанжалдың алдын алу жолдарын талқылауына жақсы мүмкіндіктері бар.
Бұл жерде мақала авторлары 2016 жылдан бастап көршілерімен жақындасуға бет бұрған Өзбекстанның саясатындағы өзгерістерді меңзеп отырғанға ұқсайды.
"Егер [аймақ елдері] өзара әріптестікті нығайту, экономикалық даму белсенділігін арттыру, өңірге инвестицияны көбірек тарту және тығыз қарым-қатынас орнатуға қазір қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаса болашақта біз айтып отырған қауіп-қатерлерге жолығады" дейді Камилия Борн.
ШЕКАРА ДАУЫН ШЕШУ ҚАЖЕТ
Сонымен бірге зерттеуде аймақ елдері шекара мәселесінде келісімге келе алмаса климаттың өзгеруі жағдайды одан сайын ушықтырып, шекара туралы келіссөздерді тығырыққа тіреуі мүмкін екені айтылған.
"Шекара мәселесі төңірегіндегі дау жалғасып келе жатқан аймақта тұрғындар су мен жерге бола жанжалдасып қалады. Су ресурстары мен жайылымдық жердің азаюы бұл жанжалды күшейтіп, тұрғындар арасында агрессияны өршітіп жіберуі мүмкін" деп жазады зерттеу авторлары.
Тәжік-өзбек шекарасын айқындау және жүргізу іс жүзінде аяқталған, ал Тәжікстан мен Қырғызстан арасында бұл процесс кешеуілдеп жатыр, соның салдарынан 400 километр жерге қатысты дау әлі біткен жоқ.
Өткен жылдары Тәжікстанның Соғда аймағы мен Қырғызстанның Баткен облысы шекаралық аудандарының тұрғындары су мен жерге бола бірнеше рет жанжалдасып қалған. Кейде даудың аяғы қантөгіске ұласқан.
Дүниежүзілік банктің болжамынша, ғасыр соңына қарай Орталық Азияда ауа температурасы 4 градусқа көтеріледі, соның салдарынан көшкін мен тасқын, құрғақшылық жиілеп, жел күшейеді. Стокгольм бейбітшілік институтының деректеріне сүйенсек, ыстық ауа райы азық-түлік пен су мәселесін қиындатып, тұрғындардың толқуына түрткі болуы мүмкін. Әлеуметтік проблемалар жанжалдың өрістеуіне себеп болады.
Соңғы 30 жылда климаттың өзгеруі нәтижесінде Орталық Азияда ауа температурасы 0,5 градусқа көтеріліп, салдарынан аймақ тұрғындары құрғақшылық зардабын тарта бастаған.
(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласынан аударылды.)
ПІКІРЛЕР