Accessibility links

БҰҰ бас хатшылығына ықтимал үміткерлер қатарында Тоқаев та аталды

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-да сөйлеп тұр.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-да сөйлеп тұр.

БҰҰ бас хатшылығынан үміткерлерді іріктеу кезеңі “сәтсіз” аяқталғаннан кейін жаңа ықтимал кандидаттардың аты атала басталды, арасында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Британдық Guardian басылымы 21 қыркүйек күнгі мақаласында үш жабық дауыс беру айқын жеңімпазды анықтай алмағанын жазды. Дегенмен үш кандидаттың “әлі де мүмкіндігі” бар.

БҰҰ-дағы тығырық тұсында одан да өзге ықтимал үміткерлердің аты аталып жатыр, арасында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, БАӘ сыртқы істер министрі Лана Нусейбе, Венгрияның бұрынғы премьері Виктор Орбан да бар. Бірақ бұлардың ешқайсысы ресми түрде өтініш бермеген.

Үміткерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің кемінде 9-ы қолдауы керек және кеңестің тұрақты бес мүшесі – Франция, Ұлыбритания, Қытай, Ресей немесе АҚШ ешқайсысы қарсы болмауы керек. Кеңестің тұрақты мүшелері арасында ымыраға келу терең саяси қайшылықтарға байланысты қиын болып барады деп жазды басылым.

Қазақстанда "Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы қызметіне кандидат болуы ықтимал" деген болжамдар біраздан бері айтылып жүр. Бірқатар сарапшы биыл наурызда жаңа Конституцияның жедел қабылданғаны, жаңадан вице-президент лауазымы енгізілуі билік транзитіне дайындық болуы мүмкін деп топшылаған.

13 наурызда Reuters агенттігі "қазақстандық дипломаттар ортасындағы дереккөзге" сүйеніп, Тоқаев "өз кандидатурасын Бас хатшы лауазымына ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатқанын" хабарлаған.

Алайда Тоқаев бұған дейін "БҰҰ-ға бармайтынын" кемі екі рет айтқан. Биыл қаңтарда "Түркістан" басылымына берген сұхбатында "ұсыныстарға қарамастан, Біріккен ұлттар ұйымындағы жұмысқа қайта оралатын ниетім жоқ" деп мәлімдеді. 2025 жылғы 3 қаңтарда "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Тоқаев "Женевадағы тәжірибем маған жетеді" деген.

Биыл тамызда Тоқаев алда президент сайлауына түсу-түспеуге қатысты нақты жауапты 2027 жылы айтамын деді.

Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы — әлемдегі ең ірі халықаралық ұйымдағы ең жоғары дипломатиялық қызмет. Қазір бұл қызметте отырған Антониу Гутерриштің өкілеттігі биылғы жылдың соңында аяқталады.

БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидаттарды тіркеу сәуірде аяқталған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG