БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі (UNRWA) Израильден Газа секторына гуманитарлық жүктер өтетін негізгі орын – "Керем-Шалом" бекетінен гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтата тұратынын хабарлады. Бұған жүк тонаумен айналысатын қарулы топтардан төнген қауіп-қатер себеп болған.
"Керем-Шалом" пунктінен Газаға көмек жеткізуді тоқтатуға мәжбүрміз. Бұл бағыт бірнеше айдан бері қауіпті болып тұр", – деді агенттік басшысы Филипп Лаццарини Х желісінде. Оның айтуынша, бұл шешім Газадағы аштық мәселесі шиеленісіп жатқанда қабылданған.
Лаццаринидің сөзінше, 30 қарашада қарулы адамдар "Керем-Шалом" аймағында гуманитарлық көмек партиясын ұрлап әкеткен, қарашаның ортасында 100-ге жуық жүк көлігі тоналған.
Лаццарини агенттік қызметкерлерін қорғауға және көмекті жеткізуге жауапкершілікті Израильге артты. Агенттік басшысы аймақтағы атысты тоқтатуға үндеді.
БҰҰ мәліметінше, Газаға барған гуманитарлық көмек көлемі бір жылда ең төменгі деңгейге жеткен. Көмек жеткізумен айналысатын ұйымдар қыркүйекте Израиль күштері Газаның солтүстігіне арналған жүктің жартысын шектеді деп хабарлады. Осыдан кейін Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Йоав Галантты тұтқындауға ордер берген.
Бұған дейін Израиль БҰҰ-ға елдің UNRWA-мен қарым-қатынасын реттейтін келісімді бұзу туралы ресми түрде хабардар еткен. Тиісті заң жобасын Израиль парламенті бекіткен. Құжаттарға сәйкес, Иордан өзенінің батыс жағалауындағы және Газа секторындағы БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі қызметіне тыйым салынбаған, бірақ жаңа заңнама ұйымның осы аумақтардағы қызметіне әсер етпек.
Израиль билігі бұған дейін агенттік қызметкерлерін былтыр 7 қазандағы ХАМАС шабуылына қатысы бар деп айыптаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тауып, содырлар 250-ден астам адамды Газа секторына күштеп алып кеткен. ХАМАС ұйымы АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған.
Агенттік айыптауларды жоққа шығарған, бірақ тамызда Газадағы бірнеше қызметкерінің шабуылға қатысы барын анықтап, жұмыстан шығарған.
ПІКІРЛЕР