Accessibility links

Бішкектегі жекеменшік мектепте астан уланған адам саны 84-ке жетті


Мектеп асханасында (көрнекі сурет)
Мектеп асханасында (көрнекі сурет)

Бішкек қаласының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығы "Сейтек STEM" жекеменшік мектебінде тағамнан уланғандар саны 84 адамға жеткенін растады. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ресми мекеменің дерегінше, уланғандардың 80-і — оқушы, төртеуі — мұғалім.
79 науқасы Республикалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына, ал бесеуі жеке клиникаларға түскен. Қазір 13 адам ауруханада емделіп жатыр, бес адам жағдайы жақсарған соң шығарылған, қалғандарына амбулаториялық көмек көрсетілген.

Санитарлық-эпидемиологиялық тексеру қорытындысы бойынша, адамдар мектеп асханасында берілген шаурмадан уланғаны анықталған. Әлгі тағамды жегеннен кейін оқушылар мен мұғалімдер құсып, іші ауырып, әлсірей бастаған.

Мамандар тағам өнімдерін, олардың сақталу орындарын және тағам әзірлеумен айналысқан қызметкерлерді тексеріп, мектеп әкімшілігіне санитарлық талаптарды бұзушылықтарды жою және толық дезинфекция жүргізу қажет екенін ескерткен.

Тексеру нәтижесі бойынша толтырылған екі хаттама негізінде жиынтығы 28 мың сом (шамамен 320 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Зертханалық талдау қорытындысы шыққанға дейін мектеп асханасының жұмысы уақытша тоқтатылды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығы тексеруді жалғастырып жатыр. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.

Бұған дейін Азаттық Азия 31 қазан күні кешке Бішкектегі жеке мектептің оқушылары мен қызметкерлері құсып, іші өткені және іші қатты ауырғаны жайлы шағым айтып, жұқпалы аурулар ауруханасына түскенін хабарлаған еді. Олар дәрігерлерге күндіз мектеп асханасында шаурма жегенін айтқан. Алғашында 58 адам уланған деген хабар тараған, кейін олардың саны 75-ке дейін өскен, ақырында 84-ке жеткен. Науқастардың көпшілігі ем алған соң үйіне қайтарылған.

XS
SM
MD
LG