Accessibility links

Ресей тарихындағы ең ауыр теракт. Бесландағы қайғылы жағдайға 20 жыл толды


Бесландағы қазалы күнге орай өткен шараға келген әйел. 1 қыркүйек 2023 жыл.
Бесландағы қазалы күнге орай өткен шараға келген әйел. 1 қыркүйек 2023 жыл.

20 жыл бұрын қыркүйектің алғашқы үш күні Бесланда Ресейдің бүгінгі тарихындағы ең ауыр теракт болды. 2004 жылғы 1 қыркүйекте бір топ террорист №1 мектепті басып алды. 1100-ден астам адам кепілге алынды. Олардың арасында оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер болды. Қаза тапқандардың туыстары, соның ішінде "Беслан аналары" ұйымы әлі күнге дейін Ресейден болған жағдайды тергеуді талап етіп келеді.

2004 жылғы 1 қыркүйекте Бесландағы №1 мектептің алаңында алғашқы қоңырау шарасы өтіп жатқан. Білім күнінен орай өткен шараға 1200 адам келген. Соның 1128-і кепілге алынды. Көбі – бала. Мектепті басып алуды кейінірек өз мойнына шешеннің дала командирі Шәміл Басаев алды. Шабуылдаушылар Ресей әскерін Шешенстаннан алып кетуді талап етті.

Лаңкестер кепілге алынғандарды мектепте үш күн ұстады. Көбі миналанған спорт залында болды. 3 қыркүйекте құқық қорғау органдары мектепті күшпен алу операциясын бастады. Теракті мен биліктің операциясы кезінде 334 адам қаза тапты. Оның ішінде 186 бала болды. Жарақат алғандар саны 800-ден асты.

"КЕПІЛГЕ 354 АДАМ АЛЫНДЫ"

2 қыркүйек күні Солтүстік Осетия президентінің баспасөз хатшысы Лев Дзугаев журналистерге лаңкестер 354 адамды кепілге алды деп мәлімдеп, кепіл тұтқындардың санын үш есе азайтып көрсетті. Кепілге алынғандардың туыстары бұл уақытта 800-ден астам адамды тізіп үлгерген.

Кепілге алынғандардың кейінірек айтқанындай, биліктің бұл сөзі лаңкестерді ашуландырған. Олардың бірі "Сендер мұнда 354 адам екенсіңдер. Ендеше қазір сендерді бір-бірлеп шығарып, атамыз. Сөйтіп сол санға келтіреміз" деген.

Кепілге алынғадарды босату. 3 қыркүйек 2004 жыл.
Кепілге алынғадарды босату. 3 қыркүйек 2004 жыл.

"Беслан аналары" ұйымының мәлімдеуіне қарағанда, террористер 7 жасқа толмаған балаларды босатуға дайын болған. Бірақ баспасөз құралдары кепілге 354 адам ғана алынғанын хабарлаған соң, олар бұл ойынан айнып, қатты ашуға басқан. Биліктің бұл сөздері кепілге алынғандардың жағдайын да ауырлатқан. Балаларға краннан су беруді доғарып, олар зәрін ішуге мәжбүр болған.

Билік келіссөз жүргізуден бас тартты.

Билік мектепті басып алушылар ешқандай талап айтқан жоқ деп тұрып алды. Алайда лаңкестер жедел штабпен байланыс орнатып, келіссөз жүргізуге дайын болған.

Шешен сепаратистері лидерлерінің бірі Аслан Масхадов журналистер Анна Политковская мен Андрей Бабицкиді қасына алып, террористермен келіссөз жүргізуге дайын болған. Бірақ Бабицкийді әуежайда ұстаған, ал Политковская Бесланға барар жолда ұшақта уланған.

Террористермен келіссөз жүргізе алған жалғыз адам – Ингушетияның бұрынғы президенті Руслан Аушев. Ол мектепке өз бастамасымен барған. Аушев лаңкестерді 24 адамды босатуға көндірген. Олар емізулі сәбилер мен олардың аналары. Билік келіссөз жүргізуден бас тартқан күйі мектепті күшпен алуға кірісті.

ШТУРМ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Штурмнің басы қалай жүргені әлі де көп сұрақ туғызады. Ресми мәлімет бойынша, мектепті күшпен алу шешімі лаңкестер кепіл тұтқындар отырған спорт залында жарылғыш заттарды іске қоса бастаған соң қабылданған. Басқа куәліктерге қарағанда, жарылыстар тізбегі спортзалды гранатометпен атқылаған соң басталған.

Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Юрий Савельев Бесландағы терактіні тергеу жөніндегі парламенттік комиссияның мүшесі болған. Савельев жарылыс мектепті жанында тұрған екі үйдің шатырынан атқылаған соң басталған деп мәлімдеген. Ол екі үйдің шатырынан отшашардың (огнемёт) тубустары табылған. Көптеген куәгердің сөзінше, террористер орнатқан жарылғыш заттардың ешбірі жарылмаған.

"Менің ойымша, бұйрықты тек бір адам ғана бере алған. Ол – Ресей президенті Путин. Ресейдегі авторитарлы жүйенің сыйқы сол, мұндай ауқымдағы штурмды бастау туралы бұйрықты ешбір аймақтың басшысы өз мойнына ала алмас еді" деген еді Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Юрий Иванов 2007 жылы Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында. Иванов та парламенттік комиссия мүшесі болған.

Мектептің шатыры. 3 қыркүйек 2004 жыл.
Мектептің шатыры. 3 қыркүйек 2004 жыл.

Бесланның көптеген тұрғыны мен кепілге алынғандардың өзі көптеген адамның қазасына тек террористерді ғана емес, билікті де кінәлаған. Олар билік терактінің алдын алуға және адамдарды босатуға қажет шараны қабылдамады деп санайды.

ТЕРГЕУ ӘЛІ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ

Қылмыстық іс 2004 жылғы 1 қыркүйекте қозғалған. 2005 жылы "Беслан аналары" комитетінің жетекшісі Сусанна Дудаева тергеу жайлы сөзінде Владимир Путин теракт құрбандарының туыстарына тергеуді аяқтауға ықпал ететінін айтқан деді.

"Президент бізді қолынан келгеннің бәрін жасаймын деп сендірді. Адамдар шындықты білуі үшін, кінәлілер жазасын алуы үшін бәрі жасаймын деді. Ол мұндай жағдай қайталанбас үшін шындық қандай болса да мәлім болғанын қалайтынын айтты" деген еді сол кезде Дудиева.

Алайда 20 жыл өтсе де, тергеу әлі аяқталған жоқ. "Новая газета" басылымының жазуынша, билік жапа шеккендердің іс материалдарымен танысқанын қаламайды, тергеудің аяқталмай жатқанының себебі сол. Тергеу аяқталмайынша, іс материалдары құпия болып қала береді.

МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН 20 ЖЫЛДАН КЕЙІН БІР-АҚ АТТАДЫ

20 тамыз күні Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет Бесландағы №1 мектепке барып, қаза тапқандардың құрметіне орнатылған ескерткіштің алдында тізе бүкті. Сапар аясында ол сондай-ақ "Беслан аналары" ұйымының өкілдерімен кездесіп, әңгіме барысында теракт кезінде опат болған балалардың санын азайтып айтты.

Ұйымның тең жетекшісі Анета Гадиеваның сөзінше, Путинмен кездесудегі әңгіменің негізгі бөлігі тергеуге арналған: әйелдер тергеудің созылып кеткеніне шағынған. Путин тергеу не себепті әлі аяқталмағанынан бейхабар екенін айтқан. Ол бұл сұрақ жөнінде тергеу комитетінің жетекшісі Александр Бастрыкинге жүгінуге кеңес берген.

Осыдан кейін Ресей президенті мектепті басып алған лаңкестерге көмектесті деп "сыртқы күштерді" айыптай сөйлеген.

Путин Беслан мектебінде. 20 тамыз 2024 жыл.
Путин Беслан мектебінде. 20 тамыз 2024 жыл.

"Шетелден террористерді ақтап қана қоймай, оларға моральдық және өзге де қолдау көрсеткенін білеміз" деді Путин. "Сол жауларымыз елімізді шайқауға әлі де талпынып, Курск облысында, Донбасста және Новороссияда қылмыс жасап отыр.

Сөз соңында Путин "терроризммен күресте қалай жеңіске жетсек, неонацизммен күресте қойылған мақсатқа да солай жетеміз" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG