Accessibility links

Ay Yola: башқұрт тобы қалай танылды, не үшін сынға қалды?


Ay Yola тобы. Сурет Vkontakte желісіндегі ресми пабликтен алынд
Ay Yola тобы. Сурет Vkontakte желісіндегі ресми пабликтен алынд

Башқұрт тобы Ay Yola шығарған Homay әні Ресейде де, шетелде қатты тарады. Ән әсіресе Қазақстан секілді түркітілдес елдерінде танымал бола түсті. Бірақ біреулер бұл ән "башқұрт мәдениетін әлемге паш етті" десе, басқалары Ay Yola тобының мүшелері Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысын қолдайды деді.

БАШҚҰРТ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ҚҰМАЙ

Ay Yola тобы "Орал батыр" дейтін ежелгі башқұрт эпосына сүйеніп әндер топтамасын бастаған. Homay – осы топтамадағы екінші ән. 2025 жылғы ақпанда шыққан бірінші ән Batyr таныла қоймады.

Homay Қазақстанда да өз тыңдарманын тауып, әннің тарихы қызу талқыға түсті. Біреулер мұны қазақ аңызындағы Ұмай-анаға теңесе, тағы бірі "Құмай" деп аударып жүр. Қазақ тілінде құмай деп жыртқыш құсты айнады. Ал Abai.kz сайтында шыққан мына мақалада автор башқұрт әніндегі құс аққу екенін жазған.

Иран және араб мифологиясында, сондай-ақ Орталық Азия халықтарының арабтанған аңыз-әңгімелерінде құмайды сиқырлы құс деп сипаттайды. Башқұрттың "Орал батыр" және "Ақбозат" эпостарында Құмай – құстардың патшасы Самұрық пен аспан сұлуы Күнннен туған аққу қыз.

Башқұрт зерттеушісі Шаура Шакурованың жазуынша, Құмай – үнді-иран, түркі-моңғол және фин-угор халықтарының мифологиясында отбасы мен төрт-түліктің, балалардың қорғаушысы. Парсы мифологиясындағы Ұмай-ананың да сиқырлы құсқа қатысы бар дейді ол. Зерттеушінің сөзінше, Орал батыр мен Құмайдан Еділ батыр туған. Башқұрт руларының бірі әкесінің жолын қуған осы Еділ батырдан басталады.

"Орал батыр" – башқұрт эпосы, ұрпақтан ұрпаққа тараған башқұрт ауыз әдебиетінің ескерткіші. Алғаш рет 1910 жылы жазып алынған.

Эпостың мазмұны бойынша, Орал батыр адамдардың бақыты үшін табиғаттың зұлым күштерімен – диуалар мен айдаһарларға қарсы күрескен. Олардың арасында жау жағына өтіп кеткен бауыры Шүлген де болған. Эпостың аяғында Орал батыр диуалар мен айдаһарларды жеңіп, теңіз түбінен жаулардың мәйітінен тұратын Орал тауы көтеріліп, батырдың өзі қаза болады.

Homay Қазақстанда кеңінен тыңдалған соң, Ay Yola өз бейнебаянына өлеңнің қазақ тіліндегі нұсқасын титрмен қосты:

Тамырым сұрайды

Жаным мен қаным сұрайды

Ежелгі тарихи жадым сұрайды

Құмай деген кім өзі

Анасы – күн нұры

Тіршілік суына шомылдырған

Әкесі оның – Самрау

Мейірімге баулыған

AY YOLA ТОБЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Ay Yola тобы 2024 жылы Уфада құрылған. Оның құрамында музыкант, дыбыс режиссері әрі продюсер Руслан Шайхитдинов (DJ Ruslan Sever деп танылған), оның қызы, әнші әрі музыкант Адель Шайхитдинова және музыкант, "Арғымақ" этно-тобының жетекшісі бар Ринат Рамазанов бар.

– "Ay Yola" башқұрт тілінде "ғалам заңдары", "жаратылыс ережелері", яғни өлтірме, ұрлама, үлкенді сыйла, кішіні қорға деген мәңгілік құндылықтарды білдіреді, – деп сұхбат берді Рамазанов баспасөз құралына. – Біздің жобамыз осы қағидаларға сүйенеді. Біз музыкалық альбом ғана емес, толымды шоу-мюзикл, әлемнің ең жұмбақ әрі ежелгі эпостарының бірі – "Орал батырдан" шабыт алған интернет-жобасын ұсынамыз. Біз эпостың қазіргі заманғы интерпретациясы осы бірегей туындыны кеңінен танытуға, ежелгі тарихпен жақын танысуға және «Ay Yola» ұғымының терең мағынасын – бүкіл адамзатқа ортақ мәңгілік құндылықтарды түсінуге көмектеседі деп сенеміз.

"БҰЛ – БАШҚҰРТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӘЛЕМГЕ ЖАСАҒАН ҮЛКЕН СЕРПІЛІСІ"

Homay әні жарық көргелі көп ұзамай әлемдік Shazam чартының үздік бестігіне кірді. Сөйтіп ол Леди Гаганың Abracadabra әні секілді танымал Батыс композицияларынан да озып кетті. Homay Қазақстан, Өзбекстан және Украина чарттарында да алдыңғы орыннан көрінді.

Баспасөз құралдары жазғандай, әннің тез тарауына әлеуметтік желілер көмектесті. TikTok пен Instagram қолданушылары оны түрлі роликтеріне пайдалана бастады: би биледі, түрлі визуалды хикаялар баяндады.

– Бұл башқұрт мәдениетінің әлемге жасаған үлкен серпілісі екенін анық, – дейді башқұрт саяси эмигранты Руслан Габбасов. – Башқұрт әнінің бірталай елде қатар хитке айналғаны есімде жоқ.

– Олар "Орал батыр" эпосымен бірге интернетті жара алды, сөйтті де башқұрт мәдениетін, Башқұртстанды әлемге паш етті, – дейді Баймақтағы наразылықтан соң Ресейден кеткен башқұрт рэпері Алтынай Валитов. – Мен әрине оларды мақтан тұтамын және оларға қызыға қараймын.

HOMAY ӘНІН НЕ ДЕП СЫНАЙДЫ?

Homay әні мақтауға толы пікірлермен қатар, алуан түрлі сынға да ұшырады.

Татарстандағы "Бизнес Online" басылымы Ay Yola тобының ұлттық элементтерді заманауи музыкамен ұштастыруы жаңалық емес деп жазды. Басылым сөзінің дәлелі ретінде шетелде якут тілінде өнер көрсететін красноярлық Otyken тобын және ұлттық фольклорды жандандырып жүрген Zventa Sventana жобасын мысал етеді.

Тағы бір татар басылымы – InKazan Гүзел Хуснутдинова дейтін блогерін уәжін келтіреді. Блогер әннің сөздері ислам дініне қайшы келетінін айтқан. Блогердің бұл уәжі Telegram-чаттарда қолдау тапқан. Оған Башқұртстанда тұратын кейбір желі қолданушылары да келіскен.

– Мен ондай сынға жымиып қана қараймын, – дейді Руслан Габбасов. – Айта кетейін, башқұрттар арасындағы ислам байсалды, тіпті "зайырлы" деуге болады. Біздің республикада Құранның әр әрпін бұлжытпай орындайтын мұсылмандар өте аз. Оның үстіне, ең радикалды мұсылман башқұрттардың өзі қобыз (қурай) тыңдайды, музыка тыңдайды. Өйткені біз өте музыкалық халықпыз.

Кейбіреулер әнші Адель Шайхитдинова башқұрт сөздерін дұрыс айта алмады деп сынаған.

– Музыка маңызды-ақ, бірақ біз үшін сапалы мәтін және башқұрт тілін білу де маңызды, бәлкім маңыздырақ деуге де болар, – дейді башқұрт режиссері әрі қоғам қайраткері Тансулпан Буракаева. – Не істеуге болады? Біріншіден, өлең жазуға қолынан келетін адамдарды тарту керек. Бұл ана тілінде мән-мағынаны жеткізе алатын, қазіргі әдеби нормаларды бұзбайтын ақын немесе өзге адам болуы мүмкін. Ал бұл әнде терең мағына бар. Егер Ay Yola өз өнерінде башқұрт тілінің сапасына мән берсе, өзіміз секілді алғыс айтушы тыңдарман көп болады.

Башқұрт рэпері Алтынай Валитов осы үшін бастапқыда бұл әнді ұнатпағанын, бірақ кейін ойы өзгергенін айтады.

– Homay композициясын алғаш рет тыңдағанда башқұрт тілін білетін адам ретінде сөздердің қалай айтылғанына ызаландым, – дейді Валитов. – Рэп жазатын, ұйқасқа қатты мән беретін адам ретінде маған өлеңдегі ұйқас та ұнамады. Өте қарапайым, "мектеп" деңгейінде. Қазір қарасам, өлеңнің дәл осы қарапайым құрылымы энергияға толы музыкамен ұштасқаны, алдыңғы қатарда сұлу қыз Адель тұрғаны және ежелгі "Орал батыр" эпосы – бәрі рөл атқарған.

Әнші Адель Шайхитдинованың өзі тілдегі акцент туралы сынға дұрыс қарайтынын, кейбір адам мұны артықшылық деп көретінін айтты.

– Менің бойымда башқұрттың да, орыстың да қаны бар. Отбасымызда [башқұрт] тілінде сөйлейтін адам жоқ, – деді әнші. – Бірақ бұл маған ұлт мәдениетін қызықтауға, ана тілімде ән айтуға кедергі келтірмейді.

ТОП МҮШЕЛЕРІНІҢ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСҚА КӨЗҚАРАСЫ

Ay Yola тобындағы кей адамдардың Украинадағы соғыс жайлы ұстанымы да сынға қалды. Сынаушылар Ринат Разамановтың 2023 жылғы қарашадағы жазбасын еске салды. Рамазанов онда "бауырымды арнайы әскери операция аймағына шығарып салып жатқанын" (Ресей билігі Украинадағы басқыншылық соғысын арнайы әскери операция деп атап отыр) жазған. Сондай-ақ ол Ресей әскеріне жылу жинауға үндейтін жазбаларды бөліскен.

2022 жылғы маусымда татар және башқұрт әртістерінің Қазандағы қайырымдылық концертінде Рамазанов "ДХР" мен "ЛХР-ға" ақша жіберуге шақырған.

Бір қызығы, Ресейдің Украинадағы соғысын қолдаушылар да бұл әнге мәз емес.

"Z-блогерлер башқұрт фолк-тобының Homay әні соншалық танымал бола түскенінен үрейленіп кетті, – деп жазды башқұрт Telegram-каналдарының бірі. – Сол себепті олар музыканттардан арнайы әскери операцияға жария түрде қолдау білдіруін, клипті Ресей туының тұсында түсіруін талап етті. Олар бұл әнді ұнататындардың бәрін Ресейдің ыдырағанын қалайтын пантюркизм жақтастарына жатқызады. Сол себепті Z-патриоттар пантюркизмді шұғыл түрде экстремизмге теңеп, қылмыстық қудалау енгізу қажет деп санайды.

Рамазановтың ұстанымын Homay әні қатты тараған Қазақстанда да талқылап жатыр.

– Әртістің саяси ұстанымы маңызды ма деген сұрақ тағы туды, – деді қазақстандық AIRAN YouTube-арнасы. – Егер ол агрессия мен зорлық-зомбылықты насихаттаса, оның шығармашылығына қалай қарауымыз керек? Бұл сұрақ Ресей Федерациясы көршісінің аумағына басып кірген соң өзекті бола түсті.

Руслан Габбасовтың сөзінше, "соғысты тек Ринат Рамазанов қана қолдап отыр, топтың өзге мүшелері бұл туралы пікір білдіре қойған жоқ, сол себепті бүкіл топты айыптау әділетсіз болады".

– Егер топтың қайсыбір мүшесі немесе барлығы соғысқа қарсы екенін айтса, олар үнін өшіруге не шетелге кетуге мәжбүр болар еді, – дейді Габбасов. – Олардың соғыс туралы үндемей отырғанының өзі үлкен артықшылық, өйткені оларды бұл жөнінде пікір білдіруге итермелеу басталды. Көптеген соғысшыл блогер оларды майданға барып, сол жерде өнер көрсетуге шақыра бастады.

Белсендінің сөзінше, соғыс туралы ұстаным мәселесі шетелге шыққанда да топтың алдынан шығуы мүмкін.

– Башқұрт және татар аудиториясы аясынан түркі әлеміне шықсаң, сөйте тұра Ресей идеологиясына қатысың болса, Украинадағы соғысты қолдасаң, түркі елдерінде бұл үшін сынға қалуға дайын болуың керек, тіпті концерттеріңді өткізбей қоюы мүмкін, – дейді ол.

Сәуірдің ортасында Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Ay Yola тобына құрметті атақ беретін жарлыққа қол қойды. Ринат Рамазановқа "Башқұртстан Республикасының халық әртісі", Руслан мен Адель Шайхитдиновтерге "Башқұрстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі" атағы берілді.

Іле шала "Башқұрттардың дүниежүзілік құрылтайы" Ay Yola тобына өзінің ең мәртебелі марапаты – "Ал да нур сәс халҡыңа!" медалін табыстады.

– Билік жетістікке жеткен әртістерді бірден өзіне байлап алады, – дейді башқұрт мәдениетінің қайраткері, – Кезінде Шевчукке де "Башқұртстан Республикасының халық әртісі" атағын берген.

Мұны Руслан Габбасов та қуаттап отыр.

– Қазір бұл топты билікшіл идеология жағына тарту үшін күрес жүріп жатыр, – дейді ол.

Мақала Азаттықтың Idel.Реалии жобасынан ықшамдалып аударылды. Түпнұсқасы сілтемеден табасыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG