Accessibility links

БАҚ: Кремль басып алған жерді Украинаға қайтаруға ниетті емес

Ресейдің өзі басып алған аумақтың ешқайсын Украинаға қайтару жайлы ойы жоқ. Мұны Кремльге жақын үш дереккөзге сүйеніп Bloomberg хабарлады. Агенттік мәліметінше, Мәскеу тек басып алған аумақтардың бір бөлігін "буфер аймағына" айналдыру мәселесін талқылауға дайын.

Дереккөздердің айтуынша, Кремль ұстанымын Путин мен Трамп 2025 жылғы тамызда Анкоридждегі кездескенде Ресей мен АҚШ арасында болған бейресми келісімдер іске аспады деп есептеген соң өзгерткен.

Ресей қорғаныс министрлігі Путинге 2026 жылдың аяғына дейін Донецк облысын толық бақылауға алуға болатынын жеткізген. Бірақ әскери ортадағы тағы бір дереккөз бұл мақсат 2027 жылдан ерте жүзеге аспауы мүмкін екенін айтқан.

Кремль өкілі Дмитрий Песков агенттік ақпаратын "бұрмалау" деп атап, Мәскеудің соғысты тоқтатуға байланысты талаптары еш өзгермегенін мәлімдеген.

Бұған дейін БАҚ Ресей билігі Украинаның Донецк пен Луганск облыстарынан әскерін шығаруын және НАТО-ға мүше болуы ниетінен бас тартуын талап еткенін, оның қайтарымы ретінде Запорожье мен Херсон бағытындағы майдан шебін сол қалпында қалдырып, Сумы және Харьков облыстарындағы шағын аумақтарды қайтаруға бейіл деп хабарлаған еді.


Айдар
XS
SM
MD
LG